Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5203 0 пікір 21 Маусым, 2012 сағат 12:27

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ. ҰЛЫЛАР МЕКЕНІНДЕ

Ұлт үшін қасиетті мекендер болады. Түркістан, Қазығұрт, Ұлытау... Қазаққа Абайды сыйлаған Жидебай да сөзсіз, сондай киелі орын. Сондықтан Қазақстан-Ресей университетінің жанындағы Абай орталығы «Ұлылар мекеніне саяхат» сапарына шақырғанда ойланбастан келістік. Толстойдың Ясная Полянасы, Пушкиннің Михайловскоесі мен Царское селосы, Лермонтовты қойнына жасырған Тархан мен соңғы демі шыққан Пятигорск... қай-қайсысы да орыс жұрты ғана емес, бүкіл адамзат қастерлейтін орындар. Достоевскийдің Петербургтегі мұражай-үйіне ең көп келіп тәу ететіндер... жапондар, «Ағайынды Карамазовтар» осында жазылды» деген сөзді есіткенде қабырғаны сүйіп, ағыл-тегіл жылайды деседі. Абайдың үйін көруге кім қарсы болсын? Ақынның Жидебайдағы мұражай-үйінде жол қатынаған пәуескесінен бастап, тұтынған заттары, жұмыс үстелі, төсек-орны - бәрі қаз-қалпында сақталған. Қымыз ішкен тостағанынан, «жалған тістерінен», дойбысы мен тоғызқұмалағы, кітаптары мен белдігінен Әйгерімге сыйлаған ер-тоқымына дейін самсап тұр. Мұражай таныстырушысы Гүлсара Сұлтанқызы кемеңгерге деген соншалық махаббатпен әр бұйымның тарихын ұғындырып жатыр. Жә, оған сәл кейінірек. Астанадан шыққан 40 кісілік автобус жол-жөнекей Павлодарға аялдап, Семей өңіріне жетті. Таңертеңмен Семейден шыққан саяхатшылар Абай ауданына беттеді.

Ұлт үшін қасиетті мекендер болады. Түркістан, Қазығұрт, Ұлытау... Қазаққа Абайды сыйлаған Жидебай да сөзсіз, сондай киелі орын. Сондықтан Қазақстан-Ресей университетінің жанындағы Абай орталығы «Ұлылар мекеніне саяхат» сапарына шақырғанда ойланбастан келістік. Толстойдың Ясная Полянасы, Пушкиннің Михайловскоесі мен Царское селосы, Лермонтовты қойнына жасырған Тархан мен соңғы демі шыққан Пятигорск... қай-қайсысы да орыс жұрты ғана емес, бүкіл адамзат қастерлейтін орындар. Достоевскийдің Петербургтегі мұражай-үйіне ең көп келіп тәу ететіндер... жапондар, «Ағайынды Карамазовтар» осында жазылды» деген сөзді есіткенде қабырғаны сүйіп, ағыл-тегіл жылайды деседі. Абайдың үйін көруге кім қарсы болсын? Ақынның Жидебайдағы мұражай-үйінде жол қатынаған пәуескесінен бастап, тұтынған заттары, жұмыс үстелі, төсек-орны - бәрі қаз-қалпында сақталған. Қымыз ішкен тостағанынан, «жалған тістерінен», дойбысы мен тоғызқұмалағы, кітаптары мен белдігінен Әйгерімге сыйлаған ер-тоқымына дейін самсап тұр. Мұражай таныстырушысы Гүлсара Сұлтанқызы кемеңгерге деген соншалық махаббатпен әр бұйымның тарихын ұғындырып жатыр. Жә, оған сәл кейінірек. Астанадан шыққан 40 кісілік автобус жол-жөнекей Павлодарға аялдап, Семей өңіріне жетті. Таңертеңмен Семейден шыққан саяхатшылар Абай ауданына беттеді. Бұл өлкенің әр тасында Құнанбайдың, ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың ізі сайрап жатыр. Осынау момақан ғана сақара дала осыншама талантты құрсағына қалай сыйдырғанына таңдай қағасың. Аттап бассаң ескерткіш. Аумағы 6400 гектарға жетіп жығылатын «Жидебай-Бөрілі» қорығы аймағына 16 нысан кіреді екен. Онда ұзын-саны 18 255-ке жуық бағалы заттар мен 300-ден астам жәдігерлер сақталған дейді. Абай ауданында барлық елді мекендерді қоса есептегенде 42 тарихи, мәдени ескерткіштер, 60-тан астам тарихи орындар мен 30-дан астам көне археологиялық ескерткіштер бар екен. Біз соның бәрін түгесіп тастамасақ та, біразын шарлап шықтық.  Алғашқы аял. Күшікбай Аялдаған алғашқы нүктеміз - Күшікбай кезеңі болды. Жоңғарға қарсы күресте аты шығып, 21 жасында өмірден қайтқан Күшікбай батыр жерленген бұл асу - Абай мен Шәкәрімдер сан мәрте тоқтап, түнеген бекет. «Семейден Шыңғыстауға беттеген аттылы кісі қаладан 50 шақырым шыққан кезде сөзсіз демалады. Ат шалдыратын  жері де осы тұс. Осы арада аунап, Құнанбай да, Абай да, Шәкәрім де, Мұхтар Әуезов те демалды деп анық сеніммен айта аламыз», - дейді белгілі шәкәрімтанушы Асан Омаров. «Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен» деп жазады бұл тұс туралы М.Әуезов «Қорғансыздың күні» әңгімесінде.  Айтпақшы, аталған шығарманың ізі осы асуда әлі де сайрап жатыр. «Қорғансыздың күні» «С. қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп, дәмелендіріп тұрады» деп басталатын. Дәл осы асуда Ақан деген болыс ағасы үсіп өлген, шешесі саңырау, әжесі соқыр Ғазиза деген жасөспірім қызды өз қорасында зорлап кетеді. Қорланған қыз боранның айдауымен әкесінің моласына жетіп, зиратты құшақтап жан тәсілім еткен. Жас Мұхтар бұл оқиғаны естіген соң қаламына арқау қылды. Ал бүгінде Ғазизаның, оның әкесі Жақыптың зираты да тұр, сол қаралы, қорғансыз үйдің орны да табылған. Жол бастаушымыздың бірі Асан Омаров: «Осы жерге белгі орнату қажет» дегенді, тарихты баяндай келе, баса айтты.   Екінші аял. Бөрілі «Ұлылар мекеніне саяхат» Бөрілімен жалғасты. Кемеңгер Мұхаңның кіндік қаны тамған жер. Бір төбеде жазушының «Қоңыр туған анам, Туған жерім Бөрілі» деген жазуы қашалған тасты көресіз. Одан ұзамай М.Әуезовтің мұражай-үйі бар. 1987 жылдан бері мұражайға айналған бұл шаңырақта Мұхаңның балалық, жастық дәурені өткен, осы үйге атасының айттыруымен алғашқы жары Райханды түсіріп, Мұғамила, Шоқан есімді балалар сүйген. Мұражайдағы суреттер, құжаттар, қолжазбалар секілді көп құнды бұйымның арасынан қосарланған киіз үйді көріп-ақ, Әуез тұқымының нашар тұрмағанын байқайсың. Бөрілі жайлы «Әкем мен шешем айрылысқанда мен төрт жаста едiм. Бөрiлiде сот үкiм шығарып, ұл әкеде, қыз шешеде қалады дедi. Бiрақ әкем сегiз айлық Шоқанды алмай, 4 жастағы менi алып, қалың Қанайдың қарағына тығылып жаттық. Содан менi Семейге апарып, Кәмилә тәтемнiң тәрбиесiне бердi. Мен өгей шешемнiң тәрбиесiнде болдым», - деген Мұғамиләнiң естелiгi бар. Кейін де, қаламгер тілдері орысша шыққан ұл-қыздарын Бөріліге жіберіп, «қазақ тілі курстарынан» өткізсе керек. Мұхаңның «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-Тоқал», «Сыбанның моласында» сияқты тұңғыш шығармалары да осы шаңырақта жазылған. Әкесі Омархан мен шешесі Нұржамал, әжесі Дінасыл, ағасы Қасымбектердің бейіті үйдің іргесінде екен. Айта кету керек, Мұхтардың  өзі қалап үйленген Мағауияның қызы, Кәмилә да өмірден ертерек озып, ұрпақ қалдырмапты.  1926 жылы онымен заңды түрде айрылысқан ол, Ленинградта оқып жүріп Валентина Николаевнамен көңіл қосады...  Үшінші аял. Еңлік-Кебек кесенесі. Бөріліден Шыңғыстауға беттеген бойда қою қара шаңға көміліп отырып, Шілікті кезеңіне де жеттік. Мұнда күллі ғашықтар символы болған Еңлік-Кебек мазары бар. «Көп жасамай, көк орған, Жарасы үлкен жас өлім» деген Абай сөзі тасқа қашалыпты. Жер дауы өршіп тұрған дәуірде матай мен тобықтының қос өспірімі бірін-бірі сүйіп қалса, қайран қайсы?.. «Екеуінің мойнына арқан салып,   Екі аттың құйрығына байлап алып,   «Матайлап» ұран салып шауып-шауып,   Өлтіріп бір төбеге қойды апарып.   Тастады бесігімен баласын да,   Обалға өшіккен ел қарасын ба?   Еңлік-Кебек моласы бүгін де бар   Таймақ пен Ералының арасында», - деп Шәкәрім жырлаған моланы көрдік. Ал «Шеткі Ақшоқы басында қалған бала   Шырқырап күн батқанша жылап жатты  Жуантаяқ баланы түнде білді,   Түн ішінде жиылып атқа мінді.   Таң ата келіп іздеп таба алмады,   Қисыны - біреу ұрлап кеткен сынды.» - деп жырланатын үңгірге соға алмадық. Айтпақшы, жергілікті жұрт «ұрланып» кеткен бесiктегi Ермек атты ұлдан бүгiнде ұрпақ бар дегенді айтады... Төртінші аял. Зере-Ұлжан бейіті Ералы жазығымен жүйткіп келе жатып, осы өңірлерде Абай талай қатынады-ау дейсің. Көкпеңбек сай-саланың бірінде, мәселен, Тоғжанға ұрлана барып, қыз ағаларының көзіне түсіп қалған бозбала Абай аялдаса керек.  «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!  Сағынышқа сарғайма!  Жай жүрсең де қыз қумай,  Сені біреу қарғай ма?» - деген жолдар осы бір тұста туған-ау... Осындай оймен ұзап келе жатып, ағарған тағы бір мазарды көреміз. Бұл Абайдың ғана емес, күллі қазақтың анасы болған Зере (1785-1873) мен Ұлжанның (1810-1887) және Абайдың ағасы Құдайбердінің (1830-1867) мазары. Өмір жылдарына қарап-ақ, бұл арада ең алғаш Құдайбердiнiң зираты орнағанын байқау қиын емес. Құдайбердi өмiрден жастай өтіпті. Сонда Зере: «Тұңғыш сүйген немерем осы Құдайбердi. Құдайбердiнi менiң көз алдыма осы жерге жерлеңдер. Басына барып, Құран оқығаныма жақын болады» деп, басына саман кiрпiштен зират орнатқызыпты. Кейiн 90 жасқа тақағанда Зере әже «Мен өлгенде басқа емес, Құдайбердiнiң қасына қоясыңдар» деп аманаттаған екен. 77 жасында Ұлжан ана да өмiрден өтедi. Ол кiсi ауырып жатқанда: «Келiн ененiң топырағынан жаралған. Мені Зере енемнiң қасына қоясыңдар» деп аманаттапты. «Менiң басыма өткен-кеткеннiң бәрi келiп Құран оқиды. Сол кезде жанымда жатқан Құдайбердiге де Құран бағыштайды. Мiне, сонда Құдайбердi мәңгiлiк өлмейдi» дептi Зере әже. Күллі тобықты «Кәрі әже» атаған Зеренің айтқаны келді.  Осы мазардың қасында тағы да екi бейіт тұр. Бiреуi, Құнанбайға мешiт-медресе ашқызып, қажының ғана емес, бүкiл ауыл балаларын оқытқан Ғабитхан молданың зираты. Оның қасында жатқан Шәукенбай - Оспанның, кейiннен Абайдың малшысы болған кісі екен. Бесінші аял. Абай мен Шәкәрім кесенесі Бір ысып, бір суып тұрған арқа райы біз Абай кесенесіне жете бергенде ақ жауынын жіберді. Ат шаптырым жерді алып жатқан ақшаңқан құрылыс анадайдан көзге оттай басылады екен. Расында да, сәулетші Бек Ибраимовтің бұл жұмысы - Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі ең үлкен кесене көрінеді. Кесене іргетасының  ұзындығы 200, көлденеңі 65 метр. Абайдың дүбірлі тойы - 150 жылдығы қарсаңында соғылған кешеннің ұзын дәлізінің екі жақ бүйірінде «Ұлылар мекені» атты мұражайдың құрылысы әлі де жүргізіліп жатыр. Оны көріп шығып, қос мазардың ортасындағы амфитеатрдың қирап жатқан (мұнда да құрылыс жұмыстары қайта қолға алынған секілді) сатыларынан өрге өрлегенде жауынның ізін ала кемпірқосақ шығып тұрды. «Шындап келгенде, бұл о баста Оспанның зираты, - деп түсіндіреді кешеннің меңгерушiсi Қайыржан Күзембаев. - Себебі Құнанбай «кенже бала - қара шаңырақ иесі» деген дәстүр бойынша, Жидебайды Оспанға қалдырған. Оспан қайтыс болған соң осы жердің иесі, қожасы болғандықтан осы жерге жерленген. Абай бұл жерден 120 шақырымдай жердегі жайлауда қайтыс болған. Құнанбайдың Абайға еншілеп берген, өзі жерленген жері Ақшоқы - Семейден 70 шақырым. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, сол жылы аспан айналып жерге түскен алапат ыстық шілде болыпты. Мәйітті күндіз емес, түнде ғана алып жүріп отыруға мүмкіндік болған. Ақшоқыға әлі екі-үш күндік жол бар, Абай атаның мәйітін жеткізе алмайтын болғандықтан, Шәкәрім ел-жұртты жинап алып, осында жерлеуге көндіреді». Тағы бір көңіл қоярлығы - Шәкәрім мен Абай зираттарының арасы 150 метр. Бұл туралы жол бастаушымыз былай түсіндіреді: «Шәкәрім қажы 1931 жылы 2 қазан күні ешқандай соттың үкімінсіз-ақ, осы жерден 110 шақырым Шыңғыстаудағы Керегетас деген жерде «халық жауы» деп атылды. Атып қана қоймай, қажының денесін қорлап, Бақанас өзенінің бойынан 20 шақырымдағы шұңқырға тастаған. Отыз жыл өткеннен кейін 1961 жылы баласы Ақат сол шұңқырдан әкесінің сүйектерін өз қолымен теріп алып,  Шәкәрімнің денесін құраған. Ақат ақсақал естеліктерінде қажының қай сүйегінің ұзындығы қанша болғанына дейін жазады. Ақ матамен орап, Шәкәрім бабамыздың сұлбасын шығарып, содан кейін мұсылман жолымен арулап жуындырып, Құран қатым түсіріп, осы жерге жерлейді. Абайдан 150 метр жерге әдейі жерлеген жоқ. Кеңес үкіметі халық жауының Абайдың іргесінде жерленуіне рұқсат бермеді. Себебі халық жаулары көпшілік зиратқа жолатылмай, бақсының зираты сияқты саяқтау жерленетін болған. Ақат ақсақал 1984 жылы 84 жасқа келіп қайтыс болды. Төсек тартып жатқанда халыққа аманат айтып, өзін әкесінің жанына жерлеуді тапсырады». Яғни кесене Абай, Шәкәрім, Оспан, Ақат бейіттерін қамтып отыр. Соңғы аял. Мұражай. Кесенеден шығып, сөз басында айтып кеткен Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйіне тарттық. Кіре берісіндегі Құнанбай әулетінің шежіресінен бастап, мұндағы әр бұйымнан Абайдың иісі шығады. Ақын бұл үйде 1894 жылдан бастап, соңғы он жыл ғұмырын өткiзедi. Оспан қайтыс болғаннан кейiн қазақтың әмеңгерлiк жолымен келiнi Еркежанды алған, бірақ Еркежаннан ұрпақ қалмапты. Бұл шаңырақты ұлы ақын 1895 жылы өз жобасы бойынша әдейі салғызыпты. Ол кезде қазақ даласына келе қоймаған голланд пешіне дейін қаз-қалпында.  Ділдә, Әйгерім, Еркежанның төсек-жабдықтары, сандықтары үш бөлек бөлмеде жиылып тұр. Абайдың 1903 жылы әйелi Еркежан, ұлы Мағауия, немере келiнi Кәмәлия (Ақылбайдың баласы Әубәкiрдiң әйелi), Ақылбайдан туған Пәкизатпен бiрге түскен суреті де бар. Бұл - Абайдың өмірінде түскен екі суретінің біреуі. Абайдың жұмыс үстелінде Данте Алигьеридiң «Божественная комедия» кiтабы, 1900 жылы шыққан Гогольдiң жинағы, Михаил Лермонтов, Некрасов өлеңдерiнiң толық жинағы, Белинскийдiң 1860 жылы Мәскеуден шыққан «Белинского сочинение» кiтаптары  сол қалпында оқырманын күтіп тұр. Абай шаңырағы тұтынған жез леген, жез құман, күмiс самаурын, ағаш еттабақ, ағаш ет астау, құрт езуге арналған астау, кебеже, қымыз тегене, мүйiз ожау, кебежеаяқ та сол заманның тұрмыс-тiршiлiгiнен қалған жәдiгерлер. Мұражай ауласынан Абай-Шәкәрім кесенесі анық көрінеді. Ал шыға берiстегі гранит «Еуразия кiндiгi» деп қашап жазылған.  Ендеше, сол Еуразия кіндігіне жету оңай шаруа емес. Жолдың нашарлығын былай қойғанда, ат тоқтатып, ас-су ішетін орын да жоқ. Туризм неге дамымаған деп аспаннан түскендей боламыз ғой. Жүз  шақырым жерге жету үшін қара шаңға көмілесің. Шетелдіктерді қай бетіңмен шақырасың? Бір жылдары Жидебайдағы мұражайдың жанында қонақүй салыныпты. Салынғанымен, ашылмаған. Жергілікті атқамінерлер мұражай-қорықтың территориясында сол мұражай-қорықтың және Мәдениет министрлігінің рұқсатынсыз 105 млн. теңгеге (!) қонақүй тұрғызады. Және оны қалай да іске қосуға тырысады... Мұражай директоры Жандос Әубәкіров: «Толстойдың «Ясная полянасына» бардым, бәрі баз-баяғыдағыдай, біз де Жидебайды Абай заманындағыдай сақтауымыз керек» деп, шыр-пыр болады. Дұрыс, өте дұрыс, бәрі Абайдың заманындағыдай қаз-қалпында сақталсын. Көлік жолынан басқасы... Қош, Жидебай өңірінен көп-көп әсермен қайттық. Қайтар жолда бізді Семей мемлекеттік университеті күтіп алды. Бірақ жоғарыда сөз болған «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайының директоры Жандос Әубәкіров пен Семейдің атқамінерлері төбе көрсетпегені таңқаларлық жайт екен. Әйтпесе жас абайтанушылар, Абай әндерін, өлеңдерін үздік оқыған оқушылар, Омар Жәлел, Асан Омаров бастаған ғалымдар мен бір топ журналистерді өз қаражатына апарып келген Қазақстан-Ресей университеті (ректоры Зейнолла Молдахметовтің) және университет жанындағы Абайтану орталығының (директоры Алмақан Мұқаметқалиқызы) ұйымдастырған бұл сапар көңіл қоюға лайық еді.

Р.S.

Достовскийдің басына барып, ағыл-тегіл жылайтын жапондарға келсек. «Оккупай Абайдың» дүрілдеткені кеше ғана. Сонда біз нені түсіндік? Абайды, қанша ұлықтадық, ұлттың ұстазы дедік деген күннің өзінде танымайтындар бар екен. Мәскеуде отырып Абайды іздеген Тина Канделакиге атақты Байғали Серкебаев («А-Студио») «Абайды оқымаппын» демеп пе еді? «Бір білсе, осы біледі» деген ақын, Ғафу Қайырбековтің ұлы Бақыт Қайырбеков Абайды оппозиционер, көп ақынның бірі ғана қылып шығарады. Ақын деп айдар таққан Қайырбековтің өзі Абайдың бас ақын екенін түсіндіріп бере алмаған соң, басқасынан не сұрайсыз? Әйтпесе сол «түсініксіз қазақтан» рухани байлықты биік қойған кез келген ұлттың өкілі жұбаныш табар еді. Ал біз Абайды бәленше тілге тәржімаладық деп мақтансақ та, басқа түгілі орыс тіліне келіскен аудармасы жоқтығы «Оккупай Абайдан» белгілі болып қалды.

"Халық сөзі" газеті

0 пікір