Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4360 0 пікір 26 Маусым, 2012 сағат 08:53

Жасарал Қуанышәлин: Жаңаөзен мен Шетпе: сот үкімі Халықтың шарасыздығын «заңдастырды»

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің ақпараттық топ жетекшісі - Жасарал Қуанышәлин мырзаның сот залынан жазған репортаждары www.abai.kz ақпараттық порталында тұрақты жарияланғанын ғаламторға көз тіккен жаһан жұрт жақсы біледі.

49 адамға «әділеттілік пропорциясына»  «сәйкестендірілген» үкім шығарып, жаза кескен сот аяқталды. Қазақстанның шеңберінен шығып әлемге аян болған «әйгілі» сот аяқталар тұста «Арқанкерген қырғыны»  еліміздің оңтүстік-шығысына жұрт назарын аударып әкетті де 49-дың тағыдыры көмескелене бергендей болды. Алайда, 16 желтоқсан күні Жаңаөзен мен Шетпедегі  айшықты алаңда оққа ұшып, соққыға жығылған қорғансыз елдің жұпыны халі жадымыздан оңай көшіп кетпесе керек деген ойдамыз. Осы мақсатта біз қазақтың шын мағынасындағы қайраткер ұлы - Жасарал Қуанышәлинмен сұхбаттасқан  едік. Әңгіме барысында Жасекең Жаңаөзен мен Шетпе оқиғасына қатысты   СОТ ҮКІМІ «БИЛІКТІҢ ЖҮГЕНСІЗДІГІН, ЖАУАПСЫЗДЫҒЫН, ЖАЗАСЫЗДЫҒЫН ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫҢ ШАРАСЫЗДЫҒЫН «ЗАҢДАСТЫРДЫ» деп ашығын айтты.

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің ақпараттық топ жетекшісі - Жасарал Қуанышәлин мырзаның сот залынан жазған репортаждары www.abai.kz ақпараттық порталында тұрақты жарияланғанын ғаламторға көз тіккен жаһан жұрт жақсы біледі.

49 адамға «әділеттілік пропорциясына»  «сәйкестендірілген» үкім шығарып, жаза кескен сот аяқталды. Қазақстанның шеңберінен шығып әлемге аян болған «әйгілі» сот аяқталар тұста «Арқанкерген қырғыны»  еліміздің оңтүстік-шығысына жұрт назарын аударып әкетті де 49-дың тағыдыры көмескелене бергендей болды. Алайда, 16 желтоқсан күні Жаңаөзен мен Шетпедегі  айшықты алаңда оққа ұшып, соққыға жығылған қорғансыз елдің жұпыны халі жадымыздан оңай көшіп кетпесе керек деген ойдамыз. Осы мақсатта біз қазақтың шын мағынасындағы қайраткер ұлы - Жасарал Қуанышәлинмен сұхбаттасқан  едік. Әңгіме барысында Жасекең Жаңаөзен мен Шетпе оқиғасына қатысты   СОТ ҮКІМІ «БИЛІКТІҢ ЖҮГЕНСІЗДІГІН, ЖАУАПСЫЗДЫҒЫН, ЖАЗАСЫЗДЫҒЫН ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫҢ ШАРАСЫЗДЫҒЫН «ЗАҢДАСТЫРДЫ» деп ашығын айтты.

- Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің  атынан порталымызға сот отырысының қалай өтіп жатқандығы жайында тұрақты түрде репортаждар сериясын жасадыңыз. Еңбегіңізге алғыс айта отырып: «Соттың өту барысын қалай бағалайсыз?» - деген сауалдан әңгімемізді бастасақ дейміз.

- Репортаждарға сайт оқырмандары риза болса, маған одан артық ештеңе керек емес. Ал, сол репортаждарды жарыққа шығаруға мүмкіндік бергендеріңіз үшін мен өз тарапымнан сіздерге: «Зор рахмет!» - деймін.

«Жаңаөзен ісі» де, «Шетпе ісі» де Ақтаудағы сот процестерінде бір «сценарий» бойынша қаралғандығына ешкім таласа қоймас деп ойлаймын, сондықтан расында да «соттар» дегеннен гөрі «сот» деп, екеуін біріктіре атаған дұрыс, меніңше. Ал, оның қалай өткендігіне келер болсақ... Сот отырыстарын мұқият қадағалап отырған барша жұртшылықтың көзі анық жеткендей, тергеушілер жаңаөзендік 37 және шетпелік 12 азаматтың «қылмыстарын» ұрып-соғу, азаптау, қорқытып-үркіту арқылы, бір сөзбен айтқанда - таза фашистік әдіс-тәсілдермен «мойындатса», тіпті айыптау жағының «куәларына» дейін ұқсас тәсілдермен «дайындаса», прокурорлар осындай, яғни, көпе-көрнеу заңсыз «тергеу» материалдары «негізінде» бастан-аяқ жалған «айыптау қорытындысын» жасаса, ал сот, осының бәрін өте жақсы көре-біле тұра, жаппай заңсыз құжаттарды түк білмегендей қабылдап алып, іс жүргізсе, ондай «сот» қалай өтуге тиіс? Әлбетте, әділетсіз өтуге тиіс еді және солай өтті де.

- Бүкіл ел көз тігіп күтіп отырған сот үкімі неліктен ұзақ уақытқа кешігіп шықты?

- Мұның себебі - жоғарыда айтқанымдай, жалған құжаттар мен өрескел заңсыздықтар арқылы ың-шыңсыз сыдыртып өте шығуға тиіс болған сот процесі әу бастан-ақ биліктің алдын-ала түзген жоспарынан күрт ауытқып, мүлде басқа қалыпқа түсіп кетті.

Нақтылай айтсақ, 2011 жылдың 16-желтоқсаны күні биліктің өзі ұйымдастырып, жүзеге асырған қанды алатопалаңнан ауыр зардап шеккен қарапайым халық өкілдері, шын жәбірленушілер, сот басталған бойда бірінен соң бірі талаптарынан бас тартуға кірісті. Және де жәй бас тартқан жоқ, біріншіден, билік өкілдерінің талап-арыздарды өздеріне алдап жаздырғандығын әшкере етті, екіншіден, талаптарынан бас тарту себебін сотталушылардың кінәсіздігімен түсіндірген олар 37 азаматтың ашық қолдаушыларына айналып, судья мен прокурорларды есеңгіретіп тастады.

Бұл аз болғандай, «жәбірленуші» аталған билік өкілдерінің өздері, соның ішінде Тәуелсіздік күнгі қанды қырғынның тікелей «авторлары» - полицейлер де, бір де бір сотталушының қылмысын мойнына сала алмады. Керісінше, олардың арасында айыптылардың жоқ екендігін өздері мойындауға мәжбүр болды.

Оның есесіне, сотталушылар бірінші болып сұралған «жәбірленушілер» арасынан да, екінші кезекте сұралған «куәлар» арасынан да халыққа оқ атып, қаншама адамның өмірін қиған, жарадар еткен, өздерін ұрып-соғып, азаптап, қорқытып-үркіткен погонды жендеттерді танып, оларды айдай әлем алдында әшкере қылды. Сөйтіп, айыпталушылар - айыптаушыларға, айыптаушылар - айыпталушыларға  айналды да, биліктің бейкүнә мұнайшыларды нахақ соттау үшін ұйымдастырған сот процесі іс жүзінде өзінің бастапқыдан-ақ орындауға тиіс болған тікелей міндетін орындап, №1-ші қылмыскер - биліктің өзін соттаушы процесс қалпына түсті. Бірақ бұл, қайталап айтам, іс жүзінде орын алған ақиқат жағдай, ал формалды түрде, өкінішке орай, бетсіз билік ештеңеге қарамастан өзінің «соттаушы» рөлін жалғастыра берді, әрине.

Ақыр аяғында, сұрау кезегі сотталушыларға жеткен кезде, олар түгел өздерінің зорлық-зомбылық салдарынан «мойындауға» мәжбүр болған «қылмыстарынан» үзілді-кесілді бас тартты және тағы да көптеген мундирлі жендеттердің (ішінде прокурорлар да бар) қылмыстарын ашып салды.

Ал, биліктің өзін осыншалықты дәрежеде масқара қылып әшкерелеген сот процесі аяқталған соң, сөз жоқ, судья мен прокурорларға мұндай жағдайдан қалай «абыроймен» шығу амалдарын қарастыру мақсатында «жоғарғы жақпен» ақылдасу үшін уақыт керек болды. Яғни, сот үкімін жария ету процедурасының бұрын-соңды болмаған ұзақ мерзімге созылып, кешігуінің негізгі себебі - осы...

- Неліктен үкім әркелкі болды? Полицейлер соты қарапайым азаматтар ісінің көлеңкесінде қалып қойған жоқ па?

- Сотталушы жаңаөзендіктер мен шетпеліктерге қатысты үкімнің әркелкі болуының себебі - тіпті қарапайым. Жоғарыда атап өткеніміздей, шын мәнінде өзі құрған қақпанға өзі түсіп, сот процесінде масқара болған билікке «сот әділетті өтті»-міс деген түр көрсетіп , жұртшылық алдында өзін аз да болса «ақтап алу» («реабилитация» жасау) үшін мықтап бас қатыруға тура келді. Соның нәтижесінде формалды түрде «әділеттілік пропорциясына» аз-маз «сәйкестендірілген» үкімдер қабылданып, шетпеліктердің де (12 адамның «тек» төртеуі), жаңаөзендіктердің де (37 адамның «тек» он үші) үштен бірі түрме мерзімдеріне кесіліп, қалғандары не шартты жазалар алды, не рахымгершілдікке (амнистияға) ілікті, не ақталды (ең аз бөлігі).

Әлбетте, мұндай «пропорцияға» шүкіршілік етуге де болар ма еді, егер... Ия, егер сотталғандардың шындығында да ондай-мұндай қылмыстары бар болса. Бірақ мына жағдайда ешқандай шүкіршілікке орын жоқ, өйткені, жоғарыда дәлелдегеніміздей, сотталғандардың арасында ешкімнің ешқандай қылмысы жоқ екендігін, керісінше, бәріне кінәлі тек биліктің өзі ғана екендігін сот процесі айқын көрсетіп берген болатын. Басқаша айтқанда, 49 азаматтың бір де біреуі ешқандай сот жазасын алуға тиіс емес еді.

Ал полицейлер сотының қарапайым азаматтар ісінің көлеңкесінде қалып қоюы - «заңдылық». Неге? Өйткені «сценарий бойынша» солай болуға тиіс еді, солай болды да. Мұны «үлкен қылмыс жасап, аз жазамен құтылу» дейді. Нақтылай айтсақ, біріншіден, сотталушылар орындығында еш кінәлары жоқ жаңаөзендік және шетпелік еңбекшілер емес, қайталап айтам - бәріне өздері кінәлі билік өкілдері отыруға тиіс еді. Екіншіден, олардың ішінен тек халыққа қарсы оқ ату жөніндегі бұйрықты орындаушылар, яғни - кіші және орта буын полицейлер ғана емес (немесе «жаппай тәртіпсіздіктерді» ұйымдастырған кіші және орта лауазымды шенеуніктер ғана емес), 16-желтоқсан күні Жаңаөзен қаласының орталық алаңы мен оның төңірегінде түрлі арандатулар, өртеулер, қиратулар, тонаулар ұйымдастыру және, соны сылтау етіп, халыққа қарсы оқ ату жөнінде бұйрық берген жоғары лауазымды басшы да (өз айналасындағы негізгі қосшыларымен бірге) заң алдында жауапкершілікке тартылуға тиіс болатын.

Бірақ, әлбетте, тек сотты ғана емес, бүкіл мемлекет билігін тырп еткізбей ашса - алақанында, жұмса - жұдырығында ұстап отырған ол басшылық өзін-өзі соттайтындай ақымақ емес қой. Сондықтан ол «өте ақылды» тірлік жасады - өз бұйрығын мүлтіксіз орындаған полицейлер мен шенеуніктерді ғана (және де олардың тек кейбірін ғана) соттады. Оның өзінде де тек соттаған... түр көрсетті. Өзіңіз ойлап қараңызшы: сот еш кінәсі жоқ адамдарға неше жылдан жаза кессе, қаншама адамдардың өліміне кінәлі полицейлерге де... тап сонша жылдан жаза кесті! Сондай-ақ, егер назар аударған болсаңызд, үкім жарияланған соң түрмеге кесілген жаңаөзендіктер мен шетпеліктердің қолдарын кісендеп алып кетсе, түрмеге кесілген полицейлерді... «білезіксіз» алып кетті. Неге? Өйткені алғашқылары - биліктің «жаулары», ал соңғылары - өз адамдары. Осы тұрғыдан алғанда, егер көп ұзамай әлгі полицейлерді босатып жібергендігі жөнінде естіп, біліп жатсаңыз - таң қалмаңыз...

- Билік неге Жаңаөзен оқиғасы болған күнге қаралы күн жария етпеді? Мысалы, «Арқанкерген» оқиғасына азалы күн жарияланды. Бұл екі оқиғаны биліктің екі басқа бағалауы - Ата заң бойынша тең құқықты болып саналатын азаматтарды бөлу болмай ма?

- Мен бұл сұраққа жауапты өзімнің биылғы жылдың 12-қаңтары күні «Азаттық» сайтында жарияланған «Убийца не скорбит по своим жертвам» атты мақаламда берген болатынмын (http://rus.azattyq.org/content/zhasaral_kuanyshalin_zhanaozen/24450001.html?page=1#relatedInfoContainer): «Бір қарағанда, олай болуы мүмкін емес тәрізді көрінетін бұл жағдай, яғни, мұндайда өзін-өзі сәл де болса сыйлайтын билік үшін міндетті болып табылатын алдыңғы қатарлы шараларды, кем дегенде - оққа ұшқан құрбандарға арнап жалпыұлттық азалы күн жариялауды және бүкіл ел бойынша белгілі мерзімге дейін кез-келген сайлау науқандарын, сондай-ақ, көңіл көтерулерді кейінге қалдыруды режимнің қажет көрмеуі - оның cұмдық қылмысын одан сайын ауырлата түседі.

Алайда бұл, қайталап айтамын, тек бір қарағанда ғана мүмкін емес тәрізді көрінетін жағдай. Және де мұндай жағдай жаны ашу, есіркеу, күйіну мен қайғы бөлісу тәрізді қасиеттер олар үшін табиғи қасиеттер болып табылатын адамдарға солай көрінеді. Ал, қанды қасап жасаған режим үшін, басқа да адам өлтіруші қылмыскерлер тәрізді, керісінше, олардың өздері өлтірген адамдарға деген өшпенділік пен кекшілдік сезімдері «табиғи» сезімдер болып табылады. Адам өлтіруші өз құрбандарына қатысты қайғыра алмайды және қайғырмайды да. Міне, сондықтан да режим, оның мұндай қылығының шын мәнінде өзін-өзі қантөгіс үшін кінәлі деп мойындауымен парапар екендігін өте жақсы түсіне тұра, 2011 жылдың 16-желтоқсаны күнгі оқ атуды қарапайым адами дәстүрлер бойынша еске алуға лайық қасірет деп мойындаған жоқ және, бұл елді билеп тұрған кезінде, ешқашан мойындамайды да...».

Сонымен қатар, өзге мемлекеттерде орын алған қайғылы оқиғаларға қатысты міндетті түрде көңіл айтып жататын Ақ Орданың өз елімізде тек Жаңаөзен қанды қасабына ғана емес, басқа да осыған ұқсас жағдайларға да байланысты (мәселен, шахтерлер қазасына, Қызылағаш қырғынына және т.б.) ешқашан азалы күн жарияламағаны, халық қайғысымен ортақтаспағаны, әлбетте, баршаңыздың естеріңізде. Ал бұл нені көрсетеді? Бұл режимнің тек халықтан мүлде алшақ қана емес, халыққа қарсы режим екендігін көрсетеді, әрине.

Сөйте тұра, не себептен Қазақстан билігі өзінің сол мызғымас «дәстүрін» Арқанкерген қырғынына орай бұзып, азалы күн жариялады? Меніңше, мұның екі себебі бар. Біріншіден, еліміздің қоғамдық-саяси ұйымдары, жекелеген қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер кезінде аталмыш қасіреттерге байланысты Ақ Орданың азалы күн жарияламауын оның бетіне басып, айыптағаны, ондай дауыстардың шегарадағы қантөгіске орай да естіле бастағаны белгілі (мәселен, бұл жөнінде осы жолдар авторы К+ телеарнасы арқылы айтқан болатын), сондықтан режим бұл жолы содан «ыңғайсызданып», тұтас бір апта кешіктіріп болса да, әйтеуір азалы күн жариялағанды мақұл көруі мүмкін. Екіншіден, бәлкім, билік ештеңеге қарамастан бұл жолы да селт етпес еді, егер шегара бекетінде қаза тапқандар... мемлекеттің ресми қарулы күштерінің өкілдері болмаса. Яғни, «қарапайым» халық өкілдерінің қазасын ешқашан көзіне де ілмеген (ол аз болса, оларды өз қолымен өлтіруге де барған!) қатыгез билік мемлекет шегарасын күзетуші жауынгерлер өліміне де орай үнсіз қалар болса, өзін халықаралық деңгейде адамгершіліктен таза жұрдай «безбүйрек» билік ретінде түбегейлі әшкере ететіндігін түсінсе керек.

Бірақ Ақ Орданың осы әрекетімен өзін басқа жағынан, яғни, сіз өз сұрағыңызда өте орынды қозғағаныңыздай, ел азаматтарын екі «сортқа» бөлетін алалаушы (дискриминацияшыл) билік ретінде аямай әшкерелегендігін ұғынуға өресі жетпегенге ұқсайды...

- Сотталған азаматтарға кешірім жасалынуы, яғни, амнистияға ілігуі мүмкін бе?

- Меніңше, олай болуы неғайбіл. Неге десеңіз, соттың есебінде рахымшылдыққа (амнистияға) ілігуге «тиіс» болғандар осы сот үкімдерінде-ақ жария етілді. Атап айтсақ, ондай тізімге шетпелік 6, жаңаөзендік 5 азамат ілікті. Әрине, түрлі себептермен, соның ішінде, әсіресе,  әділетсіз сот үкімдеріне қарсы қалың бұқара арасында наразылық күшейіп кеткен жағдайда, түрмеге кесілгендер арасынан жаза мерзімдері төмендеулеріне қатысты Ақ Орданың кенет «аяушылық» сезімі «ояна» қалса, кейбір сотталғандарды босатып жіберу - оның қолында тұрған шаруа. Бірақ менің өз басым мұндай «перспективаға» үлкен күмәнмен қараймын.

Сонымен қатар, сот үкімдеріне орай ұмытуға болмайтын бұған керісінше мағынадағы бір күрделі факт - ол - шетпелік 1 және жаңаөзендік 16 азаматтың  шартты жазалар алғандығы. Ал бұл - олардың тарапынан билікке қарсы сәл-пәл наразылық іс-әрекеттер орын алса болды, сот ондай «оғаш ойлыларды» қайтадан соттап, оп-оңай түрмеге тыға салатындай етіп «ілмекке іліп қойды» деген сөз.

- Соттың Жаңаөзен ісі бойынша үкімі нені білдіреді?

- Біріншіден, біздің елімізде әр кезде шығарылған басқа да әділетсіз саяси сот үкімдері тәрізді, бұл үкім де - халыққа және оның сөзін сөйлеп, қамын жеп, мүддесін қорғап, қамқоршылық ететін оппозициялық күштерге, жекелеген халықшыл азаматтарға кезекті сес көрсету . «Егер билікке қарсы бас көтерер болсаңдар - көрертіндерің осы болады»-мыс.

Екіншіден - бұл үкім із жасыру мақсатына жұмыс істейді, яғни, өз халқына қарсы соғыс ашып, қаншама адамның қанын судай шашқан билік сол қылмысы үшін өзі заң алдында жауап беріп, жазаланудың орнына (бүкіл мемлекеттік органдарды жекешелендіріп алған диктаторлық биліктің өзін-өзі соттағанын қайдан көрдіңіз?!), өз қылмысын тек бейкүнә ғана емес, аталмыш қырғыннан қайғы жұтып, қан жылаған халық өкілдерінің мойнына нахақ қыйып салып, қылмыстылардың қылмыссыздарды жазалау процесін жүзеге асыруға «мүмкіндік береді», ел ішінде және халықаралық аренада қандықол режимнің «абыройын» сақтауға «көмектеседі» . Ал бұ дүниеде бұдан асқан әділетсіздік пен қиянат болуы мүмкін бе?

Үшіншіден, бұл сот үкімі - «күштінің алдында қашан да әлсіз кінәлі», «кімнің құқығы көбірек болса - соныкі дұрыс» («у кого больше прав - тот и прав») дейтін жабайы «принциптерді» тұрақты жетекшілікке алған жеке билік режимі халыққа қарсы қандай қылмыс істесе де оған қарсы тұрудың «еш нәтиже бермейтіндігін», «пайдасыздығын» көпшілік санасына сіңіріп, дәрменсіздік, үмітсіздік сезімін орнату, басқаша айтқанда, бір жағынан, «мәңгілік» биліктің жүгенсіздігі, жауапсыздығы мен жазасыздығын, екінші жағынан - халықтың шарасыздығын «заңдастыру» міндетін атқарады.

- Түрлі қоғамдық, ұлттық ұйымдар және жекелеген тұлғалар «Сот ісінің әділ өтуін» талап етуден, ашық хат жазудан әріге бара алмады. Жалпы, Жаңаөзен секілді ұлттық мәселелерде жоғарыда айтқан қоғамдық, азаматтық ұйымдар мен тұлғалар нақты іске барудан неге тайсақтайды?

- Сіз айтып отырған жағдайдың, яғни - 1994 жылдың наурызында демократиялық жолмен сайланған Қазақстанның тұңғыш және соңғы шын мәніндегі тәуелсіз парламенті 1995 жылдың наурыз айында, осыдан 17 жыл бұрын заңсыз қуып таратылғаннан кейін қалыптасқан және халықтың өзінің заңды құқық-мүдделері жолындағы әділ күресіне орасан зор зардабын тигізіп, елімізді 20 жылдан бері билеп-төстеп келе жатқан диктаторлық жеке билік режимнен құтылуға мүмкіндік бермей келе жатқан керітартпа жағдайдың сыры неде?

 

«Бұ дүниеде не де болса салыстырғанда айқындалады» қағидасына сәйкес, бұл әңгімені мен осындай сұраққа байланысты көбінесе тілге тиек болатын: «Қырғыздың қолынан келген күрес неге қазақтың қолынан келмейді?» - сауалына жауап беруден бастағанды мақұл көріп отырмын. Расында да, неге? Қырғыз «мықты», қазақ «әлсіз» болғандықтан ба? Жоқ, әрине.

Егер, арғы ғұн, сақ, ежелгі түрік, қыпшақ... замандарына бармай-ақ, беріні ғана көктей шолып өтсек, анау айтқандай «әлсіз» қазақ қалайша 15-ші ғасырда бүкіл Орталық Азиядағы жергілікті халықтың өз атымен аталған тұңғыш және жалғыз ұлттық мемлекет - Қазақ хандығын құрды? Содан бері басынан өткерген не бір қиямет-қайым жағдайларға қарамастан (басқасын айтпағанда, ғасырларға ұласқан және қазақты ұлт ретінде жер бетінен жойып жіберуге бағышталған жойқын жоңғар шапқыншылықтары, жабайы Ресей отаршылдығы мен кеңес кезіндегі алапат Ашаршылық зұлматтарының өзі неге тұрады!) жер көлемі жағынан дүние жүзінде 9-шы орын алатын ұланғайыр Отаны - Қазақстанды көзінің қарашығындай сақтап, 21-ші ғасырда өмір сүріп жатқан мына біздерге қалайша аманаттап тапсырды? Сол сұрапыл замандарда отаршылдарға қарсы жүздеген көтеріліс жасап, ақыры, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісімен алып империяның іргесін шайқалтып, көп ұзамай оның біржола құлауына қалайша себепкер болды?..

Әрине, базбіреулер: «Жұрттың бәрі жатқа білетін бұл фактілерді айта бергеннен не пайда, мәселе қазақтың қазіргі дәрменсіздігі жөнінде ғой», - деуі мүмкін. Солайы - солай, алайда мен  ұлтымыздың бүгінін дұрыс түсініп, ертеңін қатесіз болжау үшін қанша қайталасаң да ешқашан ескірмейтін және тозбайтын осынау мәңгілік ақиқаттар бізге тұрақты сабақ болуға тиіс деп есептейтін азаматтар қатарына жатамын.

Осы тұрғыдан алғанда: «Қалай болғанда да, үш ғасырға созылған отаршылдық зар заман құрсауынан да аман шыққан қазақ не себептен тәуелсіздік алған нар заманда мұншалықты пұшайман халге душар болды?» - деген заңды сұрақ туады. Ал оның жауабы, меніңше, мынада: өкінішке орай, ұлтымыз ғасырлар бойы күресіп, аңсап, күткен тәуелсіздік келген кезде Қазақстанды, қазақтың сорына, тәуелсіздік үшін күреспегені былай тұрсын, оған... қарсы болған адам басқарып отырды! Соның салдарынан, бейнелей айтқанда, ӨЗІ келіп есік қаққан тәуелсіздік біздің елге ең соңы болып, жетім балаша қысылып-қымтырылып әзер дегенде кірді.

Бұған көз жеткізу үшін бұрынғы одақтас республикалардың қайсысы өз тәуелсіздігін қай кезде жариялағандығын көрсететін төмендегі кестеге көз жүгіртсе де жетіп жатыр.

 

1990 жыл:

11 наурыз - Литван КСР

1991 жыл:

9-сәуір - Гүржі КСР

20-тамыз - Эстон КСР

21-тамыз - Латыш КСР

24-тамыз - Украин КСР

25-тамыз - Беларус КСР

27-тамыз - Молдова КСР

30-тамыз - Әзірбайжан КСР

31-тамыз - Қырғыз КСР

1-қыркүйек - Өзбек КСР

9-қыркүйек - Тәжік КСР

23-қыркүйек - Армян КСР

27-қазан - Түрікмен КСР

16-желтоқсан - Қазақ КСР

 

Көріп отырғанымыздай, Қазақстан тәуелсіздікті ең бірінші болып жариялаған Литвадан 1 жыл 8 ай 5 күн кейін, екінші болып жариялаған Гүржістаннан 7 ай 7 күн кейін, үшінші болып жариялаған Эстониядан 3 ай 26 күн кейін және біздің алдымызда ең соңы болып жариялаған Түрікменстаннан табандатқан 1 ай 20 күн (!) кейін қабылдап алған. Неге? Бұл сұраққа жауап - айтарлықтай көлемді және жауабын көзі қарақты оқырман білуге тиіс күрделі әңгіме тақырыбы, сондықтан әзірше осы фактіні атаумен ғана шектеліп, әлгіндегі қазақ пен қырғызды салыстыру желісін әрі қарай жалғастыралық.

Тәуелсіздік келген кезде   Қырғызстанға еш  бір кеңестік-партиялық жоғары лауазымды қызмет атқармаған ғалым, академик-интеллектуал тұлға бірінші басшы болды. Міне, осы тұстан бастап көрші екі елде біріне-бірі мүлде қарама-қайшы саясат көрініс тауып,  Қырғызстан президенті ә дегеннен-ақ шын мәніндегі демократиялық принциптерге негізделген басқару жүйесін құруға кірісті.

Нәтижесінде Қазақстан көп ұзамай бүкіл билік тізгіні бір адамның қолына шоғырланған және бастапқы кезде қылаң берген демократиялық құқықтар мен бостандықтардың іс жүзінде затын жойып жіберіп, заң жүзінде тек атын ғана «сақтап қалған» авторитарлық квазимемлекетке айналса, Қырғызстан әлемге «Орталық Азиядағы демократия аралы» деген атпен мәлім болды. Өкінішке орай (қырғыздар үшін), Бішкектегі басшының 1998 жылы қазақ басшысымен құда болып, соның ықпалына түсуі оны да бірте-бірте демократия жолынан тайдырып, елді автократиялық және кландық әдіс-тәсілдермен билеу «ауруына» шалдықтырды.

Алайда қырғыз халқы соған дейін-ақ демократияның дәмін мейлінше татып, еркіндік ауасын терең жұтып үлгерген еді. Сондықтан олар «бұзылып кеткен» басшысының әуселесіне көп шыдамай, 2005 жылы оны тақтан құлатып, елден қуып тынды. Екінші президент бұрынғыдан да бетер автократ болып шыққанына көздері жеткен демократ қырғыздар оны да 5 жылдан соң орнынан кетіріп, шегара асырды. Сөйтіп, президенттік билеу жүйесі Қырғызстанда міндетті түрде диктаторлықпен аяқталатындығына әбден көздері жеткен біздің айыр қалпақты бауырларымыз қазір парламенттік республика құру ісіне қызу кірісіп жатыр...

Ал, тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі 2-3 жыл ішінде демократияның тек көлеңкесін ғана көріп, қазір оны мүлде ұмытып үлгерген қазақтар болса, әттең, 20 жыл бойы жеке билік режимі түріндегі суперпрезиденттік  режимнің табаны астында тапталып, езіліп-жаншылудан көз ашпай, мүлде азып кетті.

Оның үстіне, өзінің табиғи диктаторлық қасиеттеріне қосымша Макиавеллиді жастанып жатып оқитын біздің президент соның арқасында қарамағындағы елді жеке-дара, яғни, оппозициясыз басқарудың не бір әдіс-тәсілдеріне (қуыршақ «парламентті» алдын-ала дайындалған тізім бойынша бір «партия» өкілдерінен «сайлап» алу, «қауіпті» партияларды екіге жарып, өзара қырқыстырып қою немесе жылдар бойы тіркемей, «қаңтарып» тастау, ел алдында беделді қоғам қайраткерлері мен саясатшылардың кейбірін түрмеге тығып, екіншілерін «өз-өзіне өлтіртіп» немесе «кредитпен» атқызып, үшіншілерін шетелге шығандату дегендей) әбден машықтанып алғаны соншалық, аталмыш 20 жыл ішінде ол өзіне қарсы тұрған және, тіпті, қарсы тұруы мүмкін оппозициялық ұйымдар мен жекелеген тұлғалардан «елді тазарту» саясатын үздіксіз жүргізіп, бұл тұрғыда «зор табыстарға жетті».

 

Біздің режимнің қол жеткізген және бір үлкен «табысы» - ол - жоғарыда айтылған тазартулар нәтижесінде онсыз да адам айтқысыз дәрежеде әлсіреген шынайы оппозициялық күштер орнына халық алдында көлбеңдетіп, Ақ Ордадан құпия басқарылатын жалған оппозициялық партиялар мен тұлғаларға саяси спектакльдер ойнатып қоюы салдарынан кімнің кім екенін айырудан қалып, мүлде адасып, шатасқан жұртшылықтың басын шыр айналдырып тастауы. Мысал үшін, Жаңаөзен қанды қырғынына наразылық ретінде бүкіл шынайы оппозицияның соңғы «парламент сайлауына» қатысудан бір адамдай бас тартуына қарамастан, сондай жалған оппозициялық партиялардың бірі (бірегейі десе де болады) - ЖСДП сол «сайлауға» бастан-аяқ қатысып, режимге оны «заңдастырып» берді. Сөйтті де, «парламентке өткізбей тастағаны үшін» билікке «наразы» болып, рұқсат етілмеген митингілер «науқанын» бастады (онысына да рахмет!), басшылары тіпті екі реттен 15 тәулікке отырып шығып, «ерлік» жасады, Ақтаудағы сот процестеріне тұрақты түрде қатысып, залда алдыңғы қатарда отырды, ал соңғы кезде тіпті... Мәскеудегі оппозиция шараларына да қатысып, біраз «ұпай» жинап алды...

Ал енді өзіңіз айтыңызшы, егер халыққа, соның ішінде жаңаөзендіктерге де, қамқор болуға әлеуетті шынайы оппозициялық ұйымдардың бірі (Компартия) жабылып, екіншісі (тіркелмеген «Алға!» партиясы) жабылу алдында тұрса, соңғысының басшысы - Владимир Козлов пен белгілі саясаткер Серік Сапарғали жаңаөзендік әріптестерімен бірге жарты жылдан бері ҰҚК қамауында жалған айыптар «негізінде», ал шын мәнінде - халыққа қамқор болғаны үшін - сот күтіп отырса, оның үстіне күні кеше ғана Болат Атабаев пен Жанболат Мамайды да тұтқынға алып, Алматыдан Ақтауға автозакпен алып кетсе, қандай «азаматтық ұйымдар мен тұлғалардың нақты іске баруы» жөнінде әңгіме болуы мүмкін?!

Өкінішті, әрине, бірақ бүгінгі Қазақстанда қалыптасқан масқара қоғамдық-саяси хал-ахуал жөніндегі ащы шындық - осы...

- Әңгімемізді негізгі тақырыпқа қайтадан бұрайық. Жасаға, өзіңізде байқап жүрген шығарсыз, сот үкімінен кейін Жаңаөзен оқиғасы бірте-бірте ұмытыла бастағандай. Біздің қоғам неге ұмытшақ осы?

- Сөзіңіздің жаны бар, алайда бұл мәселеде астын сыза анықтай кетуді қажет ететін бір ақиқат - «ұмытшақ» қоғам емес, билік.

Егер өткенді еске түсірсек, бұған дейін де ұлттық тарихымыздан ойып тұрып орын алуға тиіс халық қасіреттерін, жалпы алғанда - ірі бұқаралық-тарихи оқиғаларды ұмыту, дәлірек айтсақ - ұмыттыру тұрғысынан біздің биліктің мол «тәжірибесі» бар. Мәселен, тәуелсіздік жылдары Ақ Орда ешқашан бір жарым ғасырлық Жоңғар зұлматына да, Ресейдің үш ғасырға созылған отаршылдық қылмыстарына да, 1916 жыл көтерілісіне де, ХХ ғасыр басындағы «Алаш» қозғалысына да, 1921-23 және 1931-33 жылдар Ашаршылықтарына да (тек биіл ғана соңғы Қасіреттің 80 жылдығына орай тиіп-қашпа шараларды жүзеге асырғандай түр көрсетті), 1949-1989 жылдар аралығында жүрген қылмысты Ядролық сынақтар мәселесіне де (шын мәнісінде ол - Кремльдің 40 жыл бойы қазақ халқына қарсы жарияламай жүргізген ядролық соғысы болатұғын), 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне де, 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасына да, 1991 жылдың Оралдағы қазақ-казак текетіресіне да, 2006 жылғы Шаңырақ көтерілісіне де лайықты мән бермей (саналы түрде), оларды тұмшалаумен келеді. Оның есесіне «үлкен кісінің» ғалым, жазушылар алдына: «Өткенді қазбалай бермей, тәуелсіздік жетістіктерін паш етіңдер», -деп, міндет қойғаны белгілі.

Енді, міне, бүкіл әлемнің көз алдында өз қолымен жасаған 2011 жылғы Жаңаөзен қырғынын да, оның бүкіл шынайы мән-мағынасын көпе-көрнеу бұрмалау үшін ұйымдастырылған әділетсіз соттар арқылы ғана емес, басқа да амалдармен тезірек ұмыттыру үшін бұл режимнің бәрін істейтініне еш күмән жоқ. Осы тұрғыда менің бір «жаман ойым» бар. Әрине, қателессем, Құдай кешірсін, бірақ соңғы кезде көкейімнен бір күдіктің кетпей қойғанын жасыра алмаймын. Ол  күдік: «Осы Арқанкерген қырғынын ұйымдастырушылар оны жүзеге асырған кезде өздерінің өзге да қылмысты мақсаттарымен қатар жұрт назарын Жаңаөзен қырғынынан басқа жаққа аударып, оны осынау екінші «жұмбақ» қантөгістің «көлеңкесінде» қалдыру арқылы ұмыттыра бастау мақсатын да қоймады ма екен?» - деген күдік. Өйткені бұл режим өзінің бір қылмысын жасыру үшін оны кез-келген басқа да қылмыстармен «бүркей салудан» тайынбайды деп есептеймін.

Ал, билік ұмыттыруға қанша тырысқанымен, Жаңаөзен қасіретін біздің қоғам ұмытқан жоқ және ешқашан ұмытпайды да. Өйткені ол - халқымыздың жазылмай, қансырап тұрған ашық жарасы...

- Қоғам өзін тұтас күш ретінде әлі де сезіне алмай отыр деуге бола ма? Қоғамның өзін тұтас күш сезіне алмауына әлеуметтік тап арасының алшақтығы, «көпұлтты мемлекет» деген саясаттың салқыны да тиіп отыр деп ойламайсыз ба?

- Біздің қоғамның әлі күнге дейін тұтас күшке айнала алмай, әрі-сәрі күй кешіп жатқандығы - басы ашық ақиқат. Және, сөз жоқ, бұған сіз айтқан себептер де айтарлықтай әсер етіп отыр. Егер елдің бүкіл жер асты, жер үсті қазына-байлығын қазақтың қасиетті қара ЖЕРІМЕН қоса «жоғарыдағы» үркердей ғана қарақшы топ жекешілендіріп алып, 20 жылдан бері бақылаусыз және аяусыз талан-тараж, ханталапайға салып, білгенін істеп жатса, ал, Конституция бойынша «биліктің жалғыз қайнар көзі» болып табылатын және жер мен байлықтың Құдайы иесі - қарапайым ХАЛЫҚ іс жүзінде соның барлығынан айырылып, еш құқықсыз һәм қайыршылық жағдайда өгей өмір сүріп жатса, яғни, біздің еліміз мүдделері бір-біріне мүлде қабыспайтын екі антогонистік бөлікке бөлініп отырса, ондай қоғам тұтасуы мүмкін бе?! Мүмкін емес.

Сондай-ақ, іс жүзінде де, заң жүзінде де Қазақтың біртұтас (унитарлық) ұлттық мемлекеті болып табылатын Қазақстанға Ақ Орда «көпұлттылық» шапанын кигізіп, федерацияда ғана болуы мүмкін, ал унитарлық мемлекетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қайдағы бір «Қазақстан халқы ассамблеясына» (бұрынырақ ол, тіпті, «Қазақстан халықТАРының ассамблеясы» аталатын!) диаспоралар өкілдерін жасанды түрде топтастырып, үй ішінен үй тігіп қойды. Ал мұндай саясат, әрине, қоғамымызды тұтастыруға емес, керісінше, бөлшектеуге қызмет етеді.

Қорыта айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың тым құрығанда тәуелсіздік кезінде өз еліне өзі алаңсыз ие болуына еш мүмкіндік бермейтін осындай және басқа керітартпа құбылыстар - жалпы алғанда ел басқарудың ең «тиімді» тәсілі ретінде Ақ Орданың құйтырқы «Бөліп ал да, билей бер» тәсілін қолданып отырғандығының айқын дәлелі. Бұған режимнің кез-келген өркениетті елде еркін өмір сүріп, еркін әрекеттенуге құқықты оппозицияға қатысты жүргізіп отырған дәл осындай саясаты туралы жоғарыдағы әңгімеден де көзіміз жетсе керек...

- Жаңаөзен оқиғасына сыртқы күштердің ықпалы турасында көп айтылды. Соның ішінде осы іске Ресейдің Қазақстанда тұрақсыздық тудыру мақсатындағы жымысқы саясатының ұшығы бар деуге келе ме?

- Олай деуге ешқандай негіз жоқ. Жаңаөзенде орын алған текетірес - бір жағынан, шын мәнінде конституциялық еңбек құқықтары өрескел бұзылуы салдарынан ереуілге шығуға мәжбүр болған мұнайшылар мен, екінші жағынан, олардың сол құқықтарын бұзып, дұрыс жалақы алу үшін еңбекшілерге ереуіл жасағаннан басқа амал қалдырмаған жұмыс берушілер, яғни - ҚазМұнайГаз (ӨзенМұнайГаз) бен оның әріптестері - шетелдік инвесторлар арасындағы мүдде қайшылықтарынан туған текетірес. Басқаша айтқанда, «сыртқы күштер» тек осы тұрғыда, яғни - шетелдік компанияларға қатысты ғана сөз болуы мүмкін, ал принципінде бұл - таза қазақстандық факт.

Және қарапайым еңбек дауын көпке созбай, заң бойынша әділ шешудің орнына жұмысшылардың орынды талаптарына жеті ай (!) бойы құлақ аспай қойып, ақыр аяғында жағдайды масқара қантөгіске жеткізген, әлбетте, ешқандай да «сыртқы күштер» емес, биліктің өзі. Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары - мұнайшылардың мүддесінен жатжұрттық және жергілікті алпауыттардың (ішінде «№1-ші күйеу бала» да бар) мүддесін жоғары қойған «өз» билігіміз. Соның салдарынан біз қазір бұл режимнің өз «қожайындары» - шетелдік инвесторлар үшін қазақ халқына қарсы оқ атып, қырғын салуға дайын екендігіне куә болдық. Ал бұл, өз кезегінде, Қазақстанның шын мәнінде қазір ешқандай да тәуелсіз мемлекет емес, жаңаша отарлау (неоколониализм) құрсауына мықтап іліккен, шетелге толық тәуелді бейшара отар жағдайына қайтадан құлдырап кеткен мемлекетсымақ екендігінің айқын айғағы! Міне, дәл осы тұрғыдан алғанда Жаңаөзен қырғынына «сыртқы күштердің» ықпал еткендігі - бұлтартпас шындық! Әлбетте, «Қазақстанда тұрақсыздық тудыру мақсатында» емес (елімізге инвестиция құйып, пайда тауып жатқан еш те бір компанияның бұған мүдделі емес екендігі өзінен-өзі түсінікті),  капиталдарын қарапайым қазақтан Қазақстан билігінің көмегі арқылы осындай қанқұйлы жолмен «қорғау» мақсатында.

- Жаңаөзен оқиғасының бұрқ ете қалуына «оралмандар кінәлі» деген сөз Тимур Құлыбаев, Өмірзақ Шүкеев сияқты ресми адамдардың аузынан шықты. Сот шешімі бойынша, қанша оралман істі болды? Болмаса, Елбасымыздың өзі ерекше мән берген көші-қон саясатына көлеңке түсіріп сөйлегендерге енді не айтуға болады?

- Бұл да - осы сұхбат барысында айтылған жымысқы амал, яғни - биліктің өз кінәсін «сақина бастан сау басқа аудару» арқылы із жасыру әрекеті. Әйтпесе, мұнайшыларға уақытында жалақы төлемей немесе шетелдік жұмысшылармен салыстырғанда анағұрлым төмен жалақы тағайындап, ереуілшілер наразылығын тудырған, сөйтіп, президенттің өзі «заңды» деп мойындаған олардың талаптарының күн тәртібіне қойылуына себепкер болған кімдер - оралмандар ма, әлде ҚазМұнайГаз басшысы Т.Құлыбаев пен премьер-министрдің бірінші орынбасары Ө.Шүкеев пе? Әлбетте, соңғылар.

Ал, жалпы алғанда Жаңаөзен мұнайшылары арасында да, соған сәйкес, 16-желтоқсан күнгі қанды қасаптан соң қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар арасында да оралмандардың үлес салмағы едәуір екендігі рас. Неге? Өйткені, статистикалық деректер бойынша, Маңғыстау облысы республикамызда оралмандар саны жөнінен үшінші орын алады. Нақтылай айтсақ, оралмандар негізінен оңтүстікте шоғырланған: ОҚО - 183,4 мың, Алматы обл. - 130,7 мың, Маңғыстау обл. - 107,5 мың, Жамбыл обл. - 80,3 мың. Яғни, еліміздегі жалпы саны 868,2 мың оралманның 501,9 мыңы (60%-ға жуығы) осы төрт облыстың үлесіне тиеді. Және, бүкіл оралманның 80,7% Қазақстанға аталған облыстармен іргелес Өзбекстан (60,5%), Қытай (12,4%), Түрікменстаннан (7,8%) келгендігін ескерсек, бұған таңданудың да еш реті жоқ.

Ал, облыстардың барлық тұрғындары санына шаққандағы оралмандар үлесі бойынша (20,1%) Маңғыстау облысы бірінші орын алады (Жамбыл обл. - 7,7%, ОҚО - 7,1%, Алматы обл. - 7,0%). Мұның себебі - тәуелсіздік жарияланғаннан кейін көрші елдерде жаппай «түрікмендендіру» және «өзбектендіру» үрдісі жүруіне байланысты ондағы қалың адайға ата-баба жері - Маңғыстау облысына үдере көшуге тура келді. Тағы бір назар аударатын жағдай - көрші мемлекеттерде де олар бұрын негізінен мұнай саласында жұмыс істеген.

Енді істі болғандар тізіміне келсек, 37 жаңаөзендіктің 15-і оралман болса (Түрікменстаннан - 11, Өзбекстаннан - 4), түрме мерзімдеріне кесілген 13 азаматтың үшеуі оралман.

Өкінішке орай, соңғы жылдары біздің елімізде ең алдымен жоғары лауазымды билік өкілдерінің өздері жүйелі түрде «оралманофобия» дертін қоздырып отыр деуге толық негіз бар. Және де бұл үрдісті кезінде шеттегі қазақтардың Атамекен - Қазақстанға оралуына «мұрындық болды» деп есептелетін президент Назарбаевтың өзі 2010 жылдың жазында су апатына ұшырап, көптеген тұрғыны қаза болған Қызылағашқа барған кезде: «Оралмандар елдің пайдасына әлі жеткілікті жұмыс істеген жок, сондықтан ел экономикасын дамытуда олардың ешқандай еңбегі жоқ», - деп, бастап берді.

Сол сол-ақ екен, оралмандарды бір түйреп өтуді өздерінің «ресми міндеті» есептегендей, ауыздарына ерік берген шенуніктердің (Құлыбаев пен Шүкеевтен басқа) кейбірінің ғана сөздерінің сиқы мынадай: «Мен әрі-беріден соң, қазақша айтқанда, ұрғаным бар. Ал жөні жоқ есіріп, құтырғанды қою керек» (Талғат Мамашев, бұрынғы мәдениет министрі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары); «Маңғыстаудағы тәртіпсіздіктерге қатысқандарды Қазақстанның толыққанды азаматы деп айтудың өзі қиын. Жанжал бастағандар Жаңаөзенге Түрікменстан мен Өзбекстаннан көшіп келгендер. Үкімет оларға қолдан келген жағдайдың бәрін жасады. Енді олар өздерін паналатқан елдің тұрақтылығын бұзып отыр» (Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев); «Кейбір оралмандар келеді де маған жер берсін, үй берсін дейді. Ол да дұрыс емес. Елбасымыз айтқандай, келген қандастарымыздың бойындағы масылдық мінез-құлықты құртуымыз керек» («Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық бөлімі жетекшісінің орынбасары Санжар Боқаев)...

Әттең, осы аталғандардың барлығын қазақтың миллионға жуық (ал тәуелсіздік жылдары «оралман» аталғандарға одан көп бұрын, мәселен, кеңес дәуірінде Қытайдан елге келген бауырларымыз бен олардың ұрпақтарын қоссақ, қазір бірнеше миллионға жетті) тұтас бір бөлігіне жала жауып, тіл тигізгендері, сөйтіп, оларды қалың қазақтан алалап, ұлт ішіне іріткі салғандары үшін жауапқа тартатын сот жоқ Қазақстанда. Әйтпесе, қай қайсысының да «көкесін көзіне көрсетіп», тәубесіне келтіруге болар еді!

- Қаржылық, экономикалық дағдарыстарға байланысты Батыс  елдерінде жаппай тәртіпсіздіктер мен шерулер жиі болып тұрады. Осы соңғы бірер айдың өзінде Еуропа мемлекеттерінде дамылсыз толқулар болды. Полициямен қақтығыстар да орын алды.  Бірақ біздегедей сотталып, жазаға кесілген ешкім жоқ. Неге? Әлде біздің Жаңаөзен оқиғасының астары әлеуметтік талаптан өзгеше болып шықты ма?

- Бұл мәселенің түп-тамыры - дәл осы «өзгешелікте». Халықтың билікке қарсы бас көтерулеріне байланысты қозғалған «Желтоқсан ісі», «Шаңырақ ісі», «Жаңаөзен ісі», «Шетпе ісі», қазір режим дайындап жатқан «Әлеуметтік араздық қоздырушылар ісі» тәрізді қылмыстық істер «негізіндегі» сот процестерінің ортақ «ерекшелігі» - олардың барлығының да шын мәнінде «қылмыстық» емес, таза саяси қудалау және жазалау мақсатында ұйымдастырылған процестер екендігінде. Ал, демократиялық принциптер тек сөз жүзінде емес, ең алдымен іс жүзінде жұмыс істейтін өркениетті елдерде бұлай болуы, әлбетте, мүмкін емес. Сондықтан біздің елімізде мұндай «сот» процестерінің «үйреншікті дағдыға» айналуының өзі-ақ Қазақстан билігінің тоталитарлық-полициялық бет-бейнесін толық әшкерелейтін айқын айғақ болып табылады.

- Қоғам Жаңаөзен оқиғасынан қандай сабақ алуы керек?

- Меніңше, біздің қоғамымыздың Жаңаөзен қасіретінен алуға тиіс ең басты сабағы - өз халқына қарсы оқ атып, бейкүнә адамдардың қанын судай шашқан қылмысты билікті бұдан әрі қарай, біріншіден, кешіруге, екіншіден, онымен ымыраға келуге, үшіншіден - оған төзуге болмайтындығы.

- Оқиға елдегі саяси үрейді жеңуге көмек бола алды ма? Мұндай оқиғаның қайталанбасы үшін билік және қоғам не істеуі керек?

- Әрине, өткен жылдың басқа күні емес, дәл 16-желтоқсан - Тәуелсіздік күні тек бейбіт ереуілге шыққаны үшін ғана бейкүнә халыққа қырғын салған кездегі диктаторлық режимнің басты мақсаттарының бірі - ел ішінде «екінші ұмытылмастай» (оның есебінде) үрей туғызып, алда сөзсіз күтіп тұрған ауыр әлеуметтік-экономикалық және саяси-қоғамдық дағдарыстар жағдайында міндетті түрде бас көтеретін күштерді «біржола» басып тастау болатұғын. Алайда бұл жолы ол өзінің үйреншікті диктаторлық есебінен мықтап шатасты. Неге десеңіз, өзіңіз байқағандай, бүгінгі таңда, керісінше, қарапайым халық өкілдерінің озбыр билікке деген наразылығы мен қарсылығы уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Демек, оның өзі соны қаламаса да, Қазақстанның әбден іріп-шіріген билігі Жаңаөзен қанды қасіреті арқылы халықтың әрі «оянуына», әрі өз бойындағы сяси үрейді жеңуіне көмектесіп, кері нәтижкеге «қол жеткізді».

Ал, мұндай қасіреттің келешекте қайталанбауына кепілдік беретін бір-ақ шара бар, ол - осынау қасіреттердің бірден-бір «авторы» болып табылатын тоталитарлық билікті тарих сахнасынан кетіріп, суперпрезиденттік-диктаторлық билік жүйесінің орнына алдымен президенттік-парламенттік, одан соң - таза парламенттік басқару жүйесіне көшу.

- Жаңаөзен мен Шетпеде өткен сот отырыстарынан жазылған репортаждарыңызды кеңейтіп кітап етіп бастыру ойыңызда жоқ па?

- Бар.

- Репортаждарыңызды үзбей жариялаған Абай.кз порталының қоғамдық пікірге ықпалын сезіне алдыңыз ба?

- Әлбетте. Менің ұғымымда Абай.кз порталы қазір - халық мүддесіне қызмет етіп, халық мұңын мұңдайтын және сол арқылы қоғамдық пікірге оң ықпал ететін еліміздегі саусақпен санарлық порталдарының бірі. Сондықтан сіздерге алдағы уақытта да осы позициядан таймай, табыстарға жете берулеріңізді тілей отырып, оқырмандарға Жаңаөзен туралы ақпаратты жүйелі түрде жеткізуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін өз атымнан тағы да рахмет айтамын!

 

Сұхбаттасқан Өміржан Әбдіхалықұлы.

«Абай-ақпарат»

0 пікір