Жұма, 26 Сәуір 2024
Аймақ 9881 5 пікір 9 Қараша, 2021 сағат 13:19

Архимедтің бар арманы - «чемпион» болу ма?

Өткен апта қостанайлықтар үшін аспаннан шұға жауған күн десе де болғандай. Тұп-тура он жыл бойғы жан алып, жан бергісіз футбол тайталасына кейін әйтеуір, құдайдың оң көзі түсіп, «Тобол» футбол клубы (мұнда дәл осылай айтылып, дәл осылай жазылады) ел чемпионы атанды.

Осындағы жанкүйерлердің қуаныштарында шек жоқ, төбесі көкке бір елі жетпей, алақайлап жүр. Біз әсіресе, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мырзаның шаттықтан жүрегі жарылып кете ме деп қатты қорқып едік. Өйткені осы өңірдің тізгінін ұстаған жеті жыл бойы аңсаған арманы орындалып, жұлдызы оңынан туыпты. Әйтеуір сәтін салғанда, әлі де көрер жарығы, яғни облысты әлі да талай жыл басқаратын хәлі бар екен. Аман қалып, бәрімізді тағы бір қуантып тастады. Архимедтің қолынан жем жеп жүрген талай жағымпаздар бұл тақырыпқа әлі де талай мақтау мен марапатын арнайтын шығар.

Біз бұл жерде «оның аңсаған арманы орындалды» дегенді бекерден-бекер, қызыл сөзге салынып айтып отырғанымыз жоқ. Оны әкімнің өзі жанкүйерлер жиналған үлкен Жастар сарайында осы салтанатқа арнайы шақырылған Беркут пен Аиша секілді «ешқашан сөнбейтін әнші-жұлдыздар» шақырылған «Тоболды» ресми марапаттау кезінде бұл ойын еш бүкпесіз ел алдына жайып салды.

- Бүгін тек Қостанай қаласында ғана емес, бүкіл облыста үлкен мереке, - деп бастады ол сөзін. - Мен кезінде осы Қостанайға келген кезімде өзіме бірнеше мақсат қойып едім. Соның бірі - «Тоболды» чемпион ету еді. Бүгін міне сол арманым орындалды, - деді.

Мінекей бірнеше мақсатының бірі ойдағыдай орындалып, әкімнің көңілі бірленіпті. Алайда Архимед Бекежанұлының өзінің алға қойған басқа да мақсаттары жайлы тіс жармағаны түсініксіздеу. Сонда біз ол қандай мақсаттар, олар орындалса халыққа қандай пайда әкелер еді, жалпы сол мақсаттардың болашағы бар ма деген сауалдарға жауап та табар едік. Осыдан кейін біз әлгі мақсаттар мына «Тоболдың» 11 жыл бойғы бел шешпей күресінің нәтижесімен салыстырғанда онша маңызды емес-ау деген ой келеді. Сірә, чемпион деген атақтың қасында осындағы халықтың әлеуметтік жағдайы секілді өте өзекті мәселелер тіпті, ауызға алуға болмайтын ұсақ-түйек дүниелердің қатарына жататын секілді. Сондықтан ондай жайттарға онша бас ауыртпауға да болатын да шығар.

Бір ғана факті. Қостанай қаласында «екінші Қостанай» деген осы қаланың үлкен бір бөлігі бар. Міне осындағы тұрғындар қашан өздеріне газ тартылады екен, сөйтіп терістіктің сақырлаған сары аязында пеш жағып, әуре болудан құтылар екенбіз дегеніне аттай екі жыл болды. Енді ол жақында ғана қолға алынып жатыр. Демек, чемпиондық тұрғанда суықтан жаурау дегенің тіпті, әңгіме деуге де болмайтын шаруа шығар. Ал енді мемлекеттік тапсырыспен салынған үйлердің сапасыздығы, оны алған кейбір тұрғындардың пәтерлерінің суықтығынан туған-туыстарына паналап, амалдап жүргендігі жайлы дер кезінде баспасөз бетінде жазылды да. Бір қызығы, қыстың қақаған аязында қызыл кілем үстінде тұрып, сол пәтерлердің кілтін тапсырған да әкімнің өзі еді.

Жалпы біздегі қалыптасқан дәстүр бойынша мұндай кемшіліктерге Архимед еш уақытта кінәлі болмайды. Ол үнемі не өзінің орынбасарына, болмаса қала әкіміне, одан қалса, сол құрылысты салған фирманың басшылығына аудара салады. Тамаша әдіс емес пе?

Ал салынған жолдардың сапасыздығы жайлы айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Алыс ауылдардың ауыз су тапшылығынан көріп отырған қорлығы - өз алдына үлкен бір әңгіме. Талай жылдардан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан мұндай проблемаларды шешуге, әрине, қашанда қаржы жетпейді. Сөйте тұра, жалпы әрқайсысының құны 4 миллиард теңгеден астам, бүкіл елімізде жоқ таңғажайып жабық стадион салуға көлемді ақша табыла кетеді. Өйткені бұлар қайтсе де «Тоболды» чемпион етуге бағытталған, ешкімнің де оған қол сұғуға болмайтын «қасиетті» дүние. Сондай-ақ жылына осы команда үшін бюджеттен 3 миллиардқа жуық теңге бөлінетіндігі туралы айтуға да, жазуға да болмайды. «Батырға да жан керек» дегендей, өткенде ел Президентінің тікелей тапсырмасынан соң ол бюджетті ептеп азайтуға тура келді. Сонда да «Тобол» онша қатты зардап шеге қойған жоқ. Мәселен, оның бюджеті 2020 жылы 3,25 миллиард теңге құраса, биылғы жылға ол 2,25 миллиардқа ғана азайды. Негізінен бюджеті республикалық бюджеттен мол субсидия алатын яғни шығындарының басым бөлігін жабатын аса мол қаржыны жоғарыдан алатын облыс үшін бұл аз ақша емес. Сөйте тұра, біздің Архимед мұны онша дұрыс дүние деп санамайды. «Тоболдың» қоржының сәл де болса қоңылтақсып қалғаны жанына қатты бататын көрінеді. Мұны ол сол алқалы жиында бұл ойын еш саспастан ашық айтты.

- «Мұндай футболға еш негізсіз көп шығын кетеді» деген пікір қалыптасқан, - дейді ол. - Мен мұнымен келіспеймін. Көктемде біз Суперкубокты жеңіп алдық, ал қазір, міне, чемпионбыз. Біздің бұл жеңісіміз жайлы барлық жерде жазып жатыр. Енді жұрт Қостанайды жақсы біледі де, инвестицияға жол ашылады, - дейді.

Осы жерде екі жайтқа тоқтала кетелік. Біріншіден, Архимедке президент Тоқаевтың тікелей тапсырмасы қайдағы бір жай пікірдің дегейіндегі әңгіме секілді. Екіншіден, өткенде осындағы Рудный қаласына 320 миллион теңгеге инвестиция есебінен айналмалы дөңгелектер салынып, оның ақыр-аяғы жарамсыз болып танылып, үлкен дауға айналған. Ақыры жылға жуық айтыс-тартыстан кейін, аудан әкімі қызметінен кетуге мәжбүр болды. Енді сол жұмсалған мол қаржыны кім қайтаратындығы - әлі шешілмей жатқан дүние. Инвестициямыз осындай болса, онда барынан-жоғы жақсы шығар.

«Тобол» секілді ірі командадағы ойыншылар анау-мынау айлыққа бола маңдайын терлетпейтіндігі белгілі. Бұл цифр, әрине, ашық айтьлмайды. Алайда оның аса қомақты екендігін ешкім де жоққа шығара қоймас. Ал енді мұндай мол дүниені өзіміздің қаракөздер алып жатса, біз тіпті әңгіме де етпес едік. Қызығын негізінен өзгелер де, яғни келімсек-легионерлер де көріп жатыр. Мінекей команда құрамына көз салыңыз. Онда Тони Силва, Элгуджа Лобжанидзе, Зоран Точич, Жереми Манзорро, Душан Йованчич, М.Tsoy секілді «сайыпқырандарды» кездестіреріңіз сөзсіз. Қортытындысын өздеріңіз шырара берерсіздер. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» деген дана қазағымыз.

Мұны аз десеңіз, короновируспен күрестегі «асқан табысымызды» қоса салалық. Біз бірде «қызыл аймаққа» кіріп, бірде одан амалдап шығып жүр едік. Жақында анау Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына кейін үшінші болып бұл аймаққа біржолата қонжидық. Мұның өзі бұл індетпен күрестің тым мардымсыз екендігін көрсетсе керек. Ол қайдан мардымды болсын, егер осы күреске тіклелей басшылық жасайтын денсаулық сақтау басқармасының бастығының орны бір жылға жуық бос тұрса. Міне, күні кеше ғана өз жұмысын тастап кеткен Дудник дегеннің орнына соның орынбасары Рүстем Айтбаев тағайындады. Ал мұны дер кезінде істеуге не кедергі еді? Иә, айтпақшы, «Тоболды» чемпион етудегі қарбаласта бұл кісінің ондай-ондайға қолы тимей қалған шығар. «Ондай-ондай хан қызында да болады» деген атамыз қазақ.

Жалпы, жұрттан жасыра алмайтын бір жайт бар. Ол облыстағы кәсіби футбол сол өңірдің қожайыны - әкімдер арасында «қайтсем бәрінен де асып түсемін» деген тыраштанудан туған бақталастық. Бұл олардың ойынша рейтингілерін көтеріп, елімізге белгілі етеді екен. Ал әлеуметтік мәселелермен айналысу өте қиын, оның үстіне күндіз-түні жұмыс істеуге, ақыл мен жігерді аямай жұмсауды талап етеді. Бұл енді облыс әкімдері секілді «жарты патшаға» лайықты іс пе?

Жайберген Болатов

Abai.kz

5 пікір