Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Дидар-ғайып 2018 2 пікір 26 Қазан, 2021 сағат 10:57

Академик Серік Қирабаев дүние салды

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, сыншы, филология ғылымының докторы, академик Серік Қирабаев 95 жасқа қараған шағында дүние салды.

Серік Смайылұлы Қирабаев 1927 жылы 23 наурызда Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Атасу ауылында туған. 1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіргеннен кейін аспирантурада оқи жүріп, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, «Әдебиет және искусство» журналының бөлім меңгерушісі болып істеген. 1952-1955 жылдары «Пионер» журналында редактор, 1955-1958 жылдары. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде меңгеруші, редакциялық алқа мүшесі болды. 1958 жылдан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында 30 жыл бойы доцент, профессор, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, институт ректорының оқу ісін басқаратын орынбасары қызметтерін атқарды. 1988-1995 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, кейіннен бөлім меңгерушісі болды.

Филология ғылымының докторы (1964), профессор (1966), КСРО Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі (1968), ҚР ҰҒА-ның академигі (1994), Қазақстан және Қырғызстан республикалары ғылымының еңбек сіңірген қайраткері (1977, 1995), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері (1996).

Қазақ әдебиетінің өзекті мәселеріне арналған сын мақалалары мен рецензиялары 1948 жылдан бастап жарық көре бастады. Содан бергі уақытта 800-ден астам әдеби-сын ғылыми мақалалары мен еңбектері жарық көрді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» Грамотасымен, КСРОның «Еңбек Қызыл Ту» Ордені, КСРОның «Халықтар Достығы» Орденімен марапатталған. 1994 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, 1995 жылы «Қырғыз Республикасының Еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді. 1996 жылы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. 2005 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері. 2007 жылдың 30 наурызында ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке қабылдауында болып, қазақ ғылымына сіңірген айрықша еңбектері үшін еліміздің ең жоғарғы «Отан ордені» мен марапаттады. 2012 жылы ІІ дәрежедегі «Барыс ордені» мен марапатталды.

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы атынан марқұмның туған-туыс, ет-жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.


Ырысбек Дәбей, жазушы:

- Ертеректе «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүргенде Жұмаға — Жұмабай Шаштайұлының тапсырмасымен айтары көп талай ақсақалмен сөйлесудің реті болды. Серік Қирабаев ақсақалмен де сол жылдары қауқылдасып қалдық. Түнде о кісінің О дүниелік болғанын естіп, айтқан әңгімесі, біраз естеліктері есіме оралды.

«Ғабит Мүсіреповтың «дос болмайтын адаммен, дос кезіңде айырылыс» деген бір жақсы сөзі бар еді. Күнделікті қарым-қатынаста осы сөзді негізге алған адам өкінбейді деп ойлаймын...». «Әкеміз ағайынды кісілер еді ғой» деп тағы бір әңгіменің тиегін ағытты. «Әкем ағайынды үшеу, мен ортаншысының баласы едім. Мені әкемнің ағасының әйелі бауырына салып алыпты. Сөйтіп, Смайыл деген кісінің баласы болып кеттім... Туған әкем өмірінде менімен оңаша отырып бір ауыз сөз сөйлескен кісі емес. Асырап алған әкемнің көңіліне келеді деп, менен аулақ жүретін. Смайыл әкем о дүниелік болғанда да осы әдетінен жаңылған жоқ. Кейін өзі төсек тартып, қайтыс болар алдында көңілін сұрай барғанымда: «Әкеңнің көңіліне келер деп жақын тартып, бетіңнен сүйіп көрмеп едім. Қолыңнан сүйейін», - деп қолымның сыртынан сүйді...».

«Бұрынғының адамы» деген сөз болушы еді, ондай кісілердің де қатары сиреді. Алла алдынан жарылқасын Жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1751
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1722
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1444
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1367