Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әліпби 5866 12 пікір 1 Қараша, 2021 сағат 17:04

Латынға көшуіміз кімнің шымбайына батып отыр?

Жалпы байқап отырсақ, кейінгі кездері дүниенің басым бөлігімен алакөз болған Ресей біздің елдің ішкі ісіне арсынбай-ақ, араласып, кез-келген нәрседен ақыл айтуға көшті. Әсіресе, тіл мәселесіне келгенде еш қымсынбай, «мынаны былай істеу керек» деген секілді өктемсіген нұсқау беретіндігін қайтерсің?..

Міне, әдеттегідей жан-жағынан жау іздемесе, ішкен асы бойына батпайтын көршіміздің «Sputnik News» атты порталы жақында ғана жерден жеті қоян тапқандай, «Сарапшылардың айтуына қарағанда Қазақстанның латынға көшуге не себепті асықпауы керек», деп, айқайлатқан үлкен мақаласын басты. Және оған анау-мынау емес, «Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесі» деген айдар да береді. Алдымен бұл жерде, егер біз латынға көшетін болсақ, орыс тілінің оған қандай қатысы бар деген заңды сұрақ туындайды. Алайда мұндай ұсақ-түйек дүниеге бұл порталдың сірә, бас ауыртқысы жоқ. Айтты, бітті. Өздерінікі жөн.

Жөн демекші, айтылмыш мақалаға түрткі болған Алматыда өткен «Тәуелсіз мемлекеттердің ынтымақтастығы елдерінің тіл саясаты» атты ІІ Халықаралық конгресіне қатысқан ғалымдардың (олардың қандай ғалымдар екендігін бір құдай білсін)  барлығы бірдей, бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, «шындығында да бұл істе аса асықпау керкек» деген «ғажайып» тоқтамға келіпті. Бейне-бір біздің еліміз ештеңеге қарамастан бірер жылда латынға біржолата көшіп, әлемді аузына қаратындай болыпты. Қазақ елінің латынға көшуінің өзі тасбақандың жүрісінен де сылбыр екендігін осынау арандатқыш портал білмейді емес, жақсы біледі. Мұның астарында егер қазақтар түбі латынға көшіп кетсе, Ресейден біржолата ірге ажыратады деген ойдан шығарылған қауіп екендігін жұрттың барлығы да түсінеді.

Мұндайда асықпау керектігі туралы бұрынғы Президентіміз де, қазіргі Президентіміз де үнемі қадап айтып келе жатқандығын не оқымаған, не естімеген адам қалмаған шығар. Ендеше, осынау онсыз да белглі жайтты атын дардай етіп ТМД елдеріндегі тіл саясатын талқылайтын үлкен бір конгресс ашып, оған аты жөндері де белгісіз ғалымдарды жинаудың қаншалықты қажеттігі болды? Сондағы сөйлеген Өзбекстан тарихы кафедрасының (автор асыққаннан ол қандай оқу орны екендігін жазуды ұмытып кетіпті) доценті (қолқалап жүріп әкелген ғалымының деңгейі осы ма?) өз елінде латын тіліне көшудің алғашқы кездегі қиындықтары жайлы көсіліп тұрып сөйлепті. Бізге осы да жаңалық болып па? Мұндаймен біз де кездесіп отырған жоқпыз ба? Қай жаңа бастама бірден шешіле қоюшы еді? Сосын, тек қиындықтарды ғана сөз еткен ғалымды сөйлеткенше, неге өз елінде осы латынша өте парасаттылықпен әрі дұрыс жүргізілген туысқан Әзербайжан елінің айтулы ғалымына неге сөз бермеске?

Мұны аз десеңіз, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мен Украина секілді елдерден анау-мынау емес, 150-ден астам ғалым жиналған жерден латынға көшудің аса қажеттілігі, оның қай елге де әкелер тиімділігі секілді жұртқа жақсы ой салар ұтымды ұсыныстар неге айтылмаған? Бұл мәселенің тек қиындығы жайлы қайта-қайта езе беретін, ешкімге еш пайдасы жоқ мұндай жиынға қара-құрым ғалымдарды жинап, бюджеттің ақшасын шашудың қандай қажеттілігі болды? Әкелер тиімділігі немен өлшенеді? Мұны шотқа қағып, есептеген жан бар ма? Әлде біз тек осындай жиыннан тек қателіктерді теріп жазған мақаларды ғана оқып, мәз болып отыра береміз бе? Бұған қисынды дәлел мен бұлтартпас фактімен мықтап тойтарыс беретін ғалым бар ма бізде? Олар неге осындай порталға қарсы мақала жаза алмайды? Кімнен  немесе неден қорқады?

Айтпақшы, өзіміздің осындай солқылдақтығымызды жақсы білгендіктен, енді өз елімізде шығатын порталдар да сол Ресейдің  құйтырқы саясатын қолдауға көшті. Мұны біздегі мемлекетіміз аямай-ақ, қаржы құятын орыстілді порталдардың бірнешеуі осы мақаланы сол күйінде көшіріп басып, отқа май құя түсті. Біз, әрине, «мұндай мақалаларды баспа» деп айтуға құқымыз жоқ. Алайда олардың жемсауын толтырып отырған арнайы мекемелер қайда қарап отыр? Әлде олар да осындай саясатты қолдай ма екен? Міне, қазаққа қарсы мақаланы басқанда ешкім ауыз ашпаған соң, олар есірмегенде, кім есіреді?.. Мен қай мақаламда да біздегі «бесінші колоннаның» аса қауіпті екендігі үнемі ескертумен келемін. Алайда, бұған әу деген ешкім жоқ.

Жалпы, бар қызық мұнымен аяқталмайды. Осы конгрессымаққа қатысқан өзгесі-өзге, өзіміздің елдің елшісі, филология ғылымының кандидаты Қайрат Жаңабаев қазақтардың латынға көшуін онша мақұлдамайтын көрінеді. Оның ойынша күні ертең біз латынға көшкенде Мұхтар Әуtзов секілді классиктердің еңбектерін латыншаға аудару кейбір адамдар үшін (ол қандай адамдар?) ақша табудың жолына айналады екен. Өйткені неше түрлі грантар мен жобалар шығып, біреулер байып қалады-мыс. Сөйтіп, бүкіл қазақтың рухани қазынасына үлкен зиян келеді. Мұндайда, әрине, ол латынға мүлдем қарсы.

Біз қашанда қонақжай халық емеспіз бе? Бұл алқалы жиынға Ресейдегі Пушкин атындағы орыс тілі мемлекеттік институтының ғылым жөнінідегі проректоры, профессор, филология ғылымының докторы Михаил Осадчий дегенді шақырыпты. Ол жиналғандарға қазіргі посткеңестік заманда екі тілділікке, тіпті, үш тілділікке өтудің өзектілігі жайлы отырғандардың мәңгі есінде қаларлықтай «аса мәнді» лекция оқыпты. (Бұл ғалымның екітіліділік дегенде нені меңзеп тұрғандығын түсінуге көп ақылдың қажеті жоқ шығар) Сірә, осыншама атағы бар, сонау Мәскеуден келген қонақтың беделі мен мысы басты ма, біздің ішімізден осындай ғылым докторының мәнді де мағыналы әңгімесін ести алмадық. Мүмкін, мұндай келелі әңгіме болған да шығар. Алайда, біз мұны орыс тілді басылымдардан көре алмадық.

Бұл енді елге әлгіндей келелі жиындардан обьективті де шынайы ақпараттың таралуына жауапты жандардың, яғни осынау аты-шулы жиынды ұйымдастырушылардың еншісіне қалдырдық.

Жайберген Болатов

Abai.kz

12 пікір