Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4326 0 пікір 11 Қыркүйек, 2012 сағат 07:53

Қуанбек Боқаев. «Химия қақпасын» ашқызбау кімге пайдалы?

Білім және ғылым министрлігінің назарына!

 

Қазақстанның оқу ісінің үздігі, жоғары санатты мұғалім, еңбек ардагері Жұбайбек Жұмаханның есімі еліміздегі мұғалімдерге кеңінен әйгілі. Шығыс Қазақстан обылысы, Зайсан ауданындағы ауылдардағы мектептерде химия пәнінен 40 жылдай сабақ бере жүріп, «Химия қақпасы» кестесін жасап, оны өлеңмен оқытудың тиімді тәсілін тауып ұзақ жылғы тәжірибесі арқылы жаңалығы тамаша нәтиже бергені кеңінен дәлелденген. Оның «Химия қақпасы» кестесі мен оны өлеңмен оқыту әдістемесі химия пәнін оңай меңгерудің төте жолы екені жөнінде кеңес заманынан бері аудандық, облыстық, республикасылық педагогикалық оқуларда үнемі жоғары бағаланып, баспасөзде шәкірттерінің, мұғалімдер мен ғалымдардың жүздеген мақалалары, пікірлері,  лебіздері жарияланған. Оның оқулығы бойынша сабақ берген мұғалімдер таңданарлықтай тамаша табыстарға жетіп жүр. Солай болса да оның осынау озық тәжрибе негізінде жазған оқулығын мектепте қолдануға тыйым салынғанын, мұнын өзі ғылыми педагогикалық тұрғыдан зерттеп зерделегенде зор қателік болғаны жөнінде осы мақалада кеңінен дәлелдеп әңгімелеуді жөн көрдік.

Білім және ғылым министрлігінің назарына!

 

Қазақстанның оқу ісінің үздігі, жоғары санатты мұғалім, еңбек ардагері Жұбайбек Жұмаханның есімі еліміздегі мұғалімдерге кеңінен әйгілі. Шығыс Қазақстан обылысы, Зайсан ауданындағы ауылдардағы мектептерде химия пәнінен 40 жылдай сабақ бере жүріп, «Химия қақпасы» кестесін жасап, оны өлеңмен оқытудың тиімді тәсілін тауып ұзақ жылғы тәжірибесі арқылы жаңалығы тамаша нәтиже бергені кеңінен дәлелденген. Оның «Химия қақпасы» кестесі мен оны өлеңмен оқыту әдістемесі химия пәнін оңай меңгерудің төте жолы екені жөнінде кеңес заманынан бері аудандық, облыстық, республикасылық педагогикалық оқуларда үнемі жоғары бағаланып, баспасөзде шәкірттерінің, мұғалімдер мен ғалымдардың жүздеген мақалалары, пікірлері,  лебіздері жарияланған. Оның оқулығы бойынша сабақ берген мұғалімдер таңданарлықтай тамаша табыстарға жетіп жүр. Солай болса да оның осынау озық тәжрибе негізінде жазған оқулығын мектепте қолдануға тыйым салынғанын, мұнын өзі ғылыми педагогикалық тұрғыдан зерттеп зерделегенде зор қателік болғаны жөнінде осы мақалада кеңінен дәлелдеп әңгімелеуді жөн көрдік.

Әйгілі «Химия қақпасының» авторы Жұбайбек Жұмаханның 8-сыныпқа арналған химия пәні оқулығы Алтынсарин атындағы Білім академиясынан сараптаудан өтіп, Білім және ғылым министрлігінің мақұлдауымен 2004 жылы «Атамұра» баспасынан басылып шыққан болатын. Оқулық жарыққа шықпай жатып-ақ оған деген сұраныс күшті болып, аудандар мен облыстардан баспаға тапсырыстар алдын ала көптеп беріліп жатты. Сөйтіп оқулық қазақша 60 мың, орысша 40 мың данамен басылып аз уақытта оның дені сатылып кетті. Мұның өзі жергілікті әдіскерлер мен мұғалімдер тарапынан оқулыққа деген ықыласы ерекше күшті болғанын ұқтырса керек. Алайда көп ұзамай оны балама оқулық ретінде оқытуға, тіпті оны таратуға тыйым салынып, аудандар мен облыстардан баспаға кері қайтарылды.

Жергілікті мұғалімдер мен әдіскерлер қауымы бұған қатты қарсылық танытып, соңы дау-дамайға ұласты. Мұғалімдер жаңадан жазылған оқулықты пайдалануды жаппай жақтағандықтан обылыстарда Ж.Жұмаханның оқулығын пайдалану жөнінде талқылау ұйымдастыру жөнінде талап қойған оқиғалар жиі ұшырасты. Алайда министрлік пен облыстық білім беру басшылары мұғалімдер талаптарына құлақ аспай, оқулықтарды сауда орындарынан алдырып, баспаға кері қайтарудан жаңылмады. Сөйтіп осы дау-дамайды басу үшін 2005 жылы жиындар мен семинарлар өткізіліп, онда балама оқулықтарға бас сарапшы болған, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Н.Нұрахметов оқулықты теориялық жағынан зиянды деп түсіндірумен болды. Мұнын ең басты себебі Нұрахметов Ж.Жұмаханның осы оқулығына бәсекелес 8-сыныпқа арналған негізгі оқулық авторы болғандықтан екенін ұғыну қиын емес еді. Ал мұғалімдер мен әдіскерлер болса, профессордың пікірі қып-қызыл жала екенін оның бетіне басып, Ж.Жұмаханның оқулығы мен «Химия қақпасы» кестесін қолданғанда тамаша табыстарға жеткенін дәлелдеумен болды.

Сонда бұлардың қайсысынікі дұрыс? Бұл оқулық шынымен теориялық жағынан зиянды ма, әлде шынында да пайдасы аса зор ма? Егер зиянды болса, мұны мұғалімдер қауымы неге түсіне қоймайды? Ал пайдасы зор болса, оған профессор Н.Нұрахметов неге қарсы? Бұл мәселені сол кезеңде министрлік ажырата алмағаны Жұбайбектің оқулығы мен бәсекелес негізгі оқулық авторы Н.Нұрахметовты балама оқулықтардың бас сарапшысы етіп тағайындап, соның пікірімен ғана санасқандықтан екені анық. Сөйтіп озық тәсілге негізделген оқулыққа тыйым салынғаны білім беру саласындағы өрескел қателік екенін мұғалімдердің, әдіскерлердің бәрі де қынжыла айтатын болды. Сондай-ақ Нұрахметовтен өзге көптеген ғалымдар мен мамандардың бәрі бұл оқулықты жоғары бағалап пікір жазған. Нақты айтқанда Семей педагогикалық институттың профессоры, халықаралық ғылыми-педагогикалық білім беру академиясының академигі М.Панин, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, химия ғылымдардың докторы, профессор Ә.Б.Баеешов, Гумелев атындағы Еуразия университеті химия кафедрасының доценті, химия ғылымдардың кандидаты Г.Тажекенова, педагогикалық ғылымдардың докторы профессор С.Жайлау, Алматы қаласы №159 гимназияның химия пәнінің мұғалімі Б.Әбішева, Ақтөбе қаласы №30 орта мектептің химия пәнінің мұғалімі А.Бекниязова және басқа да ғалымдар мен мұғалімдер, әдіскерлер Ж.Жұмаханның оқулығын мектепте оқытудың пайдасы зор екенін жан-жақты дәлелдеп жазған пікірлері, министрлік пен Алтынсарин атындағы Білім академиясының архивінде 5-6 жылдан бері шаң басып жатыр деуге болады. Ал біз осы мақалада Ж.Жұмаханның оқулығы мен «Химия қақпасы» кестесі бәсекелестіктің, бақастықтың және жаңалықты қабылдай алмайтын догмалық көзқарастың құрбаны болу құпиясы жөнінде әңгіме өрбітіп көрелік.

 

1. Догматик ғалымдар үстемдігінің зардабы

Көптеген ғалымдар мен мұғалімдердің пікірлеріне ќарағанда, химияның бастапқы курсын меңгеруге арналған «Химия қақпасы» кестесі мен оны оқытудың әдістемесі Д.И.Менделеевтің периодтық кестесі сияқты шет жұрттардағы барша мектептерге де ортақ әлемдік маңызы бар ғылыми жаңалық. Мұны тарихта тұңғыш жасалған «Химияның әліппесі» деген пікірлерді де жиі естиміз. Өйткені химия пәні оқулықтарында небары оншақты элементпен үстірт таныстырылса «Химия қақпасы» арқылы 40-50 элементтің таңбаларын жазуға машықтанып, олардың ортақ қасиеттерін ұғынып еске сақтауға болады. Мұнан әрі химия ғылымын оқып ұғыну қиын емес екені ұзақ жыл бойы тәжрибе жүзінде кеңінен дәлелденген.

Жұбайбектің әдістемесі бойынша мен де сабақ беріп іс жүзінде оның артықшылығына көзім айқын жеткен. Мен де мектепте Жұбайбектің шәкірті болғанмын. 1960 жылдардың соңында Өскемен педагогикалық институтын бітіріп, химия және биология пәнінің оқытушысы мамандығын алып Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылында еңбек жолын бастағанмын. Өскемен педагогикалық институтында біз оқып жүрген кезеңде Мәскеу мен Ленинградтан келген көптеген оқытушылар бізге дәріс берген. Олардың бәрі жаңашыл, озық ойлы еді. Олар сол кезеңде Мәскеу мен Ленинградта ғылым, білім саласындағы ізденістері мен жаңалықтары, көзқарастары қарт профессорларға ұнамағандықтан Өскеменге, Қыйыр Шығысқа жер аударылған жас ғалымдар болғанын кейін аңғардым. Олар Лысенко бастаған догматик ғалымдар ұлы генетик, селекционер-ғалым И.Вавиловты қудалап, ақыры ол түрмеде өлгенін, догматик ғалымдардың үстемдігінен Кеңес Одағының ауыл шаруашылығы Еуропа елдерінен 30-40 жыл артта қалғанын, ғалым атанған догматиктер нағыз ғылыми жаңалықтардың қас дұшпаны болатыны жөнінде әңгімелерді жиі айтатын. Бүгінгі таңда да еліміз осындай кеселден арылмағандықтан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жастарды шет жұрттарға оқуға жіберетінін, Назарбаев университетін ашқанын бағамдауға болады. Мәскеу мен Ленинградтан келген ғалымдар мектепте сол кезде қолдау таба қоймаған сабақ берудегі ең озық тәсілдерді үйрететін. Мәселен, «Липецк әдісі» деген болды. Оның мәнісі мұғалім бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша сабақ жүргізгенде әрі кеткенде 4-5 балаға ғана баға қойып үлгерсе, ал «Липецк әдісі» бойынша 15-16 балаға баға қоятын едік. Осындай жаңашылдығымен Өскемен пединституты сол кезеңде Кеңес Одағы бойынша педагогика саласында ең озық деген 3 жоғары оқу орнының бірі болып бағаланған. Сондағы ұстаздар бізден Жұбайбектің әдіс-тәсіліне қанығып, сол бойынша сабақ жүргізуді қуаттап, осы тақырыпта диссертация қорғау жолында күрес жүргізу қажет екенін түсіндіретін.

Сөйтіп мен оқытушы болған соң апта сайын Жұбайбекке барып сабақ жоспарын жасатып оқытып жүрдім. Әрине, оқушылар химия пәнін қызыға оқыды. Жұбайбектің тәсілі бойынша мектеп оқулығын мүлде пайдаланған жоқпын. Екі жыл сабақ бергеннен кейін мені озат мұғалім ретінде аудандық оқу бөліміне ауыстырды. Менің орныма Алматыдан институтты қызыл дипломмен бітірген бір келіншек оқытушы болып орналасты. Бір күні аудандық оқу бөліміне осы оқытушы келіп «химия пәнін қалай оқытамын? Балаларды сабақта 45 минут ұстау мүмкін болмады? Қайсы тақырыпты оқыта бастасам, «білеміз» деп бәрі шулап қоя беретін болды. Сіз бүкіл мектеп бағдарламасын алдын-ала балаларға қалайша меңгертіп үлгергенсіз?» деп менен ақыл-кеңес сұрады. Мен оған «балаларды сабақта ұстап отыру үшін химия пәнінен есеп шығарта беріңіз, басқа амал жоқ» деп сабақты қалай жүргізгенімді қысқаша әңгімеледім. Онда мен 7-8-сыныпта мектеп бағдарламасын түгелдей меңгертіп, ал 9-сыныпқа келгенде жоғары оқу орнының оқулығын қолданбақ болып жоспарлаған едім.

Жұбайбектің әдісі бойынша оған оқулық жаздырып, өзім диссертация қорғауды мақсат етіп, 1969 жылдары Алматыға келіп «Мектеп» баспасына орналастым. Кеңес заманында химия, физика, биология секілді пәндердің оқулықтары Мәскеуде жазылып шығатын да, оның қазақша аудармасы жасалатын. «Мектеп» баспасының химия және биология редакциясында Қабдылрашид Қайымов, Құттыбек Құрманов үшеуміз осындай оқулықтардың аудармасын редакциялайтынбыз. Қ.Қайымов осы кезде «Органикалық емес химия» оқулығының атауын «Бейорганикалық химия» деп өзгеріс енгізді. Бірде мен бейорганикалық химия оқулығынан бірнеше қателік тауып, соны Мәскеудегі баспаға хабарламақ болдық. Бір күні редакция меңгерушісі Асылхан Жиенбаева орта бойлы, толықша келген жігіт ағасын редакцияға ертіп келіп «жоғары мектепке арналған химия пәнінің қазақша оқулығын жазған, өздерің жиі әңгімелеп жүретін Бірімжанов ағайларың осы кісі» деп оны бізге таныстырды. Бұл кісі ғылым докторы, профессор болса да бәлсінбейтін, ашық-жарқын, ішіне сыр бүкпейтіндей әңгімешіл екен. Мен химия пәнінің Мәскеуде басылған орыс тіліндегі оқулығында химиялық формуллалардағы қателіктерді Бірімжановқа көрсетіп, бұл туралы Мәскеуге хабарламақ болып отырғанымызды айтып едім, ол «мұның қажеті жоқ» дегендей пікір білдірді. Б.Бірімжанов та жас кезінде дәл осы редакцияда қызмет еткен екен. Сол кезеңде де Мәскеу оқулықтарынан қателік тауып, оны хабарлап хат жолдап жіберіпті.

-  Сонда ондағылар қандай жауап қайтарды десеңізші? - деді Бірімжанов. - «Бізден қателік іздейтіндей сендер кімсіңдер?! Мұндайға әуес болсаңдар орындарыңды босатындар!» деген мәнде жауап алдық та көзімізді жұмып, аузымызды жауып отыратын болдық.

Әңгіме барысында мен редакциямызда Қайымов редакциялап көмекші құрал ретінде ғана басуға әзірлеп отырған Жұбайбектің «Химия қақпасы» туралы айтып, сол бойынша оқулық жазу үшін диссертация қорғауды мақсат еткенімді білдіріп едім, ол Жұбайбекті танитынын, өзінің шәкірті болып Абай атындағы ҚазПИ-ді бітіргенін, оның әдісін жоғары бағалайтынын айта келіп, бұл туралы оқулық жазуға да, диссертация қорғауға да жол жабық екенін, өйткені бұл еңбек химия пәнін оқытуда төңкөріс жасайтын аса зор жаңалық болғандықтан оған тек Мәскеу ғана емес, Алматыда да қатаң тыйым салынатынын, тіпті оны былай қойып жоғары оқу орындарына арналған өзінің химия оқулығын жазғанда да Мәскеу оқулықтарымен сәйкестіріп отыруға мәжбүр болғанын, әйтпесе оны басуға рұқсат берілмейтінін аңғарғанын әңгімеледі. Мен Өскемен пединститутында оқып жүргенде, ректорымыз, сол кезде химия ғылымының кандидаты болған Жұмаш Кәрімұлы Уалиевтың қазақ тілінде шыққан «Физикалық химия» оқулығының бірінші кітабы басылып шығып, біз соны оқып, бұл пәнді оңай меңгерген едік. Ал қазақша білмейтін студенттер болса, орыс тіліндегі оқулықтар өте күрделі болғандықтан оны игере алмай қиналған болатын. Уәлиевтың оқулығы шағын әрі ұғынықты жазылса да, оның екінші кітабы шықпай қалғанына Бірімжанов айтқан себеппен тосқауыл жасалғанын ұғынғандай болдым.

Сондай-ақ сол кезеңде мектеп оқулықтарына сараптау жасайтын мекеме-қазіргі Білім академиясына барып жүргенде онда мектеп қабырғасын көрмеген қыз-келіншектердің мектеп мұғалімдеріне арналған көмекші құрал жазып отырғанын байқайтынмын. Олар тамыр-таныстықпен орналасып алып тіпті, бірқатары диссертация қорғағанын еститінбіз. Бірімжановтың әңгімесінен Жұбайбектің «Химия қақпасы» негізінде оқулық жазу былай тұрсын, диссертация қорғау да мүмкін емес, бұған Мәскеудегі де, Алматыдағы да ғылымдағы догмалық бюрократия мүлде жол бермейтінін айқын ұғынып мен ғылым қумақ болған арманымнан үмітімді үзіп, тағдырымды біржолата журналистикамен байланыстырдым.

 

2. Озық тәсілдің обалына қалып пайдаға кенелгендер

Ал Жұбайбек болса студент кезінде ұстазы Б.Бірімжановтан бірде «Мектеп оқулығын неге жазбайсыз?» деп сұрағанда «Жоғары мектеп пен орта мектеп оқулықтарының айырмашылығы жер мен көктей. Мен мектепте мұғалім болып жүрген жоқпын. Сондықтан оның ерекшелігін терең білуім мүмкін емес. Мектеп оқулығын жазу сендердің - мектеп мұғалімдерінің ел алдындағы парызы» деген сөзін өсиет тұтып зейнетке шыққан соң да әуреленіп келеді. Осы мақсатқа мектепте 40 жылдай, зейнетке шыққалы 20 жылдай өмірін арнап бүкіл республика мұғалімдерінің зор құрметіне бөленіп жүрсе де министрлік пен жергілікті басшылар оның жанкешті еңбегін елеген емес. Мәселен, жуықта, шілде айында Өскеменде биолог, химик мұғалімдерінің республикалық құрылтайы болды. Жұбайбек осы жиынның төрінде отыруға лайық емес пе?! Алайда оны құрылтайдың есігінен де қаратпаған. Ал облыстар мен аудандардағы жаңашыл әдіскерлер мен ізденгіш, озық мұғалімдер Жұбайбекті құрмет тұтып, ақыл-кеңес сұрау үшін жиі-жиі арнайы шақыртып, пікір бөліседі. Сөйтіп ол ел аралап озық тәжрибені насихаттауға қаржысы жетпегендіктен ауылдағы үйін де сатуға мәжбүр болыпты. Солай болса да 2004 жылы басылған оқулығынан кейін, орта мектепке, лицей-колледждерге, гимназияға ортақ бейорганикалық химия пәнінің бастапқы курсына арналған әмбебап оқулық жазыпты. Былтыр оның толық нұсқасын «Республика ұстаздары» газеті бастан-аяқ түгел жариялаған екен. Мұны да көптеген жаңашыл мұғалімдер жоғары бағалап пайдалана бастапты.

-  Менің оқулықтарым мен «Химия қақпасы» кестесі бүгін болмаса, болашақта мектеп игілігіне айналатыны күмәнсіз, - дейді Жұбайбек. Ал министрліктегі шенеуініктер болса «Оқулығыңызды басуға біз қарсы емепіз, біздің нұсқауымыз орындала бермейді» дегендей сырғытпа жауап беруден жаңылар емес.

- 2004 жылы Жұбайбек Жұмаханның «Химия қақпасы» кестесі мен 8 сыныпқа арналған оқулығына «Бір профессорды автор ретінде тіркегеніңіз жөн» деп ұсыныс жасаған едік, ол кісі көнбей қойды ғой. Соның салдарынан оқулық қудалауға ұшырап, «Теориялық жағынан қателіктер бар» деген желеумен қаншама айғай-шу болды. Бұл үшін біз де бірқатар қолайсыздыққа ұшырадық. Егер министрлік мақұлдап, облыстар тапсырыс берсе, бұл оқулықты қайталап басар едік, - дейді 2004 жылы баспаның Бас редакторы болған, қазір «Атамұра» коорпорациясының Вице-президенті Гүлбаршын Жарылғасынова.

Осындайда «Химия қақпасының» авторы етіп нақ осы профессор Нұрахметовты қосақтап қойса оқулыққа еш кедергі болмас еді дегендей ойға тіреле бердік. Қазір осындай тәсілмен мұғалімдердің оқулығына автор болып қосақталған профессорлар аз емес. Сөйтіп олар беделін сатып оңай олжаға - мол қаламақыға кеңеліп жүр. Алтынсарин атындағы Білім академиясының басшылары мен министрліктегілер қазіргі мектепте оқытылып жүрген 8-сыныпқа арналған химия пәні оқулығының авторларының бірі, Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Н.Нұрахметовты балама оқулықтардың бас сарапшысы етіп тағайындағанын түсіну қиын. Ол өзінің оқулығын ығыстырады деген оймен мол қаламақыдан айырылмау үшін Жұбайбектің оқулығына жол бергізбеу мақсатында қолдан келгенінің бәрін жасауға тырысып бағатының айтпай-ақ аңғаруға болады. Нарықтың заңдылығы бойынша бәсекелестер бірін-бірі құртуға тырысатыны баршаға белгілі. Демек, негізгі оқулық авторы Н.Нұрахметовты балама оқулықтардың бас сарапшысы етіп тағайындаудың өзі ақылға сыймастай қателік, заңсыздық, әділетсіздік екенін түсіну үшін мынандай мысал келтірейік. Егер екі футбол командасы ойнайтын болса, біреуінің капитанын осы ойынның бас төрешісі етіп тағайындаса қалай болар еді? Сондай-ақ Нұрахметов секілді жоғары мектеп профессорлары «Мұғалімдер теорияны білмейді» деген желеумен оқулықты тек ғылыми дәрежесі бар ғалымдар ғана жазуы тиіс дегендей ереже жасатып алған деуге болады. Міне, сондықтан да ауыл мұғалімі Жұбайбектің «Химия қақпасын» оқытуға ғана емес жалпы мұғалімдердің жеке өздеріне оқулық жазуына қысым жасалу себебі нақ осындайдан екенін түсіну қиын емес.

 

3. Қателескен мұғалім бе, профессор ма?

Жуықта «Ана тілі» газетінде (28.06.12ж.) Жұбайбектің «Химия қақпасы» кестесі мен оқулығы жөнінде көлемді мақала жарияланды. Сонда 2005 жылы 19 мамырда Алматыда болған республикалық семинарда профессор Н.Нұрахметовтың балама оқулықтардың Бас сарапшысы ретінде Жұбайбектің оқулығы мен «Химия қақпасын» барынша қаралап, сынауға тырысқаны, ал облыстар мен аудандардан келген әдіскерлер мен мұғалімдер бұған жаппай қарсы болып, профессор Нұрахметовтың пікірі жалақорлық екенін дәлелдегені нақты жазылыпты.

Сол семинар-кеңесте Қостанай облысындағы химия пәнінің оқытушысы Элизавета Анатольевна Уланова Жұбайбектің оқулығы бойынша сабақ жүргізгенде тамаша нәтиже бергенін, ал Нұрахметовтың оқулығы мүлде түсініксіз, Ресей оқулығынан ұрланған қойыртпақ екенін нақты дәлелдей сөйлегені баяндалыпты. Ал бұл семинар-кеңесте одан өзге де мұғалімдер мен әдіскерлер Жұбайбектің оқулығын мақтап, профессорлардың оқулықтарын сынағаны аз айтылған жоқ. Бұл туралы кезінде баспасөзде жариялаған мақалалардан мұғалімдер қанық болып Нұрахметов секілді балама оқулықтарға жол бермейтіндердің қиянаты жөнінде редакцияға көптеген хаттар жолдаған еді.

Мұғалімдер мен әдіскерлер бетіне басып ашып айтқан сындардан Нұрахметов қортынды жасау орнына бірер ай өткенде «Қазақстан мұғалімі» газетінің 2005 жылғы 16 шілдедегі санында «Ж.Жұмаханұлының «Химия-8» оқулығындағы қателер, кемшіліктер, жаңсақтықтар» деген тақырыппен көлемді сын мақаласын жариялады. Бұл мақаласында ол Жұбайбектің оқулығы мен «Химия қақпасы» кестесінің үтір-нүктесіне дейін сықпырта сынап, «Бұл шығармада химия ғылымының әсіресе, білімінің негіздерін бұрмалаушылық жаппай орын алған», мектепте оқытуға пайдасы жоқ, зияны көп деп дәлелдеуге тырысып бағыпты. Бұл мақала балама оқулықтардың бас сарапшысы ретінде министрлікке, өзге ресми орындарға тапсырылған сараптауының негізі екенін айтпай-ақ ұғынуға болады. Сондықтан бұған кәсіби дәрежеде ғылыми-педагогикалық тұрғыдан талдау жасалса, мәнсіз жалаң байбалам, жалақорлық екенін айқындауға болады. Мұны химия пәнінің маманы ретінде дәлелдеу қиын емес. Мен Өскемен педагогикалық институтын бітіріп, химия және биология оқытушысы мамандығын алып, мектепте Жұбайбектің әдістемесі бойынша сабақ беріп, бұл тәсілдің артықшылығына көзім айқын жеткендіктен, «Мектеп» баспасында редактор болып, химия пәні оқулығын редакциялаған кәсіби маман ретінде осы мақаладағы жаңсақтықтарды түгел тізбелеп көрсету мүмкін емес, тек біразын ғана қысқаша айтып өтейін.

Мақала авторының «Қателік, кемшілік, жаңсақтық» дегені мынадай: «Бір қарағанда «Химия қақпасынан» орын алған мәліметтердің, заңдылықтардың, басының біріктірілуі құптарлық жайт сияқты көрінеді. Өйткені ол химия сабақтарында колдануға тұрарлық тірек-сызба, нұсқа іспестес. Ал ғылыми-әдістемелік жағынан қарағанда осылардың бәрінің (10 кесте) бір кестеге басы бірігетіндей ортақ функциялық идея жоқ» деп жазыпты. Теорияны терең білетін ғалым атанған оның «Химия қақпасының» ең басты идеясын, мақсатын түсіне алмағаны қалай?! Жалпы химия оқулықтарында, соның ішінде Нұрахметов оқулығында да әуел баста небәрі оншақты элементті ғана үстірт таныстырады. Мұның өзі бейнелеп айтқанда бірінші сынып оқушысына әліппені емес, оншақты әріпті үйретумен шектелсе, одан әрі грамматиканы оқытпай сөйлемдерді жаздырып үйрететін секілді болмақ. Жұбайбек Д.И.Менделеевтің «Химия - элементтер және олардың қосылыстары туралы ілім» деген тұжырымдамасын басшылыққа алып, әуелі жиі ұшырасатын 40-50 элементтің таңбасын, валенттерін, және белсенділік қатарын оқушыларға үйретуді мақсат етіп, «Химия қақпасы» кестесін жасап, оны оқушы есінде сақтау үшін өлеңмен оқыту әдісін тауып, «Химия ғылымының әліппесі мен грамматикасын жасаған» деуге болады. «Ғылыми-әдістемелік жағынан қарағанда ортақ идея» деген осы емес пе?! Мұны М.Панин, Ә.Баеешов секілді ғылым докторлары мен профессорлардың, әдіскерлер мен мұғалімдердің баспасөзде жарияланған, сондай-ақ тиісті орындарға жолдаған сараптаулары мен пікірлерінен де аңғаруға болады.

Ал Нұрахметов болса бұл жаңа тәсілді жатырқап ұғына алмай әбден діңкелеп «кестелердің бәрі қате, оқушыны теріс қорытындыға келуге мәжбүрлейді» десе, енді бірде «Мұндай кестелер жеке-жеке алғанда бұрыннан белгілі, олардың көбісі дәстүрлі орта мектептің химия оқулықтарына енгенін ұстаздар қауымы жақсы біледі» деп өзінің пікіріне өзі қарсы шыққаны «Сасқан үйрек құйрығымен сүңгиді» дегеннің кері болса керек. Сөйтіп ол «Ал бұл қақпада ешбір заңдылықты білместен, түсінбестен, тек жаттап алуға жетелейтін мәліметтердің көп болуы сын көтермейді» деп тұжырғаны «Химия қақпасының» мәні мен мақсатын түсіне алмағаны деуге болады. Оның «Мәлімет» деп отырғаны 40-50 элементтің таңбалары мен олардың қасиеттеріне орай жіктелуі. Заңдылықтарды білмесе осыншама элементтерді ортақ қасиеттеріне орай қалай жіктеген?! Әрине бұл «Сын көтермейді» емес, өлеңмен жаттатып жаттығудың пайдасы ересен екені тәжірибеде ұзақ жылдар бойы кеңінен дәлелденген. Мұны Жұбайбектің көптеген шәкірттері мен осы әдісті пайдаланып табысқа жетіп жүрген мұғалімдердің және маман ғалымдардың баспасөзде жарияланған жүздеген мақалалары мен лебіздерінен, пікірлерінен де айқын аңғаруға болады.

Орта мектеп оқулықтарында орыс химигі Бекетовтың, Америка химигі Полингтің кестелері ұшырасады. Бұл кестелер «Химия қақпасына» өзгертпей енгізілген. Ал оншақты кестенің қалғанын Жұбайбектің өзі ұзақ жыл іздене жүріп жасаған. Бұл кестелердің әрбірі бір-бір диссертацияның арқауы болуға лайық дегендей пікірлерді жиі естимін. Ал Нұрахметов болса қыза-қыза тіпті, «Л.Полинг кестесінде элемент атомдарының электртерістілігінің заңдылығы бұзылған» деп Бекетов пен Полингтің кестелері де қате дегендей тұжырым түйгені университеттің емес, мектеп оқулығына  сараптау жасап отырғанын ажырата алмайтын сияқты. Өйткені кейбір ғалымдар ғылыми жаңалыққа орай Бекетов пен Полинг кестелеріндегі элементтердің ретін өзгертуді қуаттайтыны университетте оқытылады. Сондай-ақ Нұрахметов «Орта мектеп бағдарламаларына кіретін басты 20 элементтің аталуын, валенттілігін білу үшін Д.И.Менделеев кестесінен артық ешқандай көрнекі құрал қажет емес» деп ғылыми тұрғыдан өрескел қате тұжырым жасаған. Қате тұжырым дейтінім, Менделеев кестесі арқылы элементтердің көптеген валенттігін білу мүмкін емес. Мәселен, Жұбайбектің оқулығындағы өлең жолдарындағы «марганец жұптар, жетіден, мырышта валент екіден» деген шумаққа үңілейікші. Иә, Менделеевтің кестесі бойынша мырыштың валентігі тек қана екі. Ал марганецтің валенті жұп сандар және жеті, яғни 2-4-6-7.  Менделеевтің кестесі бойынша элементтердің әрі кеткенде екі түрлі валенттін білуге болады. Яғни атомдардың сыртқы электрон саны қанша болса, соған орай валентін анықтайды. Ал химияның бастапқы курсында марганец элементінің қосылыстарын оқу үшін оның барлық валентін білу өте маңызды екені барлық мұғалімдерге белгілі.

«Металдың қасиеті тек (?) І.ІІ.ІІІ.ІV валентіктер (?) ғана (?) көрсетеді» (Сонда V.VI.VII.VIII валентік көрсететін металдарды қайда жібереміз)» деп кекетіпті Нұрахметов. Мектеп оқулықтарындағы электрондық теорияны мұғалімдер Менделеевтің периодттық кестесіне сүйене отырып атомның сыртқы электрон қабатында 4 электрон жетпейтіндіктен металдар валенті 4-ке дейін деп түсіндіреді емес пе. Элементтер валенті 4-тен асса, негіз түзбейтінін мұғалімдердің бәрі жақсы білсе де мұны профессор мүлде білмеуі ғылыми-педагогикалық, әдіскерлік тұрғысынан алғанда өрескел сорақы теориялық қателік деуге болады.

Тіпті, ол мектептің 8-сынып оқулығын университет оқулығымен шатастыра береді. «Агрегаттық күй молекулалардың арасында туатын ван-дер-вааасс күштеріне тәуелді», сондай-ақ «Су қалдығы» деген ұғым ескірген... оның валентігі деуден көрі, ОН-гидросид-ион, тотығу дәрежесі-1 деу дұрыс» деп жазыпты. Химия пәнін оқи бастаған бала бұл терминдерді қалай ұғына қойсын. Жұбайбектің оқулығында молекулалар қарапайым тілмен түсіндірілсе, Нұрахметов мұның бәрін ғылыми қате деп дәлелдеймін деп діңкелеп өзі шатаса берген. Сөйтіп ол мектеп оқулығының ерекшелігін, студенттер мен балалардың білімінің, таным-түсінігінің айырмашылығын ажырата алмағандықтан Жұбайбектің оқулығын бастан аяқ ғылыми қате деп сықпырта берген.

Сондай-ақ Нұрахметовтың Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мектеп оқулықтарында білім ауқымын кеңейтетіндей талап қойғанын мүлде ұғынбағаны, таптаурын ескі тәсілден айнымайтыны да байқалады. Мәселен, оның осы мақаласындағы мынандай жолдардан да мұны айқын аңғаруға болады: «Әдетте орта мектеп химиясында кездесетін элементтер саны 30-дан аспайды, ал ресми мемлекеттік стандартта 20 ғана элементті оқытып үйрету міндеттеледі. Бұл оқулықта мектеп бағдарламасына енбеген оншақты элементтің (теллур, сурьма, мышьяк, селен, инертті элементтер) заңсыз әрі орынсыз». Сонда мектеп бағдарламасына енбеген элементтерді оқытуға болмайтыны туралы Парламент арнайы заң қабылдаған ба?! Бүгінгі жаңа талап бойынша мектеп оқулықтарының білім ауқымын кеңейту, әрі оқушыларға түсінікті болу талабының мәнін профессордың ұғынғысы келмегені қалай?! Ол Жұбайбектің оқулығын сынаймын деп тырысқаны соншалық «Электрон» деген сөздегі «н» әріпіның орнына «д» әріпі жансақ жазылып кеткенін автордан көріп, «электрон мен электродты айыра алмайды» деп қорлапты. «Мектеп» баспасында редакторы болып қызмет еткен кезімде тіпті, 5-6-шы рет басылатын оқулықтарды редакциялағанда мұндай қателікті көптеп табатынбыз. Сол үшін оқулық басылған сайын редактор тағайындалады емес пе.

«Жұмаханұлы сын көтермейтін оғаштықтар жіберген» деп Нұрахметовтың өзі шатасуға ұрына бергеніне мысалдар жетерлік. Мәселен, мына тұжырымын зерделейікші «автор (Жұбайбек) элемент дегеніміз атом, атом дегеніміз элемент деп қорытындылайды. Атом элемент бола алмайды, керісінше элементтің өзі атомдардан құралады» Нұрахметовтың бұл сөзінде қандай мән-мағына бар?! Мұнысы кісі адам емес, кісілер адамдардан құралады дегендей шатпақ! Сондай-ақ Жұбайбектің оқулығында әрі оң, әрі теріс қасиет көрсететін элементтерді «қос қасиетті» деп жазылса, мұны ол ғылыми қателік деп, амфотерлі немесе екідайлы элементтер деп аталады депті. Балаларға «қос қасиет» пен «екідайдың» қайсысы түсінікті екенін әркім-ақ айта алады. Биологияда «екідайлы» демей, «қосмекенді» демей ме. Тіпті, «Темір оксиді, темір тотығы дегеніміз кәдімгі темір таты» деп айтуға болмайды дейді. Сондай-ақ «Сахар тұзы», «кір содасы», «Калий сілтісі» деп түсіндіруге де қарсы болып оқулықта қазақтың халықтық атауын профессордың зор қателікке балауы мұғалімдердің теорияны білмейтіні, сондықтан оқулық жазуға болмайтынын, ал профессорлардың теорияны білетінін дәлелдеуге тырысып баққаны деуге болады.

 

4. Негізгі оқулықтың сиқы қандай?

Нұрахметовтың «Қазақстан мұғалімі» газетінде жарияланған осы мақаласын зерделей оқып шыққанда оның мектепте көп жыл сабақ беріп тәжірибе жинақтамағынын, мектепте сабақ беру әдістемесінен диссертация қорғамағанын, бұл саланы мектеп оқулығының баланың таным түсінігіне орайлас жасау ерекшелігін тұсінбейтінін айтпай-ақ аңғарғандай болдық. Нұрахметовтың өзінің К.Сармановамен, К.Жексенбинамен бірігіп жазған 2004 жылы Жұбайбектің оқулығымен қатар шыққан 8-сыныпқа арналған оқулығына зер салып зерделесек те мұндай жайтты ұғыну қиын болмады. Олардың бұл оқулығы әлі күнге дейін мектепте негізгі оқулық болып жоғары бағаланып жүргені мәлім. Ал осы негізгі оқулық қалай жазылған десеңізші! Соған қысқаша тоқтала кетелік.

1.                     Жоғарыда айтылған 2005 жылғы республикалық семинарда мұғалімдер мен әдіскерлердің Нұрахметовтың оқулығы тіпті плагиат, Ресей оқулықтарының көшірмесі деп сынағаны бекер емес, мұны дәлелдеу үшін Рудзитис пен Фельдман оқулықтарымен салыстырайық. Рудзитис пен Фельдманның оқулығы былай құрылған. 1. Химия пәні. Заттар және олардың қасиеттері. 2. Таза заттар және қоспалар. 1. Тұндыру. 2. Сүзу. 3. Тазарту-суалту. 5. Айдау, т.б.

Ал Нұрахметов бастаған авторлардың оқулығының мазмұны мынандай: 1. Химия пәні. Заттар және олардың қасиеттері. 2. Таза заттар және қоспалар. 3. Заттарды қоспадан бөлу және тазарту: Тұндыру, сүзу, қайта суалту, айдау, т.б. Міне осылай салыстырып ұқсастығын таба беруге болады. Ресей оқулықтарынан ұрлағандағы ізін жасыру үшін тақырыптардың, сөйлемдердің орындарын ауыстырып, теориялық тұжырымдарға өзінше жергілікті мысалдарды құрастыруға тырысқан тәсіл де аз емес. Мұны осы оқулыққа 2004 жылы басуға әзірленгенде пікір жазғандар да байқапты. Мәселен, олар былай деп көрсетіпті: «8. Условие задачи (с.191,№8) неверное. Надо было ее оставить без измений, взятой из учебника Рудзитиса (с.149,№1)». Сөйтіп пікір жазғандар бұлай қойыртпақ жасағанша Ресей оқулықтарын аударып оқытса да, тиімді дегенді меңзепті.

Мектеп оқулығының теориясын терең біледі деген профессордың оқулығының 15-бетінде химиялық құбылысты былай түсіндіріпті: «Мысал ретінде үй дәріханасында кезігетін калий перменганаты деп аталатын (тұрмыста оны «Марганцовка» деп атайды). Химиялық заттың қызғандағы өзгеруін алайық. Қара күлгін түсті кристаллдарды сынауыққа салып, спирт шамының жалынына ұстағанда қызудың әсерінен ыдырап, алғашында жасыл, кейнінен қара түсті ұнтаққа айналады». Оқулықта мұнан әрі мұндай тәжрибе барысын тәптіштеп күрделендіріп ұзақ баяндап соңында «Бұл химиялық құбылысқа жатады, өйткені бастапқы алынған заттың табиғаты өзгеріп, жаңа заттар түзіледі. Химиялық құбылыс дегеніміз - химиялық реакциялар», деп бұлдыр тұжырым түйеді. Осы зертханалық тәжрибені бастан аяқ ұғынып айтып шығу үшін химия пәнін оқи бастаған бала қалай қиналады десеңізші! Балаларды былай қойып ересек адамдар да мұны тәптіштеп толық баяндай алмайды. Тіпті, оқулықтың алғашқы беттерінде пәнді алғаш оқи бастаған балаға «Реакция» деген терминге де арнайы түсінік қажет қой. Марганцовканы «Химиялық зат» деген терминді де қалай түсінуге болады?

Ал қатардағы мұғалім Жұбайбектің оқулығында физикалық және химиялық құбылыстарды түсіндіру үшін кадімгі ағашты бөлшектесе де, ұнтақтаса да, одан түрлі заттар жасалса да оның қасиеті өзгермей ағаш күйінде болатынын, мұндай  пішін өзгерістерін физикалық құбылыс дейтінін, ал ағашты отқа жақса күлге айналып, мүлде басқа зат болатыны, бұл «Химиялық құбылыс» деп, оп-оңай бала тілімен ұғынықты түсіндіре салады. Тіпті, химиялық құбылысқа мұнан әрі оқушылардың өздері де түрлі мысалдарды ойлап тауып сабақты қызыға оқитыны сөзсіз.

Сондай-ақ Нұрахметовтердің осы оқулығында «магний ақ түсті, қатты зат, металл, суда ерімейді, ауада жанып, ақ түсті үнтаққа айналады» деген сөйлем бар. Мұндағы ғылыми қателік магний суда ерімейді емес, баяу ериді. Сөйтіп тотығының гидратын түзеді. (жоғары мектепке арналған Глинка оқулығының 580-беті). Ал Нұрахметовтың оқулығының 7-бетінде «таза магний оңай тұтанып жарық шығарады» дейді. «Тұтанып» деген бықсып жануды білдіреді. Ал магний жарқырап жанады. Оқулықта жанған кезде магний немен қосылады, не түзеді? Ол айтылмайды. Оқулықтың түсініксіз болуы осындай сөйлем мен сөздің мәнін ажырата алмағандықтан жиі ұшырасады. Тіпті, оқулықтың әр бетінен осындай жансақтықтар мен өрескел қателер табуға болады. Мектеп оқулықтарындағы осы секілді сорақылықтар баспасөзде, телерадиода аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ.

«Химия қақпасы» кестесін теориялық тұрғыдан зиянды деп мектептен аластатқан профессордың теориялық деңгейі қандай екенін енді түсіну қиын болмаса керек. Мұндайды «жығылып жатып, қисайғанға күледі» дейді халқымыз. Сондай-ақ «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген сөз бар. Демек, Жұбайбек Жұмаханның химия пәні оқулығын және «Химия қақпасы» кестесін мектепте оқулық ретінде оқыту үшін Нұрахметовтың емес, өзге сарапшы болған ғалымдар мен әдіскерлердің, жалпы мұғалімдер қауымының пікірін ескеріп, үшін нақты шаралар алынуы тиіс. Тіпті, министрлік арнайы жиын ұйымдастырып оқулық авторын қатыстыра отырып, оны жақтағандар мен қарсы болғандардың басын қосып талқылау өткізуге де болады.

Жалпы мұндай дау-дамайға жол бергізбеу үшін меніңше ең бірінші мектеп оқулықтарына сарапшыларды бәсекелес оқулық авторларынан емес, бейтарап мамандардан, әр облыс әдіскерлерінен тағайындау бұлжымас ереже болуы тиіс. Екінші, «Оқулықты жазуға тек қана ғылыми дәрежесі бар мамандар ғана қатысуы, сараптауы тиіс» деген нұсқау да білім беруге қарсы зиянды әрекет. Мұндайда мұғалімдер оқулық жазатын болса, ғылыми дәрежесі бар профессорлар «Әзір асқа-тық қасық» дегендей олармен бірге автор болып қосақталып оңай олжаға (мол қаламақыға) кенеледі. Мұндай талаптың мүлде қате екенін өмірдің өзі көрсетіп келеді. Мұндайда профессорлар тіпті өздері жазбай, аспиранттарына жаздыратыны жөнінде де жиі естиміз. Сондай-ақ мектепте ұзақ жыл сабақ бермеген, мол тәжрибе жинақтамаған, балалардың таным-түсінігін зерттеп зерделемегендер мектеп оқулығын сапалы жазуы мүмкін емес. Әркім өзі қызмет етіп, зерттеу жүргізіп, көп жыл тәжрибе жасап, нәтижесін айқындаған салада ғана оқулық жаза алады. Үшіншіден, оқулықтарды негізгі оқулық, балама оқулық деп бөлу де әділетсіздік. Негізгі оқулық деп бір оқулықтың беделін асырып, балама деп екінші оқулықты кемсіту сайып келгенде мектепте мұғалімдерді бір ғана оқулықпен оқытуға мәжбүрлеу емес пе. Оқулық аталған соң бәрі бірдей дәрежеде болуы тиіс. Америкада тіпті оқулықтарды мұғалім емес, мектеп оқушылары таңдап оқиды екен. Демек мұғалімдер жазған оқулықты балама деп кемсіту олардың шығармашылығына тыйым салуға саяды. Төртіншіден, әдістемелік құрал жазуға да, оны кітап етіп шығаруға да министрліктің мақұлдауы қажет емес. Көмекші құралдарды жазу да, оларды таңдап пайдалану да мұғалімнің өз еркі екенін ұғыну қиын емес. Мұғалімдер министрлік мақұлдамаған көптеген ғылыми әдебиеттерді көмекші құрал ретінде пайдалана береді емес пе. Білім және ғылым министрлігі, Алтынсарин атындағы Білім академиясы және өзге құзырлы орындар осы мәселені түбегейлі шешпей, мектеп оқулықтары оңалмайтыны енді түсінікті болса керек.

Қуанбек БОҚАЕВ,

Орта мектептің химия

пәнінің байырғы оқытушысы,

Қазақстан Журналистер одағы

сыйлығының лауреаты

0 пікір