Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2536 0 пікір 12 Қыркүйек, 2012 сағат 06:35

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІ

Осындай хал сұрау жиындарын Алтайдың әр аудан әр районы сайын аштық. Шұрқырастырып, шулатып, шағындырып-шабыттандырып, тыңдатып-тыныштандырдық. Жынданғандары мен сынғандарын мықтап таңдырып кем-кетігктерінің қуыстарын дәрімен толтырдық. Өлгендері үшін бір-бір өгіздік, өлімшілеріне тайлық, өлмейтіндеріне шайлық бұл-бұйым алдырдық. Сауларының ойнын қандырып, етектегі жылы қоныстарына қондырдық. Адырақбайларды аяқтарына жығып, өштік отын сөндірдік. Сөйтіп орнықтырып, жайлап отырғызып қайттық.

ІІ

Осындай хал сұрау жиындарын Алтайдың әр аудан әр районы сайын аштық. Шұрқырастырып, шулатып, шағындырып-шабыттандырып, тыңдатып-тыныштандырдық. Жынданғандары мен сынғандарын мықтап таңдырып кем-кетігктерінің қуыстарын дәрімен толтырдық. Өлгендері үшін бір-бір өгіздік, өлімшілеріне тайлық, өлмейтіндеріне шайлық бұл-бұйым алдырдық. Сауларының ойнын қандырып, етектегі жылы қоныстарына қондырдық. Адырақбайларды аяқтарына жығып, өштік отын сөндірдік. Сөйтіп орнықтырып, жайлап отырғызып қайттық.

Асыққан бірнешеуіміз қатынас аэропланымен қайтып едік. Үрімжі аэродкомына түс уақытында түссек те, өз орныма кешкі сағат төртте жетіппін. Мақпалдан келген хат болса ала шығу үшін алдымен қызмет бөлмеме кірсем, Сәрсен жазған бір хат қана табылды. Осы науқанда жапқан жаласына ызаланып, шенеп жазған хатыма жауап екен. (Ол хатты Ши Жүңшүн келердің алдындағы қыслшаңда ғана жазып едім ғой). Сәрсен өзінің бұл жолғы жапқан жаласынан өзін ақтап, ант іше жазыпты: «... Сенсең соңын күт, мекемеңдегі науқанға басшылық етуші жолдасқа анықтама жазып, өткенде өзімнің өштікпен қаралаған бар ісіңнен ақтадым. Тойыңдағы сырапшылдыққа сенің титтей де қатысың жоқ екендігін, туысқандарыңның тойлыққа әкелген көмеген де қайтармақ болғаныңды, ол малды өзіңнен жасырып сойғызуға менің себепкер болғанымды да айқындап жаздым. Егер бұл ақтауыма сенбесе, менің өзімді айғаққа тартып шақырт, сол жерде ақтап шықпасам атым өшсін!... Биғаш, адал болудың мұнан соң қаншалық қажет екендігін өмір үйретіп жатыр ғой. Титтей нахақ әшкерелеуден адам өлетін зор мәселе туылады екен. Сенің пәк адамгершілігіңнің алдында қаншалық қарабет қарыздар болғандығымды күн сайын толықтап түсініп келемін. Өзіңнен кешірім алмай тынбайтындығыма серт етіп қолыңды қыстым!» деп жазыпты. Числа жоқ, қашан жазғаны белгісіз.

Сәрсен саясаттың бұл хаты Ши Жұңшүннің әкелген өзгерісін естігеннен кейін жазылған ба, иә, одан бұрын жазылған ба, соны анықтау қажет болды. Егер одан кейін жазылған болса, әрине бұрынғы түлкілігі. Ал, одан хабарсыз кезінде - бұрын жазылған болса, маймылдығы болар. Адамның ісіне әуестенген маймұлдың үйреніп, адамша істейтіні бар ғой!... Маймылдан адам шықққанда, арам адамнан адал шықпас па. Өзгермейтін дүние болмағанда өзгермейтін адам қайда туылмақ!...

Осы оймен отырғанымда амандаса кірген қызметтестердің соңын ала аңқылдап абыла жетті. «Үшке қарсы» науқанды делоларды қайта қарап тиянақтату үшін әлі осында тұр екен. Қос қолын соза ұмтылуынан-ақ кішпейіл бастыққа айнала қалғанын сездім.

- Сізге Сәрсеннен мені ақтаған хат келді ме? -дп сұрадым, қысқаша амандық айта сала.

- Дөрбілжіндегі аударушыдан ба?... Келген.

- Қашан, қай күні келгенін айтып беріңізші!

- Сіз Алтайға жүруден бұрын келген шығар. Оны қайтесіз, жолбарыс болуға көнбей қойдыңыз, бітпеді ме! -деп қарқылдай күлді.

- Ол біткенімен ұғысатын-түсінісетін мәселе әлі біткен жоқ... Сәрсен ақтап жазыпты. Ал оның алдындағы қаралауды кім жазып еді. Тағы да соның өзі еді ғой!

- Жоқ-жоқ, ол емес! -деді ойланып алып. - Кім жазғанын сұрамай-ақ қойыңыз!

- Жала жапқан кім екендігін сұрама десеңіз, мәселе сіздің өзіңізден болғаны ғой.

- Менен көретін де хақыңыз бар, Биғабіл жолдас, бірақ мен де қыл үстінде әрең қалдым. Қорыққандығымнан күреске түскеннен бетер жапа шектім. Менің де іздейтін жауапкерім бар шығар. Бірақ, партия оны қузастырма деген соң қойдық ха-ха-ха-һа-һа... әйтеуір бас қылмысты ашылған соң болды дейміз де, қалғанын партия орындары іштей түзетпек! Қазір ондай материал жазғандарды сұрастырып, өш алу емес, ынтымаққа шақырып отыр. Олай болмағанда талай оқиға туылмай ма!... біз партия мүшесі, артқа емес, алға қарауымыз шарт, алдымен кемшілік-қателікті емес, жетістікті көруіміз шарт. Алдағы нұрлы келешекке қарауымыз шарт. Сіз бұл методты толық түсінесіз. Бұл науқанда   осындағы бірден-бір марксизмші философ екендігңіңзді көрсеттіңіз, мен қол қойдым сізге. Сол айтысқан кеште жеңілгенімді сол уақытында біліп отырдым. Бірақ, амал не, ол пікіріңізді қуаттайтындығымды білдіруіме рұқсат жоқ. Басшылыққа бағыну принцип! Сізше ғылыми негізге құрылған тәжірибем де жоқ. Қызмет уақытым қысқа, енді ғана көз аштым ғой!...

Абланың мені осылай қолпаштап, жуып-шая берген көп сөзінен, сырттан көрсетіп жала жабушыны жасыратындығын ғана назарладым да, жауапсыз отырып қалдым. «Сәрсеннің аты-жөні баяғыдан-ақ Сәрсен саясат емеспе еді, өте сұм саясаттан жаралған ғой. Бұл жолғы қаралауын сол қолымен жазып жолдаса да, Лиңдәйшіңді иіскелеп жүріп, орталық комитеттен осы түзетудің келетіндігін алдын ала естіген соң қорыққандығынан оң қолымен қайтадан ақтап жазып, менімен достаса қоймақ болғаны ғой. Бұл хатындағы ниетіне сенудің жөні әлі де жоғырақ!» -деген ойға бекідім.

-... Бұл туралы екеуміз әлі толық түснініп, «майдан жағынан бір кеуде» болып достасып қалатындығымызға сенемін! -деді Абыла сөзінің соңында. - Сізге енді бір хош хабар айтайын. Қалыңдығыңыз келіп, отауыңызды дайындап болды!

- Қайда?

- Күлән деген әйел, сіздің ашаңыз екен. Сол бір үйін беріпті. Алдыңғы күні екісі бірге келіп, маған айтып, жатағыңдағы нәрселеріңді арбамен көшіріп әкетті. Кейінірек мекемеден жақсы үй босатып, өзіміз қайта көшіріп әкелеміз! -дедім. Жүріңіз, машинамен өзім апарып қояйын!

Шопырды шақырып, мекеменің «поведасына»[1] отыруға беттегенімізде, Күлән мен Мақпал қолдаса жүгіріп кірді қақпадан. Қасымда кісі барын көріп тежеліп, жүрістерін баяулатты. Мені сарғайта сағындырмай, сарылта аңсатпай көрінбейтін болған мөлдір аспаным жайнап, жұлдыздарын ойнатып келеді екен. Нұрияш киетін модының тағы бір түрін - ойма жаға, кілетті омырау, қынама бел, қима етек, ақ жібек көйлек киіпті. Қолаң қоңыр қос бұрымын арқасына тастаған ақ маңдай, аппақ алқымымен аса жарасымды көрінді. Жақындап келіп кідіргенінде алдына Күлән түсе ұмтылып, қос қолымды қыса амандасты да, келіншегім жымиып, ауыз жыбырлата сала күліп жіберді.

Абыла томпақ көзін екеуімізге кезек тастай күліп қалжыңдады оған:

- Сіз танымайсыз ба? Таныстырып қояйын ба?

- Танитын сияқтымын, -деді Мақпал, ақ тісін жарқырата сықылық қағып. - Сіздің ең соңғы сайлаған "жолбарысыңыз" болса керек!

Бұл сөзге Абыла маңдайын алақанымен ұра қарқылдап күліп, сөзден жеңілгендігін бейнелеп тұрғанда, Мақпал келе сала қолымнан алған менің жол сумкамды көтере кірді машина есігінен. Үшеуіміз артқы орындыққа қатар орналасып болған соң, шофер қатарынан қайрыла қарап отырған Абыла ақталуға кірісті:

- Биғабыл жолдасты Нюханбең күреске салуға бұйырып еді. Сіздер соны естіген екенсіздер. Мен оған қарсы болып, өзіне екі рет, қожайыны Маханбеңге үш рет айттым: «бұл жолдастың мінезі төте. Өзінде бар мәселені жасырмайды, жоқ мәселе, түссе илікпейді. Ешкімнен қорықпайды. Мен екі-үш рет тексеріп көрдім. Күреске түсерлік мәселесі жоқ. Ештеңе таба алмайтындығымызға көзім жетті. Бір жақсы кадрды бұзып алмайық!» дедім. Биғабіл жолдас расында да солай. Мен өзім қорқып қалдым бұл жолдастан, ха-ха-ха-һа-һа-һа... Ши Жұңшүн жолдастың келуінен бұрын-ақ менің алдымда осы солшылдықтың тамырын қазып, назария жағынан жалаңаштап тастады емес пе!... «Террорлық!», «жендеттік!» дедйі. А-ха-ха-ха...!... біз істің солай болып бара жатқанын білсек те қорқып, ол туралы ләм дей алмағанбыз. Биғабіл жолдастың бұл сөзін жеткізсем ғой, ол шақта жайлап жіберуден тайынбайтын еді ха-ха-ха-һа-һа...!..

- Абыла жолдас бұл ианатымды жеткізуін жеткізіп-ақ мәлімдесе де, рақымдылық етіп, сондағы басқа сөздерімнің көбін «жеткізбегені» рас! -деп мен де күлдім. - Мәселен, «партияның жүргізген бұл науқаны жақсы науқан. Бірақ бұған бұзғыншылық еткен өз қолымыз, террорлық жүргізген өзіміз! -деген сөзімді жеткізсе Маханбең мен Нюханбең, мені "жарылқап", ертең таңертең күреске түсе қойсын дерме еді!

Бұл кекетініме екі жағымда отырған Күлән мен Мақпал сақылдап күлгенде, шофер да күліп жіберіп тиылды. Қызарақтай жымиған Абыла не дерін білмей қалғандай.

- Нюханбең жолдас кетпеді. Маханбеңнің орнына сол кісі тағайындалды. Ол, жақсы кісі. Маханбеңдердің қатарына қосуға болмайды! -деп күбірледі.

- Мақұл, мақұл, айтпақтайын, кеткен Ханбеңге кетпеген Ханбеңді ұқсату, қылмыс болады деші! -деп изектегенімде күлкі тіпті қозды. - Аты бір болғаны заты да бір болған соң, кетпей қалғандық айырмашылығына қарамаппын, кешірсін, тағы да жеткізе салыңыз!...

Күләннің Бердіқұлдан қалған ауласына осы күлкімен келіп түстік.  Шешесі ұмтылып келіп менімен амандасты да, отауымыздың есік алдына Мақпал екеуімізді бастап апарып, батасын берді. Неше жылдан бері бекітіліп жатқан бір жақ есігін ашып, түпкі бөлмесін дербес үйге айналдырған екен. Драма театрде істейтін бір күлдіргі келіншек біздің үстімізге бауырсақ пен конфет араласқан шашу шәшіп еді. Отауға біздің соңымыздан ілесе кірген Абыланың тұмсығына сайлаулы қатты бауырсағын «асатып та» үлгеріпті.

Алғашқы рет үй иесі болып, үйіме кіргендерді алғашқы рет қарсы аул үшін жалт қайрылсам, алғашқы қонағым тұмсығын басып тұра қалған екен.

- Ештеңе емес, ештеңе емес! -деп жерден екі конфет алды. Мелжемді мұрны орнында тұрғанын байқаған соң «ештеңе емесін» мен де мақұлдап, төрдегі орындыққа апарып отырғыздым.

- Бұл да менен өтілген сырапқорлық емес! -деп қалжыңдадым сонан соң.  - Таңылатын қылмыстың қайдан шығатындығын тұмсығыңыз да сезіп қалды ма қалай?

- Жо-жо-жоқ, бұл, сырапқорлық қатарына жатпайды! -деп мұрнын қол орамалымен басты Абыла. Сық етіп күліп жіберген Мақпал, дастарқан жасауға келген күлдіргі келіншекке сыбырлағанын да байқадым. Бастығымның суағарына аз-аздан қан іркіліп отыр екен. Келіншек те күліп жіберіп, шыға жөнелді де құмған мен елеген алып кірді.

- Қол жуыңыздаршы! -деп жымия жетті де, Абыланың қолына су құйды. Тұмсығын алғаш басқанда қолымен сүрткен қанын енді көрсетті Абыла.

- Міне, сіздің шашуыңыз!

- Шашудың емес, науқанда соғылған жолбарыстардың қаны шығар! -деп бүлк еткізген келіншектің епті соққысына ду күлдік. Абыла тіпті қатты қарқылдады.

- Осыны айтып алу үшін мұрныма дәлдеп ұрған екенсіз да ха-һа-һа...

- Шашу мына күйеу жігіттің бетіне көбірек тигенін өзіңіз де көрдіңіз ғой, шашудан болса мұның мұрны неге қанамайды!

- Олай болса, Биғабілдің мұрнында қан жоқ деп дәлелдеу қажет шығар! -деп Күлән жымиғанда Абыла тағы да қарқылдады. Бұл қалжыңдар «қандықол», «қанды ауыз» деген мағынада айтылып жатса да ауыр алмағандай Абыланың мына аңқылдақ күлкісіне сүйіне қарадым: «тегі, күшеп істейтін еңбегіне ғана сүйенетін ақкөңіл, жақсы жігіт сияқты. Саяси сұмдықтан жаралған емес. Еңбекші табның көнімпаз, шындыққа мойындағыш мінезі жан-дүниесінде әлі де сақтаулы көрінеді. Бұл науқандағы қылығы тапшыл жүрегіне терроршылар соқтырған құйыннан пайда бола қалған жендеттік сияқты. Тапшыл сезімнің өзі санаға айланбаса, әділеттен туылған сәби бала ғана ғой, үйретуші оған не істетпесін! Осында келе жатқанымызда мен туралы қосқан екі беткейлік өтірігі ұятының сасқандығынан - лажысыз қынжылғанынан ғана айтылған болса керек. Осы науқаннан ақыл кіріп, балиғатқа шығып-ақ қалар!» деген ой басымнан жүрегіме қарай жүйткіп өте шықты.

- Жеңешетай, үйіме алғаш кірген жалғыз қонағымның мұрнынан қан ағыздың! -деп күйдіргіге қарадым. - Сөйтіп тұрып тағы да қандықол атамақшыңыз. Қонағы қандықол болса да айыбын төлеп-бастықтарын ұстап беріп еді. Енді сендер де қандықол болдыңдар ғой, айыбына не төлейсіңдер, қане?

- Е, біз де ең толымдымызды ұстап, беріп отырмыз ғой! -деп Күлән жәй қалжыңмен тоқтата салмақ болып еді.

- О тықыр мен бұ тықыр ұқсамайды, күйеужан! -деп «күйдіргі» қадала түсті. Көзімді қысып қалғанымнан «енді соққылай берме» дегенімді сезіп, жауабын ойлана қайырды. - Қонағыңыздың жүзінде танаудан басқа тақыр орын жоқ екен. Шашуымыз содан басқа қонар жер таба алмапты. Бұған шашуымыз де, өзіміз де айыпты емеспіз!

- Тақырдан басқаға түспейтін бомбы жоқ қой. Шашу да, басқа да емес, тек қолымен атушы ғана айыпты болмай ма!

Айып жөнінде өзіне үлкен қатер сезінген Абыла менің бұл кесіміме тіпті қарқылдап, арқамнан қағып-қағып қалды.

- Биғабіл жолдас, бұл айыпты өзім кештім, кештім!... Сіздің отауыңыз, біздің жаңа қосылған бір үйіміз ғой. Қарашы қандай жақсы жасаған! Осы еңбегі үшін сіз де кешіріңіз!

Төр қабырғаға керілген қызыл-жасыл өрнекті үлкен кілем, серппелі креует, керме шымылдық, шым кестелі түскиіз, айналы шкап, айшықты перделер, шытыралы сандық, үш-төрт чемодан, кең стол, кестелі дастарқан. Таңданарлық басқа ештеңесі жоқ. Осы шақтың орташа ғана жасалған қала отауы. Солай да осныың бәрін кереметтей көрсетіп, теңдессіз нұрландырып отырған қайқы кірпік, ақ Нұрияшым ғана екен. Өз көркімен жәннат сахнасындай жайнатып, төсегіміздің алдындағы орындықта шай құйып отыр. Кең шаралы көзінде ойнаған шаттық ұшқындарын өзіме ғана шашып, жалт еткізіп, мен қараған жаққа гүл дестесін лақтырып қалғандай төңкере қарап күлімсірейді. Күлән да менше сүйіне қарады оған. Қабақ астымен сүзіле қарайтын Күләннің қарақаттай мөлдір, күлім көзі менің көзіммен де жиі тоғысады. Жымиысып қарасамыз. «Жасырын құштарлықтың соқпалы күншілдігі көп әйелден осындай кезеңде кірбең болып байқалушы еді ғой деген оймен мен аңди жымидым да, «бір өңірдің қатар өсіп, қарасып ашылған гүлі едік. Сенің жайнағаның, менің құрығаным болмас!» деген терең ойлы шырай білдіріп, ол жымиды. «Екеуіміздің ортақ Нұрияшымыз тіпті нұрланып тірілмеді ме!» дегендей балбырай күлімдеп, Мақпалға көз тоқтата қарайды.

Абыла отауды құттықтау тостын көтеріп, қуанышын лепіре сөйлеп отырғанда өз мекемемізден тірі қалған үш «жолбарыс» кіріп келді. Бастықтарымыздан ұзын бойлы, ақсары Әбілемит, жуан ақсұры Ақыметқан, ілмие арықтаған Ошұр бұғалтыр, қызметке келмей әлі де үйлерінде демалып жатқандықтарын естігенмін. Бұрын такаппарлау көрінетін Әбілемиттің мұрны күрес жұдырығынан сәл қисайыңқырап қалған екен. «Япырай, тіпті такаппар көрсетеді-ау мына кемістік!» деген оймен жымия күліп амандастым. Болжамымды дереу шындыққа шығарғандай Абыла аузын да қисайта қарап, иек қаға сала амандық айтыспай отыра кетті. Ахыметқан менен бұрыла жалбаңдап барып, Абыланы бассалды. Оның соңынан ақсай кірген Ошұр менімен құшақтасып амандасып, арқамнан қаға құттықтады. Ахыметқанның бізден аттап барып, Абыланы құттықтағандай болуы көңіліме дық бола қалып еді. Ол маған қарай қайта оралып қол созғанда, қасақана көрмегенсіп, Ошұрды қолтықтай жөнелдім төрге. «Биғаш!... Биғаш!» деп қалған Күләннің қаратпа үнін естімегенсіп, Ошұрды орындыққа сүйемелдеп отырғыза қалжыңдадым.

- Сшотты таңертеңнен кешке дейін шақылдатып отырып алушы едіңіз, енді тіпті тапжылдырмау үшін аяғыңызды мүлде алып тастай жаздапты-ау!

Қалжыңның қармағы тағы да өзіне сап ете түскендей сезінген Абыла қарқылдап күлді де, Әбілемит назыр үнсіз күлімсіреді. Менің қайрылмай тұрып алған себебімді түсінген Күлән мен «күйдіргі» сықылықтағанда Ақыметқан иығымнан қағып қалды. Қолын әлі ұсынып тұр екен.

- Үй, Ақа, амансыз ба? -деп енді көргенси алдым қолын. - Жорғалаймын деп жолды бұзып кеттім бе, кешіріңіз!

- Сен жорғалаған жоқсың, -деп қалды «күйдіргі» сырт жағымыздан. - Қайнағаның өзі бетіне мөр басқан кісіге қарап, бізді соға домалағанда үркіп кеттің!

Бұл сөзге Әбілемит те күліп жіберді. Ақыметқанның бетіне соққыдан түскен тыртықты енді көріп қарқылдадым. Қорыққанына жағайымситын айыбын бетіне тағы бір «мөр» қып басқан «күйдіргіге» де жалбарақтай ұмтылғанда еселеп күлдім.

Жаңа отауды құттықтап, бақыт тілейтіндігін Әбілемит шәй ішерде айтты. Ахыметқаннан басқа «жолбарыстардан» жылы шырай көрмеген Абыла кесесіндегі шайын жұтып алып, түрегеле беріп еді. Әбілемит шынтағынан түртіп, ымдап отырғызды. Қабағын салып, бастықтық салмақпен күбірледі. Әлдене бір тапсырма бергенін сездім.

- Хұп-хұп! -деп изектеді Абыла. - Мен де соны ойлап... сізге айтпақ едім. Мақұл, қазір барып, смета түзейін. Сізбен Ошұр куайжи[1] қол қойып берсе, кассирден аламыз!

- Біз қамалып жатқанда кассирден ақша босатып көрмеп пе едің, ей, харамзада! -деді бұғалтыр күлімсіреген бейнемен. - Істете бермеймісің сол құқығыңды!

Абыла тұқыра күлімсірегенде, Әбілемит орындық арқалығына шалқалап сыздықтатты пікірін.

- Биғабіл жолдас жас болса да үш аймақ төңкерісіне недәуір үлес қосқан және біздің негізгі ең мықты кадрымыздың бірі. Келін ғой әйелдер құқығы жағынан зор үлгі жаратқан, қарсы алуға толық лайық келін екен. Екеуінің үй құру тойын меңгермеміз жағынан жақсылап өткізіп берсек болатын шығар. Ақа, бұған не дейсіздер?

- Мен қосыламын ғой! -деп Ақыметқан мойнын сырт бұра жауап қатты. - Жалғыз-ақ мен де қазақ болғандығымнан, жақынына тартты дегізбей, өздеріңіз істеп берсеңіздер болар! Басқа не деймін!

- Менің дейтінім бар, -дедім мен. - Біз үлкен тойымызды Дөрбілжінде өткізіп, шашылды, төгілді, сырап болды дегізіп келдік. Мұндағы жолдастарды тойдың жаңа дәстүрімен - шәкілдеуік, бұршақпен ғана өзіміз шақыра салмақпыз. Пейілдеріңізге рақымет!

- Ондай бірдеме әр екеуіңе де, ұлттық дәстүрге де, мекемеміздің абройына да мүнәсіп емес! -деп Әбілемит күлімсірегенде, Ошыр мен Абыла жарыса тойтарды менің пікірімді.

- Ұлттық саясат жолға қойылу байланысымен шет аймақтардан келген ұлттық кадрлардың тұрмысына да, мұндай мырасімдерге де көңіл бөлінетін болды. Қиянат болар деп қам жемеңіз!

- Бұл мекемеміздің өз қуанышы, өз тойы, Биғабіл жолдас, сіздің шаруаңыз болмасын! -деп Абыла тұра жөнелді.

- Қиянат болмағанымен басқа жастарға кері үлгі болады! -дегенімде, Мақпал Абыланы қуа шықты да, мен пікірімді жалғастыра бердім. - Ұлттық ерекшелікке қарамай, партияның негізгі саясатын іске асырушы болуымыз қажет болар!

Әбілемит Ақыметқанға қарап әлдене жөнімен қарқылдап күліп жіберді де, Ошұр сөйледі:

- Ой-хой, Биғабіл жолдас, не болмайды бұл дүниеде, мен де сондай принциппен қатып тұрып алатынның бірі едім ғой... Ал дегенде алып, же дегенде жеп, қой дегенде қоя салса болады екен!

- «Қорыққанды Құдай алмай ма!» деген менің бір сөзімді құптаған едің ғой, Биғабіл! -деп Әбілемит сарғыш қоңыр көзін кең аша қарап күлімсіреді. - Шинжаңда бұл реткі солшылдық бейнемен жүргізілген зор ханзушылдық саясат сені де қорқытып қойған екен!

- Солшыл шуинизм шектеліп, басшылары қуылғанымен де, біразы қорқыңқырап-сақтаныңқырап істеу жөн екендігін осы жолы анықтап көрсетіп кетті ғой! -деп мен жымидым. - Оқығандарды шыққан табына қарамай, бір-ақ қосақтап, буржуазия интеллигенциясы деп қана таниды екен. Бұл танымының өзі «ұлттық буржуазияға» қолданылатын «ынтымақ, күрес, ынтымақ» формалы шектеп өзгерту саясатын бізге де жүргізетіндігін көрсетеді ғой!

- Дұрыс, солай!.... Мұның үстіне, -деп кідірді Әбілемит. Абыла барда ішпей қойған арағын асығыс ұрттап жіберіп, үй ішін шола қарады. Әйелдер ауыз үйде, тамақ дайындығына кетіп еді. Әбілемит тағы да күлімсіреулі сұраумен жайшылықси жалғастырды сөзін. - «Солшыл шоуинизм шектелді», «басшылары айдалды» дедің бе сен?... Мұндай түбегейлі өзгеріс болмады. Айдалды дегеніміз Бижінге қайтарылғанымен, керісінше сыйланғандай өсіріліп, орталық үкіметтің бір минстрлігіне тағайындалды!...

- Жаңсақ естіген шығарсыз? -деп бажырая қарадым. - Ши Жуңшүн жолдас өтірік айта ма?... Алдай ма?

- Жоқ, алдамас. Бірақ, ол кісі орталық комитетте оңшыл аталып жүрген қайраткер, Уаңжынның сүйеушілеріне күші жетпеген сияқты... Білемісің, орталық комитеттің өзі бірнеше топтан құралған. Онда оңшылдар да, солшылдар да, интернационализмшілдер де, шоуинизмшілер де бар. Уаңжынды сүйеушілер күш бермей қойған болса керек!...

- Уаң шужидың төңкеріске сіңірген еңбегі де зор ғой, -деп құйрығын орындыққа ырғай қозғалды Ахыметқан. - Сол еңбегіне қаралған шығар. Әйтпесе, орталық комитетте Маужуши барда топшылдық қайдан болсын!

Әбілемит бұл сөзді жақтырмағандай Ахыметқанды көз қиығымен ата бір қарап қойып, жалғастырды сөзін.

- Демек, менің айтпағым, солшылдық та, шоуинизм де осымен бітті деуге болмайды. Сақтық дегенің қашан да қажетті, дұрыс сөз. Бірақ та «қорқу» дегеніңе қосылғым келмейді. Биғабіл жолдас, сен жассың ғой, солай да үлкен кісідей пәһамың, недәуір зор білімің бар, түсінерсің деп сенемін. Қорқатыныңды білдірсең қорқытушылар көбейе береді екен де, мойныңа мініп алады екен. Пролетарияттың интернационализмдік нысабымен өзіңді-өзің қысып, бүрісе берсең, сыртқы шектеусіз қысым орын кеңейтіп, бүре береді екен. Мына әділетті шешім кезеңінде өзіміздің ұлттық нормамызды, кем болса болмайтын орнымызды сақтап тұруымыз қажет! «Ұлттық норма» дегенде мен ешқашан бір ұлттың социялизм ісіне лайық келмейтін кертартпа-ескішіл дәстүрлерін де сақтап қалуды айтып отырғаным жоқ!.. Адамгершілік жолындағы жаңашыл дәстүрлерімізді сақтаудан тіпті қаймықпауымыз қажет!... Ал, біздің бұл келін, Мақпал ма есімі... қазақ ұлты арасындағы барлық феодалдық зорекерлікпен аяусыз күресіп, жеңіп шыққан қаһарман қыз екенін естідік. Өз сүйгенін жан пидалықпен тауып келіп қосылыпты....

Осы сөз үстінде кіріп, орнына отыра қалған Мақпал тұқыра түсті.

- Маужуши мен партиямыздың қамқорлығы болмаса, келінге бұл жеңіс жоқ қой! -деп сөзін бөліп жіберген Ақыметқанға Әбілемит көз қиығын тағы да бір тастап жіберіп, тұжырды сөзін:

- Еркіндік-теңдік үшін жапа-машахатты мұндай көп көрген төңкерісшіл келінді аса зор ықыласпен қарсы алуға борыштымыз, мекемеміз жағынан айырым той жасауды қуаттап отырған себебім осы!

- Бұл бағаларыңызға бізде борыштымыз, ағайлар, рахымет! -деп иіле күлімсіреді Мақпал. - Мен қазір партия мектебінің қарауында тұрмын. Отауымыздың тойын мектеп жасап бермек. Абла ағайға соны айтсам, тыңдамай кетті. Басқаларға жаман әсер...

Мақпалдың сөзін кесіп, Әбілемит сөйлей түрегелді орнынан:

- Сіз партия мектебінде болсаңыз, тұрмыс құрған жігітіңіз біздің мекемеде. Әрі салауатты кадрымыз. Той біздікі ха-ха-ха-һа..!..

Әбілемит күле қалжыңдап шыға берді. Тамақ дайын болып қалғанын айтып тоқтата алмадық. Екінші, үшінші «жолбарыстар» да алдыңғы "жолбарыстың" сөзін қуаттай шықты.

- Отау өзіміздікі - той біздікі!

- Мектебіңе күшік күйеу етіп бере алмаймыз! Ха-ха-ха-һа...

Бастықтарды аттандыра шығып, қақпа алдында ойланып тұрып қалыппын.

«Неше мыңдаған халықтың нахақ қаны армияның бір ғана генералының кірпігіне кір бола алмағаны ма!... Соншалық ауыр қылмысынан есеп алудың орнына, қайтып бара салысымен министр сайлап сыйлағаны қалай!... Япырай, жақсы-ақ қырыпсың-ау батырым! - дегені ме?... Егер төңкеріске сіңірген еңбегі үшін сақтап қалу керек болғанда да, халықтың көңілі үшін тым болмағанда қызметінен бірер жыл тоқтата тұруы жөн еді ғой! Соның бір жылы үшін ғана бір ұлы партияның халық алдындағы бір ойына мұншалық жиркенішті таңба баса ма екен! Ауыздарынан түсірмейтін «халық», «халық үкіметі», «халық үшін», «халық азаттық армия» дейтіндері нендей сайқалдық болып қалды енді!..»

«Дәл қазіргі кексе Әбілемиттіің бұл хабарын өтірік деуге болмайды! Ал, партияның ішкі қызметіне араласып жүрген, орталық комитет мүшелерінен жақын сабақтасы, сырлас досы, көне қызметтестері бар Әбілемитті қақас естиді деуге де болмайды. Шындығы ертең-бүрсікүні көрінбей қоймайтын ұмтылмас ауыр мәселені тісқаққан Әбілемит, шын болмаса тіпті де айтпайды. Бұл шын, әрі жүрек айнытатын хабар!...»

«Осы өтілген науқанда нелер адал азаматтың ар-намысын тонайтын, еріксіз, жиренішті іс істететін сүркей принциптерді де естідім ғой: «коммунистер партия нұсқауын шартсыз орындауға міндетті» екен. Тіпті, «партком жағынан тағайындалған атрет бастықтарының ұсынысын да бұлжытпай орындауға борышты» екен. Сонда партком деп пір тұтатынымыз Уаңжын, Маханбең, Нюханбең, тектестер болмай, кім болмақ!... Бұл принцип бойынша партия мүшелерін есек етіп жорғалатпай олар қояр ма!... Қой, мұндай партияға мүше болып, тілсіз құлға айналуға ант беруден Құдай сақтасын!... Лиңдәйшің жолдас, бұл партияда аса сирек ұшырайтын жолдас сияқтысың, кешір мені!... Мені бұл партияға мүше етпек болған пейіліңе рахымет!»...

- Неғып тұрсың, жаным? -деген Мақпалымның сүйкімді үніне жалт қайрылдым. - мені сағынбағанбысың? -деп күбірлеп, тұнық көгілдір көзін еркелей төңкергенінде, шайқалмаған мөлдір сенімнің аса ыстық құштарлығы жарқылдады.

- Сағынғанда қалай!... Сәулешім! -деп иығына асқан қолымды көкірегіне тартып баса қолтықтады да, отауға жетектеді.

- Не ойладың?... Шырайың бұзылып кетіпті ғой?...

Өзі Абланы қуып сыртқа шығып кеткендегі Әблемиттің жеткізген әлгі суық хабарын айтсам, келіншегімнің дереу «кері төңкерістік бұзғыншылыққа» шығарып, қызметтестеріме бүтіндей суық қарап кететіндігі белгілі еді. «Кейін өзі естір» деген оймен бұл сұрауларын қақас қалдырып, той жөніндегі ұйғарымымды айттым:

- Біздің мекеменің «жақсы тойын» істетпей-ақ қоялық. Басқа расхотына рақыметімізді үйіп-төгіп айтып, шәкілдеуікпен бұршағын ғана қабылдай салармыз.

- Солай болсыншы! -деп батып бара жатқан күнге қарап қойып сөйледі Мақпал. - Таңертең барып айтшы! Дөрбілжіндегі тойдың жаласынан әрең құтылғаныңда, мына тойды «партияға ерегесіп істеген сырапқорлық» деп жүрмесін!... Әлгі жолбарыс бастығыңда сондай ерегесу де барма екен деп қалдым. Уаңжынның асыра сілтеушілігі болғанымен орталық комитеттің бұл әрекеттегі жалпы нысанасы дұрыс қой, соны ескеруі керек еді. Сақтанайықшы, кейін осындай тағы бір науқан шыға қалса, «мекеме зорлап істеген той» дегеніңе сене қоя ма. «Бастықтарымен шайка болып бірлесіп істеген қиянат» деп қосақтап, зорайтып соғады ғой!

- Ақылыңнан сенің!... Өте қорқақ болып кетпесең болғаны, басқаңның бәрі дұрыс! -деп жұп-жұмыр ұлпа білегін мен де құшырлана қыстым.

Бір-бірімізге «жалынышты» көзбен жаутақтаса отырып тамақтанып, құттықтай кірген тағы бір топты жайнаңдаса түрегеліп қарсы алдық. Олар да қайтып, күтуші жеңгеміз бен Күләнға «рахымет айтқанымызша» жарты өміріміз өткендей сезілді. Өзара әңгімеге мұрсамыз сонан соң ғана жетті. Жабысқақ еріндеріміз сонда да әрең-әрең босап, Шәуешектен айрылысқаннан бергі әңгімелеріміз үзіліп-үзіліп айтылып жатты.

- «Күләш әпкеме мен бұрын адам көрмегендей тіпті қатты таңданатын болып қалдым, -деп соза дем алды Мақпал бір сөз кезегінде. - Нұрияш өзінің туысқан сіңілсі емес қой. Сабақтас  болғанда да тіпті бір партада отырған сабақтасы да емес екен ғой. Мені сол Нұрияшқа ұқсатып жақсы көргенде де тіпті жанын үзе жаздайды!... Мына жастық тыстары мен киім жапқышы, терезе перделерінің бұлын түгел өзі сатып алып, өрнектерін түгел өзі сырды. Кестешіні өзі тауып, өзі үйретіп жүріп кестелетті. Мына түскиізді де бұрын өзіне арнап кестелеткен екен. Шәуешектен мен қайтып келген соң берді. «Біздің түстік кілем бар» дегенімді тыңдамай зорлап, осы отауға әкеліп өзі құрды. Сөз салып соңынан қалмай жүрген жап-жақсы жігіті бар екен. «Әпекетай, маған көмегің жетерлік болды. Өзің де тұрмысқа шығасың, мұны өзіңе сақта!» деп екі-үш рет апарып тастадым. Дереу қайта әкеліп құрады. «Мен тұрмысқа шыққанша мұндайдың талайы тозып, талайы жасалар» деп күледі. «Адам сияқтысы кезікпесе, тұрмыстанудың қажеті не!» деп күрсінеді. «Екеуіңнің қызықтарың - менің де қызығым екенін сен түсінбейсің ғой!» деп күлімсірегенде, өткір көзі еріп бара жатқандай жасаурайды» деп тоқтады Мақпал.

Сұлулық пірісінің жалаңаш бейнесіндей бітімді, сүйкімді жар әңгімесінің соңғы сөйлеміндегі суреткерлікке сүйініп, тіпті аймалай құштым.

- Айтпақтайын, Сәрсенді өте жек көретінсің ғой жаным, -деп бастады бір сөзін. - Сен жек көрген соң мен тіпті жау санайтынмын. Үрімжіге қайтқаныңнан кейін, ол маған бірден-бір қамқор болып алды. Біздің атрет тауға шықса да, ойға түссе де тауып барады өзі. «Біздің үйдегі жеңгеңнің сәлемдемесі» деп май, тоқаш, прандік, конфет, орамал, сабын апарады. У берер деген хауіппен сақтанып жүрсем, ондай қастығы жоқ болып шықты.

- Бұл «жақсылығы» саяси жолда өзгеріс боларын естігеннен кейін шығар?

- Жоқ. Ондай сыбыс естілмеген, солшылдықтың шақылдап тұрған шағы. Ал, ол хабар естілген соң да солай қауқалақтай жүр. Кіші ағамен бірге мені өз үйіме төркіндетіп апармақшы да болды. «Ешкіміне қастық істетпеуге жан-қаныммен міндетті болайын!» дейді. Оған апам екеуіміз көнбей қойдық. Апам, құда-құдағиын шақырып келтіруді айтып еді. Әкем келетін болса, мен «көрінбей Үрімжіге қайтып кететіндігімді» айтып отырып алдым. Апам құшақтап алып, қанша жалынса да көнбей қойдым, -деп сықылық қақты Мақпал. - Ақырында шешемнің өзін ғана шақыртуға, онда да бұрынғы маған арнаған жасау-жабдығынан еш нәрсе әкелдірмеуге келістік. Сәрсен мен кіші аға барып ертіп келді.

- Жыласып көрістің бе, денсаулығы қандай екен?

- Жақсы екен. «Қандай шарт қойсаң да көндік күнім, келмесін деген соң әкеңді қалдырдық» деп күледі де жылайды. Үңіле-үңіле қарайды жүзіме. «Үйдегі жабдықтарыңнан ешнәрсе әкелмесін депсің, әкелмедім. Сол ұшынған дүниені енді ұстамағаның да жөн!» дейді. Сенің денсаулығыңды қайта-қайта сұрайды. Қырық жылдан бері жиған бар батасын екеуімізге беріп тауысты... һа-һа-һа... «Үбірлі-шүбірлі болыңдар!» дегенде бүйірінен түйіп жіберіппін!...

- Ең жақсы бата сол емес пе, әмин дей салмай! -деп мен де күлдім.

- Апамның көзінше айтқанына ұятсынып ұрып алып, ол кісінің бізден немерелі болуын жақтырмайтындай көрінгеніме тіпті ұялдым!... Айтпақтайын, сөйлейтінім Сәрсен жөнінде екен ғой. Апам мен өз шешем біздің жасауымыз жайын сөйлесіп отырғанда, Сәрсен бір келіп келіп еді. Соның кешінде әйелімен екеуі бір көрпе, екі жастық, бір әдиял әкеліпті. Алмаймын дегеніме шешем де көнбей, базардан әнеу кілемді сатып әперген. Үйдегі нәрселерімізбен қосылып, алып жүретін жүгім тіпті көбейіп кетті. Әкелісуге аға-жеңгелердің, Биғаділдің де мұрсасы жоқ, атретінде орақтың асығыс кезі болатын. Сол қиыншылығымды да Сәрсен шешті. Әйелі мен ұлын қосып беріп, Үрімжіге-осы үйге дейін жеткізіп салып қайтты. Соншалық неге бәйпетек болатындығын түсінбедім.

- Оның маған істеген қастығы шегінен асып кетті. Жаздағы бір хатында жазғанындай сол қылмыстарын шынымен жумақ болғаны шығар. Бірақ сол нәрселерін бекер-ақ алғансың. Тым болмаса үйге тастап кетсең болатын еді!

- Өздері соншалық жерден әкеп салатын болған соң, өз көмектерін тастап кете алмадым. Адал көңіл көрсеткен сайын арамсына беруге дәтің шыдамайтын кез де болады екен.

- Дәті дәрменсіз арудың арын тонайтын алдамшы көп боладығой!

- Арға қатері бар жерде арыстан болатын ару да аз емес шығар!

Қатар күліп, қабыса түстік...

Той дайындығы таңертең-ақ басталып кетті. Партия мектебінің «ЖИП» машинасымен Сұң Жянхуа шешеміз жетіп, бір мөшек қоспаға айналған шәкілдеуік, жер жаңғақ, бұршақ, өрік-мейізі түсіртті. Тәртіп-ережешіл енемді мен «қызына» мықтап ширатқызып жібердім де, өз мекемеме ертіп апардым. Оны көрген Әбілемит, тіпті ширап тыңдады сөзін. «Сырапшылдық» дегенін сырып тастағандай қолын теріс сілтей сөйлеп, Мақпал екеуіміз туралы кешегі айтқан мадағын кестелей түсіндірді.

- Бұл екі жастың жеңісі - халқымыздың шынайы бостандығы мен рухани жеңісінің символы. Сондықтан мұны мекемеміз толығырақ расхот шығарып тойлауға тиісті! -деп тұжырды.

- Екі жастың сол күрес нәтижелерін халық алдындағы сол үлгі-абыройларын көтере түсу үшін тойларын да идеялогиялық жаңа үлгімен өткізуіміз қажет, жастарға үлгі болсын! -деген жуан «енемді» тағы да еңсерді Әбілемит:

- Дәл қазір партияның ұлттық саясатының жеңісін іс жүзінен көрсетуіміз өте қажет! Уаңжын қара әйнекпен көрсетіп, Шинжаң халқы алдында қарайтып қойған партиямыздың образын қайта айқындап ашып түсіндіруіміз қажет! Бұл үшін ұлттық дәстүрдің қалпына келгендігін көрсетудің үгіттік рөлі төтенше зор. Бұл жастардың тойын қыспаққа алушы болмаңыз! Орталық комитеттің нұсқауын тағы да бұзуға жол қоя алмаймыз! -деген қатал сөзден қаймыққан «енем» қарқылдап күлді. «Енді өзің бірдеме айт!» дегендей маған екі рет қрап та жіберді.

- Аға жолдастар, біз үшін мұншалық қамқорлықпен көңіл бөлгендіктеріңізге мың алғыс! Бірақ, өз тойымызды қалай өткізудің құқығы өзімізде қалсын! -деген сөзбен шорт тойтардым Әбілемитті. - Біз коммунизмші жаңа, жас жұбайлармыз, ұлттық дәстүрге, ғана байланған жастар жаңара алмақ емес!

Әбілемиттің көзі маған бір аларып, лезде күлкіге айнала қалды.

- Сен екеуің неке тойларыңды өз жұрттарыңда өз туыстарыңның басқаруында өткізіп келдіңдер. Енді мұндағы жаңа құрылған отауымыздың ата-анасы мына Сұң ханым екеуіміз, сен жым отыр! Бұл тойды, Әлбатта, атаң басқарады! -деп қарқылдап күлген Әбілемиттің иығынан наздана түйіп қалды «енем».

- Мақұл-мақұл, сіз басқарыңыз, бірақ ана құқығы қазір атамен теңелді. Солай ғой, Әбілемит жолдас!

- Солай-ақ болсын ха-ха-ха-һа... Биғабіл жолдас, мені де олжасыз қалдырмадың!

- Олай болса ата-ана екеуіміз бірлікке келіп, тату-тәтті болу үшін отауымызға орташа ғана коммунистік қарапайымдық қана той жасаймыз! Мақұл болды ма! -деп шаңғырлай күлді «енем».

Әбілемит Абыланы шақырды да, тойдың ол жасаған сметасын біраз қысқартып қайта қол қойып берді 150 кило ет пен 200 адамдық арақ-шарап, барлық расхоттың денін қамтитындығын ғана байқадым. Тойды мекеменің жиын залында өткізуге келісті.

Айтысқан әріптесінің алдында аяғын қағып қалғандай әлгі тойтарысымнан ба, иә, пікір-ниетіміздің ұқсаспай қалғандығынан ба, бастығымның көзі маған қиғаштау, салқындау көріне берді. Бірақ, сол күннің ертеңіндегі кеште тойға жиналған кадрлар мен жастарға сөйлеген той бастар сөзінде мені асыра мақтау арынын кеміте қойған жоқ. «Келіні» екеуіміздің төңкерісшілдігімізді екі жүздей стаканмен бірге төбеге көтере жарқыратты.

Екінші тост сөзін сөйлеген Сұң Жанхуа шешеміз, стаканнан бұрын көзінің жасын жарқыратты. Бас бостандығы үшін қаршадайынан күреске түскен «қызының» басынан кешкен жәбір-зұлымды баяндай тұрып, пысылдап-еңкілдей тұрып жарқыратты. Бір бүйірдегі столда отырған бізге келіп Мақпалдың басын сылады да, менің арқамнан қағып, қолымды қысып қайтты. Стаканын ұстай тұрып өрлетті дауысын:

- Осы бостандық пен осы бақытқа жеткізген Маужуши мен гұңшандаң жүз миллион жыл жасасын! Осындай күрескер төңкерісшіл ұл-қыздарымыз көбейе берсін! Қанеки жолдастар, достар осы стакандарды сол үшін құрғаталық!...

Сұң Жанхуаның бұл сөзінен шабыттанған жауап ұрандар көтерілді сонан соң:

- «Осындай мейірімді ұстаздар көбейе берсін!», «ұлттар достығы жасасын!» - бұл ұрандар да екі жүз стаканды екі рет сүзістіріп «құрғатып» еді. Төменгі столдардан мұнан соң «қалжың» ұрандар көтеріліп қағыса берді: «Сұң апайдай» енелеріміз көп болсын!», «аңшы жендеттер жоқ болсын!».

Алғашында «орташа», «құба төбел» деп бекітілген дастарқанымыз тіпті молая түсті: «жаңаша» тойдың құрғақ шәкілдеуік-бұршағына қанағат етпейтін жастар «той қызығын» өзді-өз жанқалталарына басып әкеліп әдеттеніп қалған екен. Көпшілігі біздің тойға да солай келіпті. Тойдың «ата-аналары үшін» де, «қыз күйеу үшін» де, «бұлардың үлгілі сүйіспеншіліктері үшін» де арналған бөтелкелер әр жанқалтадан жарқылдап шығып, лақылдап құйыла берді стакандарға. Әлденеден секем алған Әбілемит, арақты саябырлату үшін танса ойнауға шақырды көпшілікті. Өзі түрегеліп, «құдағиына» күлімдей иілді де, іле жөнелді. Қос-қостан қойқаңдап тағы бірнешеу ілесе шықты. Абыла столдарды іргеге тартып, майдан кеңітуді бұйыра дауыстап қалып еді, гармонның дарылы мен қыш еденде көшкен стол сирақтарының шақ-шұғы арасынан екі жігіттің бір ашуға мінгескен дабыры шықты осы сәтте.

- Аузынан бұйрығы әлі түспеген бе мына жендеттің!

- Ат үстінен кеуде түспей, үзеңгіден аяқ түсе ме!...

Мұнан соңғы қақпақыл сөздерді ести алмай қалдым. Ойын-сауық атретінің оркестрі «аужар» ға лапылдата жөнеліп еді. Мақпалдың «көк шолақ» сабақтастарынан екеу келіп, екеуімізді тансаға тартты. Мұндайда отырғандарға жағалата ұсынатын сидың сырғымалы стакандарынан құтылудың мықты сылтауы отырмай билей беру болатын. Музыка тоқтасымен «көк шолақ» балдызымды өз орнына отырғыза барып, Ақия отырған қатардағы біреумен сөйлесіп тұра қалдым. Музыка қайта басталғанда лып етіп келіп, мұңшыл қара көздің өзі тарта жөнелді биге.

- Енді шындап құттықтайыншы сізді!

- Бұрынғың өтірік құттықтау ма еді?

-Оным ауыз ұшында ғана болатын. Шын жүрекпен құттықтау, басқа ғой. Өз теңіңізбен қосылғаныңызға бұрын сенбейтінмін.

- Мақпалмен алғаш көріскенде бірге отырмай кеткенің сол екен ғой!

- Есіңізде қалыпты!... Дәл солай. Сыр-сипаты таныс болып қалған бір досыңның бейтаныс біреумен кеткенін көру-көңілсіз ғой, көркі келіскенімен сауаты келіспейтін ауыл қызын тапқаныңызға өкпелегендей едім... Жоқ, өкпелеу емес-ау, -деп сықылық қаға жалғастырды сөзін. - Өзіңізге лайық көрмеп едім. Онымның бүтіндей қате баға екендігін осы екі-үш күннен бері ғана түсіндім. Білім-мәдениеті де ешкімнен қалыспайтын, шынымен жақсы жар тауыпсыз, бақытты болыңыздар! -деді де сол жақ алақанымды аппақ саусақтарымен қымтып, қыса түсті қолымды.

- Шыншылдығың мен әділдігіңе мың рақымет қарындас!...

Би аяқтаған соң Ақияны қолынан тартып апарып, Мақпал екеуіміздің арамызға отырғыздым. Екі келіншек жарты стакан каниек әкеліп, менің келіншегімді қысап тұр екен.

- Біз бәріміз Мақпалдың отауын тойлаушымыз, солай емес пе, көпшілік? -деп дауыстап жариялады біреуі. - Меймандарын шын қуанышпен қарсы алатындығын білдіріп, осы өз тойында бірер стакан қағыстырмады. Сол айыбы үшін осы стаканды ағартсын, иә, ән салып берсін, қалай дейсіздер!

Қонақтар шатырлаған қолшапалақпен дуылдай қостады бұл талапты.

- Чаң! Чаң! -деді Мақпалға «мамасы» жақындап келіп, ол да қысылған сияқты.

- Мен бастайын, тартынбай ілес, Мақыш! - деп Ақия күбірледі. Мақпал түрегеліп, көпшілікке бас иісімен Ақия да түрегеліп «жас келін» әніне бастай жөнелді. Ұяң Мақпал атақты әншімен жақсы үндесіп, келістіре еріп орындап еді. Көпшілік қанағаттанбай, қайта дуылдап, жеке орындауын талап етті. Мақпал иығын бір көтеріп қойып, жалтылдай қарап күлді жан-жағына,  қайратқа енді келгенін байқадым.

- «Жазған құлда шаршау жоқ» өзім-ақ орындайын!» деп Ақияға бас изей сала алдыға бір аттап түсті. Арт жағындағы Күләнға бір қарап қойып, иілді көпшілікке. «Ағажайға» жоғары дауыспен Нұрия мархұмның дәл өзінше төңкере тастап, шырқата жөнелді. Күлән маған жалт қарап өксіп қалды да, бетін басып тұқырып алды. Сырғып бара жатқан көз жасымды жасыра сүрттім де бекіне қойдым. Нұрияшты есіме түсіру үшін осы әнді Мақпалдың әдейі таңдағаны белгілі. «Қимасыңды елестеттім бе» дегендей, енді маған сынай қарауы да кәдік. Өз қызығының үстінде Нұрияны жоқтағандай көрінбеуім қажет қой.

Дауысы Нұрияштың дауысынан сәл жіңішкелеу болса да, аумаған сол нақыш, сол ырғақ. Самалмен шалқыған жібектей сол нәзік сағыныш ағыны. Сол балтаңдай, солқылдаған құрыш шыбықтай сол серпінді жүрек толқыны!...

Әнді аяқтата бере қарады маған. Күлімсіреп қана бас изеп қойдым. Қолшапалақ шатырлай жөнелгенде тізесін басып, сәлем ете иілген Мақпалды Ақия ыршып тұра құшақтады да, екі бетінен кезек-кезек сүйді. Аса ыстық алғыстар арасынан «асқан әнші екен-ау өзі!» деп қалды біреу.

«Шіркін-ай, шіркін-ай!» деп бір жағымнан жымси күбірлеген Асылқан бүйрімнен түртіп қалды. -«Әй, қуым-ай!»...

Сырттан зекірген-ақырған, шақырған сасқалақ дабырлар естілді осы шақта.

- Кім!... Кім ұрды?... Кімді ұрыпты?.. Қайда жатыр, қайда?... Сақшы, сақшы шақырыңдар! Сақшы!

Залдағы топ дуылы тына қалды да дүркірей жөнелді сыртқа. «Қайда... қайда?» десіп, қақпаға қарай жүгірістік. - «Әнеу бұрылыс көшеде әлгі Абыла дейтін бастықты өлтіріп кетіпті!» -десті. Тағы жүгіріп, жарты айдың ала кеуім ғана сәулесі түскен қараңғы көшеге кірдік. - «Жақындамаңдар! Жақындамаңдар!», «е, өлі ме, тірі ме, білейік те!», «кірмеңдер деймін мына сызыққа, тексеріледі!», «япырау залдан әлгінде ғана шығып бара жатыр еді ғой өзі! Қалай келген мұнда!», «е, мас болып келіп жатқан шығар!», «ол арақ ішпейтін!», «жәй мас болып жатқан адам қанға малшына ма!».

Тұс-тұстан жарқырады қолшырақ. Тармақ көшенің дәл ортасында шалқасынан Абыла жатыр. Жаға-жеңі дал-дұл, аузы-мұрны қан-қан. Киіз үйдің орнындай дөңгелетіп сызылған шектеме сызығының іші әлемтапырақ аяқ ізі. Недәуір алыс-жұлыс болғаны байқалады.

Бұл көшеге Шың Шысай заманында төселген ұсақ тас, гоминдаң заманында жерге батып, қазір топырақ басып қалған. Тіпті сол Шың заманында аспалиттелген орталық көшелердің де ойылып-ойылып, тозалаңы шығып жатқан шақ еді.

Әділетті тергеушім, көп сақталған сүрі қылмыс, сауапқа айнала ма екен деймін. Төрт жылдан бері қылмыс іздеп жалаңдап жүріп, көшелердің ауыз-мұрнынан асып, албастыдай басып жатқан осы жойқын қылмыскер қоқсық борбасқа күрек-сібірткі тигізбеуіміз нағыз қылмыс еді ғой. Осыны сақтап қалуымыз, енді шын көрегендікпен істелгендей үлкен сауапқа айналмады ма! Осынымыз болмаса, Абыланы жайратып кеткен қандықолдардың ізін табу қайда! Жазатайым тақырлығынан тозаң үркетін айна таздың басындай жалтыратып қойған болсақ, дәл бүгін не бетімізді айтар едің!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Поведа (орысша) - жеңіс, үстемдік. Совет одағының осы атты жеңіл машинесі. Бұл шақта Шинжаңда көп таралған.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2019
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2437
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2020
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1587