Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Деп жатыр 7365 25 пікір 24 Қаңтар, 2022 сағат 13:43

Симоньян: ҰҚШҰ көмегі үшін Қазақстан бізге қарыз!

Жуырда ҰҚШҰ «бітімгершілік» әскері Қазақстаннан толықтай шығарылды. Ең соңы болып Ресей сарбаздары үйлеріне қайтты. Қазақстандағы наразылық шерулері «қанды қырғынға» ұласып, жаппай тәртіпсіздікке айналған соң, 6 қаңтар күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ әскерін көмекке шақырған болатын. Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес Қазақстанға ұзын-саны 2030 әскер және 250 бірлік техника кіргізілді.

«Қазақстандағы оқиғалар сыни сипатқа ие болды. Алматы мен тоғыз облыс орталығы лаңкестердің қолында болды. Біз терроризмге қарсы операция режимін жарияладық. Қазақстан ҰҚШҰ-ға көмек үшін жүгінді. Елордаға үш әскери-көлік ұшағының келгенін білген содырлар президенттік резиденцияны басып алу жоспарынан бас тартты. Бұл бізге Алматыға қосымша күш жіберуге және қаланы террористерден арылтуға мүмкіндік берді», - деді Мемлекет басшысы.

11 қаңтардағы Президенттің үндеуінде ҰҚШҰ бітімгерлік әскерінің миссиясы аяқталғаны айтылып, олар айналасы он күннің ішінде елден шығарылатын мәлім болды.

«ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің негізгі миссиясы аяқталды. Екі күннен кейін біртіндеп шығарыла бастайды. Контингентті шығару процесі он күннен аспайды», - деді Тоқаев. 19 қаңтар күні соңғы жасақ Қазақстаннан кетті.

ҰҚШҰ сарбаздары елге келеді деген хабар шыққан сәттен бастап ел ішінде қарсылықтар толқыны білінді. Қоғам белсенділері, саясаткерлер әлеуметтік желілерде ҰҚШҰ әскерін келтіру «бұрыс қадам» болғанын айтып жатты.

Еуропа Одағы тарапынан «Қазақстанның Тәуелсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін» деген сарында ескерту жасалды.

Abai.kz: «Еуропа Одағы Қазақстандағы кең көлемді зорлық-зомбылық әрекеттерін «қатаң айыптайтынын» және сыртқы әскери көмек елдің «егемендігі мен Тәуелсіздігін құрметтеуі керек», - деп мәлімдеді сенбіде ЕО сыртқы саяси ведомствосының басшысы Жозеп Боррел. «Адамдардың қаза тапқаны өте өкінішті және біз кең ауқымды зорлық-зомбылық әрекеттерін қатаң айыптаймыз», - деді ол.

АҚШ-тың мемлекет хатшысы Энтони Блинкен болса, Ресейдің Кеңес Одағын қайта орнатқысы келетін жымысқы ойы бар деп бағалаған.

Abai.kz: ҰҚШҰ ұйымының Қазақстанға кіргізілуіне Батыс тарапы алаңдаушылық білдіруде. Әсіресе АҚШ. АҚШ-тың Мемхатшысы Энтони Блинкен: «Қазақстанға ҰҚШҰ ұйымын кіргізуге қандай қажеттілік болды», - деп сұрақ қойып, Қазақстан тарапынан жауап күтетінін атап өтті. Бұған дейін Блинкен: «Ресей КСРО-ны қалпына келтіру әрекеттерін жасауы мүмкін», - деген болатын. Ол сонымен қатар: «Орыстардың бір кірген жерінен шықпайтын жаман әдеті бар», - деп те мәлімдеме жасады.

Саясаткер Досым Сәтпаев: «ҰҚШҰ-ны Қазақстанның ішкі ісіне пайдалану дәстүрлі қазақстандық көпвекторлықтың тарих қойнауына кетті дегенді білдіреді. Ендігі кезекте біздің билік ішкі және сыртқы саясатын Путинге жалтақтаумен жүргізетін болады. Бұл жағдайда біз егемендігіміздің бір бөлшегін жоғалтып алуымыз мүмкін», - деді.

Ресейлік журналист, RT арнасының бас редакторы Маргарита Симоньян твиттердегі жазбасында: «Ресей ҰҚШҰ әскерін жібергені үшін Қазақстан бірнеше талаптарды орындау керек», - деп отқа май құя түсті.

«Әрине, міндетті түрде көмектесу керек. Бірақ, бірнеше шарт қою қажет. Қырымды мойындасын, кириллицаны қайтарсын, орыс тілін Қырғызстандағыдай екінші мемлекеттік тіл деп жарияласын, орыс тілді мектептерді жайына қалдырсын, Ресейге қарсы коммерциялық емес ұйымдарды қуып шықсын», - деп жазған ол. Ол бұрынғы Кеңес одағы елдерінің тәуелсіздігін «күлкілі» деп атаған.

«Тәуелсіздік – мемлекеттің бір-екі мың «таспен қаруланғандардың» әскерді қуып шығып, аэропорт пен қоймаларды басып алып және бір тәулікте елді тып-типыл қылғанына өзін Тәуелсізбін деп жүрген елден тікелей әскери көмек сұрауға мәжбүр болуы. Бұл – өте күлкілі Тәуелсіздік», - депті Симоньян.

Ресей тарапынан ҰҚШҰ-ның Қазақстанға кіруі туралы пропогандалық ақпараттар онсыз да өршіп тұр. Ресейдің белді арнасының басшысы да қалыспай ұлтараздықты өршітіп, көптеген жазылушыларының қолдау пікірлеріне ие болыпты.

Әне, Ресейлік телеарнаның басшысы Маргарита Симоньян дейтін сойы армян әйел: «ҰҚШҰ көмегі үшін Қазақстан бізге қарыз», депті. Онымен қоймай, бұрынғы Кеңес одағы елдерінің Тәуелсіздігін «күлкілі - Тәуелсіздік», деп бағалап, миығынан күліп отыр екен. Ал Симонянның бүл сөздеріне Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі «ләм-мим» деп үн қатқан жоқ.

Айжан Темірхан

Abai.kz

25 пікір