Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 3936 1 пікір 24 Қараша, 2021 сағат 12:29

Маньякстан

Мемлекеттің миллиондап қаржы құйған киноларын ешкім көрмейді. Ешкімге қызық емес. Жасанды идея, жасанды қазақылық, жасанды салт-дәстүр, жасанды сөз, жасанды түсінік... Бәрі де бір шеңбердің ішін шиыршықтап, ұзап шаба алмай шабандап болған.

Енді бір жігіттер жарқ етіп шыға қойып еді, біреулер оларды қоғамнан аластау туралы дабыл көтеріпті. "Бандиттерді, маняктарды насихаттады дей ме, бір еврей қаржыландырады дей ме", әйтеуір ұлттың жоғын жоқтап жатқандарына қарап күлкім келді...

Әр адамда таңдау деген дүние болмаушы ма еді? Біреудің жанына комедия жақын, енді бірі мелодраммаға ышқыры бос. Қазақта жоқ болса, орыстан, одан таппаса батыстан көреді. Мысалы, өз басым деректі фильмдерді мүжуден ләззат аламын. Үйдегілер "андағы ішіңді пыстырмай ма?" деп таң қалады.

Деректі фильмдермен қоса психологиялық киноларды да жанымды салып көремін. Әлгі сыналып жатқан жігіттер баяғыда оқып, жүрегім ауырған, санамды сансыратып тастаған, қазақтың өз ішінде шынайы болған оқиғаларды кино тілінде сөйлетіпті. Нақты дерегі бар, кейіпкерлерінің кейбірі әлі тірі... Ойдан шығарып, ұлттың бетіне қара күйе жағып жатса, сөз басқа...
Айуандық деген ұлт таңдамайды. Психологиялық дерттің дауасы сыздаған сыздауықтың бетін ашу. Қалаған адам көреді. Қаламаған адам көрмейді. Жанр ретіндегі ізденісті басталмай жатып тұншықтырсақ, қазақ көркейіп кете ме?

Бұ кино ұнамай ма, осыны қазаққа қаратпайтындай кино түсір. Болмаса...
Көшеден беляши жемейтін болдық, енді... Мұның өзі ұлт үшін пайда емес пе?

Маньякты көріп, маняк болуға талпынады деген күлкілі дүние. Телеарнадан күні-түні көргеніміз - Нұр-Отан, Назарбаев. Нұр-Отаншыл, Назарбаевшіл болып кеткеніміз қайсы? Бұл кинодағы оқиғалар қазіргі Манякстан жүйенің істегендерінің қасында түкке тұрмай қалмай ма?

Мен киноны түсіргендерді түстеп те танымаймын. Әлгі Саят Саматович деген әкім туралы "Сәке" киносы үшін жігіттерге деген құрметім шексіз.
5÷32-нің (если, что Құран аяты) үш сериясын да көрдім. Түсімнен шошып ояндым, қорықтым, өйттім-бүйттім дей алмаймын. Кәдімгі қатардағы шынайы кино. Солай емес пе?

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

1 пікір