Сенбі, 4 Мамыр 2024
Қайнайды қаның... 4326 28 пікір 9 Қараша, 2021 сағат 13:12

Қазаққа «коррупция» қайдан жұққан?..

Жақын күндері (2016 жыл аяғы) елімізден сыбайлас жемқорлардың соңғы бес жыл ішінде, яғни 2011-16 ж.ж. аралығында, 70 млрд тг-ден астам қаражатты шет елге шығарып кеткендері туралы ресми органдар айтты. Кеше ғана «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы!» деген Алаш ұрпақтарына «бұл пәле қайдан жабысты екен?» деген сұрақ көкейге еріксіз оралады.

Сыбайлас жемқорлық, яғни, «коррупция» сөзі, латын тілінен аударғанда «шіру, бұзылу, ыдырау..» дегенді білдіреді. Олай болса, жақсылық еместігі айтпаса да түсінікті!

Біздің қазақ Ұлты (Совет дәуіріне дейін), бізді, Феодализмнен Социалистік қоғамға Капиталистік қоғамды көрмей өтті деп қанша алдаса да, Советтік идеологтар қатты қателесті (немесе әдейі көрмеді) деген ойдамын! Себебі, иә, біздің ел феодалдық қарым-қатынастар қалыптасқан тұрғыда болды, әйткенмен, оның да өз айтулы ерекшеліктері де болған еді. Сонда, қысқаша айтсақ, ол қоғам – феодалды-патриархальды-рулық қоғам дер едім. Қазақ қоғамы өзінің руластарымен, яғни жақын туыстарымен, мықты болды! Ондай бірлестіктің кез келген мүшесіне тиген реніш, бар бірлестікке тиген болып және бар бірлестікке тиген кемсіту әрбір мүшенің жеке өзіне тигендей болып қабылданды. Оған, «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын!», «Не көрсең де руыңмен» т.б. өмірден алынған, мақал-мәтелдер куә!

Бізді Совет идеологтары Россиядағы Орыс Ұлты да Құлдық дәуірін көрмеген, ал капитализмнің тек қана біраз элементері ғана болды деп алдады! Олай емес! Құлдықтың «көкесін» (ең қызығы феодалдық емес, капитализм дәуірінде қабаттаса) көрген орыстар еді. Тіптен алысқа бармай-ақ, Пушкин мен Тургеневтің шығармаларын мысалға келтірейік. Пушкиндегі («Капитанская дочь») кейіпкер - Савелич өз бариніне «...шошқа бақтырам десеңіз ол Сіздің еркіңіз. Ал мен қожайындарыма адалмын. Ваш верный холоп..» дейді. Ал Тургенев («Дворянское гнездо») анасына: «...құдай үшін! Алыңызшы сол ұят, құлдық белгіні, оның мойнынан. Ол Сізді тастамай, өзіңіздің жеке дәрігеріңіз ретінде, Сізді ары қарай да күте, баға береді...»,- деп қынжылады. Толстой ше? Сонымен, адамдарды аңшы итіне айырбастаса, толық деревнясымен бірге картаға ұтқызса, өз беттерінше үйлендірсе, балаларын тартып алып, сатып жіберсе, т.б. ... оны құлдық демей не деуіміз керек?

Қазақ қоғамында ондай сұмдықтар орын алмағаны анық! Рас, қоғам болған соң, оның әртүрлі мүшелері (нақты жеке тұлғалар) болатыны да анық. Материальдық, моральдық тұрғыдан алғанда, біреу «бай», біреу «кедей» болатыны да сөзсіз! Коммунистер айтқандай, ешқашанда адам бірдей болмақ емес, әйел мен еркек те солай! Мысалы, физиологиялық белгіден алғанда, кез келген еркек әйелден 25-30 пайыз физикалық күшті келетіні әлдеқашан дәлелденген! Ал, түгел адамдар бірдей деген тек қана, өтірік те, «тәтті» миф!

Бір нәрсе анық та, айшықты: ол біздің аталарымыз құрған қауымдастық-туыстық қоғам барынша ашық болғандығы! Ауыл арасындағы ұрыс-керістер, сол ауылдың үлкендері арқылы шешілген, реттелген. Ал, ру, тайпа аралық қақтығыстар сол елдердің ақсақалдарының (қарсы жақтар) көзбе-көз отырып, куәгерлерді толықтай тыңдап, билік айту арқылы реттелген. Бұндай сот үлгісінің артықтығын тіптен, европалық, орыстық ғалымдар да мойындаған. Ашық және демократиялы айтыс, диалог түріндегі билік, төрелік шешімінде өз құқы тапталушы жақ болмаған, яғни толық келісімге алып келген. Олай болса, бұндай қоғамда сыбайлас жемқорлық орын алуы мүмкін емес екені айдан анық!

Әрине, ол кезді өзімізше идеал ретінде ұсынып отырған жоқпыз, алайда, кез келген айыптау, бақылау, қадағалау, оны тәртіпке шақыру мейлінше көрнекті, ашық болса, теріс пиғылдың да азаятындығы сөзсіз! Осман Имперериясының сот үлгісіне Европалықтар таң қалған: қаралатын мәселе, сол орнында қазылардың (кадий) шариғат негізіндегі үкім-шешімдерімен тура сол сәтте қаралып, үкім орындалып отырған! Ал өздерінде ше? Жылдап, ондаған жылдап соттасулар орын алып, созбалаудың, бұрмалаудың, бюрократияның неше түріне іліккен процесстерді тарихтан жақсы білеміз.
Россия империясының арырақ тарихына көз салайық. Империяның дәуірлеп, өзі отарлауға көшіп, күшейіп, «азиялықтардан» ауысып, «европаға терезе» ашқаны, Петр-1 нің заманынан басталды. Мемлекеттің саяси, экономика, армия, жеке адамдар өміріндегі т.б. салалардың барлығында жаңғыру-модернизация басталды. Оған куә ретінде, сол кезде Орыс тіліне 5 мыңнан астам жаңа сөздер қосылғанын айта кетсек. Коррупциямен аяусыз күрес үшін, жаңа штаттар, Обер-канцлер, Тайная жандермерия т.б. органдар ашылды.... Көптеген европалық авантюристер, өз еліне сыймағандар т.б..., түрлі ұлт өкілдері (әсіресе немістер) көптеп келді. Ал кейінірек, Францияда «Гетто» тәртібі алынып тасталған соң, еврей өкілдері ағылды. Бірінші Дүниежүзілік Соғыс қарсаңында олардың, империядағы саны 3 млн-нан астам болған екен. Ұмытпаңыз, өйткені олар ешқашанда қара жұмыс істемеген. Ал, білімді ұлт өкілдеріне, білімсіз, мешеу қалған ұлт өкілдерін қанау, алдау, арбау, өз айтқанын жасату т.б. түкке де тұрмайтыны белгілі!
Бұл жаңғырулармен бірге, ескі тәртіптің орнына орныққан жаңа дәстүрлермен қабаттасып, қатарласып, неше түрлі үлгілерімен бюрократтық аппарат пайда болды. Сыбайлас жемқорлыққа да кең жол ашылды.
Ең қызығы, «коррупциямен» екпінді күресті Петр-1 патшаның өзі бастағаны. Алайда, оның аяусыз күресі, көбіне тек қана ұсақ чиновниктерді қатаң (тіптен өлім жазасына) жазалаумен ғана шектелді. Ал биліктің жоғарғы эшалонындағылар барынша «біліктіліктерін» пайдаланып айтарлықтай «жетістіктерге» (тіптен дворяндық титулдарға) қол жеткізді. Ал ойланайық, бізде де кешегі 90 жылдардағы «рэкет-бандит-қарақшылардың» қазіргі балалары прокуратура-сот-мемлекеттік қызмет жүйесінде «отырса», олардан біз не үміт күтпекпіз? Олардың көргені «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» емес пе?! Олар өздерін Заңға бағыну емес, өздерін нағыз Заң талаптары сияқты сезінеді ғой (мінгендері қымбат автокөліктер, жүргендері қымбат жерлер, тіптен, қолдарын, саусақтарын ашып ұстайтын мәнеріне де қараңызшы)! Бұл да бір біздің ауруымыз.

Бюрократиялық аппарат күшейген сайын, О. Бендер айтпақшы «волокита», яғни, созбалау, қасақана жәпелдемелету, әдейі нақты жағдайды бұрмалау т.б. да күшейе түседі. Қоғам мүшелерінің төменгі-жоғары сатылары пайда болады, яғни жоғары сатылардағылар, өздерін үстем сезінеді.
Ал, біздің қазақта қалай еді? «Азуы алты қарыс», атақты Хан Абылайға, қарапайым жұрт өкілі ретінде Бұқар жырау:
-Мен сені алғаш көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің!
Үйсін Төле билердің,
Түйесін баққан құл едің...,- десе, Жетісудың әйгілі сұлтаны, Абылайханның шөбересі, қазақ-қырғыз баласы хан атаған Тезек Төреге, Кенен атамыз айтқандай «қаңғырып, тантырап» жүрген бала-ақын Жалайыр Бақтыбай: - Ассаламағалейкум, Тезек Төре,
Елден жылқы қоймаған, кезеп төре.
Қысы жазы жегенің ұрлық еті,
Ақиретке барасың, не деп төре...,- дейді.!

Сонда, бұл дегеніміз, жай ғана адамның билеушіге солай айтқаны ерлік пе, әлде билеушінің сол айтқанды тыңдай, қорытындылай білген мәрттігі ме? Иә! Бұл соның екеуі де, бұл біздің дала демократиясының үлгісі! Қазақта қарғыс-ұрыстың ең жаманы, «бетің күйгір, бетсіз неме...» деп келеді, яғни, арын жоғалтқан адам, адамдық қасиеттен айрылды деген сөз! Асыл да, текті халқымыз арын сақтаған, оны өмірден де жоғары бағалаған!

Орыс қоғамы бюрократиялық аппарат жайылған сайын қалай дамыды деген сұраққа ой жүгіртсек. Классиктердің жазбаларында «тіптен стол жетіспесе, терезе алдына да отырып алып, жалақы алмаса да... қағаз жазуда» делінеді. А. Карамзиннің императордың «империядағы жағдай қалай?» деген сұрағына бір-ақ ауыз «воруют» (ұрлайды) деген атақты-тарихи жауабы бар! «Жазғыштар» дегенге келсек, «дьячий, поддьячий, подотдел, писарь, челобитный, толмач т.б.» сияқты, қызметкерлер-өтініштер пайда болды. Сол сияқтылардың столдарының шетінде кәдімгі, бір-екі уыс құм үйіліп тұратындығын қазіргілер біле ме? Ол, сұранушы, тұтынушы-қардар келгенде сол құмға ұсақ тиын-пиын тығып кету үшін арналған! Қолмен алған жоқ, яғни, болады! Сыбайластықпен «аяусыз» күресті бюрократия қалай жеңетіндігін байқап, көру үшін Гогольға жүгінейік, «мемлекеттік қызметкер Чичиков мүлде пара алмайды! Сұранушыны жымиып қарсы алып, ертең қағазын үйіне апарып беретінін айтады. Мәз болып, таң қалған адам үйіне кетеді. Бірақ, ол жауап ертең тұрмақ бір жетіден соң да келмейді. Іздеп барса, тағы да сол, әдептілік, жымиыс, жұмыс көптігі үшін кешірім... Сосын, шыдамы таусылған сұраушы сұрастыра бастаса, «беру» керектігі анықталады! Ол байқұс ше, - Оу, мен беруге дайынмын ғой, тиісті 25 тиынын!...,- десе, оған, - Қайдағы... ондай мемлекеттік қызмет (анығында мүлде олай емес, олардың басты міндеті), қазір «беленкая» (10 сом. Бұрынғыдан 40-50 есе артқан) тұрады» деген жауап алады! Соны ақыры, амалы таусылған тұтынушы, іштей, «боқтап-боқтап, сыбап-сипап» алса да, амалы таусылып береді! Өйтпесе, шаруасы шешілмейтіні анық!

Міне ақыры, тағдырдың тәлейімен, сондай сыбайластықтың парақорлық, алдап-арбаушылық, дәметіп-бопсалаушылық, қызметтік орынын пайдаланушылық т.б. түрлері жайлаған империяның бодандығына ұшырадық. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан асыл Түркі-Алаштық қасиетімізден айрылдық. Одан арғы тағдырымыз, барлық Европалық алдыңғы қатардағы ойлаушылар: «ең бір артта қалған, мешеу елде, саяси жағынан қарама-қайшылықтары толы елде, озбырлықққа әбден ұрынып, басқа елдерді басып-жаншыған, төмендегілерінің ойлау қабілеті де жоқ елде... социалистік-коммунистік идеяларды қалай іске асырмақшы...» деген Қызыл Империямен байланысты болды. Әр қазақ жеке тұлға ретіндегі қайсарлығынан, жоғары ойлаушылдығынан айрылдық! Намысты жоғалттық! Жемқорлығы әшкере болғандардың өзі кетудің орнына, әлдебір жолдарды тауып, құтылып, одан әрі ұятсыздықпен тайраңдап жүретін жағдайға жеттік. Ары не боларын...

Азамат Бақтыбайұлы Ақылбеков

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1105
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1003
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 738
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 851