Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Аласапыран 6027 27 пікір 20 Қаңтар, 2022 сағат 12:45

Украинаға шабуыл: «Ресейді апат күтіп тұр»

Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс ушыққаны соншалық, соғыстың боларына күмән келтіретіндер саны азайғандай. «Соғыс болады, басты сұрақ қашан және қалай өрбиді», дейді сарапшылар. Бүгінгі таңда Украина басқыншы Ресейге қатаң жауап берудің жолдарын қарастыруда. Бұл тұрғыдан ол НАТО елдеріне үміт артады, алайда олардың қару берсе де, әскер жібермейтініне сенімді. Сондықтан ұрыс даласында өз әскерінің күшіне сенеді. 

Украин халқы Ресейдің басып кіру мүмкіндігіне байланысты алаңдаушылық танытуда. Ел президенті Зеленский осыған байланысты арнайы үндеу жариялады. 19 қаңтарда жарияланған үндеуде ол халықты сабырға шақырды. YouTube арнасында жарияланған үндеуді миллиондаған адам қарап үлгерген.

«Оның несі жаңалық? Бұл 8 жыл қатарынан болып жатқан шындық қой. Ресейдің басып кіруі 2014 жылы басталмады емес пе? Соғыс қаупі қазір ғана пайда болды ма? Бұл қауіптер бір күн ішінде пайда болған жоқ, тек қазір дабыра көп, олар біздің жерімізге қарағанда, сіздердің жүйке жүйелеріңізге шабуылды арттырды, мақсаттары үрей тудыру», - деді Зеленский. Оның сөзінше бүгінде Украинада қуатты, мықты әскер бар. Ол әр күнін әскердің жағдайы мен ұрыс шебіндегі жағдай туралы баяндаманы оқудан бастайтынын айтады.

«Барлық азаматтарымызға, әсіресе егде жастағы қарияларымыз барлығын түсініп, терең тыныстап, сабыр сақтаңыздар. Қарақұмық пен сіріңке сатып алуға асығудың қажеті шамалы. Барлық БАҚ құралдары нақты ақпарат таратсын, негізсіз қауесет емес», - деді Украина президенті.

Осы аптада Украинаға АҚШ сенаторлары келді. Олар Ресейдің шабуылдау мүмкіндігін талқылап, Украина басшылығына көмек көрсетуге уәде етті. Киев Ресейге дереу арада санкциялар салуға шақырды.

АҚШ билігі «Ресей Украинаға кірсе өкінетін болады», деп мәлімдеме жасады. Вашингтон түрлі санкциялардан бастап, Украинаға аса қуатты қару беру жағын да қарастырып жатыр. АҚШ Ресей әскерінің Украина жеріне бір метр кіруінің өзі басқыншылық екенін айтты. Джен Псаки былай дейді: «Президент Байден Ресей президенті Путинге ескерткен еді. Егер Украина жеріне Ресей әскері бір метр басып кірсе, онда АҚШ және оның одақтастары оны басқыншылық санап, бірден қатаң, ауыр әрі нақты жауаптар беретін болады», -деді.

АҚШ президенті Байден Ресейге ауыр санкциялар салатынан ескертті. Ол тіпті тікелей Птуинге санкция салатынын айтты. «Ол мен айтқан сияқты санкцияларды ешқашан көрген емес, егер ол бұл қадамға барса, онда ол санкцияларды көретін болады», - деді АҚШ басшысы. Егер Ресей Украинаға шабуыл жасаса, «Ресейді апат күтіп тұрғанын» да айтты. Байден Ресейді доллармен сауда жасау құқығынан ажыратып, Ресейге соңғы  үлгідегі технологияларды жіберуге тыйым салмақ.

Ресей НАТО мен АҚШ-қа ультиматум қойып отыр. Мәскеу «посткеңестік елдер мен Украина, Грузия ешқашан НАТО-ға қабылданбасын деп құжат жүзінде бекітілсін», дейді. Әрине НАТО елдері оған көнбеді. 10-12 қаңтарда өткен кездесулер еш нәтиже бермеді.

Ка Мырза

Abai.kz

27 пікір