Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6727 0 пікір 21 Маусым, 2012 сағат 12:17

Су төңірегіндегі сұмдық

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда, бүгінде жер шарында екі миллиардтан астам тұрғын ауызсу тапшылығын көріп отыр. Бір жұтым судың олар үшін қаншалықты қат екендігін бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. АҚШ мамандары 2015 жылы әлемнің тең жартысы үшін күнделікті шөл қандыратын су қасқалдақтың қанындай болатындығын ашық айтып отыр. Жыл өткен сайын өмірлік маңызы бар қажеттіліктің қасіретін тарту адамзатқа қауіпті жақындата түсуде. XX ғасырда суды тұтынудың 7 есе өскендігі осыны айғақтайды.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда, бүгінде жер шарында екі миллиардтан астам тұрғын ауызсу тапшылығын көріп отыр. Бір жұтым судың олар үшін қаншалықты қат екендігін бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. АҚШ мамандары 2015 жылы әлемнің тең жартысы үшін күнделікті шөл қандыратын су қасқалдақтың қанындай болатындығын ашық айтып отыр. Жыл өткен сайын өмірлік маңызы бар қажеттіліктің қасіретін тарту адамзатқа қауіпті жақындата түсуде. XX ғасырда суды тұтынудың 7 есе өскендігі осыны айғақтайды.

Тіпті Біріккен Ұлттар ұйымы 2003 жылды «Халықаралық су жылы» деп жариялап, оны үнемдеуге атсалысуды ұсынғаны белгілі. Алайда қажеттілікті біле тұра адамдардың үнем дегенді ұдайы ұмытып кететіндігі зерттеумен айналысатын ғылыми орталықтарды ғана толғандыратыны өкінішті.
Су тапшылығы тек адамға ғана емес, бүкіл - экономикалық, әлеу­меттік, саяси жағдайға да ықпал ететіндіктен, бұл мәселе ушыға берсе түрлі тұрақсыздыққа ұрын­дыруы мүмкін екен. Яғни су үшін соғыс басталса, оған еш таңдануға болмайды. Оның арғы жағында өнім өсірмеген халықтың аштықты да басынан кешіретіндігі даусыз. Мысалы, бір тонна астық өсіруге -1000, картопқа - 500-1500 тонна су кетеді. Ал осыншама тауық өсіруге - 3500-5700 тонна, сиырға - 15 000-нан 70 000 тоннаға дейін су қажет.
«Global Trends» есебіне сүйенсек, 2015 жылы Орталық Африка ел­дерінде бір жұтым суға зәру тұр­ғындар қатары бірден 20 пайызға көбейгелі отыр. Мұндай мұқтаждық жер қойнауы қазынаға толы елдерді де айналып өтпесі белгілі. Осын­дайда халқымыздың «арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» деген мақалы ойға оралады.
Мұрын астынан міңгірлеп емес, айқайлап айтсаңыз да ұялмайтын бір жағдай, сұрауы бар суыңыз келешекте қара алтын саналатын мұнайдан да қымбат болмақшы. Айталық, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінде су ресурстары еларалық қайшылық тудыра бас­тағанына да жарты ғасырға таяп қалыпты. Аймақта суды қолдану мөлшері жылына 3300-ден 1250 литрге дейін кеміген. Осымен бай­ланысты дипломатиялық «қақ­тығыстар» да ушығып келеді. Мә­селен, 1994 жылы тек сумен бай­ланысты келіссөз Израиль мен Иордания арасында өткені тарихтан белгілі. Иордания жыл сайын 600 миллион текшеметр суды Израиль­ден бастау алатын Генисар өзенінен алады. Оның 383 шаршы шақырым аумағын 1967 жылы жебірейілдер басып алып, 1970 жылдары екі ел бейбіт келісімге келгенімен, Из­раиль жаулап алған аумақтағы су қорын барынша пайдаланып ке­леді.
Иордания мен Сирияны алакөз еткен де өзен су - Ярмук. Оның жал­пы қоры -470 миллион кубометр. Көзінде отырған Сирия көршісіне нәр татырмауға тырысып келеді.
Таяу Шығыстың таңдайын қақ­тырып қоюға қауқары жететін ел­дердің көш басында Түркия тұр. Аймақтағы Тигр мен Евфрат өзендері бастауын түрік жерінен алады. Бұл өзендердің Сирия мен Ирак үшін өмірлік маңызы бар. Соңғы жылдары су тапшылығынан Түркияның көр­шілері егістік алқаптарын өте қыс­қартып тастапты.
Иә, жоқшылық пен тапшылық тірі пендені теңселтіп қояды. Сумен байланысты сұмдық жағдайлар әлем­ді аузына қаратқан Американы да айналып өтпеді. Мысалы, АҚШ-тағы Огаллала су қоймасы елдегі егіс­тіктің үлкен бөлігін қамтамасыз етеді. Суреттеп айтар болсақ, Ко­лорадо секілді 18 өзенмен пара-пар. Су көлемінің кемуіне бай­ла­нысты Небраски, Канзас, Колорадо және басқа да штаттарда егістік кө­лемі күрт кеміген. Алдағы 20 жылда осы аумақтың 40 пайызы қаңсып қал­мақшы. Дамыған елдің далбаса күй кешкенін көрген соң, өзгелер туралы не айтуға болады?
Бір қарағанда, жер шарын тү­гелге дерлік су алып жатқандай көрінеді. Алайда су қорының 97 пайы­зы тұзды. 3 пайызын Гренлан­дия мен Антарктика мұздары құ­рай­ды. Адамзат қажеттілікке әлем­дегі судың 1 пайызын ғана пай­да­ла­на­ды.
Азаптан арылмаған Африка ел­дерінің күнкөрісі - азын-аулақ да­қыл­дарын шетелге сату. Замбия - бұршақты, Кения роза гүлін Еуропа ас­таналарында саудалауға бейім­делген. Осылай жан сақтап отырған елдер су тапшылығынан болашақта не істерлерін білмей дағдарып
қа­ла­­­ды. Мұндай мысал жетеді.
Ауызсу төңірегінде де әңгіме көп. Су тазалау құралдарын же­тіл­діру, жаңа құрылғылар орнату - күрделі шаруа. Қаражат тап­шы­лы­ғынан қалаларда лас су ішіп, түрлі дерттің зардабын тартып жатқандар миллиондап саналады. Қазір су та­залау мен үнемдеу мақсатында бар­лық елдерде жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы бағытқа жұмсалар шы­ғындар көлемі 600 миллиард дол­ларға жеткен. Жасанды су көздерін құруды ойластырып жатқандар да бар. Мысалы, Түрікменстан 4 мил­лиард долларға әлемде алғашқы бо­лып ең үлкен жасанды көл сал­мақшы.
Ал Қытай каналдар салумен шұ­ғылдануға кірісті. Ұзындығы 1300 шақырымды құрайтын үш каналға 59 миллиард доллар жұмсалғалы отыр. Оның мақсаты - Янцзы өзенін сол­түстікке бұру. Осылайша шаң қап­қан аймақта тұратын 300 мил­лионнан астам тұрғынды құтқару көзделуде.
Орыс оқымыстысы Иван Калько 1998 жылы Португалияда өткен халықаралық көрмеде «Таза мұз» жобасын ұсынған. Онда мұхиттағы мұздың бағытын ғарыштан бақылап, оны жүк кемелерімен су тапшы ай­мақтарға тасымалдау қарас­ты­рылған. Бірақ жоба қағаз жүзінде қалды.
Ғалымдардың енді бір бөлігі тек үнемдеу арқылы ғана ауызсуды пай­далану мерзімін созуға болады деген пікірде. Бұл тұрғыда Батыс елдері біршама жетістікке жеткен. Германия үнемдеу технологиясы жағынан ең алдыңғы орында. Кей­бір сарапшылар суды алдымен ауыл шаруашылығы арқылы үнемдеуді ұсынады. Қалай десек те, су тап­шы­лығы жұртты үрейлендіруде.
Суға деген сұранысы аз елдердің көшін Ресей бастап тұр. Одан кейінгі орында - Бразилия. Ең проблемасы көп ел - Қытай. Осындай қарама- қайшылықтарға қарамастан әлем даму, өсу үстінде. Суға деген сұ­ра­ныс тоқтар емес. Жыл сайын мұхит­тардан буланатын 505 мың текше шақырым одан өзге буланудан болатын 72 мың текше шақырым су да жұғым болмай қа­лыпты.
Жерге сіңетін судың 79 пайызы мұхит буынан құралса, өзен-көлдерден 2 пайыз дымқыл бөлінеді. Бұл - аз. Сондықтан табиғаттың сыйын көп пайдаланатын Үндістан, Қытай, АҚШ, Пәкстан, Жапония, Таиланд, Индонезия, Бангладеш, Мексика және Ресей секілді елдер қажеттіліктен талтүсте айырылып қалғысы келмейді...
Әр үш жыл сайын Біріккен Ұлттар ұйымының Дүниежүзілік бағдар­ламасына сай жасалатын соңғы баяндамасында 2015 жылға дейін «Су - өмір үшін» атты бастама кө­терілді. Бірақ оның нәтижесі қалай болғаны әзірше белгісіз. Соған қарамастан, таза суды пайдалану мақсатында әлем бойынша шұғыл жұмыстар жалғасып келеді. Мұның бәрі адам өлімін азайту мен ауру-сырқауға қарсы тұру мақсатында жасалып жатыр.
Қазір дамушы елдерде аурудың 80 пайызы судан болса, жыл сайын лас судан 3 миллионға жуық адам өледі. Есеп бойынша бүгінде жер шарында 6,6 млрд адам тұрады. Жылдық өсім - 80 млн. Осының өзі жыл сайынғы суға сұранысты 64 млн кубометрге жеткізген. 2030 жылы әлем жұртының 47 пайызының бірден-бір бас ауруы су болмақ.
Дүниежүзілік бағалау инс­титутының соңғы деректеріне қа­ра­ғанда, бір жұтым судың зарын ке­ш­кен 13 елдің аты аталады. Олар­дың арасында ТМД елдерінен Түрік­менстан, Молдова, Өзбекстан және Әзірбайжан бар.
Миллиондаған америкалықтар 2004 жылдан бері сапасыз су үшін мемлекеттік компаниялармен дау­ласып, кейбір сот ісі әлі күнге жал­ғасып келеді.
Енді Қазақстан жағдайына келсек, елімізде ауыл шаруа­шы­лы­ғында судың жетіспеушілігі анық байқалады. Тек қыста қардың қа­лың, жауын-шашынның жиі болуы ғана қазақстандық диқандарды қиыншылықтан құтқарып келеді. Ал су үнемдеу үшін соңғы кездері там­шылап суғару әдісі жиі қолда­нылып жүр.
Ауызсумен тұрғындардың 60 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Көптеген елді мекендер суды тасып ішеді. Соңғы кездері қолға алынған «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарла­ма­ларына жыл сайын бөлінетін мил­лиардтаған теңге ауызсумен жаб­дықтау және таза сумен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешуде.
Көп жылғы зерттеулерге қара­ғанда Қазақстанда соңғы 30 жылда өзендер қоры 25,3 текше шақы­рымға кеміген. Есеп бойынша 2020 жылы су ресурстары тағы да 86 текше шақы­рымға азаймақшы. Қазір суды тұтыну елімізде жылына орта есеп­пен 32,5 текше шақы­рым.
Мамандардың сөзіне қарағанда, 2020-2030 жылдары су тапшылығы тіпті тереңдей түспекші. Сондықтан көрші елдер арқылы келетін өзен сулары мен іштегі өзен-көлдердің суын тиімді пайдалану, суды үнемдеу мәселесі еліміз үшін де басты мәселе болып қала бермек.

Дерек пен дәйек:
Орта есеппен африкалық отбасы шамамен күніне 23 литр су пайдаланады. Ал америкалық отбасы 946 литр су пайдаланады.
Бір миллиард тұрғын суға мүлде зар.
WWDR (су ресурстарын дамытудың әлемдік бағ­дарламасы) көптеген балалар судың соңында жүріп мектепке бара алмайды. Көптеген мек­тептерде әжетхана жоқ.
Әр 8 минут сайын лас судан бір бала өледі.
Жылына 25 миллион адам лас су ішу сал­дарынан көз жұмады.
Артта қалған елдерде таза емес немесе лас су жұқпалы аурулардың көзіне айналған.
Су құбырларында кездесетін қорғаныс бала­ларды жүйке ауруына ұшырататын бірден-бір қатерге ай­налған.
Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің есебінше, америкалықтар жыл сайын 40 триллион галлон су пайдаланады. Бұл көрсеткіш он жыл сайын 25 пайызға өсуде.
1974 жылы қабылданған «Ауызсу қауіпсіздігі туралы» заң бойынша агенттік 60 мыңнан астам түрлі химикаттың тек 91-і ғана суға қосылып кетуіне кешіріммен қарайды.
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі бө­телкелердегі дайын суды тексеру барысында олардың қызметі мен саудасы мүлде қадаға­лан­байтынын анықтаған.
АҚШ-та жылына 18 миллиард фунт улы қалдықтар ауаға, жерге, суға сіңеді.
Америкалықтар сағат сайын судан босаған 2,5 миллион бос пластикалық бөтелкелерді далаға тастайды.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

"Айқын" газеті

0 пікір