Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алашорда 4612 6 пікір 13 Қаңтар, 2022 сағат 11:43

Ақаңның мерейтойы қарсаңында...

Александр Викторович Затаевичтің қазақ халқының 1000 әні мен 500 күйін жинап бастыруына Ақымет Байтұрсынұлының тікелей қатысы бар.

А.В.Затаевич 1920 жылы Орынборға келіп, алғашында есеп кеңсесінде жұмыс істейді. Клубтарда дыбыссыз киноны музыкамен көркемдеп отыратын пианист болып қосымша ақша тауып жүреді. Ал бос уақытында қазақ музыкасын жинаумен айналысады. Ол қазақ әнін кез келген жерден жинайды, көшеден, базардан, жатақтардан және т.б. Ақаңның о кезде еліміздің Халық ағарту комиссары, қазіргіше білім министрі кезі, Затаевичтің жұмысы туралы біліп қалып, оны Наркомпростың ғылым бөліміне аккомпаниатор (сүйемелдеуші музыкант) етіп қызметке алады. [Т.И.Тугай Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордағы жолы. Орынбор, 2019]

Гүлнар апай Дулатованың естелігінде А.В.Затаевичтің Ақаңның үйінде де, Міржақыптың үйінде де болып ән жазғаны баяндалады. «Қазақ халқының 1000 әні» деген жинақ Орынборда 1925 жылы шығады. Кітапта ән айтушы 280 адамның аты аталады. Оның ішінде 19 әнді жеткізуші Ақаң да бар. Ұлт ұстазы қатардағы орындаушы болмаған, А.В. Затаевичке ақыл-кеңес беріп отырған. Композитор кітабында: «қазақ тарихы мен этнографиясы бойынша өзінің құнды нұсқау, кеңестері және түсіндірулерімен менің жинаған көп материалдарыма бағдар берген, осы көмегі үшін оған ерекше алғысымды айтудан еш жалықпаймын»,- деп Ақаңға зор алғыс білдірген.

А.В. Затаевич 1931 жылы екінші жинағын шығарады. О кезде Ақаң Архангельскіде айдауда болатын. Редакция Ақаңның аты тұрған жерді түгел сызып тастайды. Бірақ А.В. Затаевич кітаптың алғы сөзінде бәрібір Ақаңдарға рақыметін былай деп жеткізеді: «Қымбатты менің достарым – жігіттер, аштық, суық және эпидемия жылдары сіздермен бірігіп жасаған еңбекті жинақ түрінде Сіздерге арнаймын және қайтарамын! Естеріңізде ме, сіздердің бұл тамаша халық әндеріңізді мен жинаған жоқпын, оны өздеріңіз мен арқылы ұлттық игілікті сақтау үшін жинадыңыздар. Және бұл әрқашан мені, кездейсоқ келімсекті, дарынды және қайырымды қазақ халқымен туыс етті» [1000 песен казахского народа (песни и кюйи) / Затаевич, Александр Викторович; Ин-т лит-ры и искусства АН КазССР. - 2-е изд. - М.: Музгиз, 1963. – 610 с.]

Ақаңның А.В.Затаевичке деген көмегі мұнымен бітпеген. Л.Ф.Енисеева-Варшавская деген журналисттің деректі фильміндегі бір кейіпкердің айтуынша, бірде ауылдарына бір орыс келіп, балаларды мектепке жинап, «Ән айтып беріңдер мен жазып аламын. Маған ән жазуға көмектесуді сендерге Ақаң тапсырды» депті. Оның айтып тұрғаны ардақты Ақымет Байтұрсынұлы екендігін білгенде со жердегі балалардың бәрі ән айтып беруге құлшына кіріскен екен. [Т.И.Тугай Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордағы жолы. Орынбор, 2019].

Ақаңның ғалымдық, жазушылықпен бірге ән-күйге де етене жақын болғандығынан хабар беретін деректер көп. Гүлнар апайдың кітабында мынадай суреттеу бар: «Бөлменің төргі жағында - көлденең қойылған жазу үстелі, оның тұсында абажурлы үлкен майшам ілулі тұратын. Оған таяу – қара пианино, үстінде – шойыннан құйылған салт атты қазақ мүсіні. Оның жанында ноталар жататын. Шкаф пен пианиноның аралығында ілулі қызыл домбырасы. Жазу үстелінің оң жағында тумбочканың үстінде скрипкасы қойылатын. Бұл Ақаңның Қызылордадағы жұмыс бөлмесі. Мұнда Ақаң жазудан шаршағанда ән салып, күй шертіп сергитін болған.

Қызылорда қаласында Ақаң мен Жақаң іргелес үйде көрші тұрған. Ол жөнінде Міржақып Дулатовтың қолында тұрған қарындасы Ботагөз былай деп баяндайды: «Ағай демалғанда Ғанижамал жеңешем (Міржақыптың жары) балаларына тыйым салып, шулатпайтын. Бұл кісінің жұмысына кедергі келтірмеу үшін жора жолдастары үйіне орынсыз бара бермейтін. Ақаң жұмыстан шаршаған уақытта бөлмесінде әрлі-берлі жүретін. Онысы сықырлаған еденнің дыбысынан, салған әнінен білінетін. Қолына домбырасын алып, қоңыр даусымен жайлап қана сүйіп салатын әндері «Елім-ай», «Екі жирен», «Қарагөз» болатын. Қазіргі «Қыз Жібек» операсында айтылып жүрген «Қарагөз» ариясы – Ахмет Байтұрсыновтың шығармасы» [Дулатова Г.М. Шындық шырағы. – Алматы: «Мектеп», 2013 ж.]

Иә, Ақаңның бізге жеткен алты әні, бір күйі бар дейді ақыметтанушылар: «Аққұм», «Шилі өзен», «Екі жирен», «Қарғаш», «Қараторғай», «Қарагөз» атты әндер және «Ілме» деген күйі. Бұл әлі өнертанушы ғалымдар тарапынан анықтала түсетін мәселе. Ақаңтануға бөлінетін алдағы қаржы осындай нақты мәселелерді шешуге жұмсалса игі еді. Ал Ақаңның ауыл арасы ғана емес, ел алдына шығып, сахнада ән салатын шебер орындаушы деңгейінде болғаны анық.

11 сәуір күні Орынбор қаласының театрында татар, қазақ жастарының ұйымдастыруымен әдебиет кеші өтті. Оған халық көп жиналып, біраз адамға билет жетпей қалған. Бұл туралы 1915 жылғы «Қазақ» газетінде айтылған: «...Бұлардан соң қолына сырлы домбырасын ұстап алаңға ардақты «Арғын» (А.Б.) ақын шықты. Халық «Арғын» ақынды көргеннен-ақ қол шапалақтап қарсы алды. «Арғын» ақын түрегеліп тұрып,  домбыраға қосылып «Соқыр қыз» деген әнге салды. Халық бұл әнді теп-тегіс ұйып ықыласпен тыңдады. Онан соң «Кәмшат бөрік» әнін салды. «Арғын» артынан қазақ ханымдарынан Ғайнижамал Дулатова һәм Жаңыл ханым Кәдірбаевалар шығып «Елім-ай», «Кандрғазы» әндеріне салып өлең айтты. Бұларды халық қол шапалақтап қарсы алды».

Ақымет Байтұрсынұлы –  сексен қырлы тұлға: мемлекет қайраткері (халық ағарту комиссары), қазақ ғылымының (тіл білімі, әдебиеттану) негізін салушы,  өнер адамы (әнші, күйші), шығармашыл тұлға (ақын, аудармашы), білім беру жүйесін құрушы, білім мазмұнын қалыптастырушы, мәдениеттанушы, сыншы, салауатты өмір салтын насихаттаушы, баспа ісін ұйымдастырушы (менеджер), көсемсөзші (журналист), халық мұрасын жинақтаушы, алашорда үкіметінің бағдарламасын жазып, құрушылардың бірі, алғаш қазақ радиосын эфирге шығарушылардың бірі және т.б.

Алдымызда Ақаңның 150 жылдық мерейтойы келе жатыр. Ол бір жай тарихта қалған кісі емес, оны көлгөсір той, жиын жасау арқылы ұлықтау да қажет емес. Оның әрбір ісінен үлгі-өнеге алу ел болам дейтін мына бізге керек. Дәл қазір ұлт ұстазының мерейтойын қалай өткізу керектігі бойынша үш түрлі ұсыныс жоба жарияланды:

Мемлекеттік комиссияның ұсынған шаралары:

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қалай тойланады

Ұлт ұстазының 150 жылдығы: Үкіметке ұсыныс...

“Ақ жол”: Ахаң атындағы Тіл ордасы астындағы жын ордасын тоқтату керек!

Осыларды түгел саралап, тағы бір пысықтап алып барып іске кіріссек...

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

6 пікір