Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 1688 0 пікір 21 Тамыз, 2021 сағат 20:23

Тәуелсіздік туын желбіреткен төрт партия

Жаңа дәуір қазақ саяси бірлестіктеріне жаңа леп, соны серпін әкелді. Бұрынғы мүшелері аз, шектеулі идеологиялық бұғаудағы болушылықтан арылуды ҚСП бірінші болып қолға алды. Көбіміз қанша жерден түрін де, түсін де өзгерткен коммунистерді жек көрсекте, олар жұдырықтай жұмылып, өздерінің соңғы съездерінен кейін тез арада ес жия алды. Құрылғандарын жариялағаннан кейін  11 қыркүйекте жарғысы мен бағдарламасын жария етіп, саяси аткомын сайлап алып, жаңа партия ретінде қазан айында тіркеліп үлгерді.

ҚСП өз басшылығына әлемге танымал жазушы Әнуар Әлімжановты басшы ретінде сайлап, 50 аса мүшесі бар, «Республика» және «Сұхбат» БАҚ иелік ететін елдегі ең ірі партияға айналды. Бұлар орыстілді аудиторияны өз соңына ертсе, тап осы қыркүйек айында, дәлірек айтсақ, 3 қыркүйекте «Азат» азаматтық қозғалысынан бөлініп шыққан белсенділер «Алаш» республикалық партиясын өмірге әкелді. Шын мәнісінде, бұл қазақ еліндегі ең бірінші титулды ұлттың жоғын жоқтаған партиятын. Аталған партия тарапынан алғаш рет парламенттік ұғым-түсінігі жұртқа таныс етілді. Советқазы Акатаев басшылық еткен «Алаш» республикалық партиясы  өздерін ұлттық-демократияны ту етіп ұстанған парламенттік типтегі саяси ұйымбыз деп жария етті. Партияның басты мақсаты қазақ ұлтын қайыра түлету, еліміздегі барлық ұлттық-этникалық топтарды және тәуелсіз Қазақстанды жалпыдемократиялық әм ислам құндылықтары аясында дамыту болып табылды.

ҚСП ізін ала қараша айында үшінші бір партия «Невада-Семей» және «Арал-Азия-Қазақстан» қозғалыстары, «Бірлесу» жаңа тәуелсіз кәсіподағы, бірқатар ұлттық-мәдени орталықтар және де басқа бейсаяси ұйымдар құрылтайшысы болып табылатын «Қазақстанның Халық конгресі//Народный конгресс Казахстана» (Бұдан былай – ҚХК – Абай кз) өмірге келіп, саяси күреске араласты. Басты мақсаты орыстілділерді қазақ ұлтының маңына топтастыру болып табылатын партияның тең төрағалары болып қос қаламгер Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановтар сайланды. Партияның жарғысында «парламент типіндегі жалпыазаматтық саяси партия» деп көрсетілді.

Қазақстанда бәрібір коммунистік идея өз өміршеңдігін көрсетіп, ҚСП пікірі келіспейтіндер 1991 жылдың соңында дені бұрынғы КОКП мүшелерінен тұратын 1991 жылдың 7 қыркүйегіндегі  Қазақстан Компариясының кезектен тыс XVIII съезінің шешімімен келіспейтіндер өздерінің XIX съездерін өткізіп, онда Қазақстанның Коммунистік партиясын (ҚКП//КПК) құрып алды. Бұл атаудың қысқарған сөзі кезінде Қытай Коммунистік партиясының қысқартылуымен атаулас болғандықтан, әрі Кеңес Одағы ҚХР дүрдараз болғандықтан Қырғызстан мен Қазақстанда қолдау таппаған болатын. Енді ол КОКП еліміздегі мұрагерлерінің атауына айналып шыға келді.

Осылайша Қазақстандық парламентаризм өмірге келіп, жаңа партиялар саяси күреске араласып, бұрынғы партиялар өз атаулары мен бағыт-бағдарларын өзгертті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы елімізде ресми тіркелген төрт партия болды. Олар: «Алаш», ҚСП, Халық конгресі, сондай-ақ ҚКП болды. Сонымен елімізде ресми және құқықтық тұрғыдан көппартиялық шынайы өмір салтына айналды.

1990-жылдары Қазақстандағы партиялық құрылыс үдерісіне сыртқы және ішкі ерекшеліктер әсер етті, әсіресе тарихи, демографиялық, саяси және этномәдени мәселелерді атап өтуге болады. КОКП-ның таратылуы мен КСРО-ның ыдырауынан кейін, тоталитарлық жүйеден жаңа демократиялық жүйеге, бірпартиялы қоғамнан көппартиялыққа көшу үрдісі басталып кетті. Алғашқы жылдары жаңа үлгідегі саяси партиялар: Қазақстанның социал- демократиялық партиясы, Қазақстанның социалистік партиясы, Алаш ұлттық тәуелсіздік партиясы, «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясы, Қазақстанның ұлттық конгресі, Республикалық партиялар болды. 1991 жылы қабылданған қоғамдық бірлестіктер туралы заң көппартиялықтың дамуына серпін берді. Партиялардың бірқатары ескі қоғамдық жүйемен тығыз байланысып жатса, кейбір бөлігі мүлде тың меже қойды. Тәуелсіздік алу жаңа саяси кеңістікті қалыптастыру үшін жаңа серпін берді. Бұл ретте мемлекет пен қоғамның демократиялық даму курсы таңдалды, 1993 және 1995 жылы ҚР Конституциясы қабылданды. Конституция нұсқасын талқылауға ел азаматтары қатысып, 30 мыңға жуық ескерту мен ұсыныс, соның нәтижесінде құжаттың алғашқы нұсқасына 1100 түзету енгізілген екен. Ата заңның баптарында мемлекет құрудың басты құндылықтары мен азаматтардың бостандықтары мен саяси қызметі көрсетілді. Осылайша мемлекет сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды, Қазақстан өзін зайырлы, демократияшыл, унитарлы, әлеуметтік-құқықтық мемлекет, президенттік республика деп жариялады. Осы және басқа да базалық принциптер негізінде мемлекеттің партиялық саясатын жүргізу үшін алғышарт жасалды.

Елбасы Н. Назарбаев 1990 жылдардың басындағы Қазақстанның саяси- партиялық ландшафтын бағалай келіп: «Әртүрлі сипатта болса да, жаңа партиялардың көпшілігі негізінен демократиялық принциптеріне бейімдігін білдіріп, мен ұсынған тәуелсіздікті нығайту бағытын қолдады. Сонымен бірге олардың көпшілігіне тән бір кемшілік – саяси-идеялық құрылымның әлсіздігі мен электоралды қолдаудың жеткіліксіздігі болды» дейді (Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі. – Астана, 2017. – 50 б.) Қазіргі әлемде саяси плюрализм мен көппартиялылық демократиялық қоғамның негізгі принципі ғана емес, сонымен қатар демократияның бастапқы, жалпыға міндетті шарты ретінде де қарастырылады. Осыған байланысты өзін демократиялық мемлекет ретінде жариялаған Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап саяси- партиялық саланы реформалауды қолға алды. Елбасы Н.Назарбаевтың 1999 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында демократияландырудың жеті негізгі элементтерінің қатарында қоғамның саяси жүйесіндегі партиялардың рөлін күшейтуді атап өтті. Ол өз сөзінде саяси партиялар демократия ғимаратын салуда негізгі құрылыс материалы екенін және партиялардың өсіп-өркендеуіне құқықтық, басқа да мүмкіндіктер жасалу керек екенін айтты.

Партиялық ішкі кикілжіңдер

1994 жылдың наурызы саяси электорат есінде қалғаны айқын. Тап сол жолы өткен сайлауға «Алаш», ҚСП, Халық конгресі және ҚКП қатысып, алғаш рет парламентаризм басты ұстанымға айналып, бір палаталы парламентегі депутаттық мандат үшін ымырасыз күрес басталды.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша бірінші кәсіби парламентке 176 депутат сайланды. Олардың 75-і 37 партия және өзге саяси-қоғамдық ұйымдардан сайланса, 42 адам Елбасы ұсынысымен парламент төрінен орын алды.

Десекте, реформаларды одан әрі жүргізуде өкілді органдардың тиімсіздігі байқалды. Сонымен он екінші сайланған Жоғарғы Кеңестің тұрақты негізде істеген жекелеген органдарының жұмыс нәтижелері де кәсіби Парламент құрудың қажет екендігін көрсетті. Бұл республиканың өкілді органының қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелді. 1994 жылғы 7 наурызда өткен сайлау, яғни он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңес республикада көп партиялылықтың қалыптасуына ықпал етті. Уақытша регламентке сәйкес партиялар өкілдіктері негізінде Жоғарғы Кеңесте мынадай фракциялар құрылды: Қазақстан Халық бірлігі одағы, Қазақстан Халық Конгресі партиясы, Социалистік партия және Кәсіподақтар федерациясы, сондай-ақ, негізінен кәсіби белгісі бойынша қалыптасқан 14 депутаттық топ болды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет саяси партиялар мен бірлестіктер биліктің өкілді органына келді. 1994-1995 жылдар қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуындағы маңызды кезең болып табылады. Жоғарғы Кеңес бір жылдан сәл азырақ жұмыс істеп, заңсыз деп танылды.

Көппартиялықтың дамуында 1996 жылы қабылданған ҚР «Саяси партиялар туралы» Заңының алатын орны ерекше. Онда жаңа партия құру мен құрылған партияны тарату іс-әрекеті, партия мүшесінің құқығы мен міндеті, мемлекеттік партияқұрушылықтың рөлі мен орны жан-жақты сөз етілді.

Бұл құжат он адамнан аса мүшесі бар топқа партия құруға мүмкіндік беріп, партиялардың заң алдындағы теңдігін рәсімдеді.  Партияны тек аталған партияның жоғарғы органы съезд немесе конференцияда және сот шешімі ғана тарата алатындығы бекітілді.

Осы заңда партия ісіне мемлекеттің араласуына, құрамында шет ел азаматтары және азаматтығы жоқтардың болуына тыйым салынды.

Қос палаталы Парламенттің 1996 жылғы 30 қаңтарда өткен бірінші мәжілісінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев: «...біз Қазақстанның шынайы, өркениетті парламентаризмінің мөлдір бастауында тұрмыз. Заң қабылдауда басты басымдық әлеуметтік экономикалық өсіп өркендеуге бағытталды» деп атап көрсетті. Уақыт өте келе, парламентаризм дамуының негізгі бағыттары: жекелеген депутаттар деңгейінде де, жалпы Парламент деңгейінде де заң шығару қызметін кәсіптік дәрежеге көтеру; бір палаталы құрылыстан екіпалаталы құрылысқа көшу; Парламенттің ішінде депутаттық топтар құру т.б. болып белгіленді.

Кейінен заман талабына сай 2002 жыл аталған Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Бұдан бөлек бірі елдің есінде қалған бірі елдің есінде қалмаған Халықтық-коопертативтік, Халық бірлігі, Азаматтық, Аграрлық, Еңбек т.б. көптеген партиялар өмірге келіп, бірі ерте, бірі кеш өз жұмыстарын бастады. Солардың ішінде 2001 жылдың қарашасында құрылған бұрынғы жоғарғы лауазымды шенеуініктер мен ірі бизнесмендер тобы құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы»  партиясы қоғамдық-саяси өмірде ерекше із қалды. Жыл өтпей өз ішіндегі 2002 жылы өз ішінде жетекшілер арасында орын алған пікір алуандғы кесірінен қаққа жарылды. Қозғалыс белсенділерінің Әлихан Байменов бастатқан тобы көп кешікпей өздерінің «Ақ жол» партиясын құратындығын мәлімдеді.

Ары қарай 2005 жлы «Ақ жол» партиясы іштей «Ақ жол» және «Нағыз «Ақ жол» деп бір-бірінен ірге ажыратты. Тап осындай тар жол тайғақ кешуді ҚКП өз басынан өткерді.

1990 - 1993 жылдары республикамыздың Жоғарғы Кеңесін басқарған Серікболсын Әбділдин ҚКП жетекшілік еткен кезде партия арасына жік түсіп, 2004 жылы 56 мың мүшесі бар партияның 25 мың мүшесі және жеті обкомның бірінші хатшылары ҚКП екінші хатшысы парламент депутаты Владислав Косыревтің артынан ілесті.

Даудың басы бұрынғы Қазақстанның демократиялық таңдауы»  партиясының жетекшілерінің бірі Төлен Тоқтасыновтың Серікболсын Әбділдин тарапынан ҚКП атынан парламент депутатты атануынан және ОК құрамына енгізілуінен туындап,  нәтижесінде бұны ескі гвардия ақсақалдары «Әбділдин мырза басшылық тізгінін пайдаланып, ұйымды ұсақбуржуазиялық жолға түсірді және партияны жеке бас мүддесіне пайдаланды» деп бағалады. Есікті қатты жапқан Косырев пен оның жақтастары Қазақстан коммунистік халық партиясын (ҚКХП) құрды.

КҮШ БІРІКТІРУ ДӘУІРІ

Партия ішінде орын алған ырың-жырың тыйлып, оның орнын бас біріктіру дәуірі басты. 1999 жыл жұрттың есінде билік партиясының өмірге келуімен қалды. Дәл осы жылы 1 наурызда  «Отан» партиясының құрылтай съезді болып өтті. Съездің өтуіне Елбасымыз бастамаш болды.

1999 жылығы президент сайлауынан кейін парламенттік жаңғыру орын алды. Парламенттік жаңғыру сайлауға түскен партиялардан 7 пайыздық кедергіні еңсеруді талап етті.

Осы жылы күзде парламент сайлауы өтіп, оған тоғыз партия және екі саяси бірлестік қатысты. 7 пайыздық кедергіні төрт партия еңсеріп, «Отан» партиясы 30,9% иеленіп, мәжілістегі 10 орынның төртеуін жеңіп алса, өз кезегінде қалған үш партия атап айтсақ, Аграрлық, Азаматтық және ҚКХП екі-екіден депутаттық мандатты еншіледі.

«Отанның» атынан түскен кандидаттар 19 бір мандаттық округтерде жеңіске жетті. Нәтижесінде президент партиясы төменгі палатадан 23 орынға, ал жоғары палатадан 12 орынға ие болып, парламенттегі көпшілікке айналды. 14 облыстың мәслихатының жетеуі, 198 қалалық және аудандық мәслихатытң 115 «Отанның» өкілдеріне тиселі болды.

2006 жылы өткен партияның Х съезінде оның атауы «Нұр Отан» деп өзгерді.

Тарих тереңіне көз жіберер болсақ, Қазақстан Парламенті – алғаш рет Қазақ КСР-інің 1937 жылғы Конституциясы, ал содан кейін Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясы мен Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы негізінде құрылған бір палаталы өкілді орган Жоғарғы Кеңестің орнына келді. Жоғарғы Кеңес өзі жұмыс істеген кезде он үш рет сайланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің алғашқы сайлауы 1938 жылғы 24 маусымға белгіленді. Сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы өткiзiлдi. Ол уақытта депутаттар корпусын құру баламасыз негізде Коммунистік партияның қатаң бақылауымен жүргізілгенін атап өту керек. Депутаттыққа кандидаттар партия ұйымдары белгілеген таптық, партиялық, ұлттық, жыныстық-жастық және басқа да квоталар бойынша іріктелді. Сондықтан заң шығару органының құрамында қанша жұмысшы, колхозшы, қызметші, коммунист, комсомол мүшесі, қазақ, орыс, украин, сондай-ақ басқа да ұлт өкілдері, әйелдер, жастар және т.с.с. болатыны сайлау басталмастан бұрын белгіленетін. Мемлекеттік органдардың жоғары шенеуніктері, партия, комсомол және кәсіподақ органдарының басшылары атқарып жүрген қызмет лауазымдарына сәйкес депуттатыққа кандидат болып ұсынылатын. 1990 жылғы наурызда он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтті. Бұл әкiмшiл-әмiршiл жүйенің ықпалы әлі де болса жеткілікті болып тұрған жағдайдағы республиканың жоғары заң шығару органының алғашқы неғұрлым демократиялық сайлауы болатын. Бұл сайлау толыққанды саяси партиялар болмаған жағдайда өткенімен, тоталитарлық жүйенің өзгеру процестеріне бұлжымас сипат берді. Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес Қазақстан парламентаризмінің қалыптасу тарихында ерекше рөл атқарды. Бұл бірқатар аса маңызды құқықтық актілердің, мемлекеттік рәміздердің қабылдануында, 90-шы жылдардағы саясатын заңнамалық жағынан қамтамасыз етуде көрініс тапты. Ымыраға келу жөніндегі екі жылдық ізденістерден кейін 1993 жылғы 28 қаңтарда Республика егемендігінің қалыптасуын заң жүзінде аяқтаған Қазақстанның кеңестік дәуірден кейінгі алғашқы Конституциясын қабылдады. Соның негізінде республикада демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды қамтамасыз етудің жаңа сапалы кезеңіне көшу басталды. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясымен Жоғарғы Кеңеске өте көп өкілдік берілді.

Түйіндей айтсақ, қазіргі парламентаризм – жан-жақты дамып келе жатқан динамикалық құбылыс. Мəселені терең түсіну жəне оның даму бағыттарын айқындау, қазақстандық парламентаризм мен басқа əлемдегі қалыптасқан үлгілерді түсінуге жəне салыстырмалы талдау жасауға мүмкіндік беретіндігі айқын. Әсіресе, қос палаталы Парламент қабылдаған заңдар ең әуелі, мемлекеттің экономикалық үдірісін жетілдірумен қатар, еліміздің халықаралық қауымдастық алдындағы беделін арттыру, сондай-ақ қоғамдық қарым-қатынас мәселелерін құқықтық норманы сақтай отырып тепе-теңдік жағдайында өмір сүрудің әдеб-ибасын жалпыластыру сынды міндеттерді мүлтіксіз атқарып келді.

Сөзімізді, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің пікірімен түйіндейтін болсақ:

«Бүгінде біздің кәсіби Парламент қоғамдық пікірлер мен ашық саясаттың биік орны болумен қатар, мүмкіндігі мол, қуаты мықты, жоғары заң шығарушы органға айналды. Өзіне жүктелген әрбір міндетті абыроймен атқарып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды қадамдарын, саяси, экономикалық, әлеуметтік бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз етіп келеді» дейді.

Қос палаталы Қазақстан Парламентi өткен он жылдықта өзiнiң өмiршеңдiгiн көрсете бiлдi. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Парламенттiң қызметiн жоғары бағалап, оның 10 жылдығына арналған құттықтауында: “…Бүгiнде бiз заңнамалық функцияларды жүзеге асыратын жоғары өкiлдi орган ретiнде кәсiби қос палаталы Парламент iске асып қана қойған жоқ, сонымен бiрге уақытсынынан ойдағыдай өттi деп нық сенiммен айта аламыз”,- деп атап көрсеттi.

Бүгiнде Парламент елiмiзде жүргiзiлiп жатқан ауқымды реформаларды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуде өз мiндетiн атқарумен қатар, өзге де  маңызды мемлекеттiк мәселелердi  шешугебелсене атсалысып келедi. Оның мемлекет пен  халықтың алдындағы  сiңiрген  еңбегi мен қызметiн тарих бағалайтын болады.

Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан Республикасы демократиялық, құқықтық мемлекет құрудың стратегиялық бағытын анықтады. Жаңа зайырлы мемлекеттің саяси партиялар институтын қалыптастырмай бұл бағытта дами алмайтыны белгілі. Саяси партиялар институты сайлаушыларға өз ұстанымдары мен бағдарламаларын ұсына отырып, саяси плюрализмді дамытуға, Үкіметке өз ұсыныстарын беріп, сайлауда жеңіске жеткеннен кейін өз бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Партия құрып, оған мүше болу – белсенді азаматтар үшін мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне қатысу және мемлекеттік саясатқа өзіндік үлес қосу немесе ықпал ету құралы екендігі еш дау тудырмайды.

Ал, халықаралық парламент өкілдерінің Қазақстанның дамуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор, демократияны, адам құқықтарын және заңның үстемдігін орнатуда қолға алған қадамдары маңызды екенін бір ауыздан мойындағаны біз үшін аса құнды.

Abai.kz

0 пікір