Сенбі, 27 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 3072 2 пікір 3 Қаңтар, 2022 сағат 18:42

Шыңжаңдағы ауыс-түйіс дағдарысты түзей ала ма?

Соңғы күндері әлемдік әлеуметтік желідегі негізгі саяси тақырыптардың бірі - Шыңжань өлкесінің басшысы Чжэн Чэнгуннің орнына Ma Шинрүйдің келуІ болып тұр. Осы «аттың жалы, түйенің қомында» болған ауыс-түйістен үміттенетіндер де, керісінше бұны көлгірсу саясаты  дейтіндер де   жетерлік. 

Өткен жылдың 25 желтоқсанында АҚШ-тың қос палатасы бірауыздан қолдаған, құқығы тапталған ұйғұр, қазақ т.б. шағын халықтарды қорғауға бағытталыған, Қытай билігіне қарсы «Шыңжань заңына» ( «Ұйғұрларды мәжбүрлі еңбектен қорғау заңы»  (The Uyghur Forced Labor Prevention Act)  президент Байден қол қойды. Енді бұл заң ресми күшіне енді. Заң күшіне енген күннің ертесі Шыңжань өлкесінің басшысын ауыстыруы нені білдіреді? Басшылыққа технократ тұлғаның келуі – Шыңжаньдағы жағдайды өзгертіп, Батыс пен Қытай арасындағы тіресті реттей ала ма?  Пекиннің бұндай қадамға баруына не себеп? Төменде осы сүрақтарға жауап іздеп көрелік.

Қытайдың бүгінгі сойқанды амбициясының өсуіне – Батыс елдері өздері мүмкіндік жаратты. 2001 жылғы 11 қырықүйектегі АҚШ-тағы террактіден соң, АҚШ негізгі жауын Таяу Шығыстан, анығы мұсылман әлемінен іздей бастады.  АҚШ-тың бұл геостратегиялық саясаты 2016 жылы АҚШ билігіне Дональд Трамп келгенге дейін жалғасты.  Сол 2001 жылдың соңында Пекин билігі уәдені үйіп-төгіп, сол кездегі Батыстың көңіл-күйін ұтымды пайдаланып, Дүниежүзілік сауда ұйымына (WTO) кіріп үлгереді. Батыс елдері Қытайдың  нарықтық экономика  шарттарына мүлде толмайтынын  біле тұра 15 жылдық бейімделу мерзімін беріп, көз жұмып, ұйымға ресми мүшелікке қабылдады. Берілген 15 жылдық бейімделу мерзімі толған 2016 жылғы аудит қортындысы: «Қытай әлі экономикасы нарықтық экономикаға өтпеген» болып шығады.  Қытай билігі алдады, Батыс алданды.  Батыс осы жылдары «террормен» күрес соңында кетті. Экономикалық мүделерін алға шығарды. Еркіндік, адамдық құқық сияқты құндылықтары көмескіде қалды. Есесіне Қытай, Ресей сияқты авторитарлы елдер Батыстың «терроризм, экстремизммен» науқандарын белсенді қолдап, «нарық, табиғи ресурус» экономикалық статегиясына үн қосып, өз елдеріндегі саяси һәм экономикалық жағдайлары үшін пайдаланды. Елдеріндегі мұсылман азшылықтардың «қыңыр-қисығын» тезге салды.

«Терроризм, экстремизм» науқаны Қытайда, анығы Шыңжаңда төраға Ши-ден бұрын  Цзян,  Ху  биліктері тұсында біртіндеп басталған. Оның шарықтау кезі Ху Цзиньтао билігі тұсында, 2009 жылғы 5 шілдеде, Үрімжіде болған қанды қырғын болатын. Шыңжаңдағы бүгінгі күрделі ахуалды Ши-ден ғана көретіндер көп. Әрине Ши оны ушықтырып, «геноцидке» жеткізді.  Десе де бұл Қытайдың ұлттық стратегиялық саясаты екенін, оның бірінші кезеңі Цзян Цзэминьге, екінші сатысы Ху Цзиньтаоға, үшінші кезеңі,  ушыққан сәті Си Цзиньпинға тән екенін білуіміз керек.  Әсіресе үшінші кезеңі Қытай амбициясының шарықтаған, Шыңжаңдағы  жоба-жоспарлар Ши төрағаның «Қытай арманының» жарыққа шығуымен тұспа-тұс келді. Бүгінгі Қытай билігінің асқынған ұлтшылдық пиғылы мен әлемге қожалық амбициясының асқынуының астарында күрт өскен экономикалық қуаты жатыр дегенге сенеміз.

2001 жылы Қытай Үкіметі ебін тауып ДСҰ-ға мүшелікке өткен соң, Қытай тауарлары әлемннің бұрыш-бұрышына ДСҰ-ның жеңілдігімен ағыла бастады. Қытай Үкіметінің экспортты ынталандыратын икемді әдіс-тәсілдері, инвесторларға жасалған жеңілдіктер, тым арзан еңбек күші және үлкен нарық Қытай экономикасының тез өсуіне жол ашты.  Үкіметтің қамқорлығына бөленген Қытай кәсіпорындары біртіндеп шетелдік бәсекелес зауыт-фабрикаларды банкротқа жібере бастады немесе сатып алып жатты. Қытай нарығының тиімділігі мен инвесторларды баурайтын орта  шетелдік кәсіпорындарды Қытайға тарта  бастады. Қысқа уақытта Қытай – «әлем фабрикасы» атанды. Экспорттың артуы Қытайға орасан мол шетел валютасын (долларды) ағылтты. Қытайда  әлемдегі ең мол доллар резерві пайда болды.  Қытай Жапонияны арытқа тастап, әлемдік екінші экономикаға көтерілді. Ендігі нысана әрине әлемдік бірінші экономика АҚШ-ты бағындыру болатын. Экономикалық қуаттың артуы –  Қытайдың ішкі-сыртқы саяси жобаларын іске асыруға мүмкіндік берді. Қытай ішкі саясатта: «бір ел, бір партия, бір сенім, бір арман, бір ұлт» ұстанымын қолға ала бастаса, сыртқы саясатта одақтастарын көбейтіп, өзінің экономикалық, геосаяси мүделерін түгендеп, АҚШ жетекшілік ететін бір полярлы әлемді – екі полярлы етіп құрып, әлемді АҚШ-пен бөлісуді статегия етіп қойғаны байқалды. АҚШ-тың түптеп келгенде Қытаймен бөлісе алмайтыны, бөлісе алмасы дәл осы тұс болса керек. АҚШ-тың Қытай амбициясына болған қарсылығы  Дональд Трамп тұсында сыртқа шықты. Қытайды сабасына түсіріп, тәубесіне келтіру үшін 2018 жылы есеп айырыса бастады. Алдымен экономикалық жақта кеткен есебін түгендеуден бастады. АҚШ билігінің есебі бойынша, Қытаймен болған теңсіз сауданың кесірінен АҚШ жылына 500 млрд доллар зардап шексе, Қытайдың жаңа технология мен патенттерді қолды етуінен де жылына 500 млрд доллар зиян тартып келген.  Сөйтіп, АҚШ  өзі семіріткен Қытай билігімен дәл бүгін  бетпе-бет келіп отыр. АҚШ үшін әлемді билейтін екі қожайын болмауы керек. Кешегі экономика, технология үшін басталған тірес, бүгінде саяси тіреске, бәлкім ертең қарулы қақтығысқа айналуы мүмкін екенін ешкім де жоққа шығара алмайтын сияқты.  Ал, АҚШ қабылдаған «Шыңжаң заңы» Шыңжаңға қатысты мына салаларға бірден әсер етпек:

1. Жоғарда сөз еткендей әлемнің ірілі-ұсақты зауыт-фабрикалары, өндіріс ошақтары Қытайға ағыла бастады. Соның қатарында күннен энергия алатын құрал-жабдықтардың денін Қытайдағы кәсіпорындар өндіреді. Қытайдағы сол өндіріс ошақтарының негізі Шыңжаң аймағында орналасқан. Яғни, әлемдегі күн энергиясы технологиясының басым бөлігі Шынжаңнан экспортталады. Ұйғұр, қазақ т.б. азшылықтарды мәжбүрлі еңбекке жекті деген айып, Шыңжаңдағы күн энергиясын өндіруге арналған техиканы өндіретін, экспорттайтын кәсіп орындарға да қатысты;

2. Шынжаң мақтаның отаны, сапасының жоғарлығымен де тартымды. Қытайда өндірілетін мақтаның 90%-ы Шынжаңға тән. Сол мақта және мақта-мата өнімдерінің 90%-ы экспортқа шығады. Шыңжаңдағы негізгі табыс көздерінің бірі осы мақта. Мәжбүрлі еңбек, әсіресе, кәмілетке толмаған жасөспірімдерді еңбекке жегу айыбы бұрыннан бар. Соңғы жылдардағы саяси репрессия бұл жағдайды ушықтыра түскені анық. Өткен жылы әлемдік мақта-тоқыма өнімдер қауымдастығы Қытай билігін ашық сындады, әрі Шыңжаңда өндірілетін мақта-тоқыма өнімдерінен бас тарта бастады. Әйгілі Worms сауда желісі де сөрелерінен Шыңжаңда өндірілген мақта-тоқыма өнімдерін алап тастауда;

3. Табиғатына, жеріне байланысты Шыңжаң өңірі - қызанақ өндірісінің өркенді алқабы. Қызынақтан жасалған томат экспортының көлемі де үлкен. Мәжбүрлі еңбекке жеккені үшін Шыңжаң томатына да шектеу қоймақ;

Мақта-мата, тоқыма бұйымдары, киім-кешек және томат өнімдерінен құралған экспорттан   Шыңжаң бюжетіне жылына 20 млрд доллар түссе, күн энергиясы техникасыэкспорттан бұдан мол табыс табады.  АҚШ осы жолғы күшіне енген «Шыңжаң заңы» негізінде Шыңжаңда өндірілетін жоғарда аталған өнімдерді импорттауға түбегейлі шек қоймақ. Қытайды шегінуге мәжбүр еткен – Шыңжаңнан экспортталатын тауарлардың ғана емес, тұтас Қытайдың дамыған елдерге экспортталатын мақта-мата өнімдеріннен тігілген сапалы киім-кешектердің құрамында «Шыңжаңда өндірілмегенін, мәжбүрлі еңбектің қан-тері сіңбегенін»  дәлелдеудің өзі машақ. Бұл шарт толық іске қосылар болса, Қытай зауыт-фабрикалары үлкен зардап шекпек. Бұдан былай Қытайдағы ұйғыр, қазақ т.б.  шағын ұлттардың мүдесі мінберлерде ғана емес, нақты экономикалық  санкция жолымен, ауыр бодаулар арқылы қорғалмақ.

Нәтижесінде, АҚШ-пен арадағы тіресудің салдары Қытай экономикасына күн санап ауыр соққы болып  тиіп, Шыңжаньдағы Пекиннің оспадар саясаты Қытайға қарсы Батыстың одақ құрар негізгі принцибіне айналып үлгерді.  Шыңжаң өнімдеріне арналған санкция – бұл одақтың нақты дәлелді жемісі болары анық. Алдағы күндері, АҚШ-тың позициясын құптап, ұйғыр, қазақ т.б. халықтарды мәжбүрлі еңбекке жекпеудің алдын алу үшін, одақтастары Шыңжаң өнімдерін импорттауға шек қоятын заң-жарлықтар  шығаруы бек мүмкін.  Жағдай саяси тіреспен ғана шектелмей, Батыстың  әр соққысы, Қытайдың  барлық жанды жеріне дәл тиіп, оны ауыр сезіне бастаған Пекин билігі аттың басын тартуға мәжбүр болған көрінеді. Бұл жолғы Шыңжаңдағы кадрлық өзгерісті «алдарқату, уақыт оздыру» деп есептеген күннің өзінде де осы қадамға баруға шарасыз  болды деуге  негіз бар.  Ендігі жерде, сырттан құйылар бұрынғыдай телегей-теңіз  $-дың  болмасы анық.  Алып елдің күрт ортайған қазынасын толтыру өте қиынға, қымбатқа түсері белгілі. Қысқа мерзімде жинақталған   мол қаржы Қытай билігінің әлемдік амбициясын тым ерте паш еттіп, оның соңы өзіне шоқпар болып тие бастады.

Десе де  Қытай билігі экономикалық қуатының арқасында қысқа мерзім  ішінде  Азия, Африка және Оңтүстік Америка өңірінен өзіне жақтастар тартып үлгерді. Әлемдік қауымдастық арасында дауысын Қытайға беріп, адалдығын дәлелдеп жүргендер жетерлік. Әрине, бұлар негізінен авторитарлы, жемқорлыққа байланған, сенім статусы төмен елдер қатарынан. Ал, АҚШ бастаған Батыс қоғамының, өркениетінің басты құндылығы «демократия, еркіндік»  әрқашан олар үшін басты құндылық. Шыңжаңдағы жағдайды басты орынға қоюы да, осы жолда бастарының  бірігуінің негізінде де осы құндылығы жатса керек.

Шыңжаң мәселесі – Гонконгтегі  тапталған адам құқығынан әлде қайда ауыр да күрделі. Қытай билігіне тағылған айыптардан құтылу, одан жалтару да оңайға соқпайтын көрінеді. Яғни, «геноцид жасады, ұлтты жою үстінде, адамзатқа қарсы қылмыс, мәжбүрлі еңбек, канцлагер ұстады» деген айып тағылуда.  Бұл өте ауыр айып. Әсіресе әлемдік жетекші ірі елдердің бірі, БҰҰ-ның тұрақты мүшесі саналатын Қытай Үкіметі үшін бұл тіпті де ауып айып. Енді өзінің «кінәсіз» екендігін әлем қауымдастығы алдында дәлелдеуі керек.  Бұған дейін айыптауға қарсы жазғырудан асып ешқандай тойтарыс немесе ақтала алмаған Қытай билігінің алдағы уақытта айыпты теріске шығара алуы екіталай.  Бүгінде, Қытай билігінің ең әлсіз тұсы – Шыңжаң  кризисті болып тұр.  Батыс қоғамы үшін Шыңжаңдағы апат - бір кездері өздері босаңсытып алған «адам құқығы, еркіндік» құндылықтарын жоқтаудың, орнын толтырудың бір мүмкіндігі болуы мүмкін. Әрі осы арқылы Батыстың болашақ ұстанымы айқындалмақ.  Бұл белгілі дәрежеде авторитарлы, озбыр елдер үшін ескерту де болмақ.

Ал, осы жолғы Шыңжаң билігіндегі тосын кадрлық өзгеріс – Қытайдың бұл өңірге ұстанған саясатына өзгеріс әкеле ме, әлде  көз алдау тактикасы ма?  Бұның нақты жауабын дөп басып айту қиын. Дегенмен Қытайдың өткен-кеткен тарихына және бүгінгі халқаралық жағдайға зер сала отырып бірнеше бағытта тұспал ғана жасауға болады:

1. Пекин билігінің Гонконгтегі қалыптасқан демократиялық жүйені күшпен бағындыруы – әлем қауымдастығын Қытай билігінің озбырлығына көзін жеткізді. Тайваньға жасалып жатқан қоқан-лоқысы әлемнің Қытай билігіне деген сенімін жоғалта бастады. Шыңжаң кризисті – Пекин билігінің бүгінгі бет-бейнесі ашып тастады. Қытай билігінің әлем қауымдастығы алдындағы имиджі түсті. Соңы жақсылыққа бармасын білген Ши жүйесіне қарсы билік элитасындағы күштер қысымынан Шыңжаңдағы кадрлық өзгеріс болған болуы мүмкін.  Енді, Шыңжаңдағы қалыптасқан жағдайды жұмсарту міндеті, таза саясаттың батпағынан алыс жүрген технократ Ма  Синруйге түсіп, өткен  асыра сілтеулерді бұрынғы басшылық жіберген қателік ретінде түсінік қалыптастыруға тырысуы мүмкін. Әрине бұған ішкі аудитория иланса да, әлемдік қауымдастық сене қоймасы анық;

2. Ма Синруйді әкелу арқылы Пекин Шыңжаңда жылымық орнатып, ондағы жұртты жаңа «өмірге баулитын» косметикалық өзгерістер бастауы ықтимал. Еңсесі түскен, рухы жасыған жұрттың сенімін көтеру науқаны жүріп, ұйғыр, қазақ т.б. халықтар өз кезегінде теңдік пен әділдікті силаған  партияға алғыс айта бастайтын күн алда;

3. Ма Синруй арқылы Қытай билігіне тағылған айыптарды жуып-шаюға күш салуы ықтимал. Бұл қателікке жауапкер - партия орталығының саясаты емес, жергілікті басшылардың асыра сілтеуінен туған қателік ретінде бағаланып, осыған қатысты тұлғаларды (Чжэн Чэнгундар ) «құрбандыққа» шала отырып, Пекин әлем алдында ақталуға тырысу мүмкін.  Дегенмен  Қытай билігінің бұл қадамға бара қою мүмкіндігі тым аз.  АҚШ-пен ашық белдесуге шыққан Ши төраға, атақ-абыройын сақтап қалу үшін де кез-келген құрбандыққа баратыны белгілі. Сондықтан бұл жолғы Шыңжаңдағы кадрлық ауыс-түйістер тек жәй ішкі-сыртқы қысымды бәсеңдету операциясы ғана болуы ықтимал.  Ондағы тірліктің сыртқы формасы аздап өзгергенімен, Шыңжаңдағы саясаттың мазмұны өзгере қоймайды;

4. Қытай компартиясының ішкі статегиялық саясаты, әсіресе шағын ұлттарға, автономиялы аймақтарға бағытталған стратегиялық саясатында түбегейлі өзгеріс болмай, Шыңжаң, Тибеттегі т.б. ұлттық аймақтардағы жағдай оңалып, қысым аяқталмайды, заң орындалмайды. Орталық Үкіметтің  саясаты  түзелмей – жергілікті жағдай оңалмайды;

5. Ма Синруйдің келуі әрине, үлкен түбегейлі жақсылық әкелмесе де, Шыңжаңдағы билік пен ұйғұр, қазақ, қырғыз жұрты  арасындағы сірескен тоңды жібітіп, жылымық әкелуі де ықтимал. Ондағы лагерлердегі тұтқындарды жаппай босатпаса да, бейберекетсіз тұтқындау тоқтап, ондағы асыра сілтеу құрбандары іріктеліп бостандыққа шығуы мүмкін. Әрі бұл «ағаттықты» бұрынғы басшылардың қызметінде жіберілген қателігі ретінде түсіндірілетін насихат пайда болуы да ықтимал;

6. Жаңа басшыға тапсырылған міндет – бәлкім Шыңжаңның экономикасын көтеру, білім-ғылымын дамыту, сол арқылы саяси шиленісті жұмсартып, жаңа заман, жаңа қоғам орнағандай орта тудырып, ұйғыр, қазақ т.б. жұрттың шерменде халін өзгертуге тырысуы көздеуі басты бағытқа айналар. Ендігі кезеңде заң, экономика, ғылым-техника – Шынжаңның тыныс-тіршілігінің негізі ретінде дәріптелуі де ықтимал (мейлі бұл уақытша немесе ұзақ мерзімді стратегия болсын).

Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ т.б. мұсылмандардың  бүгінгі тағдыры әлемнің назарында.  Шыңжаңда жүргізілген зұлым саясаттың салдарына әлем қауымдастығы алдында, мейлі қандай формада болса да Пекин билігі жауапты, әрі енді бұл жауапкершіліктен құтыла алмауы мүмкін. Қытай билігінің Шыңжаңдағы оспадар, қатыгез саясатын өзгертіп, тығырықтан шығар жол табу я таппауы – алдағы  қарекетінің шынайы не жалғандығына байланысты. Қытай керек кезде шегіне білетін, сол  шегіністен де лайықты пайда таба  білетін епті жұрт. Сондықтан, жеңіл-желпі кометикалық өзгеріске  сене салмай, әліптің артын байқау керек.  Пекиннің  Шыңжаңда жүргізген қатыгез саясатын тек  Си Цзиньпин төрағаға тәуелдеу жеткіліксіз. Анығында Шыңжаңға, ұйғыр, қазақ, қырғыз т.б. мұсылмандарға  бағытталған саясат – Қытайдың соңғы үш кезекті  Цзян Цзэминь  (1989-2002) бастап,  Ху Цзиньтао ( 2003-2012) қостап,  Си Цзиньпин жалғастырып, үдетіп келе жатқан Қытайдың ұлттық статегиялық ішкі саяси жобасы. Сондықтан, Қытай орталық билігінің Шыңжаңға бағытталған стратегиялық саясаты түбегейлі өзгермей – Шыңшаңдағы жағдайдың түбегейлі оңалуы мүмкін емес. Соңғы жаңалыққа қарағанда Шыңжаңдағы  орнын босатқан Чжэн Чэнгун, Қытай  саяси бюросы жиналысында төбе көрсетті. Оның Тибетте, Шыңжаңда жүргізген қатыгез саясатын тұтас Қытайда  іске асыруды жоспарлап, оны жүзеге асыруды Си төраға осы Чжэн Чэнгунге тапсырып жатса таң қалмаңыз.Тек мына қыстық олимпияда ырду-дырдусыз өтсе болғаны...

Бақан Берікжан

Abai.kz

2 пікір