Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4222 0 пікір 22 Маусым, 2012 сағат 08:43

Нұрбек Исабайұлы. Алпауыттардың Кавказдағы текетіресі

Әлемдік геосаясатта Кавказ аймағы кейінгі кездері өте күшті стратегиялық мәнге ие болуда. Бұл да өз кезегінде түсінікті жайт. Иранның көк желкесінен, Ресейдің дәл қабырғасынан қанжардай қадалатын географиялық орналасу ерекшелігі де өте маңызды. Еуразия аймағындағы энергоресурстарының тасымалдану бағыттарын бақылауда ұстау үшін Кавказдың геосаяси маңызы орасан екені бесенеден белгілі. Соңғы уақытта әлемдік алпауыт күштердің Кавказ аймағындағы текетіресі қайта жандана бастағандай. Бұл жолы оқиғалар Азербайжан мен Армения арасындағы дау-дамайлы Таулы Қарабақ төңірегінде қызу өрби бастады. Бұл текетірес сырт көзге Азербайжан мен Армения арасында секілді көрінгенмен шын мәнінде Ресей, Иран, Израиль және солтүстік атлантикалық блок арасындағы өте күрделі, көп қырлы қызу ойын жүруде.

Кавказ аймағы әлемдегі кез келген замат қақтығысқа ұласу қаупі бар ыстық нүктелердің бірі екені даусыз. Мәселені тек Шешенстан мен Дағыстан, Грузия мен Солтүстік Осетия, Таулы Қарабақ мәселелері ретінде қарауға болмайды. Аймақтағы шиіленістің ең өткір мәселесі Ресей және Иранның аймақта орнатқан біртұтас қорғаныс блогы мен АҚШ, Израиль және солтүстік атлантикалық күштердің Ресей-Иран блогымен текетіресі ретінде пайымдау қажет.

Әлемдік геосаясатта Кавказ аймағы кейінгі кездері өте күшті стратегиялық мәнге ие болуда. Бұл да өз кезегінде түсінікті жайт. Иранның көк желкесінен, Ресейдің дәл қабырғасынан қанжардай қадалатын географиялық орналасу ерекшелігі де өте маңызды. Еуразия аймағындағы энергоресурстарының тасымалдану бағыттарын бақылауда ұстау үшін Кавказдың геосаяси маңызы орасан екені бесенеден белгілі. Соңғы уақытта әлемдік алпауыт күштердің Кавказ аймағындағы текетіресі қайта жандана бастағандай. Бұл жолы оқиғалар Азербайжан мен Армения арасындағы дау-дамайлы Таулы Қарабақ төңірегінде қызу өрби бастады. Бұл текетірес сырт көзге Азербайжан мен Армения арасында секілді көрінгенмен шын мәнінде Ресей, Иран, Израиль және солтүстік атлантикалық блок арасындағы өте күрделі, көп қырлы қызу ойын жүруде.

Кавказ аймағы әлемдегі кез келген замат қақтығысқа ұласу қаупі бар ыстық нүктелердің бірі екені даусыз. Мәселені тек Шешенстан мен Дағыстан, Грузия мен Солтүстік Осетия, Таулы Қарабақ мәселелері ретінде қарауға болмайды. Аймақтағы шиіленістің ең өткір мәселесі Ресей және Иранның аймақта орнатқан біртұтас қорғаныс блогы мен АҚШ, Израиль және солтүстік атлантикалық күштердің Ресей-Иран блогымен текетіресі ретінде пайымдау қажет.

Биылғы жылдың маусым айынан бастап Азербайжан мен Армения арасында қанды қақтығыстар жиіліп кетті. АҚШ сыртқы істер министрі Хиллари Клинтонның аймаққа жасаған ресми сапарының қарсаңында шекара қақтығыстары орын алғаны мәлім. Азербайжан қорғаныс министрлігі таратқан ақпарат бойынша маусым айының басында шекара маңындағы қақтығыстар салдарынан бес, кейбір дереккөздерінде одан да көп Азербайжан әскері қаза тапқан. Армян әскерлері арасында да шығын бар екені айтылуда [1]. Осыдан кейін Азербайжанның әскери күштері мен сыртқы саясат ведомоствасында жанталас басталды да кетті. Сырт көзге Бакудің әрекеттері бейне бір соғыс алдындағы дайындықтарға ұқсайтын секілді.

Осы оқиғалардан кейін Ресей де жанталаса Армениядағы Гюмри әскери базасын күшейте бастағаны айтылуда. Ресейдің Оңтүстік әскери округінің қолбасшысы Игорь Горбуль 2012 жылы Армениядағы Ресей әскери құрамасының саны екі есеге көбейтілетіндігін мәлімдеп айды аспанға бір-ақ шығарды [2]. Бүгінде Ресейдің Арменияда 5000 әскери құрамасы және С-300 әуеден қорғаныс зениттік-зымырандық кешені бар екені белгілі.

Шекара қақтығыстарынан кейін түрік генералдары да сапырылысып бірінен кейін бірі Бакуге аттанды. Алдымен Түркия Жоғары әскери штабы генералдары Хайри Кыврыкоғлу және Бекир Калионжы, артынан Түркияның әскери-әуе күштерінің Бас қолбасшысы Бакуге ат басын тіреді. Тек әскерилер ғана емес, Түркияның сыртқы саясат ведомоствасы шенеуніктері мен саяси қайреткерлері Бакуге сапарлауды жиілетіп жіберді [3]. Ресей, Иран және Түркияның аймақтағы белсенділігі алдағы уақытта алапат бір дауылдың келе жатқандығының хабаршысы іспетті.

Азербайжан мен Армения арасындағы ықтимал қақтығыс алпауыттардың текетірестен ашық қақтығысқа өтуінің көрінісі болмақ. Құдай бетін әрі қылсын, дегенмен жағдай дәл біз айтқандай өрбитін болса, Ресей, Иран және АҚШ бастаған солтүстік атлантикалық күштер бұл қақтығыстан тыс қала алмақ емес. 2008 жылғы Грузия мен Солтүстік Осетия қақтағысында АҚШ бастаған солтүстік атлантикалық күштер Тбилисиге жасайтын ешбір қайраны болмағанын көрдік. Ресей сол жолы Грузияға ғана емес, тұтас солтүстік атлантикалық блокка ауыр соққы беріп, аймақтағы геосаяси үстемдігін нықтап алған болатын. НАТО-ның шарасыздың күйін кешкеніне куә болдық сол соғыста. АҚШ пен Израильдің аймақтағы соңғы кездердегі белсенділігі Ресей мен Иранға ұнай қоймайтыны анық. Сондықтан, Азербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты пайдаланып, Ресей мен Иран аймақта өз есебін бүтіндеп алуға ұмтылатынын да қаперден тыс қалдырмаған жөн.

Кавказдағы текетірес Таулы Қарабақ мәселесі ғана емес бұл, Сириядағы жағдаймен қоса алғанда Иран мен Израиль текетіресін де қамтитын көп қырлы геосаяси ойын. Өйткені, бұл аймақта ешбір даулы мәселе өз алдына жеке дара қарастыруға келмейді. Біраз артқа шегінер болсақ, шекара қақтығыстарынан бұрын қандай оқилар орын алғанына назар аударып көрелік.

Иран биылғы жылдың басында өзінің ядролық зерттеулерін жүргізіп жатқан ғалымдарына жасалған қастандықты Израильдің ұйымдастырғанын алға тартқаны белгілі. Иран Израиль қауіпсіздік қызметі осы операцияны Азербайжан территориясын қолдана отырып ұйымдастырды деп есептейді. Тіпті, осы мәселе бойынша Иран ақпан айында Азербайжанға ескерту нотасын да жасағаны мәлім [4].

Көп кешікпей Азербайжан билігі де қарымта жасады. Наурыз айында Иран революция сақшылары үшін тыңшылық жасады деген айыппен 22 кісіне тұтқындалды. Азербайжан ұлттық қауіпсіздік министрлігі Иран үшін тыңшылық жасаған топтың әшкереленгенін, тұтқындалғандардың барлығы дерлік Азербайжан азаматтары екендігін, Азербайжанда АҚШ, Израиль және кейбір батыс елдері елшіліктері және елшілік қызметкерлеріне қарсы террорлық шабуылдар ұйымдастыру дайындығын жүргізіп жатқандығын мәлімдеген болатын [5]. Бұл азаматтар отанға опасыздық жасау қылмысы бойынша айыпталуда.

Бір жақтан Иран ядролық зерттеулер жүргізіп жатқан ғалымдарына қастандық жасаған Израильдік барлау қызметі Азербайжанды қолданғанын айтып айыптаса, енді бір жақтан Израиль мен батыс елдері Иран қауіпсіздік қызметі Азербайжанды қолданып, өз елшіліктері мен елшілік қызметкерлеріне террорлық шабуыл ұйымдастырылмақ болғанын айтып бір-бірін айыптады. Иран бұрыннан-ақ Азербайжанды Моссадтың негізгі операциялық базаларының бірі ретінде көретіні құпия емес. Осыған қарап Азербайжанды әлемдегі алпауыт елдердің барлау қызметтерінің астыртын соғыс майданы болды ма деген ойға қаласың. Иә, екі оттың ортасында қалу деген осы болар.

Биылғы жылы наурыз айында Азербайжан Израильден 1 миллиард 600 миллион долларға әскери техника сатып алу үшін жасаған келісім-шарты да Иран мен арадағы қатынасты одан бетер шиіленістіріп жіберді [6]. Иран бұл келісімді Израильдің өзіне қарсы жүргізілетін ықтимал шабуылының бір дайындығы ретінде қарастыруда. Кезінде Израиль Грузияны Кавказдағы ең маңызды операциялық, гарнизондық орталықтарының біріне айналдырғаны белгілі. Дегенмен, Израильге бұл жетпеді, Азербайжанға да ауыз сала бастады. Мұның да өзіндік себебі бар. Кейінгі жылдары Израиль мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың күрт нашарлап кетуі салдарынан түріктер Израиль әскери-барлау ұшақтарының ұшуына өз әуе кеңістігін жапқаны белгілі. Бұған дейін Израиль Иранды жан-жақтан қыспаққа алу үшін Грузияға Түркия арқылы қару-жарақ жеткізетін. Түркиямен арадағы қатынастар сетіней бастағанда Тель-Авив Азербайжанға басымдық беріп, Грузия сынды «гарнизондық елге» айналдыруға күш сала бастады. Иран жағы Азербайжанда Израильдің жасырын әскери базалары құрылғанын да алға тартудан қайтар емес. Тегеран Азербайжанның Израильдің өзіне қарсы дайындап жатқан аймақтағы «троя аты» екендігіне сенімді. Осының салдарынан Баку мен Тегеран арасындағы салқындық күн санап арта түсуде. Азербайжан тұрғысынан мұның да өзіндік себептері бар. Азербайжан мен Армения арасындағы текетіресте Иран ашықтан ашық Арменияны қолдаудан танбай келеді. Бұл аймақтағы Ресей - Иран блогының мызғымастығының бір көрінісі тәрізді. Ресей мен Иранның Кавказ аймағында да, Сирия мен Таяу Шығыс мәселелерінде де ұстанымдары бір-біріне өте жақын, аймақта бір-бірімен қақтығыспайтын үйлесімді саясат жүргізуде.

Азербайжандағы Израиль және АҚШ-тың белсенділігі негізінен Иранды солтүстік жағынан көк желкеден қыспаққа алуға бағытталған әрекеттер екендігі белгілі. Азербайжан осы саясаты арқылы Ресейдің де шамына тиетіні сөзсіз. Бүгінде Баку екі кеменің басын қатар ұстап, Ресей мен батыстық блок арасында екі векторлы саясат жүргізуде. Азербайжан Таулы Қарабақты қайтару үшін Израиль және солтүстік атлантикалық блоктың қолдауымен есеп айырысуды көздейтіндей көрінгенмен шын мәнінде Кавказдағы текетірестің бас ойыншылары Азербайжан да, Армения да емес, Ресей, Иран және Израиль екенін ұмытпаған жөн.

Азербайжанның жағдайына келсек, қазіргі бағыты отпен ойнағандай әсер қалдырады. 2008 жылы Грузияны батыстағы одақтастары сын сағатта Ресейдің азулы шеңгелінде жападан жалғыз тастап кетті. Дәл осындай жағдай Азербайжанның да басына келмейтіндігіне кепілдік жоқ. Кавказдағы жағдайдың бұдан кейінгі өрбуіне Сирядағы ықтимал азаматтық соғыс немесе солтүстік атлантикалық күштердің интервенциясы да елеулі ықпал ететін болады.

Қорыта айтқанда Азербайжан мен Армения қақтығысының артында алпауыт күштердің аймақтағы текетіресі жатыр. Мәселені басқа қырынан қарасақ, алпауыттардың текетіресі Азербайжан мен Армения қақтығысында шешуші рөл ойнамақ. Азербайжан мен Арменияның ықтимал қақтығысы екі елге де үлкен зардаптары болатындығына басқалар бас ауыртып жатпасы анық. Азербайжанның басып алынған жерін қайтарып алуға деген заңды ұмтылысын әрине түсінуге болар, дегенмен Ресей, Иран және Израиль мен солтүстік атлантикалық күштердің геосаяси тұзағынан сақ болу қажет.

Нұрбек Исабайұлы

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

Халықаралық және аймақтық зерттеулер

орталығы ғылыми қызметкері

«Абай-ақпарат»

 

1.     http://www.miacum.ru/gazeta/2012/

2.     http://dagestan.kavkaz-uzel.ru/articles/208409/

3.     http://www.milligazete.com.tr/haber/jandarma-genel-komutani-orgeneral-bekir-kalyoncu-baku-de-241703.htm

4.     http://www.trthaber.com/haber/dunya/iran-azerbaycana-nota-verdi-28265.html

5.     http://www.ntvmsnbc.com/id/25330509/

6.     http://www.trthaber.com/haber/dunya/azerbaycan-ve-israil-arasinda-silah-anlasmasi-30142.html

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1942
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2149
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1778
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1533