Сенбі, 4 Мамыр 2024
Дей салдым-ау 5703 15 пікір 24 Қаңтар, 2022 сағат 13:23

«Қаңтар оқиғасы»: Ресей ұтты, Қытай опық жеді

2022 жылғы 5 қаңтар қазақ тарихында Ұлы һәм қайғылы даталардың біріне айналмақ. Қазақ халқының соңғы 3-4 ғасырдан бері бақытты, мамыражай өмір сүрген кезі көп болмаған екен. 

Жоңғар шапқыншылығы, Ресей бодандығы, Кеңес Одағының езгісі халқымызды бір күн де тыныш өмір сүргізбепті.  Тек, 1991 жылы ел қатарлы тәуелсіздік алып бөрікін аспанға атты. Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылында  қазақтың  күдігінен үміті көптеу болғаны да рас.  Халық болашаққа сенді. Сол үшін қиын жылдарды үнсіздікмен еңсерді. Қазақ сенген, үміт артқан, қолдаған Н.Назарбаев 1995 жылы ебін тауып,  мемлекетті «президенттік» басқару жүйесіне ауыстырып алған соң, біртіндеп дара билеу жүйесі жүзеге асты.  Жеке басқа табыну белең алды. Демократия нышандарын тұншықтыра бастады. 2000 жылдан кейін мемлекет толық  авторитарлы жолға түсті. Ұлттық бағыттағы опозициялық тұлғалар  мен партия, қозғалыстар қысымға ұшырады. Билік оларды ебін тауып сатып алды, шетел асырды, түрмеге тоғытты, тіпті көздерін жойды. Елдегі жүйеге қарсы салмақты, балама пікір айтар тұлғалар  қоғамдық-саяси өмірден аластатылды.  Елдің саяси һәм экономикалық элитасы санаулы топтың монополиясына өтті. Елдегі реформалардың оң нәтижелері саяси прогресстің кенжелеуі себепті, тоқырауға бет алды.  Мемлекет тек шикізатты, табиғи байлықты сатуға ғана сүйеніп, экономиканың әртараптануы тоқтап қалды. Ел қазынасы биліктің құзар басындағы санаулы ғана топтың  уысында қала берді.  Халыққа тиімді, жұмыспен қамтитын  өндіріс орындары ашылмады, жұмыссыздық көбейді, ауыл азып-тозды...

Мұның бәрі, сайып келгенде,  қазақтың азып-тозуына апарып соқтырады. Бай мен кедейлік  айырма шегінен асып кетті. Өз күнін өзі көрген халық «элиталықтар» ашқан банктерінің құлына айналды. Билік бір жақта, ал халық екінші жақта қалып, халықтың билікке деген сенімі күн сайын жоғала берді. Қанша шыдамды, төзімді дегенмен, ертеңге деген үміті жоғалған халық тығырыққа тірелді. Бұндай жағдай түбі бір қоғамдық-саяси толқуға әкелері сөзсіз еді. «Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады» дегені рас болып шықты. Шырпы тұтатқан — «сұйытылған газ бағасының» өсуі формасында болды. Әрине,  халықтың бейбіт түрдегі митингісін ешкім қате дей алмайды. Бейбіт митингі үлкен масштабта, елдің көптеген өңірін қамтыды. Өкінішке қарай, орынды талаппен толқыған халықты таққа таласқан кландар тобы арандатып, бейбіт митингнің сипатын басқа жаққа бұруға барын салды. Нәтижесінде,  бейуаз жастар арандалып қалды. Қан төлгілді.

Қаңтар қасіретіне кінәлі нақты жауапкерлер анықталуы керек. Халықтың бейбіт шеруін кімдердің, не мақсаттарына пайдалынғаны анықталып, тексеріліп нақты бағасы берілмей болмайды. Бүгінге шейінгі ішкі-сыртқы ақпарат көздеріндегі сарапшылар мен саясаткерлердің пікірінің өзегі – бұл «Назарбаев пен Тоқаевтің таққа таласы», «ресейшілдер мен қытайшылдар тіресінің нәтижесі»  дегенге саяды.  Сонда бір тарап халық толқуын пайдаланып билікті басып алғысы келсе, екінші тарап халық толқуының арқасында тағын сақтап қалды деуге негіз бар сияқты. Төменде Қаңтар уақиғасы кімге тиімді, кімдерге тиімсіз болғанына үңіліп көрейік.

Соз жоқ, Қ.Тоқаевқа тиімді болды.

2019 жылы билікке келгенімен, қолында нақты құзыреті жоқ, бірақ легитимді президент  болып келді. Осы үшін, әсіресе оппозиция мен  ұлтшылдар оны «қуыршақ президент» ретінде сипаттап, үнемі сындаумен болды. Осы жылдары  Қ.Тоқаев халық пен Н.Назарбаев ортасында қыспақта қалды. Елдің экономикалық тұтқалары, кадр  тағайындау құзыреті мен билік партиясы «Нұр Отанның» тізгіні Н.Назарбаевтың уысында қала берді. Уақыт өткен сайын, халықтың тұрмысы нашарлап, жүйеге қарсылығы үдей түсті. Бұның ақыры жақсылыққа бармайтынын президент түсініп, тығырықтан шығу жолындағы қадамдары мен ұстанымы экс-президенттің қарсылығына ұшырап отырды. Арада қайшылық туындап, соңы өзара сенімсіздікке апарған да болуы ықтимал. Екеуінің араларындағы жасырын тірес сырт көзге көрінбегенімен, бұл Н.Назарбаевтың ұйқысын қашырған болуы ықтимал.  Елімізде ешкім өзіне қарсы келіп көрмеген экс-президент үшін, өзі баулып жетілдірген ізбасарының «әдептен озуын» оның кешірмйтіні белгілі. Қолында тұтас елдің  ІІМ-гі, ҰҚК-ті, ҚМ-гі кіретін  ҚК-сінің төрағасы Н. Назарбаев үшін  Қ.Тоқаевты тақтан тайдырудың амалы да сан түрлі болуы мүмкін екені  анық еді. Осы мақсат үшін халықтық митингіні пайдаланып, Тоқаевты ығыстырып жібермек болды деген көзқарас ішкі-сырытқы ақпараттарда жариялануда. ҰҚК-нің басшыларының тұтқындалуы да осы көзқарастың шындыққа жақындығын көрсетсе керек. Жалдамалы бұзақыларды тарту арқылы бейбіт жұртты арандатып, бейберекетсіздікке итермелеп, нәтижесінде  шағу, өртеу, тонау, кісі өлтіру уақиғалары орын алады. Мақсаты –  осы арқылы президент Қ.Тоқаевты елден бездіріп, билікті өз кландарына өткізбек болған деседі.  Өмірлік жиған-терген білімін нақты практикалық жағдайға қолдана білген, тез әрі ұтқыр шешім жасай алған Қ.Тоқаев әккі Н.Назарбаевты шаң қаптырып кетті.  Н.Назарбаев жеңілді. Қ.Тоқаевқа шешім қабылдау  өте қиын болғаны белгілі.  Бұдан басқа жол  жоқтығы да анық. Шарасыздық ҰҚШҰ-ның күшіне сүйенуге мәжбүр етті. Қанша өкінішті болса да бұл қазақ үшін жалғыз, әрі қымбат жол болды деуге болады. «Қос» президенттің таққа таласы 225  (одан да көп болуы мүмкін)  азаматтың ғұмырын жалмады. Нәтижесінде Тоқаев жеңді. Елге, қазаққа қайырлысы осы.

Қаңтар уақиғасына қатысты Қ.Тоқаевтың алдында екі үлкен парыз тұр: жазықсыз шейт болған боздақтардың санын анықтап, әділ бағасын беру, құнын төлеу; Арандатушы «террорлардың»  биліктегі тіректерін ашыққа шығару, жазалау.

Назарбаев жеңілді

Елді 30 жыл уысында ұстаған Н.Назарбаев кланы жеңілді.  Деседе онық елдегі  ықпалы әлі бар. Бұдан кейінгі Тоқаевтың жүрістері сол ықпалды ескеретіні даусыз. Ескі жүйенің тоғыз қабат тоңын бір  күнде ерітер болса, ол  селге айналып, апат әкелуі мүмкін.  Алдағы  уақытта  саяси  және экономикалық ресурыстарды тек  біртіндеп  елдің, халықтың  игілігіне қайтару  жолын ұстануы ықтимал.

Дәл осы шақта оның сабырмен біртіндеп өзгеріс жасау  амалы - тыныштық пен капиталдың елден жосып кетпеуі үшін тадаған амалы деп қарауға болады. Оның осы жұмсақ қадамдары қоғамның өткір сынына ұшырары даусыз. Бұл елдегі барды төкпей-шәшпай ұстап қалудың жалғыз жолы.  Ең бастысы, көне кландық жүйеден құтылып, жемқорлықпен күресуге  мүмкіндігк  туды. Алдағы күндері тығырыққа тілелген  қоғамдық және саяси өмір біртіндеп бұрынғы ағысына орала  бастағанымен, тоқыраған экономикаға жан пітіру оңайға соқпасы тағы белгілі. Оның ұстіне, бүгінгі әлемдік, аймақтық геосаясижағдайлар экономиканың тездеп жандануына үлкен кедергі болар түрі бар. Қ.Тоқаевтың  қалған екі жылдан аса президенттік мерзімі үлкен жауапкершілік  пен қауырт істелетін жұмыстарға толы болмақ. Осы мерзімдегі жұмысының нәтижесі ғана оның келесі рет сайлауға түсуіне негіз қалап бермек. Оған халықпен бірге болудан, ілгерлеуден басқа жол жоқ. Назарбаев кландары мен Тоқаев арасында түбегейлі  ымыра болмайды.  Тек экс-президентпен белгілі мақсат үшін лайықты келісім болуы мүмкін. Бұл саясат, мүдеге жету үшін дұшпанмен де тіл табысар сәттер болады. Бізге ұнаса да, ұнамаса да Тоқаевты қолдау мен түсінуден басқа қазаққа екінші жол қазірше көрінбей тұр.

Әрине, бейбіт митингішілерді «террор, банды» деуге жол жоқ. Шейт болған боздақтарға әділ баға беру мен құнын төлеу — мемлекеттің алдағы парызына айналмақ. Халықтық қырағылық пен табандылық қашанда  елдікті сақтаудың басты факторы екені даусыз.  Қазақ халқы бұл қағиданы кешегі бодаудың арқасында жадысына қайта оралту үстінде. Қазақ оянды. Қазаққа қарсы жүйені қазақ қолымен жаңалай алды. Жаңасының бұзылмауы да өзіне аманат. Енді сергек болуы шарт, мызғуға, мүлгуге жол жоқ.

Ресей ұтты

Ресейдің асығы алшысынан түсіп, көктен күткені жердан табылды. Онысыз да Кремльдің қабағына қарап келген Ақорданы Ресейдің осы жолғы  көмегі өзіне қарыздар етіп қойғаны белгілі. Қазақтарды қатарға қосқан бізбіз деп ісіп-кеуіп жүрген орыс шавнистері Қазақстанды «террористерде» біз қорғап қалдық дейтіні сөзсіз. Қанша жерден ҰҚШҰ ұжымдық  күштерді  тарыттық дегенмен, онық таза орыстың жетегіндегі, негізіндегі ұйым екені шындық.

Қолында күштік құрылымы жоқ Қ.Тоқаевтың ҰҚШҰ-ы күштеріне сүйенуден, Путиннен көмек сұраудан басқа амалы болған жоқ. Бұл ел мен ұлт үшін дұрыс таңдау болғанын сезінеміз. Елдің іші-сыртында онысыз да Орта Азияны өзінің геосаяси өрісі санап отырған Мәскеудің ықпалы, ендігі жерде Қазақстанда тіпті де тереңдей түсуі мүмкін деген күдік күшті. Путин екі жеп биге шықты. Қазақ елінің тәуелсіздігін «террорлардан» сақтап қалушы ретінде ұпай жинаса, екінші жағынан Қазақстанды экономикалық әлеуеті арқылы табандап кіріп алған Назарбаев жән оның әулетімен ым-жымы бір Қытайдың ықпалын азайтуға мүмкіндік туды деушілер көп. Сарапшылардың айтуынша, Путин үшін Қазақстандағы Қытай мүдесіне бақылау орнатудың тарихи жолы ашылғанға оқсайды.  Осы жолғы халық толқуының дүрбелеңге айналуының артында экс-президент Н.Назарбаев тұрғаны шын болса, Бұны Тоқаев пен Назарбаевтың таққа таласуына жатқызуға болды. Әсіресе, Батыстағы қытай сарапшылары «Ресейшілдер» мен «Қытайшылдардың» тіресі деп отыр. Нәтижесі – «Қытайшыл» кландардың жеңілуімен аяқталған. Осы жолғы көмегі үшін Тоқаевтан нені қалайтыны, тек Путиннің көмегі үшін қарымтасы қандай болары белгісіз болса да, ҰҚШҰ-ды сылтау етіп кірген орыс әскері енді елден кетпейді деген күдік жоққа шықты.  19 қаңтарда ең соңғы Ресей салдаттары Қазақстаннан кетті.

Қытай опық жеді

Қаңтар уақиғаның нәтижесі Қытай үшін үлкен жоғалту деуге болады. Қытай билігі Назарбаев және оның отбасымен орнатқан ширек ғасырлық берік көпірі бір күнде опырылып түсті. Ендігі жерде сырт көзге Қытаймен болатын байланыс бұрынғыдай жалғасып жатқан секілді көрінгенімен, оның тиімділігі   Пекин үшін бұрынғыдай болмасы анық. Ақорда көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізе береді, бірақ тиімділік солтүстік көршіге бейімделеді. Пекин осыған дейін Қазақстанда Назарбаев арқылы жеткен жетістігіне Путиннің бақылау орнатып, ырғын пайданы бөлісуге ұмтылуы мүмкін деген күдік үстінде тұспал жасауда сарапшылар. Қытайдың Орта Азияға бағыттаған геосаяси жоспарлары  мен «Жібек жолы» жобасының кедергісіз  ұлғаюына  қауіп төніп тұр. Қаңтар төңкерісі Пекиннің алаңын күшейтті. Қазақтардың оянуы тұтас Орта Азияның оянуына әсер етуі де ықтимал. Қытай Қазақстандағы инвестиция көлемі 30 млрд АҚШ долларынан асады. Оған экс-президент кезінде алынған қарыздың өзі ондаған млрд долларға жеткенін қосыңыз. Қазақ-Қытай арасындағы шикі мұнай құбыры мен Қазақстан территориясы арқылы Қытайға өтетін үш газ құбыры да Қытай билігінің ұйқысын қашырары сөзсіз. Ең қиыны,  Қазақстанда  Ресей мен Қытай  арасындағы жасырын бәсеке сыртқа шығу қаупі. Путиннің Қаңтар төңкерісі кезіндегі қадамы Кремльдің Қазақстандағы  ықпалын арттырып, керісінше Қытайдың тебінін бәсеңдетуі мүмкін. Кремль Қытайдың Орта Азия аймағы арқылы келер  энергия-шикізат және Қазақстан арқылы  өтетін  Басыс Қытай, Батыс  Еуропа авто жолдарға да бақылау орнатуы ықтимал деген күдік басым. Қытайдың Орта Азиядағы, әсіресе Қазақстандағы ықпалының азаюы  Қытайдың  Шыңжаң  аймағының қауыпсіздігі мен тыныштығына деген алаңын одан ары арттыра түсуі мүмкін.

Халық оянды әрі қан жұтты

Қазақ халқы алғашқы жеңісіне жетті. Елді, халықты тұралатқан кландық, жемқорлық жүйені аяқтатты. Бодауы ауыр болды – көп қан төгілді. Бейбіт шерушілер бағаланып, шейттер ардақталуы керек. Қаңтар төңкерісі - халықтың ортасында бірегей көшбасшының жоқтығын және оның өте қажеттілігін  көрсетті. Бұл тенденцияның өте қауыптылығына көз жеткізді. Жеке билігін нығайту үшін Н. Назарбаев елдегі балама пікір айта алатын тұлғалар мен ұлттық, оппозициялық бағыттағы партиялар мен қозғалыстардың көзін құртқан. Қоғамда жағымпаздар мен қуыршақ партиялар ғана қалған-ды. Халықтық толқудың бағытын, сипатын өзгертуге халықта бірегей көшбасшының жоқтығы, жетекшісіз қара халықтың дағдарып қалуына, жағдайды тануына кедергі болды. Осы бостықты жат ниеттілер ұтымды пайдаланды. Бостықты  пайдаланып кетті. Халықтың қоғамдық институттарын тұншықтырып  келген Н. Назарбаев бұған тіке жауапкер.

Қорыта келгенде, Қаңтар төңкерісі қазақ халқының әділетсіздікке, жемқорлық жайлаған кландық жүйеге қарсы шыққан тәуелсіздік тарихындағы алғашқы, ең жойқын толқуы болды. Бейбіт шерудің негізгі, жалғыз ұраны - «шал кет!» болды. Бұл ұран  халықтың жебір жүйеге деген наразылығынан туғаны анық. Өкінішке орай, бейбіт шеруді таққа мүделі  кландар бұзақылары арқылы басқа бағытқа бұрып жіберді. Соңы бейберекетсіздікке ұласып, қан төгілді. Бейбіт шеруге шыққан  жазықсыз жандар қаза болды. Ендігі жерде осы  боздақтарға әділ баға беріліп, құны төленуі керек. Оңды-солды тұтқындалған азаматтарға жасалып жатқан зорлық-зомбылық, ұрып-соғыу тоқтатылып, ашық та заңды тергеу-тексеру жүргізілуі тиіс. Әлгі 20 мың «террорды» халықтың ішінен іздеудің керегі жоқ. Бүлік шығарушы, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған кландар әшкерленіп, жазалануы керек. Президент Қ.Тоқаевтің «ескертусіз оқ атуға» берген пәрмені үлкен қателік, «20 мың террор» дегені негізсіз.  Осы асыра сілтеудің бүгін де, ертең де  Қ.Тоқаевтың қыр соңынан қалмайтын түрі бар. 22 қаңтарда президент «қаңтар уақиғасында қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу керек» дегені үміт,  іле-шала «азаматтар биліктің ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз  етіп отырғанын көруі тиіс»  дегені күдік ұялатады.  Халық пен әлемдік қауымдастық Қаңтар төңкерісіне қатысты ашық та, әділ тергеу-терсеруді талап етіп жатқан жоқ па!

Қаңтардағы халықтық толқуға, тағы қайталап айтамын, Ақорда әділ бағасын беруі керек. Осысыз қазақ халқының көңілі орнына түспесі анық. Әлемдік қауымдастық та бұл қанды қырғынды қағыс қалдырар түрі жоқ. 20 қаңтарда Еуропарламент Қаңтар уақиғасына резалюция қабылдап, санкция салуды қолдады. Еуропарламент мүшелері «Бейбіт наразылықтың қалайша озбырлыққа ұласып кеткенін, оған қандай элементтер тартылғанын, жағдайдың ушығуына не түріткі болғанын анықтау үшін халқаралық дәрежедегі тәуелсіз тергеу қажеттілігін, өз халқына қарсы қылмыс жасағаны үшін сот алдында жауап беруі керектігін» айтып жатыр. Халқаралық адам құқығын қорғау ұйымының өкілдері «ЕҚЫҰ, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі, ЕО тәуелсіз тергеуді қолға алуы тиіс» деп қарауда.

Қаңтар төңкерісі қазақты оятты. Ендігі жерде қашанда сергек болуды ескертті.  Халықтың күші - бірлікте болатынына көз жеткізді. Қоғамдық институтардың (партия, қозғалыс), халықтық  нағыз көшбасшы, лидерлердің маңыздылығына көз жеткізді. Бұл вакуумның  орнын толтыру  алдағы  ұлы да өзекті жұмыстардың бірегейі болмақ. Қаңтар төңкерісі үлкен құрбандық арқылы келген халықтың алғашқы жеңісі. Қазақ рухының қайта оянуы -  қаңтарда атылған жанартау!

Бақан Берікжан

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1067
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 955
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 705
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 805