Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 3281 4 пікір 26 Қаңтар, 2022 сағат 14:27

Триллиондаған несие қақпанындағы қазақ

Қазақстан халқы белшесінен қарызға батқан. Соңғы бір жылда қарыз көлемі еселеп артқан және оған пандемиялық шектеулер, шекараның жабық болуы, экономикалық дағдарыс та өз әсерін тигізген. Қарыздың басым бөлігі ел халқы алған тұтынушылық несиелерге тиесілі. 

Бірінші несие бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанның бөлшек несие портфелі 10,76 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,9%-ға артық деген сөз. Бөлшек портфелдің басым бөлігін тұтынушылық қамтамасыз етілмеген несиелер – 5,28 трлн теңге (48,3%), ипотекалық несиелеу – 3,39 трлн теңге (31,4%), автонесие – 1,09 трлн теңге (10,6%), несие карталары – 348,3 млрд теңге (3,2% ) және қамтамасыз етілген тұтыну несиелері – 498,3 млрд.теңге (5,1%) құрайды.

Жалпы алғанда, 2021 жылы жеке тұлғаларға берілген несиелердің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 83,6%-ға немесе 4,1 трлн теңгеге ұлғайып, 8,9 трлн теңгені құрады. Барлығы 25,67 млн ​​келісімшарт жасалды (2020 жылмен салыстырғанда +68,3%-ға артық), қарыз алушылардың жалпы саны 6,16 млн қарыз алушыны (+28,4%) құраған.

Кепілсіз берілген тұтынушылық несиелер 5,45 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 86,1 пайызға өскен. Несие карталары 95,2%-ға (401,5 млрд. теңгеге дейін) өсті. Сарапшылар несиелендірудің өсуін басқалармен қатар, халық арасында бөліп төлеу жоспарының танымал болуымен, сондай-ақ пандемия кезеңінің әсерімен байланыстырады. Бөліп төлеудің артуы халық табысының азаюы деген сөз.

Көлік құралдарын сатып алуға несиелер (соның ішінде кепілсіз) 592,2 млрд теңгеге (+57,5%) берілді. Өңірлер тұрғысынан алғанда бөлшек несиелердің айтарлықтай көлемі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына, сондай-ақ Алматы және Түркістан облыстарына тиесілі, аталмыш өңірлер 2021 жылы жалпы көлемнің 44%-ын құраған.

Бірінші несие бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша берілген ипотекалық несиелер 1,92 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 77,7%-ға артық. Зейнетақы реформасы ипотекаға айтарлықтай сұраныс туғызған дейді мамандар.2021 жылы қордың мәліметінше, тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында БЖЗҚ-дан 2,5 трлн теңге шығарылған. Бұл қаражаттың 68,5%-ы тұрғын үй сатып алуға, 15,3%-ы – ипотекалық несиені өтеуге және 16,2%-ы – өзге де мақсаттарға бағытталған. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылдың соңында тұрғын үймен жасалған мәмілелердің саны 606 мыңнан асқан.

Осылайша қазақстандықтар 2021 жылы несиеге белшесінен батқаны көрініп-ақ, тұр. Ал қоғамда несиені кешіру немесе пайызын азайту туралы ұсыныстар артты.

Abai.kz

4 пікір