Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2330 0 пікір 20 Маусым, 2012 сағат 07:14

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

«Аудандық партком көшіп келді, сүйінші!» деп, кеше Биқаділ айқайлай жеткізіп еді маған. Бүгін Шакербайға да, әкімге де «ұзарамын» деп буланып шыққаным сол болатын. 1947-ші жылы жаздағы бір «қысқартылғанымда» күшеп «ұзартқан» төңкерісшіл жастар ұйымы жоқ. Оның орнына құрылған «Шинжаңда тыныштық пен халықшылдықты қорғау одағы» халықтық ұйым ретінде ғана сақталып отыр. Демек қазір оның мені Досаннан арашалауға күші жетпек емес. Кадырлары жаңа ғана көшіп келіп, әлі орналасып бола алмай жатса да, партком түсті деген аулаға кіріп бардым. Бұрынғы әскери қамдау мекемесінің қорғаны берік ауласы еді.

Жепаңжүн пормасында жаздық сары бешпет-сым, күнқағары да шүберек жұқа сары қалпақ киген екі әйел қақпаға беттеп, маған қарсы келе жатыр екен. Шаштары тым қысқа қырқылған, әйел екендіктеріне сену қиын көрінді. Аңыра қарап өте беріп, шардиған іштеріне көзім түсті. Жалт қайрылып тұрып қалыппын. Ақ жібек көйлек пен бұтымдағы қыры сынбаған қоңыр бастон сымды аула сыпырып жүрген бір жұмысшы аяғандай дауыстады:

- Мына шаңда неғып тұрсыз?

- Буаз әскер көргенім осы! -дедім мен. - Япырай екеуі де буаз!

Қарқылдап күлді жұмысшы.

IV

«Аудандық партком көшіп келді, сүйінші!» деп, кеше Биқаділ айқайлай жеткізіп еді маған. Бүгін Шакербайға да, әкімге де «ұзарамын» деп буланып шыққаным сол болатын. 1947-ші жылы жаздағы бір «қысқартылғанымда» күшеп «ұзартқан» төңкерісшіл жастар ұйымы жоқ. Оның орнына құрылған «Шинжаңда тыныштық пен халықшылдықты қорғау одағы» халықтық ұйым ретінде ғана сақталып отыр. Демек қазір оның мені Досаннан арашалауға күші жетпек емес. Кадырлары жаңа ғана көшіп келіп, әлі орналасып бола алмай жатса да, партком түсті деген аулаға кіріп бардым. Бұрынғы әскери қамдау мекемесінің қорғаны берік ауласы еді.

Жепаңжүн пормасында жаздық сары бешпет-сым, күнқағары да шүберек жұқа сары қалпақ киген екі әйел қақпаға беттеп, маған қарсы келе жатыр екен. Шаштары тым қысқа қырқылған, әйел екендіктеріне сену қиын көрінді. Аңыра қарап өте беріп, шардиған іштеріне көзім түсті. Жалт қайрылып тұрып қалыппын. Ақ жібек көйлек пен бұтымдағы қыры сынбаған қоңыр бастон сымды аула сыпырып жүрген бір жұмысшы аяғандай дауыстады:

- Мына шаңда неғып тұрсыз?

- Буаз әскер көргенім осы! -дедім мен. - Япырай екеуі де буаз!

Қарқылдап күлді жұмысшы.

- Неге күлдің ей, Мұрат? -деді сырт жағымнан біреу. Таныс дауысқа тағы да жалт қайрылдым. Сәрсен саясат, іздеп келген парткомымның ең төрдегі үйінің есік көзінде тұр! Жеңін сыбанып, екі балағын түріп алыпты. Аппақ ізбес бет-аузына дейін шашылған, парткомның кеңсесін ақтасып жүрген екен. Ашық терезенің бірінен ақсайтан Мұқан көрінді, ол да сондай шып-шыбар.

- Ағарту жолдарыңды енді тауыпсыңдар! -деп ақталып жатқан үш бөлмелі үйге күле кірдім.

- Енді ағарып жындымыз ба, «қызара түс» десеңші, Биға! -деп Мұқан күлді. Бұл үйлерге қызмет істесіп жатқан тағы 4-5 жігіт бар екен де, солардың ішіндегі ең жанкүйері осы екеуі ғана сияқты, басқалары ақ балшықпен бұл екеуінше безене қоймапты. «Гүңчандаңға» гоминдаңды жағайымсытқан дәуірге рахымет!» деген оймен жымиып, жаңа келген партия қызметкерлерін іздедім. Бір үйге шкап, стол орналастырып жатқан үш еркек жепаңжүнмен амандасып қана қайтуыма тура келді, сөз тыңдаса, мұрсалары жоқ екен.

Үйге қайтып барып, бар мұңымды күлкіге айналдыра шешеме шерттім.

- Әдіра қалғырлардың әлі де қорс етерін қоймауын қарашы! -деп күрсінді шешем. - Енді бұлармен ырылдаспай, әлгі шақырған қызметіңе - Үрімжіге барып ал, құлыным! Әкең айтқандай «аласапыран» шақ қой бұл да. Үкімет жаңарған алғашқы кезде қалалардың осылай құтыратыны бар. Біреуі мүйізіне тағы да іліп әкетіп жүрмесін!

- Жоқ, апатай, Мақпал келгенше тосамын. Және осы жерде істеуге тиісті істерім көп... Компартия келді ғой, енді ілдіре қоймаспын, менің де мүйізім өсетін шақ жеткен шығар. Онан да Шәуешекке барып, болған ахуалды түгел мәлімдейін, не дер екен!...

Арызымды сол кеште жаздым да, таңертеңіне қатынас пунктының қара машинасымен Шәуешекке аттандым. Бір сағатта ғана жетіппін. Аймақтық оқу-ағарту мекемесіне кіре бергенімде алдымнан Нұржан шыға келді. (Баяғыда Шың Шысай Дөрбілжіннен екінші рет ұрлап жұтқан орынбасар әкім Нұржан. Осы аймақ бойынша тірі шыққан үшеудің бірі еді. Гоминдаңмен жасасқан он бір тармақты бітім бойынша қайтып келіп, аймақтық оқу-ағарту мекемесінің бас инспекторы болған.) Менің қызметіммен төте қатысты, жайымды жетік білетіндігі бойынша амандаса салып, қолымнан тарта жөнелді. Бөлмесіне кіргізіп, қатарласа отырды да «қысқартылған» себебімді алдымен өзімнен сұрады, хабардар екен. Досанмен болған байланысымды басынан бастап едім:

- Жо-жо-жоқ, Биғабіл... бұрынғыңды б-б-білеміз! -деді байырғы әдетімен сыпайы ғана тұтығып сөйлеп. - Дәл о-осы жолғысын айтшы!

- Мен қызмет істеген төрт жыл ішінде қысы-жазы бір күн де (былтырғы науқастануымнан басқа күнде) демалған емеспін. Жаздық демалыстарда да тіпті апталық демалыс күндерінде де оқытушы, үгітші, инспектор болып, салпақтай бергенмін. Биыл мектеп оқушылары тарасымен демалыс сұрасам, бермеді. Орныма Өмірбекті қойып, демала шықтым да елу күнде қайтып келдім. Менен табылатын қылмыс осы ғана!

- Ал... бұ-бұдан үлкен... са-саяси жақтан да бастықтарыңның жазған мәліметтері бар екен. О...о.. оған не дейсің?

Екі үш жылдан бергі Досанның мені шақыртып алып, таққан айыптарының бәрін шолып, қысқаша-қысқаша сөйлеп болысыммен "о-осылай ғана ғой?... б-бәсе солай... жү-жүр енді!" -деді де ерте жөнелді.

Аймақтық оқу-ағарту мекемесінің орынбасар бастығы Болтайдың бөліміне кірдік. Жаңадан өрлеген жас бастық менің мәселем туралы Нұржанша ағылып алдыма түспеді. Соңымнан ерген қарттай рай көрсетіп, сағыз сақтықпен кіртік сұрақ қоя берді. Мен туралы сауатында Досаннан естігені көп сияқты. Ол бастықтың жалалы шағымын бұл бастықтың миынан адалап болғанымша түскі демалыс уақыты жетті де, түстен кейін қайтып кеп сөйледім. Қойған сұрауларынан жалалы мәлімет тапқан сайын Болтайдың қара қоңыр жүзі қызғыш тарта берді. Ақырында діңкелеп тоқтағандай шалқайып ойланып қалды. Саяси мәселеден арылған сияқтымын. Оқу-ағарту қызметіндегі ескілік пен жаңалық жөнінде Нұржан шабуылдай жөнелді осы кезде. Бас инспектор өзінің әр жылдық қызмет естелігін жайып салып сөйледі. Шакербай, Сәрсен, Арыспектердің Досанға сүйеніп істеген кедергі, тосқындық, қастықтарын, төрт-бес жылдан бергі менің сіңірген еңбегімді нақтылы болған оқиғалармен дәлелдеп шықты. Тірі айғаққа аудандық оқу бөлімінің бұрынғы бастығы Тынысқанды тартты. «Япырай, мынау өзі сұмдық қой!» деп басын көтеріп алды Болтай. Орынбасар бастық пен бас инспектор бір-біріне үнсіз қараса қалды сонан соң. Алдарында өздері басып өте алмайтын бір мықты кедергі бар сияқты. Ол, Досанның үлкен тірегі болса керек. Жүздерінен лажысыздықтың ізін байқап қалдым.

- Б-б-Бәшекең бар ғой! -деп күбірледі Нұржан. - Ертең қызметке келетін күні.

- Әкімшілік мәселесі ғой, сол кісіге төте жолдауымыз жөн шығар! -деп күбірлеген Болтай, маған қарап сөйледі:

- Биғабіл, сен ертең таңертең Башпай уәлидің алдына кір! Мына арызың мен біздің мекеменің пікірі бірігіп, сонда төте барады. Егер келмеген болса, сол кісінің келуін күтуіңе тура келеді....

Арызым дәл қазір бас уәлисіз шешім таба алмайтындығын осы сөзден түсініп шықтым. Досан туралы арызды аймақтық үкіметте жолдан тосып ала қоятын бір көлденең қырсықтың, әрине, бар болғаны ғой!... Осы жұмысымның жағдайы үшін кешінде Тынысқанның үйіне барып қондым.

«Қысқартылғанымды» ести сала қызынды ол. Көк көзі ұшқындап, қарақасты ақсары, сұлу жүзі жана түсті.

Сен асықпай шәй іше бер, мен қызмет бөлмеме кіріп, телефонмен басекеңе баяндап, келейін. Ертеңгі сөйлесуіңе оңайлық туылады. Ал, сені өлкелік оқу-ағарту меңкермесі қызметке шақырғанын да естігенмін. Досан сені 47-ші жылы «Тарбағатай газетіне» бермей, «көктей ору» әдісін тағы қолданыпты ғой! -деп арқырай күлді Тынысқан. - Уәлиге бәрін толығымен жеткіземін!...

- Әйеліне ымдай кетуі бойынша қуырылған сәй дөңгелек столға жеткенше өзі де қайтып келді. Кастюмын шешіп, орындық арқалығына кидіре күлді де, отыра бере күрсінді. Тағы күліп, әйелі әкелген орамалмен терін сүртті де, тағы бір күрсініп алып сөйледі. Күлгені, өзі баяндап болғаннан кейінгі Башпайдың жауабы екен:

«Ей, әкеңнің аузын с... деймін, ей Тынысқан, мұндай жетілген қызметкерлерді «қысқарту» дейтін сұмдық қайдан шығыпты ей!» дегенін айтып, қайта бір арқырап алды:

- Сен үшін башекеңнен осылай бір тілденіп қайттым. Өзің айтқандай, қайта ұзарасың-ақ. Бірақ енді сол қызметіңе қайта бармай-ақ қой! Осы редакцияға орналасып қал! Егер Үрімжі күшеп шақыртса, кадірлік қалтаң, біздің қолдан жолданғаны жақсы! -деп алып тағы күрсінді. - Сен әнші Шәкеннің жайын естідің бе?

- Өткен қыста Бижінге кетіп бара жатқанында бір әңгімелесіп едім. Одан бері хабарсызбын.

- Сөдегей сөзден бірдеңе айтып па еді сонда?... Жасырмай айта бер!

- Жасыратыны да, ешқандай «сөдегейі де» болған емес ағай, Сәрсен саясатты келістіріп бір боқтағаны ғана бар, ол былай...

- Жоқ, оны қойшы! -деп алып, арақ құйды. Менің бұрынғы шәкірттік әдеп сақтап тартынуыма болмай зорлап румка қағыстырды да, өзі алдымен ішіп алып сөйледі:

- Шәкен сол сапарынан қайтып келісімен бір зор шатаққа тап болғанына жарым жылға жақындап қалды. Қазір түрмеде!...

Жай шатақ қана емес, «зор шатақ» естілісімен қолымдағы арақты мен де өңешіме қотара салдым.

- Не шатақ екен ол?

- «Тұрсын - Шәкен шайкас» деп аталыпты. «Кері төңкерістік ұйым құрыпты» десіп жүр. Бұған осындағы қазақ орта мектебінің ең белді-беделді мұғалімдері түгел қатынасқан дей ме қалай, бәрі де тергеуде, режімде жүр!

- Мектеп бастығы Тұрсын Жарқынбаев пен Шакен бе сонда, оларды шайкаға ұйымдастырған?!

- Солай дейді! -деп күрсінді Тынысқан. - Бірақ, мен өзім сенбеймін. Тұрсынды «Алаш ордашыл» дейді. Осы тарбағатайдан оқып, кәдеге жараған интеллигенттің барлығының ұстазы. Бір-екі сабақты мен де сол кісіден оқығанмын. Ондай жаман идеясын осындағы жиырма жылында оқып шыққан оқушыларының ешқайсысы білмейді. Кері төңкеріс ұйымының ұйымдастырушысы болса, солардың бірі болмаса бірін үгітші де болмас па!... Біз оның сабақты жақсы игерген оқушыларына сүйінгенде айтатын бір ғана сөзін білеміз:

«Қазағымның қара шұнақ баласы-ай!» деп басын сипай өтетін. Мұнысынан алашордашылық емес, білім сүйерлік қана леп сезілетін!... Ал, Шәкенді өзің де білерсің. Осындағы жас қызылдың бірі. Табы анау!...

- Ие, оны «Алашордашыл - ұлтшыл ұйым ұрды» десе ұят болар!... Ал, осы «Алашордашылық» деген неменің затымен болмаса да, атымен жойылған қазақ оқығандары аз емес қой. Тұрсынды Совет одағынан қашып өткен оқыған қазақ болғандығы үшін сондай логикаға сиғызсын-ақ...

- Жоқ, оған да симайды, Биқабіл, кейінгі заманда, -деп Тынысқан қолындағы румкасын столға қоя салды...  -Шинжаңға кейінгі заманда қашып өткен қазақстандық қазақтардың оқығандарын "алашордашыл" деген сылтаумен Шың Шысай құртып болған. Алашордаға титтей қатысы болса, соның қанды торынан сол кезде қара нардай көзге түсіп жүрген қара Тұрсын қалар ма еді. Бұл бір түсініксіз мәселе болып тұр!

- Қалай да алашорда заманын көрген Тұрсын болған соң ондайға жала жабу оңай ғой. Ал, оны ұйықтағанда түсінде де көрмейтін Шәкен қалай ілінбек?

- Оған тонды өзіне ылайықтап пішкен көрінеді, -деп Тынысқан тағы бір күліп алып күрсінді. - Бижінге барғанда гоминдаңшылардың кері төңкерістік жасырын ұйымымен астасқан-мыс. Содан азып келген соң, Тұрсынның алашордасын қабылдамай ма деседі!

- Астағыпыралла! -деп қалыппын. - Өз ауылына тірі келген гоминдаңмен тістескен Шәкен Бижінде өлген гоминдаң аруағымен сүйісбек пе!

Мені бұрыннан жақсы бағалап келген көне ұстаз, осы сөзіме келгенде тау өзеніндей күшті күлкісін тағы бір арқыратып жіберіп, арқамнан қақты:

- Мінеки жайқап өтетін өткір логика осылай! Мен де осыны айтқанмын! Бірақ осы жалаға негіз салушы, мектептің өз ішінен шығып отыр, мықтап құрастырыпты.

Өтілген мәселені Тынысқан енді нақтап баяндады:

- Былтыр күз соңында келіп орналасып болған жепаңжүн полкы 2-3 ай өтісімен осы мектепті сұраған екен. Тұрсын Жарқынбаев мектеп қызметкерлерінің жиын талқысына салып, жауап қатынас ретінде соның қаулысын жолдапты: «біріншіден бұл мектеп, бүкіл аймақ бойынша оқушылары ең көп, қозғалуы өте ауыр мектеп; екіншіден, аймақ бойынша қазақ халқы өздіктерінен талпынып, өздерінің қосқан расхотымен, өз еңбегімен бірінші рет әрең ұйымдасып салдырған тарихи мәнді мектебі. Сіздерге әрқандай жерден де орын табылады ғой. Бұл мектепке қолқа салмауларыңызды өтінеміз!» деген сөз бар екен. Жиын ашып, жауап жазуда мектептің ғылыми меңгерушісі Шәкен Елубайұлы да, әрине, бар ғой. Ал, тура мінезді дарын иесі Шәкен бар жерде жең ішінен жұдырық түйе жүретін Кәкен де, Бәкен де болмасын ба. Әсіресе уытты жұдырық түйіп жүрген басқаша тұра, басқа мүдделі бір запхоз бар екен. Ол Шәкенге сұлу периродкы әйелінен күмәнданып, өштесіп жүрген екен.

Шәкен Бижінге барып қайтқан соң жепаңжүн полкының екінші реткі талабы және келіпті. Бұл ретте тіпті «мектепті босатыңдар!» дегендей үзілді-кесілді бұйрықты талап қойылыпты: «ол мектеп орны қала шетінде, ауласы кең, қорғаны берік, жауынгерлер машығына бірден-бір қолайлы даласы бар орын. Полк штабы соған ғана түсуге қаулы етті!» депті. Бұл талапқа бөрі тигендей шулапты мектеп қызметкерлері. Және жиын ашыпты да, әлгі запхоз шақырылмай-ақ өздігінен және келіп қатынасыпты. «Қызыл шатырлы үйлері тіпті қызықтырады екен» деген сөзді бұл талаптарына қоспапты ғой!» деп күлген Шәкеннің желкесінен қыдия тыңдап отырған екен. Ал басқа мұғалімдер жағынан түскен наразылық пікірлер одан әлде қайда зілді болып шықса керек: «Шың Шысай дәуірінің бастапқы кезінде қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы қазақ халқының өз қаражатымен салдырған ең кемелді екі мектептің бірі - Дөрбілжіндегі «қазақ ерлер мектебі» еді. Оны гоминдаң сараяқтары келе сала тартып алып, мың шақты оқушысын шулатып таратып жіберген. Одан қалған бірі осы мектеп еді. Енді өзіміздің жепаңжүн келе сала мың неше жүз оқушымызды шулатса, бұдан тіпті жаман мағына шығады!... Ғылым-білімнен мүлде артта қалған аз санды ұлттың баласы оқымай-ақ қойсын» дейтіндер ғана осылай көзігуі мүмкін ғой. «Халық азаттық армиясы» деп аталған өз армиямыз ондайдан аулақ шығар, ойлап көріңіздер!» деген жауап жазуға келісіпті.

"Өз армиямыз деген сөзді өз сараяқтарымыз деп жазса, мәселе салыстырмалы түрде айқын әсерімен жетер еді!" деп күрсінген Шәкеннің желкесінен запхоз тағы да қыдия тыңдап жымиыпты. Сол күні түстен кейін полк комиссары келіп, көшуге үгіттегенде, Шәкен бұл сөзін бетпе-бет тағы айтыпты. Комиссар тағы да күшей үгіттепті де, ғылыми меңгеруші тағы да күшей тойтарыпты:

- «Халыққа дабыра етпей, компартияға, төңкеріс армиясына жаман ат келтірмей жым-жырт қана көшіңдер, қала орталығындағы мектепке түсесіңдер, 1-шіден оқушыларға жақын, екіншіден өздеріңе де жақын!» деп комиссар жымиғанда, Шәкен ұзағынан шұбырта жымиыпты:

- Оқушыларымыздың көбі сахарадан келген, мектеп жатағында жатады. Сіздер тартып әпермек болып отырған бастауыш мектеп кластары жарымымызға да жетпесе, жатақ қайда, бір, інілерін жақын мектебінен қуып, ағалары барып оқымақ емес, екі! Бағанағы қатынаста жазғанымыздай, халықтың қалаулы мектебін гоминдаң сараяқтарынша тартып алмақ болсаңыздар, халық сіздерді де «сараяқ» атамай қоймайды, үш! Түкең екеуіміз жым-жырт кеткенімізбен мыналардың қайсысының аузын баса аласыздар, төрт! «Халық азаттық армия», «компартияның армиясы» дейтін қасиетті түсінікке дақ келтіріп, «сараяқ» атала көрмеңіздер, бес!... Өзіміздің жеке мүлкіміз емес, халық мүлкін халықтан жасырып, тіпті де бере алмаймыз, алты!...

- «Біз халықтың жаңа келген қадірменді туыс қонақтарымыз, қалағанымызды беруге борыштысыздар! -деп комиссар күлгенде:

- «Халықтың қадірменді туыс қонағы да, құрбандыққа бас тіккен қорғаушысы да, халықтың қосқан жерінде жатып, қойған жерінде тұруға борышты! -деп Шәкен күліпті.

Мұны аударушысынан ұққан комиссар күлкісін тоқтатып, ыңырана сөйлеп түрегеліпті:

- Мен қолбасшыларымыздың айт дегенін жеткіздім. Менде басқа сөз жоқ. Қанша жыл қан кешіп, құрбан беріп қиналып келген армияға бұл ауланы тезірек босатып беріңіздер, бәрібір алынады!

- «Қарағым, бастықтарыңыз бұйырған болса, айта бар, ал өзіңіз бұйырсаңыз тыңдай қайт, -деп Тұрсын мүдір насыбай шақшасымен столды тықылдатыпты. - Тәжірибелі үлкен қолбасшы буынсыз жерге пышақ ұрмаса керек қой!... Сіздер орналасуға бұдан да кең аулалы үй көп. Ал, біздің көшіп жүріп мешеу қалған қазақтың мына қарашұнақтары сиып оқуына бұдан басқа үй жоқ!»

- «Дәл бұл мектепті бере алмаймыз!»... «бермейміз!» деп шулай қайтарыпты оқытушылар...

Осының бәрін тыңдап ұғып отырған запхоз, бұйра шашты сұлуына Шәкенді мүлде көрсетпеудің амалын ойластыра отырған екен. Сол күннің ымырты үйрілісімен мектептің тақтай еденінің астына, төбесіндегі шатырына екі-үш жерден тобылғы үйіпті. Астыларына от тұтататын тамызық қойып үлгеріпті де, таң атысымен алқына сөйлеп жетіпті полк штабына: «Шәкен кеше бұл мектепті жепаңжүнге бергенше өртеп жіберемін!» деп еді. Қалжыңға балап жүрсем, өрт қоюға бүгін түнде дайындап қойыпты. Тез жүріңіздер! Көріңіздер!»... оқушыларының кешкі сабақ пысықтауын тексеріп әр күні іңірде мектепте жүретін Шәкенге бұдан да жұғымды жойымпаз дала болсын ба, штап машинасы гүр ете түсіп, сақшыларды дүк көтеріп жетіп барса, «ып-ырас»! Мектептің асты-үстіне үш тал сіріңке шағыл ғана қалыпты. Лап еткелі тұр екен. Құртушы деп Шәкенді, құтыртушы деп Тұрсынды құрсаулай қойыпты сақшылар. Мектептің екі бастығының халін көріп, үрке қалған Үркіншіні қоса матапты. Ол мектеп кеңсесінің қатшысы еді. (тергеушім, қылмыстан сырт адам қорқа ма, тегі оны «қорқушы» деп қолға алса керек.)

- Міне, бес ай болып қалды, әлі жатыр! -деп күрсіне кідірді Тынысқан. - Нендей жауап беріп, неғып жатқандықтарынан хабарсызбын. Әйтеуір иелері шырмалған соң полктың мектеп жөніндегі талабы жым-жырт тоқтап тұр.

Осы оқиғаның ашыншымен жіттірмелете екі румканы қағып салып, үнсіз отырып қалыппын. Электр шырағы жарқырап тұрса да қарауыта берді көңілім. Сыншы ұстаз сөзін көңілді-қалжыңды тақырыпқа бұрды. Е,е, леп жымиып тыңдағанси отырып, әлгі оқиға туралы сөзге қайта тарттым:

- Ағай, әлгі запхоздың Шәкенмен қастасып жала жауып жүрген себебін тергеуші орынға мәлімдеген ешкім бар ма?

- Запхоздың әйел жайындағы өштігін естігендерден тергеушілерге де, полк штабына да жазып мәлімдегендер бар. Бірақ, бәрін де «әшкерелеушіге шабуыл жасатпаймыз!» деп ақырып қайтарыпты...

Міне, міне, сол қылмыстылардың біреуі келді! -дегенше, ішкі әйнекті есікті ашып, Қуат кірді. Екі езуі екі жақта. Тынысқанға сәлем беріп, қол алыса сала мені бассалды:

- Үй, сенің «қысқарып» келгеніңді Нұржан ағайдан кешке жақын ғана естідім. Қалай қысқардың, аяқ жағыңнан ба, басыңнан ба?

- Тұп-тура ортан белімнен! Бұғанама қосып, екі омыртқамды алып тастады! -дегенімде Тынысқан қызара арқырап, татар жеңгеміз ауыз үйден кісіней күлді. Сөзімді жалғастыра жөнелгенімде күлкілерін кілт тоқтатып тыңдап, қайта күлісті. - Өздерің мектеп бойынша сыпыра қызылкөтен болып жатып, бір ғана менің қысқарғанымды сұрайтын не күйлерің бар, жығылып жатып қисайғанға күле ме екен!

- Е, шырағым, біздің қырсық сенікіндей емес, қисынды қырсық болып тұр ғой!

- Жә, қалай қисындасып жатыр, соны айтшы, өзің режімнен құтылып келдің бе мұнда?

- Құтылсам, бағана ертерек келмей, түнделетіп жүрем бе, шырағым-ау!... Мектепке біз тұтатады деген өрт, енді өзімізге тұтап барады. Тұрсын мен Шәкеннің қолын құрсаулай салып, Үркінші дейтін шалымызды тергеп еді. Өте қорқақ неме екен. Дірілдеп-қалшылдап: «партия бізді өртейді деп сенсе, өртейтін болғанымыз ғой!» дей салды. Түкең қатты ызаланса керек, бажылдай тойтарды бұл сөзді: «үй, үркінші-ау не былжырап тұрсың өзің! «партия сенсе» дегенің не айтып тұрған! Сенбесе қолымызды шегелете ме! Өзіміз әрең салған мектебімізді өзіміз өртеп жындымыз ба демеймісің!... Осыған от кете бастағанын көрсем, алдымен өзім барып бассалар едім сол өртті! Мына Шәкен, мына тұрған барлық ғылым сүйер азаматтарымыз тұтас кетер едік сол өртке, өзіміз кетсек те осы мектепті шарпытпауға құрбандық боп үйілер едік қой!... "Өртейтін болғанымызың" не оттап тұрған! - деп ақырғанда желкесінен біреу қойып жіберді де, екі сақшы екі жағынан дедектете жөнелді! -деп Қуат бір тыныстады.

- Ал, Үркінші қайтты? -деп қалыппын, естігенше асығып.

- Түкең мен Шәкенді ала жөнелгенде Үркінші өзі ере сөйледі: «партияның сөзі - сөз, бізде не тұр, полк штабы мектепті аламыз дегеннен-ақ ызаланғанымыз рас, қарақтарым!... Төрт баудан екі-үш жерге тобылғы үйгенде рас екен ғой. Көрдің ғой, не дейміз бұған енді!» -деп сыздықтата сылдырап бара жатқанында, оның қолына да құрсау сала қойды біреуі! - Осы сөзге келгенде қатты күрсінген Қуат, шәйдан ұрттап-ұрттап алып жалғастырды сөзін. "Тегі, Үркіншіні мықтап домбытып тергей келе, мойындау жағынан әжетке жарайтын азамат екен» деп құрсаулаған сияқты!... «Мойындағанға кеңшілік» берілетіндігі мен «жайылдық еткенге қатал шара» қолданылатындығын Үркіншінің құлағына айқайлап бара жатқанын естіп едік. Соның артынан іле-шала Сейтпек, Абдолла, Дәуітпек атты аға оқытушыларымыз қолға алынды да, басқамыз әліге дейін тергеліп келеміз. Барлық қатеріміз қазір сол Үркіншіден болып тұр! Рас-ақ былжырап жатқан сияқты. Әйтеуір «кері төңкерістік шайка» аталып тұрғанымыз рас.

- Осы Үркіншілеріңіздің миында бір ақау бар ма еді? -деп Тынысқан күлді де, білімдісініп, тым ширақ жүруші еді! -деп Қуат жымиды. - Түкеңнің құрсауланғанын көре сала шашылды да кетті!...

- Партком кірісіп, әлі анықтар, еш нәрсе етпес! -деп күрсінді Тынысқан. - Бірақ, Шәкен бетің-жүзің демей төтесінен бір-ақ шығатын жігіт еді. Содан шиеленісіп кетпесе бірдеме болар!

- Түрме біздің мектепке жақын. Торлы терезесінен шырқатқан әнін естігенде, біраз көңілденіп қаламыз!

Қуат өзінің ауыр қайғылы әңгімесін доғара салып, мені сөйлетуге кірісті. Мендегі оқиға одан көңілдірек екенін сезгендей, екі езуін жая тыңдады...

Тынысқан ертеңіне таңертең мені газетханаға ерте барып, телефонда аймақтық оқу-ағарту мекемесіндегі Болтаймен сөйлесті. Мен туралы тоқ етпе, жақсы түсінік айтып болып тыңдады да, күлісіп алып, разылықпен тоқтатты сөзін.

- Ал, енді бар, Башпай уәлидің өз алдына кір! -деп маған қарады. - Арызыңды да, оқу-ағарту мекемесінің пікірін де Нұржан әкетіпті. Кеше іңірде тілі жететін бір-екі мықтыға Болтай еріп барып айтқан екен Башекеңе, бар ахуалды жеткізіп болған сияқты. Өзің ол кісінің алдында тым биязы-әдепті болма! -деп Тынысқан күле жалғастырды сөзін. - Тілдей қалса ауыр алмай, қисынын тапсаң өзің де тілдей жауап қайтар! Бәшекең тентек шешендікті сүйеді. Өзіне неғұрлым қисынын тауып тиіссең, солғұрлым жақсы көретін кісі...

Башпайдың мінездемесіне Тынысқаннан қанық боп барсам да, өзін көре ондай бейпіл ауыздыққа қимадым. Толық денелі, ықшам тегістелген дөңгелек қара сақал, қара қасты, ақбөрте келбетті жүзінен де, сынай қараған шаралы қара көзінен де оқыған, зор салмақтың кісісіндей көрінді. Көлдей шалқыған зор байлық, толқытып-шалқытып, айтқанын орындатып, осы келбетке ерікті ауыз, еркін одағай мінез бітірсе таңданатын не бар. Менің ести-ести ең қатты таңданып жүргенім, өзіндей басқа байлардың еш қайсысына бітпеген, бітуі мүмкін де емес сияқты ойлататын ерекше батыл турашылдығы мен төтенше жомарттығы еді.

«Қазірге дейінгі Марксизмнің таптық сипаттамасына сыймай қалған, әлем бостығында дара тұрған жұмбақ сырлы тұлға»[1] кабинетінде жалғыз отыр екен. Бұрыштағы қатшысынан басқа ешкім жоқ.

- Ассалаумағалайко..м..м! -деп әдейі  айқайлай сәлем беріп едім.

- Әлікі салем, кел бала, кел! -деп орындық нұсқады. - Е, сәлеммен қорқытатындай ерекше шықты ғой дауысың, кім едің, шырағым?

- Ерекше қамқор деп біліп, ерекше сыйлағым келген кісіме ерекше сәлем беретін мінезім бар еді. Оның үстіне ерекше жәбір көріп келгендігімнен дауысым тіпті ерекше шықса кешірерсіз! Атым Биғабіл Жаппарұлы, Дөрбілжіннен келдім.

- Е, е, жарайды. Жоғары отыр, жоғары орындыққа! Ие, сені кешеден бері бірнеше қу айтып еді маған. Арызың мен оқу-ағарту мекемесінің қатынасын мына Бабашқа жаңа оқытып тыңдадым. Жә, өзіңнен бір жәйды сұрайын енді, шыныңды айт. Тегінде өтірік әңгіме сұрамаған кезімде өтірік айтып қойсаң, менің басымның сақинасы ұстап қалатыны бар. Сол әкеңнің аузын... дерге соншалық не қылып едің, қане, соны айтшы?!... Бүлдіршіндей жап-жас жігіт көрінесің, соның келініне барып қойдың ба деймін?

- Ол жағынан оншалық сау емеспін, Башаға...

Жауабымның бұл бастамасына ұзын бойлы, пісте тұмсық, қараторы қатшы қарқылдап күліп жіберіп, сөз кірістірді:

- Жоқ, Биғабіл, сенің турашылдығыңнан өткен оқиға көп екен. Олар саған мәселе болып жұқпайды. Естідік. Саған артылған негізгі мәселе саяси жақтан сияқты, Уәлиге соны айтсаң болып жатыр!

Осы талапқа сай, мектеп жөніндегі, тап жөніндегі өтілген оқиғаларды рет-нөмірі бойынша бір-бірден тұжырып сөйлеп бердім. Бәшекең сөз тыңдауға тым байсалды кісі екен, үнсіз тыңдап отырып, аз ойланып алып сұрады:

- Ие, Досанды саған өшіктірген осылар ма деймін, тегінде тексере қалғанда өзіңнен басқадай күнә шықпай ма?

- Шықпайды, Башаға, мен де өзімше есеппен істеп келгенмін. Сенімім толық!

- Ей, Бабаш, шақыр анау сартымды!

«Сартым» деп отырғаны өзінің орынбасары, өзбек Ғалымжан Ілһамжанов еді. Былтыр күзде Бижіннен Үрімжіге келген генерал полковник Уаңжынді қарсы алып алдынан шыққан «беделді» мырзалардың бірі осы «сарт» болатын. Сонда қолбасшыға «сыйлық» деп алтын патсигар ұсынғанында, ол «сыйлық» қабылданбай сындалғанын естігенмін. Диюдай денесімен, қазандай басымен, келіскен керім сымбатымен сол «сарты» кіріп келді:

- Мені шақырдыңызба, тақсыр?

- Ие шақырдым! Ей, сарт, танимысың мына баланы?

Ол кіргеннен ізетпен түрегеп тұрған маған сонда ғана қарады. Ерін жыбырлатып амандасқан «сарты», әрине ,танымағандай.

- Бұ жолдас басқа ауданнан келгенда, танымадым тақсыр! -деді.

- О әкеңнің аузын с... сарт! -деп Башекең кіжінгеннен бастап, қол қусырып күле берді «сарты» - Досанның шағымын растап, қызметтен қысқартқанды білесің, өзін білмейсің деймін, ей!... Қане көрші, сөйлесіп көрші өзімен, не қылмысы бар екен! Қане?... Әкеңнің аузын... деймін!.. Иә, білім дәрежесі толмай ма екен, тексеріп көрмеймісің деймін!

- Тақсыр, біз жоғары жақтан сеніммен тағайындалған аудан әкімшілік апаратының ұйғарымына қол сұқпаймыз ғой, бұған өздері жауапкер!

- Апаратыңды с...! Тағайындаған сенімдің жер өртесе, сол апараң түгел күйіп кетпей ме, ей есек сарт, сен не бітіресің деймін! Оның қаскүнемдігін бекіткен сен жауап бермеймісің деймін!... Өздеріңдегі мұндай білімді мұғалім қызметтен қуылса, қуушының өзін бассалар едің, үй әкеңнің аузын с... қара жүрек сарт деймін! Қазаққа оқыған азамат керек емес пе деймін!... Көр мына арыз бен аймақтық оқу-ағарту мекемесінің пікірін!

- Мақұл, мақұл, көрейін, тақсыр! -деп күлген сарты төменгі орындыққа отыра қалып көріп шықты да, - мақұл, мақұл, қайтадан тексеріп түзетейін! -дегенге келді.

- Үй, сен керіліп, созылып, опа далабыңды жағынып, таранып болып тексергеніңше мұндай азамат сарылып қарап отырмақ па деймін! Дереу бұйрық жаздыр, қызметтен қысқартылатын еш-бір себебі жоқ!

- Тексермей бұйрық жазу бирократтық болады ғой, тақсыр!

- Қайталап айтайын, дәл әкеңнің аузын с... деймін, өйтіп қорқытып отырған бүйрегіңді с... деймін! Бүйректен қорққанша алтын парадан қорқ деймін!

«Сарты» қызарақтап қысыла күліп ап сөйледі.

- Жерлік орынның қалай босатқандығын анықтамаса болар ма екен? Деп, Бабаш аталған қатшыға қарады. Қатшы түсінік айтты:

- Бұл кісі анықтап болды. Ахуалын білетіндердің кешеден бері бірнешеуінен естіп, қапаланып отыр. 4-5 жылдан бері күшеп еңбек сіңірген кедей азаматын қызметтен өштікпен қуа салу, үлкен қателік болады! Ал, мәселе болса, ауданның парткомы қызмет бастаған соң тағы да анықтай жатпай ма! Сол айтылған мәселелері бар болып шыққан күнде де оқу-ағарту мекемесі мұндай қабілетті мұғалімді қумақ емес!

Бәшекең ақыра сөйледі енді:

- Қайта анықтаған күнде де «мәселе» дейтін немелерің Досан мен сені маңқитпаса мен кепіл деймін! Әкеңнің аузын с...дер деймін!... Дәл осылай жаздыр да маған алып кел!

«Сарты» уәли столына еңкеңдеп күле жақындап, менің арызымның шетіне бұрыштама жазды. Бас уәлиге күбірлеп оқып беріп, қол қойдырып ала жөнелді.

- Ей Бабаш, сен де бар деймін қатшы бөліміне, мына сарттың құйрығы қисық. Қатынасқа ілмекті сөз жаздырып қоймасын, менің сөзімді өзің айтып тұрып жаздыр! -деп қатшысын шығарды да, маған қарады. -Жә, бала, менің алдыма келгенің осы ғана ғой. Әлгі сартты үстемелеп боқтай бергеніме қарап, әлде қалай ойларсың деймін. Олай ойласаң сеніңде әкеңнің аузын... бұл сарттың әлгі Досан сияқтылармен тегіннен ымы-жымы бір. Мен жоқта талай істі істеп болады. Қалай істегенін білмей де қаласың. Сенің ісіңді де осыған жаңсақтатып істетіп жайлады ма екен деймін. Бұйрықты өзі айтып жаздыруға зорлағаным сол. Ал енді барып қызметкер қалпыңа келген соң ойланатын тағы бір ісің бар. Сені Тынысқан газетханаға сұрап отыр. Оған не дейсің?

- Башаға, мен өз ықтиярым болса оқу-ағарту саласында ғана істегім келеді. Және Дөрбілжіндегі болып жатқан істің жақсысын да, жаманын да білемін. Сәті келгенде мәселенің бәрін ашып тастағым бар. Сол орнымда тұра тұрсам деймін!

- Ондай сенімің болса, мақұл сөз! Мен Тынысқанға ұқтыра салармын. Әлгі компартия дейтіндеріміз енді келіп жатыр ғой, оқымысты қулардан естуімше солар қызмет бастағанда әр аудандағы істер тексерілетін көрінеді. «Сәті» дегенің де сонда келіп қалар...

Жазылып ашық канвертке салынған қатынасты Бабаш алып келіп, уәлиге оқып берді:

«Д.а. Әкім мекемесіне!

Инспектор Биғабілді қызметтен қалдырған себептеріңізді аймақтық оқу-ағарту мекемесі тексеріп көріп, наразылық пікір жолдап отыр. Және бізге қабілетті қызметкерді «қысқарту» дейтін еш қандай нұсқау келмеді. Егер мәселе өтіліп, тиісті орындар жағынан тексеріліп анықталған соң, аудандық парткомның пікірі бойынша бір жақтылы етілуге тиісті. Қызметтен қалдыруға біз жақтан рұқсат етілмегендігінен хабардар боларсыздар!

Тарбағатай аймақтық әкімшілік мекемесі» -деп таңба басылыпты.

- Менің сөзім бойынша неге жазбайды деймін осы әкеңнің аузын... дер! Ал, бұл да бола тұрсын. Конвертін пешеттеп бер! -деп Бабашқа тапсыра сала маған қарады уәли. - Бала, Биғабілмін дедің бе, осы қатынасты Досанға өзің апарып беріп, қызметіңе отыра қал, қыңқ етсе маған телефон соқ, ұмытпа деймін осыны! Жазылмай қалған сөзімді ол әкеңнің аузын... ге сонда айтып алайын деймін!

Досанның көп күшеніп жүріп әрең тоқыған төрін бір керіліп қана үзіп, «ойынбұзар» айыптан құтылғаныма сеніп қайттым.

Көреген тергеушім, қылмысымның 2-ші томында гоминдаңды гоминдаңға қырғызған, тергеушіні тергеушіге тергеткен әзәзіл екендігімді көріп едіңіз, осы тарауда байлардың қорғаушысын байлардың байына сыбатқанымды көріп отырсыз. Енді жендеттерді жендеттердің жендетіне жегізгенімді көргіңіз келмейтін шығар. Шындығында сіздердің кезігіп, қылмыскер деп аулайтындарыңыз өздеріңізге күдікті-хауіпті боп естілгендер ғой. Тарихтар бойына тап басып ізбасар болып, бабадан атаға, атадан әкеге, әкеден балаға мирас етіп, жұтына кесіп жұтқызып келе жатқан кәнігі жерік астарыңыз - хауіптілердің бастары емеспе еді. Енді міне алдыңызда хауіпті ғана емес, қатерлінің өзі тұрғанда қалай сабыр етіп отырсыз! Тұлабойы, ішек-қарнымен жүз процент ашыған қылмыс деп бітеу жұта салсаңыз, маңдай теріңізді бұрқ еткізіп, рақаттандыратындығыма барлық жын-шайтандарым кепіл!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Зор байларға тән қулық-сұмдықтан да, зорлық-зомбылықтан да, езу-қанаудан да аулақтығымен беруді ғана біліп, алуды білмейтін сонда да байлығы кемімей келе жатқан Башпайға оқу-білім жұртшылығы осылай анықтама жасайтын.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2187
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2580
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2496
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1679