Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Асқанға - тосқан 2898 6 пікір 8 Қараша, 2021 сағат 11:42

Дрондар дәуірі: Мәскеудің уайымы

Түркияның соққы жасаушы және барлаушы дрондары Ресей қорғаныс саласында үлкен сұрақтарды туындатты. Әуелі Сирия мен Ливияда қолданылған дрондар, артынша Қарабақ соғысында қуатты күшке айналып, енді міне Украинаның шығысында қолдыналып жатыр. 26-қазан күні Украина алғаш рет түркиялық соққы жасаушы ТБ2 дронымен үлікшілердің позициясына соққы жасап, техникасы мен жаяу әскеріне шығын әкелді. Бұл Украинадағы соғыстың келбетін өзгертіп, бетбұрыс жасайтын сәт болуы мүмкін дейді сарапшылар. 

Ресей президенті Владимир Путин жақында Сочиде өткен жиында дрондардың қуаттылығын мойындап, былай деді: "Біз өзіміздің тәжірибеміз бен бізді қоршаған әлемнің дрондарды қолдану тәжірибесін сараптауға тиіспіз". Жиын соққы жасаушы, барлаушы, антидрон құрылғыларына қатысты тақырыпта өткен болатын. Тұтастай бір жиынның бір тақырыпта өтуі де тегін емес.

Ол жиынды соққы жасаушы дрондардың әлемдік қақтығыста кеңінен қолданылып жатқанын мысал етумен бастады. "Біз дрондардың соңғы жылдардағы әскери қақтығыстарда эффективті қолдынылғанын, олардың бізге қаншалықты қауіпті болатынын көрдік, оны Сирияда байқадық. Біз ондай шабуылдарды тойтарып үйрендік және оны тиімді етіп жасаудамыз",- деді Путин.

Ол Ресейдің өзінде де қуатты дрондардың барын айта кетті. Оны мысал түрнде көрсетпесе де, статистикамен сипаттады. "Қазір біздің қарулы күштерімізде екі мыңнан астам дрон бар. Оларды жетілдіру мен технологиялық мүмкіндіктерін арттыру бойынша жұмысты жалғастыруға тиіспіз. Біз өзіміздің де, өзгенің де тәжірибесін ескереміз" деді. Ресейдің барлаушы "Орлан" дрондары Сирия мен Ливиядағы әскери операцияларда қолданылуда. Оны да Путин айта кетті.

Ресей ашық айтпаса да түркиялық дрондардан қорғану қажеттігін түсінеді. Себебі Ресей үшін маңызды геосаяси аймақ саналатын Сирия, Ливия, Оңтүстік Кавказ тауларында түркиялық дрондар ресейшіл күштерге ойсырата бірнеше мәрте соққы жасады.

Bayraktar TB2 дрондары Әзербайжан тарапынан азат ету соғысында қолданылып, жаудың 40%-дан астам техникасын жойған болатын. Ал Сириядағы "Бейбітшілік бастауы" атты операцияда соққы жасау мен барлау мүмкіндіктерін арттырып, Анкараның тынысын ашты.

Аталмыш дрон 2019 жылы Украинаға жеткізілді, ал келісім 2018 жылы жасалды. Киев-Анкара арасында арнайы келісім жасалынды, ендігі таңда Киев тағы да 48 соққы жасаушы дрондарын сатып алуға ниетті.

G20 кездесуінен кейін Түркияның сыртқы істер министрі Мәуліт Чавушоғлы ресейлік және түркиялық ақпарат құралдары үшін арнайы сұхбат берді.  Ресейлік тілші Украина тарапынан бүлікшілерге дронмен соққы жасау фактісі бойынша сұрады. Оған түрік министрі былай деді: "Егер қандай да бір ел бізден қару сатып алса және оны өз еліне апарса, онда оны түркиялық, ресейлік немесе басқа елдікі деуге болмайды. Ол сол сатып алған елге тиесілі қару. Егер бізден біреу қару сатып алып, шекарадан алып шыққан соң, ол енді біздікі емес деген сөз. Ол Түркияда жасалған шығар, бірақ енді Украинаға тиесілі. Түркияны айыптау негізсіз" деді ол. Бұл мәлімдеме арқылы өзге елдерге, қажет болса Киевке де қарулар сата береміз дегенін сызып көрсеткендей.

Ол ресейлік тілшіге қарсы фактілер айтып, тығырыққа тіреді. Министр: "Біз терроризммен күрес барысында содырлардың қолынан түрлі қаруларды кездестіреміз.  Көбісі ресейлік. Бірақ Ресейді ол үшін айыптамаймыз" деді.

Түркиялық дрондар соңғы жылдары нағыз аңызға айналды. Әсіресе Қарабақ соғысынан кейін сатып алушылар мен қызығушылар саны артты. Келіссөз жүргізіп жатқандар ішінде Қазақстан да бар. Ал Орталық Азияда Түркіменстан сатып алса, Қырғызстан келісімге келіп үлгерді.

Ка Мырза

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1981
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2370
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1944
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1571