Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 3611 1 пікір 17 Қараша, 2021 сағат 14:52

Ұлттық кеңес: Президент не айтты?

Кеше Ақордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысы өтті. Кеңестің өңірлердегі өкілдері онлайн түрде қатысып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңес аясында берілген тапсырмаларға шолу жасап, тағы да бірнеше ұсыныстарын ортаға салды. Біз Президенттің қозғаған мәселелеріне аз-кем шолу жасадық.

«Кеңес алғаш құрылған күннен бастап тиімді пікірталас орталығына  айналды. Басқосуларда сан түрлі бастама көтерілді.  Оның бәрі жан-жақты талқыланды.  Елге қажет және өміршең ұсыныстар нақты реформаға ұласты.     

Ұлттық кеңестің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Оның ішінде заңдар, Президент Жарлықтары мен Үкімет қаулылары, министрліктердің бұйрықтары бар. Осыдан-ақ Ұлттық кеңестің тиімді жұмыс істеп жатқанын аңғаруға болады. Кеңес өз қызметін инклюзивті, ашық және жүйелі жүргізіп келеді», - деді президент Тоқаев.

Ауыл әкімдерінің сайлауы туралы

Аталған саяси науқанның бүкіл еліміз бойынша ойдағыдай өткізіліп жатқанын сөз еткен президент Тоқаев:

«Халықтың зор сеніміне ие болған, тәжірибелі, білікті, алайда білім деңгейіне қатысты талаптың салдарынан сайлауға түсе алмайтын азаматтар, әсіресе, ауыл-аймақтарда көп екенін ескерсек, бұл өзгеріс жергілікті деңгейдегі сайлаудың бәсекелі болуын күшейте түседі деп санаймын.

Әкім болуға үміткерлер, әсіресе, өзін-өзі ұсынғандар үшін сайлауалды үгіт-насихат науқанының мерзімін ұзарту мәселесі өзекті екенін  көріп отырмыз.    

Осыған орай, сайлау науқанының ұзақтығын өзгерту мүмкіндігін қарастырған жөн. Сонымен бірге, әр өңірдегі сайлау науқанын әртүрлі қаржыландыру тәсілін қолдану ұсынылады.

Мысалы, үгіт-насихатқа қазіргі таңда бөлінетін қаржы солтүстік аймақтағы халық аз тұратын ауылдарда сайлау науқанын өткізу үшін жеткілікті болса, халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлер үшін дәл сондай қаражат аздық ететіні анық.

Аталған ұсынымдар ауыл әкімдерін сайлау тәсілдерін жақсартуға бағытталған деп санаймын. Сондықтан, оны мұқият зерделеу керек. Президент Әкімшілігіне менің атыма нақты ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырамын», - деді.

Білім беру саласының өзекті мәселелерін шешу туралы

Президент биылғы жолдауында 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуға тапсырма берген болатын. Әр тұрғын үй кешені көтерілген сайын оның жанында балабақша мен мектеп қатар бой көтеруі керек. Әр сыныптағы балалар саны көп. Бұрынғы 25 баладан артық емес стандартқа қайта көшу керек екенін айтты.

Онан соң ЖОО бөлінетін гранттар мәселесіне тоқталды.

«Мемлекет жастарға білім беру үшін жоғары оқу орындарына өте көп грант бөледі. Бүгінде бір студентті оқыту құны –  шамамен 4 миллион теңге. Грант саны жыл сайын артып келеді. Енді қаржыландыру тәсілін өзгерткен жөн. Қаржы тікелей грант иесіне берілуге тиіс, яғни студент оқу ақысын өзі төлеуі керек. Бұл – қаражат студенттің арнайы есеп-шотына түседі деген сөз. Оны тек оқу ақысын төлеуге жұмсау керек.  Бұл тәсіл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында бәсекелестікті арттырады. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етеді.Білім сапасын жақсартып, студенттердің жауапкершілігін арттырады. Президент  Үкіметке мемлекеттік әлеуметтік нысандарды жеке меншікке беруге заң жүзінде шектеу қоюды тапсырды. Еліміздегі медицина кадраларының тапшылығына байланысты облыс, аудан, ауылдарға мамандар жетіспейді. Қазіргі күні 4 мыңға жуық қызметкер қажет етіледі. Соныдқтан медицина мамандарының жағдайын жақсартуды өңір әкімдеріне тапсырды. Денсаулық сақтау жүйесіне қажет техникалық кадрларды даярлау ісін қолға алыну керек. Мамандарды, әсіресе биоинженерлерді оқытуға медициналық техника шығаратын компанияларды барынша тарту керек», - деді Президент.

Цифрлық технологияны барынша енгізу туралы

«Цифрландыру қазіргі күні барлық саланы қамтуы керек. «Электронды үкіметтің» базасына әкімдіктер мен Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйелерін қосу керек. 

Бұл Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жеңілдетеді, азаматтардың уақытын үнемдейді. Құжат айналымын және іс жүргізуді цифрландыра беру керек», - деді Мемлекет басшысы.

Банктердің кепілдік саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу туралы

«Өткен қыркүйек айында Алматыда борышкерді үйінен мәжбүрлеп шығару кезінде бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Бұл қылмысты еш ақтауға болмайды.  

Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Барлық даулы мәселе тек заңға сәйкес шешілуге тиіс. Ешкімнің біреуді өз бетімен жазалауына жол берілмейді.   Қаржы секторына зиян келтірмей борышкерлерді қолдау үшін мұқият ойластырылған шаралар қабылдау керек. 

Екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясаты икемді болуын қамтамасыз етіп, мүлікті бағалау қызметін реттеуді күшейту қажет.   Борышкерге мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданғанға дейін 3 ай және атқару өндірісі аясында қосымша тағы 3 ай ішінде кепілдегі мүлкін өз бетімен сату құқығы берілуге тиіс.   Кепілдегі мүлік сатылған кезде одан түскен ақша негізгі қарызды өтей алмаса, борышкердің қалған қарызы кешірілуге тиіс.Бұл талап борышкердің басқа мүлкі болмаған, сонымен бірге, оның табысы ең төменгі еңбекақының екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда ғана қолданылады.  

Аукциондағы сауданың ашық және әділ болуын қамтамасыз етуіміз керек. Аукционда саудаға шығарылған кепілдегі мүлік оның бағаланған құнының 75 пайызынан арзанға сатылмауға тиіс. Осы орайда, мұндай саудаға мүлікті кепілге алушы, яғни банктер, сондай-ақ оның қызметкерлері, сенімді тұлғалары және банкке қатысы бар өзге де адамдар қатыстырылмауға тиіс», - деді президент Тоқаев.

Бюджет саясатының тиімділігін арттыру

«Бюджетті жоспарлау және мемлекет қаражатын жұмсау кезінде қабылданатын барлық шешімдер мейлінше тиімді болуға тиіс.   Қай жоба елге барынша пайдалы екенін, қайсысын кейінге қалдыру қажеттігін түсіну өте маңызды.

Қазір оны кешенді бағалау, мониторинг жүргізу және қолдану жөніндегі тиісті механизм жасалуда.  Бюджетті қалыптастыру кезіндегі басшылықтың жөнсіз шешімдері еліміздің экономикалық жағдайы нашарлауына әкеп соқтыратын қосымша салдарлар туындатуы мүмкін.

Сондықтан Үкімет бюджет қаржысын ұлттық басымдықтарға сәйкес пайдалануға мүмкіндік беретін мемлекет шығындарын реттейтін кешенді жүйені жолға қоюы керек», - деді Мемлекет басшысы.

Адам құқығын қорғау жүйесін одан әрі нығайту туралы

Президент бұл салаға айрықша мән беретінін айтты. Өйткені, оның ахуалы, түптеп келгенде, қоғамымыздың даму деңгейіне әсер етеді. Биылғы маусым айында мен құқық қорғау саласын кешенді жаңғыртуға арналған «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы бұдан арғы шаралары туралы» жарлыққа қол қойылды.

«Өлім жазасы ешбір жағдайда ешкімге қолданылмайтындай етіп, біржола жойылуға тиіс. Президент өзінің және  Ұлттық кеңес мүшелерінің ұстанымын Парламент  қаперге алады сенім білдірді.

Келесі мәселе. Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығыны бірі – ана мен баланы қолдау.

Ерлерден гөрі әйелдер көбінесе жұмыс пен бала күтімін қатар алып жүретінін  мойындауға тура келеді. Әйел адам декреттік демалысқа шықса, кәсіби дағдысы мен біліктілігін жоғалтады. Соның салдарынан еңбек нарығында әйелдердің бәсекеге қабілеті төмендейді. Әсіресе, баласына ұдайы қарап отыруға мұршасы келмейтін жалғыз басты ата-аналарға өте қиын. Оларға ерекше еңбек жағдайын жасау керек.

Келесі кезекте Қазір полиция қорғау нұсқамасы институтын жетілдіру. Мысалы, күндіз-түні қызметте жүретін патрульдік полицейлер де қорғау нұсқамасының сақталуын бақылауға тиіс.. Бұл отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасайтын адамдарға бақылауды күшейтуге және құқық бұзушылықтың осы түрлерінен туындайтын қатерді азайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын «ұрып-соғу» және «саналы түрде денеге жеңіл жарақат салу» қылмыс санатынан шығарылғен еді. Осының нәтижесінде анықталған фактілер жылына 700-ден 20 мыңға дейін күрт көбейген. Алдын алудың тиімділігін арттыру үшін мұндай әкімшілік құқық бұзушылықтың жауапкершілігін қатайту мәселесін пысықтаған жөн», - деді Президент.

Abai.kz

1 пікір