Жексенбі, 28 Сәуір 2024
1841 1 пікір 2 Қараша, 2021 сағат 19:21

10 мыңнан астам көлік Қытайға өте алмай тұр

«Нұр Жолы» кеден бекетінде Қазақстаннан Қытайға өте алмаған автокөліктер ұзын-сонар кезекте тұр. 50 көлік жолда тұрса, 10346 көлік электронды кезек алған. Оған қоса, Өзбекстанға өтуге кезекке тұрған көліктер қарасы көп. «Атамекен»  өту бекетінде 15, «Қапланбекте» 25, «Қазығұртта» 13 көлік кезекке жиналған.

Қазан айынан бастап, Қытай Қазақстан жүк көліктерін өткізбеуін жиілетті. Қытай шекарасына өтпекші болған жүк көліктерін «Қорғас жұмыс істеп тұрған жоқ» деген желеумен тоқтатты. «Достық-Алашанькоу» шекара бекетінен Қазақстаннан Қытайға жол тартқан тәулігіне 16 вагоны өтетін поездар 5-6 вагонға дейін шектелді. Осы себепті шекара аймағына жеті мың вагон жиналып қалды.

Қазанның бас кезінде Қытай Қазақстаннан келетін астықты да қабылдамай қойды. Отандық тасымалдаушылар екі ел шекарасында  екіұдай жағдайда қалды. 21 қазан күні Қытай қайтадан «Қалжат» өту бекетінен қазақстандық жүк көліктерінің өтуін ұлғайтамыз деп уәде берді.

Алайда, мына бір жағдай оғаш көрінеді. Қытайдың Қазақстанмен темір жол қатынасы тоқтап тұрса да, Еуропаға қарай  темір жол жүк тасымалы едәуір артқан.

Abai.kz

1 пікір