Жұма, 26 Сәуір 2024
Саңлақ 4292 1 пікір 15 Қараша, 2021 сағат 17:37

Белград шаршы алаңы қазақ боксына не берді?

Сонымен  Сербия мемлекетінің астанасы соңғы 15 -20 жыл көлемінде әлемнің геосаясат картасында дүмпуімен аты шыққан Белград қаласында тыныштық орнағанының бір белгісіндей АИБА (Бүкіл әлемдік бокс қауымдастығы) ұйымдастырған бокстан ересектер арасындағы әлем біріншілігі өтті.

Бұл әлем біріншілігінің биылғы Токио олимпиадасы өткен соң екі ай толық өтпей жатып өтуінің өзіндік себебі - пандемияға байланысты Токио олимпиадасының бір жылға кешіп өтуі себеп болып отыр.  Әйтпесе бокстан әлем біріншілігі мен Олимпиада қатар келмеуі ірі спорт жарыстарында қатаң сақталатын. Оған себеп спортшының спорттық бабын бір жылда әрі қысқа мерзімде  аламанға қажетті жағдайға дайындау физикалық және психологиялық тұрғыда өте қиын әрі мүмкін емес,медетциналық тұрғыдан тіпті қәупті деп саналады.

Сонымен,  бұл біріншілікте АИБА күтпеген жерден (бұрын БАҚ бетінде талқыланбаған) жаңадан бас деп айтуға болатын екі жаңалық енгізді...

1. Салмақ категориялары 10-нан 13-ке дейін өсті.

2. Жеңімпаздарға АИБА тарапынан қомақты ақшалай бонус тағайындалды.

Алтын медальға - 100.000$,

Күміс медальға - 50.000$,

Қола медальға - 25.000$.

Алдына ала мойындағанымыз жөн болар, АИБА-ның енгізген екі жаңалығы да біздің оң жақ жамбасымыздан келді.

Салмақ дәрежісінің көбейуі біздің әртүрлі себептермен тасада қалып жүрген боксшыларымызға өз мүмкіндіктерін көрсетуге, жершілдіктің шырмауынан шыға алмай үнемі ірі додан тыс қалып жүрген жігіттеріміз шаршы алаңда ереже шеңберінде төбелесуге мүмкіндік алды.

Тағы бір ерекше атап өтуге тұрарлық ішкі ҚБФ-ның жаңалығы - ол Қазақстан құрамасының Токио Олимпиадасынан кейін бас жаттықтырушысын ауыстыруы болды.

Жаңа қызметке осыған дейін он шақты жыл жастар құрамасымен жұмыс істеген және өте жақсы нәтижесімен көзге түскен Қайрат Сәтжанов атты адам келді. Келді де, Юлий Цезарь айтпақшы, «барды, көрді, жеңді» болды.

Хош... бәрін енді рет-ретімен саралауға тырысайық.

Барған 13 боксшымыздан 10 спортшымыз ширек финалға дейін жетіп, уақытша болса да командалық есепті бірінші орында ұстап тұрдық.

Оның бесеуі Теміртас Жүсіпов 48 кг,  Сәкен  Бибосынов 51  кг, Махмуд Сабырхан 54 кг,  Серік Теміржанов 57 кг, Абылайхан Жүсіпов 67 кг жартылай финалға дейін жетіп, ең болмаса қола  медаль бар, деп бір демалып алды. Алда ең ауыр екі айқас күтіп тұрды. Ол жартылай финал мен финалдық төбелестер.

Ол межені Теміртас Жүсіпов, Сәкен Бибосынов, Махмуд Сабырхан, Серік Теміржанов сынды боксшыларымыз жеңіспен жалғаса, құрамамыздың капитаны Абылайхан Жүсіпов қола медальды қанағат тұтты.

Бір басып, екі басып финалға да жеттік-ау...

Финалда төрт бірдей оғланымыз тұр жау қайдасың деп, шиыршықтап, біз отырмыз делебезердің алдында тақымымызды қысып, жеңгелерінен екі жұма болды ұйқы бермедің. деген сөгісті екі бүктеп қалтаға салып...

Несін айтасыңдар, жан беріп жан алысқан айқастар болды. Токиода қолдан сусып кеткен жеңісте келді (Сәкен Бибосынов), жарқ етіп шыққан жас қыран да болды (Теміртас Жүсіпов), өкінішті өртеген сүреңсіз төбелес те болды (Серік Теміржанов), тәжірибенің аздығынан эмоцияға жол беріп өз мүмкіндігінен төмен өнер көрсетіп, қолдан сусып шығып кеткен алтынға деген өкініштен көзден аққан жас та  болды (Махмуд Сабырхан)...

Міне бокс деген жауынгерлерге ғана тән алыптар айқасына куә болып тарқастық.. Аздап жаңімпаздарға тағы тоқталсақ.

Теміртас Жүсіпов (48 кг) 33 жаста екен, соңғы 10 жылдың көлемінде үлкен жарыстан қанша тыс қалып жүрсе де өз мүмкіндігін күтіп жүре білген төзімділігі үшін силауға тұрарлық ер азаматтың мінезі болды.

Сәкен Бибосынов. «Токиодағы жартылай финалдағы әділетсіздіктің орнын толтырамын» алтын аламын», - деді. Алды! Азамат! Оғлан!

Махмуд Сабырхан - бар жоғы 20 жаста. Талант.

Негізгі жеңістері әлі алда. Тіл-көзден аман болсын. Финалдық кездесуі алдағы күндері сабақ болары сөзсіз. Бұл бала финалға дейін психологиялық тұрғыда жанып кетті. Төбелесті. Тактикалық тұрғыда қате қойды. Жаттықтырушылардың тапсырмасынан шығып кетті. Бірақ болашағынан үлкен үміт артуға болады.

Серік Теміржанов - жартылай финалда Кубаның қабыланын айқын басымдықпен ұтқан еді. Ал финалда өте нашар бокстасты. Шаршаңқы болды.

Бір жылда екі рет спорттық бабты реттеу қиын болатынының дәлелі. Бұл жігітке риза болғаным, «Токиода жеңілгенде өзім кінәлімін, келесі жарыста ұятқа қалдырмаймын», деп сұхбат беріп еді. Сөзінде тұрды. Жігіт!

Абылайхан Жүсіповқа келсек, тағы да қола медаль. Әрине осы қола медальға да жете алмай өткен мыңдаған оғлан бар, біз тек бұл жауынгердің мүмкіндігін жоғары екенін білеміз.

Тек ауыр соққы қажет салмақ қой, сол тұрғыда ізденіс керек, деп кеңес берейік.

Сөз соңында  қалған боксшылар туралы...

Ағайынды Оралбайлар,Төлтпевтар екі кездесуден өткізіп, жеңістері болды. Мынадай ірі әлемдік дода да бір жеңістің өзі жоғары нәтиже екенін ескерсек олардың болашағы Париж олимпиадасы деуге хақымыз бар. Уақыттары да бар. Тек тоқмейілсімеу қажет-ақ..

Асылбек Шымбергенов туралы бір ой... Өте талантты, еңбекқор жігіт. Тағыда сол ауыр соққысы болмаған соң ортада тіресіп төбелескен де Украиналық боксшыға есесін жіберіп алды (Захариеев).

Асланбектің өзбек боксының мақтанышы Шахрам Гиясовты ұтуы - бұл боксшымыздың шеберлігінің биіктігін көрсетеді. Үміт артайық.

Сөз соңында осы әлем біріншілігі бізде ауыр салмақтарда бас қатырарлық  шаруа  шаш етектен екен көрсетті. Бек Нұрмағамбетов пен Нұрлан туралы спортшылар өз арасында турист болып барып қайтты, деп қысқа ғана қайырады... Осыған қосарым шамалы.

Бас жаттықтырушы Қайрат Сәтжанов туралы тоқталсақ, бастамасы өте көңілге толарлық. Үміт басым. Ең бастысы командасы негізі жастар ,яғни Париж олимпиадасына тас-түйін келуге мүмкіндік жетерлік. Олай болса жеңісті күндерде жүздескенше...

Нұрбол Дәуітбаев,

(Бокстан СССР спорт шеберлігіне кандидат)

Abai.kz

1 пікір