Жұма, 26 Сәуір 2024
Өзгелер 4816 22 пікір 2 Желтоқсан, 2021 сағат 16:17

Ресей Украинаға соғыс аша ма?

Украина шекарасына Ресей жүз мыңнан астам әскерін топтастырды. Оккупациядағы Қырымға да әскери техниканы шоғырландыруда. Батыс елдері Ресей жақын аралықта Украинаға басып кіруі мүмкін екенін болжап отыр.

Рига қаласында НАТО елдерінің сыртқы істер министрлері жиын өткізді. Жиын барысында Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба сөз алып, былай деді:

«Өте ушыққан жағдайда сценарий келесідей болуы мүмкін. Ресей Еуропада қалыптасқан қауіпсіздік шеңберін бұзып, 2008 жылы Грузияны немесе 2014 жылы Қырымды тартып алғандай әрекет етуі мүмкін. Осылайша ол Донбасста соғыс ашпақ». 

Украина сыртқы істер министрінің сөзінше шекара маңында Ресейдің 115 мың әскері топтасқан. Бір апта ішінде Ресей қосымша 23 мың әскер әкелген. Шекара маңында Ресейдің мыңдаған артиллериясы, танктері мен ұшақтары да тұр. Ал Қырым мен Донбасста Ресей қорғануға емес, шабуылға арналған техникалар түрін шоғырландырды.

Сарапшылардың пікірінше, Ресей әскері Украинаға басып кірсе, ұрыс қимылдары Қара теңізде де болуы мүмкін. Ресейдің бұл әрекеттеріне Румыния да алаңдаушылық білдіріп отыр. Мәскеу Украина маңына әскерін шоғырландыруын бірінші мәрте жасап жатқан жоқ. 2021 жылдың көктемінде дәл осындай жағдай блды. Ресей әскерін шоғырландырып, ірі әскери жаттығу өткізді. Артынша АҚШ президенті Байденмен келіссөз өтіп, Ресей әскерін кері әкетті. Ал Пентагонның бұл жолғы барлаушылары Ресейдің әскері ендігі таңда шынайы негізде басып кіруі мүмкін дейді. Мәскеу барлық айыптауларды жоққа шығарып отыр.

Вашингтон Ресей Украинаға басып кірсе, онда қатаң жауап беретінін жеткізді. Мәселен экономикалық санкциялар салудан бастап, түрлі халықаралық ұйымдардан шығару, ғаламтордан ажырату да болуы ықтимал.

Осы ретте Украинаның өзінде ел басшысы Зеленскийге қарсы толқулар болып жатыр. Халықтың бір бөлігі оның тақтан кетуін қаласа, екінші бөлігі «президентпен емес, Ресеймен күресейік» деген ұран ұстануда. Бір апта бұрын Зеленский 1 желтоқсан күні елде төңкеріс болуы мүмкін деген еді.

Abai.kz

22 пікір