Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4099 0 пікір 13 Шілде, 2012 сағат 12:37

«Ескерткіштер» неге есептен шығарылды?

13.07.12.

Былтырғы 30 желтоқсанда Үкіметтің «Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін мәртебесінен айыру және оларды жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарып тастау туралы» №1672 Қаулы қабылдағаны белгілі. Осыған байланысты Алматыда 35 ескерткіш жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алынды.

13.07.12.

Былтырғы 30 желтоқсанда Үкіметтің «Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін мәртебесінен айыру және оларды жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарып тастау туралы» №1672 Қаулы қабылдағаны белгілі. Осыған байланысты Алматыда 35 ескерткіш жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алынды.

Олардың ішінде 11 ғимарат: бұрынғы Әуежай, «Медеу» қонақүйі, көпес Муров­тың үйі, София шіркеуі, Ходжаевтің үйі, Гене­рал-губернатордың кеңсесі, Жетісу облыс­тық ұлттық істері жөніндегі бөлімнің ғима­ра­ты, Алматы - 1 темір жол вокзалының ғима­раты, Әмбебап дүкен, Қазақ СРО ІІХҚ-нің клуб-театры, бағбан Бреусовтың үйі, 9 мү­сін ескерткіштері: В.И.Лениннің 2 ескерт­кіші, Кировтың ескерткіші, Л.П.Емелевтің кеуде мүсіні, П.Виноградовтың кеуде мү­сі­ні, Қазан революциясы күрескерлеріне арналған ескерткіш, М.Фрунзенің ескерт­кіші, М.Калининнің ескерткіші және бюс­ті, сонымен қатар 15 археологиялық ес­керткіш, олардың қатарында Ұлжан, Көк­қайнар, Құрылысшы, «Заря Восток» шағынаудандарында орналасқан қорған қорымдары бар.
- Ескерткіштерді Мемлекеттік тізімнен шығарудағы басты мақсат - Алматы қала­сының Тарих және мәдениет ескерткіштері­нің мемлекеттік тізімін ретке келтіру, - дейді Алматы қаласы Мәдениет басқармасы та­рихи-мәдени мұра, музей-кітапхана бөлімі­­нің бастығы Ләззат Сағындықова. - Ең алғаш Алматы қаласының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі Қазақ КСР-ның Министрлер Кеңесінің 1982 жылғы 26 қаңтардағы №38 қаулысымен бекітілген.
Ал жергілікті маңызы бар ескерт­кіштердің тізімі Халық депутаттары­ның Алматы қалалық советі атқару коми­тетінің 1984 жылғы 26 қаңтардағы №2/35 шешімімен бекітілген болатын. 1985-1988 жылдары толықтырулар енгізілген. Осы жылдары Алматыдағы мемлекет­тің қорғауына алынған ескерткіштердің
саны небәрі 77 болған.
Алматы қаласында орналасқан 35 нысан арнайы мамандандырылған мекемелердің жүргізген тарихи-мәдени сараптама қорытындысы және Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Тарихи-мәдени мұра нысандарын тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану, сонымен қатар оларды тарих және мәде­ниет ескерткіштері мәртебесінен айыру туралы қорытынды дайындау жөніндегі арнайы комиссиясының» шешімі негізінде толық түгел жойылған немесе тарихи-мәдени құндылығын жоғалтқан деп та­нылды және оларды Мемлекеттік тізімнен шығару ұсынылды.
Сондай-ақ Алматы қаласы Әкімді­гінің 2010 жылғы 10 қарашадағы №4/840 қаулысымен 118 нысан Алматы қаласы­ның жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінің Мемлекеттік тізіміне енгізілді. Осы орайда, тізімнен шығарылған нысандарға нақтырақ тоқтайық.
Қазақстан Республикасының «Тари­хи-мәдени мұра объектілерін қорғау
және пайдалану туралы» Заңының 5-ба­бының 5-тармағына сәйкес, Тарих және мәдениет ескерткiшiн мәртебесінен айыруға, оны Тарих және мәдениет ес­керткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарып тастауға нысан толық түгел жойылған немесе тарихи-мәдени мәнін жоғалтқан жағдайда ғана уәкілетті органның, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ат­қарушы органдарының уәкілетті ор­ганның арнаулы комиссиясымен келi­сiлген ұсынысы бойынша, тарихи-мәдени сараптаманың қорытындысы негiзiнде Үкiмет шешiмiмен жол берiледi.
Алматы қаласында орналасқан ар­хеологиялық ескерткіштер 2000 жыл­дарға дейін Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде болмағандықтан, мемлекеттің қорғауына және бақылауына алынбаған. Осының салдарынан археологиялық ескерткіштер әртүрлі себептерге байланысты жойылу процесіне ұшыраған.
2004 жылдан бастап Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті Н.На­зарбаевтың салиқалы саясаты­ның арқасында мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Осы мемлекеттік бағдарлама аясында ха­лықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ұлт­тық тарих үшін ерекше маңызы бар та­ри­хи-мәдени мұра нысандары - сәулет және қала құрылысы ескерткіштеріне қалпы­на келтіру жұмыстары, археологиялық ескерткіштерге зерттеу жұмыстары қол­ға алынып және көптеген тағы да басқа ел игілігі үшін маңызды жобалар іске асырылды.
Аталған бағдарлама аясында қала аумағында орналасқан археология ескерткіштерін анықтау бойынша жұ­мыстар жүргізілді. Нәтижесінде анықталған 15 нысанның көбісі (Ұлжан, Көкқайнар, Құрылысшы ықшам­аудандарында орналасқан ескерткіштер) жаппай заңсыз басып алу салдарынан, рұқсатсыз құрылыстар салынып, жап­пай шаруашылық іс-әрекеттер нәтиже­сінде олардың апатты жағдайда екендігі белгiлi болды. Осының ішіндегі кейбір ескерткіштерге қазба жұмыстары 70 жылдардың соңы мен 90 жылдардың басында жүргізілгендігі анықталды. Мә­селен, орта ғасырлар қонысы (б.з.д. X-XIII ғғ.) Достық даңғылының бойында
Х.Мұқан, Тайманов көшелерінің қиылыстарының мүйісінде орналасқан. Қазіргі таңда ол жерде Алматы Ше­ка­рашылар училищесі (қазіргі Әскери институт) орын тепкен. Бұл қонысты алғаш 1922 жылы археолог ғалым В.Го­родецкий 1922 жылы анықтаған. Кейін 1979 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, оның орнына қазіргі әскерилер институты салынған. Осы қазба жұмыстарының нәтижесінде шағатай тілінде жазылған тиын дирхемдер табылған. Бұл дирхемдердің Алматы қаласының тарихын анықтауда бірден-
бір дерек көзі болып табылатынына еш күмән келтіре алмаймыз.
Кейін 1985 жылы Тереңқара қонысын (Құрылысшы ықшамауданының және «Заря Восток» елді мекенінің солт. бөлігі, Тереңқара мен Ащыбұлақ өзенінің орта­сы, қола дәуірі б.з.д. IX-VIII ғ.ғ) археолог Ф.Григорьевтің бастамасымен анықта­лып, 1985-1992 жылдары «Қазжоспаржаң­­ғыр­ту» институтының экспедициялық тобы қазба жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда оның орнында сауда құрылыс базары орналасқан.
Жаппай заңсыз басып алу салдарынан апатты жағдайдағы археологиялық ескерткіштердің қалдықтарына «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазба жұмыстары жүргізіліп, зерттелді. Зерттеу жұмыстары Қазақстан Республикасы­ның Білім және ғылым министрлігінің жанындағы Ә.Марғұлан атындағы архео­логия институтымен (археологиялық жұмыс тобының басшылары Горячев А., Ахтанов Г.) жүргізілген. Қазба жұ­мыс­­тарының нәтижесінде табылған тарихи жәдігерлер Алматы қаласы та­рихының мұражайында және Марғұлан атындағы археология институтының қо­рында сақталуда. Зерттелген нысан­дарға «Ә.Х.Марғұлан атындағы архео­логия институты» РМҚК олардың жойы­лып, тарихи-мәдени құндылығы жоғал­ғандығына байланысты, мемлекет­тік тізімнен шығару туралы тарихи-мәде­ни сараптама қорытындысын берген.
- Сәулет ескерткіштеріне келсек, ті­зімнен шығарылған ескерткіштер көбісі 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында әртүрлі себеп-салдарынан (өртену, өзінің бастапқы келбетін жоғалту, бұзылу) жойылып кеткен. Мәселен, 1858 жылы салынған 90-жылдарға дейін бұзылып кеткен бұрынғы София шіркеуінің орнында бүгінгі күні 2000 жылдары жаңадан тұрғызылған шіркеу тұр. Сонымен қатар бұрынғы Верный генерал-губернаторының кеңсесінің бастапқы келбеті 30-жылдарда өзгеріске ұшыраған, кейін онда әскери аурухана орналасқан. Оның өрттен кейінге қалдықтары ұзақ жылдар бойы қаланың ортасында тұрды, сөйтіп, оның орнына 2000 жылдары жаңадан тұрғын үй салынған (Қазыбек би мен Достық даңғылының қиылысын­да орналасқан 9 қабатты ғимараттың ор­ны). Ал мысалы, Алматы - 1 темір жол вокзалы, Қазақ КСР ІІХК-нің клуб театры сияқты ғимараттардың бастапқы келбеті танымастай өзгеріске ұшыраған, нәтижесінде көркемдік құндылығын жоғалтқан. Жалпы айтқанда, Тізімнен шығарылып отырған сәулет ескерткіштері жоғарыда айтылған әртүрлі себептерге байланысты бүгінгі күні олар тарихи-мәдени, көркемдік құндылығын жоғалт­қан және көбісі толығымен жойылып кеткен.
Мүсіндік өнер ескерткіштеріне тоқ­талсақ, мысалы, С.Кировтың ескерткіші, Л.П.Емелевтің бюсті 80 жылдардың аяғы 90-жылдардың басында жоғалып, құрып кеткен. Кеңес дәуірі идеологиясының символына айналған В.И.Лениннің 2 ескерткіші, П.Виноградовтың кеуде мүсіні, Қазан революциясы күрескерлеріне арналған ескерткіш, М.Фрунзенің, М.Калининнің ескерткіштері тарихи құндылығы мен саяси маңыздылығын жоғалтқан. Бірақта олар тізімнен шығарылып, ескерткіш мәртебесінен айырылса да, бұл ескерткіштер кезінде атақты мүсіншілердің қол туындылары болғандықтан оларды біз бұзып тастамай, тек қаламыздың Әуезов ауданында орналасқан саябағына көшіреміз. Болашақта ол жер Кеңестік мүсін сая­бағына айналады, - дейді Мәдениет басқармасы тарихи-мәдени мұра, мұра­жай-кітапхана бөлімінің бастығы Ләззат Сағындықова.
Сөйтіп, бүгінгі күні ескерткіштер тізімі біраз ретке келтірілді, яғни қазіргі кезде жойылып, өзінің тарихи-мәдени құндылығын жоғалтқан кейбір нысандар (жоғарыдағы 35 нысан) тізімнен алынып, ал жаңадан анықталған нысандар мысалға ҚР Орталық мұражайының ғимараты, «Көктөбе» телемұнарасы, «Достық», бұрынғы «Есік» қонақүйі, М.Төлебаевтың, Ғ.Мүсіреповтің, М.Мақатаевтың ес­керткіштері, Боролдай сақ қорғаны және т.б. нысандар мемлекеттік тізімге жаңа­дан енгізілді. Болашақта ескерткіштер тізі­мін тағы да 4 тарихи-мәдени мұра нысаны­мен толықтыру көзделуде.
Қазіргі кезде Алматы қаласында 146 нысан тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін алып, мемлекеттің қорғауы­­на алынған. «Мәдени мұра» бағдарла­масы аясында 2006 жылы Алматы қа­­ласының Әкімдігіне қарасты Мәде­ниет басқармасында «Тарихи-мәдени мұра» бөлімі алғаш рет құрылған. Қазір Мәдениет басқармасы тарих жә­не мәдениет ескерткіштерінің тізімін ретке келтіріп, ескерткіштерді есепке алу, төлқұжаттандыру бойынша жұ­мыстарды толығымен аяқтады. Қазір ескерткіштердің меншік иелері немесе пайдаланушыларымен «ескерткіштерді қорғау міндеттемесін» рәсімдеу және ескерткіштерге қорғау тақтайшасын ілу жұмыстары аяқталу үстінде. Сондай-ақ ағымдағы жылы Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтары, құры­лыс салуды реттеу аймақтары анықталып, оны жергілікті өкілді органның (мәс­лихаттың) бекітуіне ұсынылады және олар Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштері мен жаңадан анықталған объектілердің орналасуы тіркелетін тарихи-сәулет тірек жоспарына және карта-кестесіне енгізілетін болады.
Шаһар басшысы Ахметжан Есімов биылды Алматы қаласындағы «Мәдениет жылы» деп жариялағаны мәлім. Осы орайда тарихи-мәдени мұра нысаны - Алатау ауданына қарасты 430 гектар жерді қамтып жатқан Боралдай сақ қорғандары орналасқан аймақта үлкен этномәдениет орталығы мен туристік инфрақұрылым қалыптастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ республикалық маңызы бар ескерткіштер - 28 гвардияшы-пан­филовшылар саябағындағы Даңқ ме­мориалы, Ы.Дүкенұлы атындағы халық аспаптар мұражайы қайта жөндеуден өтеді. Ағымдағы жылы Д.Қонаевтың, Ә.Қастеевтың, Ә.Марғұланның мүсіндік өнер ескерткіштерінде жөндеу жұмыстары жүгізілді. Өткен жылдары Б.Момышұлы мен Н.Тілендиевке ескерткіш орнатсақ, биыл көшірілетін «Қазан революциясы күрескерлеріне арналған» ескерткіштің орнына Райымбек батырға ескерткіш қойылады.
Қорыта айтқанда, Алматыдағы тарих және мәдениет ескерткіштеріміздің саны салыстырмалы түрде алғанда Кеңес Үкіметі тұсында 77 нысан болса, ал қазіргі күні 146 болып отыр. Яғни бүгінгі күні мемлекет тарапынан еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, сақтау және қорғау бойынша атқарылған іс-шаралар сан алуан, бірақта осы салада әлі де бірқатар жұмыстарды атқару қажет.

«Айқын» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1516
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1363
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1113
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1146