Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Жаңалықтар 6929 0 пікір 20 Маусым, 2012 сағат 07:27

Ахмет Байтұрсынұлы. Қалам қайраткерлері жайынан

5-ші қыркүйек -Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

БиылАхмет Байтұрсынұлының туғанына - 140 жыл, ал Ахаң түрлеген әліпбиге - 100 жыл!

«Қалам қайраткерлері жайынан» атты мақала хақында

Мақала 1922-ші жылдың шілде айының 8-і күні «Еңбекші қазақ» газетінің №29-шы санында жарық көрген [1]. Мақала авторы сол тұстағы сауатты, көзі ашық «қазақ оқымыстылары» деп танылған қазақ қаламгерлерінің әлеуметтік ортадағы атқаратын рөлі мен олардың хал-ахуалына талдау жасайды. Қаламгерлер қауымының қайдан шыққаны, қалай шыққаны, келешекте ұлт жұмысы үшін не істеу керектігін саралайды.

5-ші қыркүйек -Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

БиылАхмет Байтұрсынұлының туғанына - 140 жыл, ал Ахаң түрлеген әліпбиге - 100 жыл!

«Қалам қайраткерлері жайынан» атты мақала хақында

Мақала 1922-ші жылдың шілде айының 8-і күні «Еңбекші қазақ» газетінің №29-шы санында жарық көрген [1]. Мақала авторы сол тұстағы сауатты, көзі ашық «қазақ оқымыстылары» деп танылған қазақ қаламгерлерінің әлеуметтік ортадағы атқаратын рөлі мен олардың хал-ахуалына талдау жасайды. Қаламгерлер қауымының қайдан шыққаны, қалай шыққаны, келешекте ұлт жұмысы үшін не істеу керектігін саралайды.

Бұл мақаланы әдебиетші-ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы «Егемен Қазақстан» республикалық газеттің 2000-ші жылы 5-ші ақпандағы кезекті нөміріне бүгінгі қазақ әрпіне түсіріп, тұңғыш рет оқырман назарына ұсынған болатын. Араға жыл салып мақала 2001-ші жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі, Орталық ғылыми кітапхана тарапынан дайындалған «Ұлы тұлғалар» атты ғылыми-библиографиялық сериямен жарық көрген «Ұлттың ұлы ұстазы» (халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсыновқа арналады) деген жинаққа алаштанушы ғалым Т.Кәкішевтің дайындауымен енді [2, Б. 75-80]. Бір өкініштісі, жинақтың таралу тиражы - 200 дана. Сол себепті мақаланы оқырман назарына қайтара жариялауды жөн көрдік.

А.Байтұрсынұлының бұл мақаласы қазақ ішінде алалық туған кезеңде басына бәле болып жабысады.«Қаламгер деген кім, қайдан шықты» деген сауалға берген жауабы: «1).Қазақ қалам қайраткерлері орыстың қорлық көрген, таяқ жеген, орыстың табанында езілген жұрттан туған. 2).Қазақ қалам қайраткерлері қазақ басына қиын-қыстау зар заман түсіп, үстін торлап, қайғы бұлты қаптаған шақта шыққан» дегені үшін өз ішімізден шыққан шолақ белсенділер «орысқа қарсы шыққан» ұлтшыл деп байбалам салды, ақыры Ахметтің түбіне жетті, өздері де сол шыңырауға құлады...

Осы тарихи маңызы зор мақаланы сол уақыт талабы мен бүгінгі күннің  талабы үдесін қаншалықты айырмашылығы барын, жалпы қаламгердің қарымы қайда, қалай жұмсалуы қажеттігі жөнінде өзінің ой-сараптауын алаштанушы-ғалым Д.Қамзабекұлы Байтұрсыновша байыптап, газет бетінде бүгінгі қаламгерлердің абыройлы міндетін межелейді. Талдау мақаласының тақырыбын Ақаң айтқан айшықпен әрлеп, яғни «Қазақ қаламгері бұралқы ит емес» деген тіркеспен талайлардың тат басқан санасын қозғау үшін, бүгінгі жаңа қоғамдағы тіл, діл, жалпы руханият мәселелерінің тәуелсіздік талабы деңгейінен көрінбей жатқаны қалай? деген сауалға жауап берген зерттеуші Ахаңша зерделеуді бүгінгі қазақ зиялыларының арына жүктейді [3].

Мақала ішінде өзге тілден енген сөздердің қазақы дыбысталуын мәселен, «сиез» - съезд, «иіуін» - июнь (маусым), «өктәбір» - октябрь (қазан), «иінтернатсійанал» - интернационал (бейбауырмал), «кәммүнійст» - коммунист, «иінтернатсійаналист» - интернационалист, «декірет» - декрет, «мілійөн» - миллион» сынды тіркестер сол қалпында сақталды. Бұл сөздер 2000-шы жылғы жарияланымында бүгінгі әріпке түсіру барысында қазіргі қолданыстағы қазақ тілі емле ережесі негізінде түзетілген екен. Сонымен қатар, «сиақты - сияқты, тайақ - таяқ, йағни - яғни, йа - я, қойар - қояр, қойыу - қою, жыйыуға - жиюға, айамау - аямау» деген сөздердің де жазылу ережесі сол қалпымен берілді.

Мақсат - Байтұрсынұлы әліпбиіндегі қазақы дыбыстық ерекшеліктерді жаңғырта отырып, бүгінгі өзге тілден қисапсыз енген халықаралық терминдермен шұбарланған қойыртпақ тілімізге ескерту жасау. Халықаралық қатынас тілі дәрежесіне жеткен ағылшын, латын, орыс харіптерінің тасасында жүріп тұншығып, булыға бермей, өзіңнің үніңдегі сөзіңді шығар! Қазақ үні, қазақ сөзі қазаққа ғана керек. Ендеше есімізді жиып, «сөзімізді түзейік» дегенді бүгінгі ұрпаққа Ахаңша айту, нақтырақ аңдату.

Қалам қайраткерлері жайынан

 

Орынборға шақырған қазақ қайраткерлерінің сиезі адам аз келгендіктен сиез есебінде болмай, кішкентай ғана кеңес түрінде болып өткені озған нөмірлерінде жазылды. Орынборда отырғандар, о жақ, бұ жақтан кез келгендер болмаса, сиезге атын атап шақырған адамдар келмеді.

Келмеу себептерін түрлі жоруға болады.

Келмеулеріне  бір жағынан жол қаражатына қаржы жоқтығы себеп болған шығар; екінші жағынан Жүсіпбек жолдас сиақты керексіз сиез деушілік те себеп болған шығар; үшінші жағынан, қазақ қайраткерлерінің Орынбор қаласынан қараңғы үйден жаман қашатындығы да себеп болған шығар; төртінші жағынан, өзгеріс уақытында қайрат жолы өзгеріп, қарқын беті қайтқаны себеп болған шығар. Бұл көп «шығардың» ішінде көбінен себеп болатыны екі «шығар».

Сиезге келуге ынталы адамдар болса қаржы да табылады, керексіз сиез деп айтпайды. Мұның бұлай болуы келуге ынталы адамдар болмағандықтан, Орынборды көруге табиғаты шаппағандықтан болып отырған қал. Бұрын Орынбор қазақтың пікір құбылысындай болған заманда, сиез түгілі жайда Орынборға келіп, бас қосып, қазақтың қамын ойласып, қайғысына дауа қарастырып қайтатын ел азаматтары енді еріншектік етіп келмей отыр деуге болмайды. Мұның мәнісін әрірек, тереңіректен іздеу керек.

Қазақ қалам қайраткерлері қайдан туған, қашан шыққан деп сұрау қойылса, жауап қиын емес.

1). Қазақ қалам қайраткерлері орыстың қорлық көрген, тайақ жеген, орыстың табанында езілген жұрттан туған.

2). Қазақ қаламқайраткерлері қазақ басына қиын-қыстау зар заман түсіп, үстін торлап, қайғы бұлты қаптаған шақта шыққан.

Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, йағни, халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес. Олай болмаған болмаса, онда табиғат заңының тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сықылды болып шығады.

Қазақ баласы ұлтым, жұртым, бауырым деп үйреніп қалған қазақтың бауырмал қалам қайраткерлері өктәбір өзгерісі болғанда бірден иінтернатсійанал (бейбауырмал) болып өзгере алмады, өзгелердей «алымсақтан бері» кәммүнійст,  иінтернатсійаналист едім деп айтуға аузы бармады. Сондықтан бейбауырмалдық жолға қызмет қылып, басшылық қыла алмады. Бауырмалдық жолында қаламмен қайрат етуін бейбауырмалдық жолындағы үкімет қош көрмейтін болды. Сөйтіп, қазақ қалам қайраткердерінің халінде дағдарыс болып, өзгерістен бұрынғы қарқындары қайтып, тартыңқырап қалды. Сол қайтқан қарқын әлі күнге қайта келіп жеткен жоқ. Бұрынғы қалам қайраткерлерінің бәрі де өзгерістен кейін қалам қайратына әлі белсеніп онша кіріскен жоқ.

Бұл айтылған себептің үстіне жамалған екінші себеп болды. Ол Қазақстанға ұлық болған адамдардың лағу-төңкеріс болса істің бәрін өзінен өзі істеліп, өзінен өзі өзгеріп кететіндей көруі. Қалыпты өзгертетін адамның ісі, йағни, жұмсайтын күші, қайраты, ісі, білімі екендігін ойламады. Төңкеріс болды, патша үкіметінің орнына саует үкіметі орнықты: қазақты билеген, патшаның оң қолы болып кәммүнійстер қазақты билейтін болды. Елдің төбесі өзгерді, төресі өзгерді. Онан былайғысын өзгертуге көп күш, көп іс, түрлі еңбек, қайрат керек, йағни, істей білетін түрлі адамдар керек.

Қазақтың оқығаны аз, оның ішінде халық ісіне қатысып, жұрт үшін жұмыс қылғандар өте аз. Бірақ, аз да болса, қазақта қызмет қылып ысылған, төселген адамдар, қазақтың ісіне қатыспақ түгіл қарасын көрмеген, атын есітпеген жат жұрттың адамдарынан гөрі, қазаққа көбірек пайда келтіретіні шексіз.

Ескі үкімет тұсында, қазақтың басына қаптаған қара бұлттай қалың пәле торлаған заманда, жұрт үшін, ұлт үшін қызмет қылған, қиналған адамдарға «жұртшыл», «ұлтшыл» деген таңба басылып, олар қораға жолатпайтын қотыр мал сықылды шетке шығарылып, әлеумет жұмысынан аулақ ұсталды. Қазаққа жаны ашып, қазақ сөзін сөйлеген адам болса, оны ұлтшыл деп әдепсіздік еткен сиырдай қылатын болды.

Төбелеске шығатын адам сиақты, төсін ұрып, тұлданып «Жасасын бейбауырмалдық!» деген қазақ болса, қошемет айтып, қол шапалақтап, төбесіне көтеретін болды. Қазақтың көрген қорлығын, зорлығын айтатын адам болса, ауызға қағып сөйлетпейтін болды. Қазақ өзгеріс үшін құрбан болса, несі құрайды деуші болса, арқаға қағып, дұрыс пікір осы дейді. Солай болып тұрғанда қазақтың жұртшыл, ұлтшыл, бауырмал қалам қайраткерлері қалайша белсеніп, қалам қайратына кіріспек? Қалайша қаламды қолға алуға көңілі шауып, ықыласы түспек?

Қалам қайраткері - жолын тастап, көрінген жолаушыға ере беретін бұралқы ит емес. Бауырмал болып қалған қазақ қалам қайраткерлері, йа бойаумен түсін өзгертіп, йа түленмен түгін өзгертіп бейбауырмал болмаса, нақ ішін өзгертіп бейбауырмал бола алмайды. Жалғыз қалам қайраткерлері емесқазаққа жаны ашитын, басқа азаматтар да қазақтың басқалардан көрген кемшілігін айтпай тұра алмайды. Оны айтып отырса, бауырмал деген сөзден құтыла алмайды. Солай болған соң, иа бауырмал деген сөзден қашып, бейбауырмал үкіметтің ыңғайымен болып, қазақты басқалар пісіріп жесін, шикі жесін үндемей қарап отыру керек: не бауырмал деген сөзді басқалар ауыр мағынада айтса да, қазақ азаматтары ауырламай, қазақтың сөзін қаймықпай сөйлеуі керек. Енді осыған жеттік.

Қазақ деп ауызға алмай, не болса о болсын, қараға қостық, не көрсе көппен бірге көрер деп отыруға болар еді, егерде қазақ мәдениеті қасындағы халықтармен бірдей болса. Қазақ қасындағы халықтар: орыс, неміс, ноғай, жәуіт, ғайрилар.

Бұлардың бәрінің де мәдениеті қазақ мәдениетінен жоғары. Мәдениеті жоғары халық - мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдай анық, күндей жарық ақиқат. 200 мілійөн (бұдан әрі - миллион) үнді халқын 50 миллион ағылшын жем қылып отырғаны, 500 миллион Қытайды өзінен он есе аз жұрттар әжуалап отырғаны - адам баласының теңдігі - кемдігі мәдениетіне қарай екендігін сыпаттайды.

Қазақ мәдениеті жәуіт, неміс, орыс, қатта ноғай мәдениетіндей болса да, «қазақ» «қазақ» деп айыра сөйлеп, ауыз ауыртып, әуре болмай-ақ, көппен бірдей көрер деп қойар едік. Қазақ айрықша сөз болатын қалі айырықша болғандықтан.

Қазақ мәдениеті қасындағы жұрттардан кем екенін біле тұра, мәдениеті зор халыққа жем екенін біле тұра, қазақты жемтік есебінде жей бер деп қазақ азаматтары тастай ала ма? Оны қазақ азаматтары істей алмайды. Олай болса, бауырмал десін, қазақшыл десін, ұлтшыл десін, оған құлақ ауыртып ауырламасқа керек.

Қазақ қасындағы жұрттардың қатарына жетіп теңелуіне керек ісімізді қолға алып, қанаттамасақ, қазақ күнін қараң қылатын бейбауырмалдық адам арасына жік салады, бауыр керек емес, «жасасын бейбауырмалдық!» деп айқайлағанмен адам баласының арасындағы құр айқаймен жоғалатын көрінбейді. Мәдениет жігін жоғалтпай өз жігін жоғалту оңай жұмыс емес. Бұл айқайдың қолынан келмейтін іс екендігіне көз жетті.

Алдымен бауырмалдық жігін жоғалту керек деп адасқандар адаса берсін, қазақ азаматтары мәдениет жігін жою жолындағы жұмысқа күшін, ісін, сарп ету керек. Басқалармен мәдениеті теңеліп, жарыса, жармаса күнелтуге қазақ жеткен күні, қазақты қасындағылар қыңсылатуын қойады, қазақ азаматтарының қазақ үшін айырықша қайғыруы, қаны қызуы жоғалады, бауырмалдық өзінен өзі жоғалады.

Мәдениет алға басуы тірнек ісі шеберленуімен, сана-саңылау күшейуімен болады. Тірнек ісінен шыққан шеберлікті өнер дейміз, сана-саңылау күшінен шыққан білімді ғылым дейміз. Бұл екеуі де іштен адаммен бірге туатын нәрсе емес, үйренумен табылатын нәрсе. Үйрену дегеніміз - оқу. Сөйтіп, мәдениет жүзінде халықтың алға басуы, алдағы жұрт пен арттағы жұрт арасындағы мәдениет жігі жоғалуы оқуға келіп тіреледі.

Қазақта оқу ісі қалам қайраткерлеріне қарап тұрғаны, олар не істеуге керектігі өткен нөмірлерде басылған сиезге арналған мәселелерде айтылды. Мұнда айтайын дегеніміз: қалам қайраткерлерінің бас қосып бақыршылығын сөйлесуі. Қалам қайраткерлерінің иіуін (июнь - И.Р.) сиезіне «тополаң уақытындағы той» емес, топалаң келмеуіне амал қарастырайық деген ой еді.

Сиез иіуінде болмады деп қойыу керек емес, иіуіннен басқа да айлар, күндер көп, әлі де болса бас қосып сөйлесу, қалам қайраткерлерінің ұйымын жасау керек. Жазушылармыз бытыранды болмай, ұйымдасып, бірлесіп іс істесе, бәлкім істері берекелі, өнімді болар. Өзгеріс болғанымен өзгермей тұрған қазақта қалып көп, қашаннан бері, қазақ ішіне сіңіп, орнығып қалған қалыпты өзгерту оңды нәрсе емес. Бас өзгерді, бастық өзгерді, төре өзгерді, басқасы әлі қарап тұр. Қазақ көрген қорлық пен зорлық көбеймесе, кеміген жоқ. Жеуге жеңіл тұрғанды жеу - табиғи іс. Тіске жұмсақ болған соң, қай уақытта да жеуге қазақ жеңіл болып тұратыны мағлұм. Қазақты бұрын жегендер әлі жеп отыр, бұрын зорлық қылғандары әлі де зорлық қылып отыр. Өзгеріс кімге жағымды, кімге жағымсыз болып шыққаны көзі бар адамдар көрерлік, есі бар адамдар білерлік болды. Өзгерістің негізі тартыс, талас болған соң тіршілікке қайым біткен қайраттыларға, күн көруге ептілерге, дүние жыйыуға құмар адамдарға жағымды болғанымен, момындарға, ақ көңіл, анайы, аңқауларға жағымсыз болғаны шексіз.

Ақкөңілділік, анайылық, аңқаулық табиғаттан да болады, тәрбиеден де болады, йағни мәдениет жоғары-төмендігінен де болады. Көбінесе мәдениеті төмен жұрт ақкөңіл, анайы, аңқау келеді. Сондықтан да мәдениет жоғары жұртпен араласқан жерде алдауына, арбауына түсіп жем болады. Қазақ жеріндегі халық көбіне қазақ пен орыс. Қазақ мәдениеті орыстан кем болған соң жем болатыны шексіз. Ол жем болудан мәдениеті жетілгенше құтылмайды. Қазақ жем болудан түбінде декірет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады.

Үкімет тарапынан қазақтың кәзіргі күтетін көмегі - мәдениеті жетілгенше басқалардың зорлығынан қорғау, мәдениеті көтерілуіне қолдан келген жәрдемін айамау. Солай болған соң қазақ үкіметі құр декіретін көбейтумен бола бермей, қазақтың мәдениетін күшейту жағына көз салып, көбірек күшін жұмсау керек.

Мәдениет күшейеді өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді оқумен. Оқу ісі сабақтас әдебиетпен. Оқу әдебиетті күшейтеді, әдебиет оқуды күшейтеді. Оқу мен әдебиет бірін-бірі қолдап, бірін-бірі көтермелеп, бірін-бірін сүйрейді. Оқусыз әдебиеттің күні жоқ, әдебиетсіз оқудың күні жоқ, қазақта оқу да, әдебиет те жаңа ғана көктеп көзге ілінген күйде тұр. Оның өсіп, үлкейіп, гүлденуі үшін көп іс, көп күш керек. Сол көп істі қолынан келгенше істейтін, сол көп күш шамасынан келгенше сарп ететін қазақ қалам қайраткерлері.

Ол қалам қайраткерлері бұл күнде өз жұмысында емес, өзге жұмыста жүр. Оларды өзге жұмыстан алып, өз жұмысына салу қазақ үкіметінің міндеті: қалам қайраткерлерінің жұмысы - әдебиет, әдебиетсіз оқу қуаттану жоқ, оқусыз мәдениет қуаттану жоқ, мәдениет қуаттанбай қазақ қорлықтан, зорлықтан құтылу жоқ. Орыстан қазақтың көріп отырған отаршылығы, омыраулығы қазақ мәдениеті орыс мәдениетінен төмен болғандықтан. Азаттық асылы мәдениетте, мәдениет күшейуінің тетігі - оқу мен әдебиетте.

1922 жыл.

Имаханбет Райхан Сахыбекқызы,

Халықаралық бизнес университетінің доценті,

Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Байтұрсынұлы А.Қалам қайраткерлері жайынан // Еңбекші қазақ №29, 8 шілде 1922; Егемен Қазақстан, (Мәтінді дайындаған: Кәкішев Т). 5 ақпан 2000.

2.      Ұлттың ұлы ұстазы: халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, ағартушы А.Байтұрсынов. - Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2001.-305 б., Б. 75-80.

3.      Байтұрсынов А. «Қазақ қаламгерлері бұралқы ит емес» (Мақаланы талдаған: Қамзабекұлы Д) // Айқын №126, 12 шілде 2007.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2197
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2583
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2518
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1682