Жұма, 26 Сәуір 2024
Ел іші... 4728 5 пікір 13 Қыркүйек, 2021 сағат 17:07

Мемлекеттік шекара және оны шыңдағандар туралы шындық

«Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасындағы басымдықтардың бірі ретінде белгіленгеніндей, аумақтық тұтастықты сақтау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттеріне арналған қазақстандық дипломатияның күш-жігері табыстқа кенелгенін айтуымыз тиіс. Келешек ұрпақтардың еншісіне нақты анықталған, тиісті талапта рәсімделген, халықаралық құқық нормаларымен қорғалған Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы бұйырды».

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан Республикасының мемлекеттік
шекарасы туралы шындық» кітабының алғысөзінен)

Мемлекеттік  шекара егемендіктің басты рәмізі болуымен бірге, қазіргі заманғы кез-келген елдің ұлттық қауіпсіздігі жүйесіндегі негізгі буын ретінде сақталуда. Оның құқықтық рәсімделуі мен нығайтылуы халықаралық терроризм,  трансшекаралық қылмыс, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон тәрізді қазіргі уақыттағы қауіпсіздікке белгілі қатерлерге жауап беру талабынан туындайды.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген қаңтардағы мақаласында  Президент Қ.Тоқаев «Екіжақты келіссөздер жасасу арқылы мемлекеттік шекараның ресми рәсімделуі және оны дүниежүзілік қауымдастықтың мойындауы кейінгі жүзжылдықтардың ғана тәжірибесіне енді. Оған дейін, тіпті делимитация, демаркация ұғымдарының өзі болған жоқ…», - деп әділімен атап өтті.

Кеңес одағы ыдыраған соң геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты ҚХР-мен шекара бойынша келіссөздер жүргізу үшін КСРО үкіметтік делегациясының орнына 1992 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының және Тәжікстан Республикасының біріккен делегациясы құрылды.

1993 жылғы 13 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» заң қабылданды.

1999 жылғы қыркүйекте Үкімет қаулысымен  Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Түрікменстанмен және Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі Қазақстан Республикасының үкіметтік делегациясы жасақталды.

Делегацияның міндетіне шекаралас мемлекеттердің үкіметік делегацияларымен келіссөздер жүргізу, әкімшілік-аумақтық шекараны далалық зерттеу, геодезиялық, гидрографиялық және топографиялық жұмыстарды ұйымдастыру, картографиялық материалдарды, өзге де құжаттарды  әзірлеу және шығару, мемлекеттік шекараны делимитациялау нәтижелері бойынша халықаралық шарттарды дайындау мәселелері кірді. Жұмыстардың бүкіл кешені делегациялар бекіткен жоспарларға және техникалық талаптарға сәйкес атқарылды. Сыртқы істер министрлігі келіссөздер барысын үйлестіріп отыруымен бірге дипломатиялық құралдар арқылы егемендігімізді, қауіпсіздікті, аумақтық тұтастықты және елдің шекарасының мызғымастығын қамтамасыз етудің абыройлы міндетін атқарды.

Келіссөздердің негізіне КСРО құлаған сәттегі бұрынғы одақтас республикалар арасындағы әкімшілік-аумақтық шектелу жағдайы алынды. Бұл дегеніміз - ТМД мүше-мемлекеттері арасындағы мемлекеттік шекара сызығының өтуі туралы халықаралық шарттар жасасқанға дейін әкімшілік-аумақтық шекараға уақытша мемлекеттік мәртебе берілді.

Осынау ұзақ та күрделі үдеріс жөнінде әртүрлі еңбектер жарық көрді, отандық және шетелдік баспасөзде көптеген материалдар жарияланды. Дегенмен осы күнге дейін ең басты және айрықша еңбек деп авторлардың (З.А. Аманжолова, М.М. Атанов, Б.Ш. Тұрарбеков) ұжымдық еңбегі - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы шындық» кітабын айтар едік, ол толығымен Қазақстанның мемлекеттік шекарасының халықаралық-құқықтық рәсімделуіне арналған.

Қ.Тоқаевтың жалпы редакциясымен 2006 жылы жарық көрген бұл кітапта келіссөздердің көптеген қалтарыстары кеңінен тарқатылады. Еңбекте алғаш рет мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау үдерісі тиянақты талданған, көршілес мемлекеттермен біздің шекарамыздың қалыптасуының тарихы баяндалады. Кітаптың деректері аумақ мәселелерінің құқықтық реттелуінің ерекшелігі, шекараны анықтау бойынша келіссөздердің табиғаты мен мазмұны, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік шекарасының құқықтық рәсімделуінің тарихи һәм халықаралық мәні түсіндіріледі. Олай болса, бұл басылым тәуелсіз Қазақстан тарихының маңызды кезеңіне арналған.

Осынау тарихтың жасаушылары – ол, ең алдымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаев әлемдік ауқымдағы саясаткер ретінде өзінің бар таланты мен дипломатиялық шеберлігін қазіргі Қазақстанның шекарасының заңды рәсімделуін жақындатуға аянбай жұмсады. Бүгінде біздер Нұрсұлтан Әбішұлының өз әріптестері  - ҚХР, РФ, Өзбекстан лидерлерімен сенімді де жүйелі қарым-қатынасы көршілес елдердің делегацияларымен табысты келіссөздер жүргізудің қуатты негізі боғанын айта аламыз.

Шекаралық мәселелердің нәтижелі аяқталу ісіндегі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  айрықша үлесін атап өтуіміз қажет, ол сол бір кезеңдерде СІМ басшысы, Премьер-Министр, Мемхатшы – Сыртқы істер министрі ретінде әрдайым келіссөздер үдерісінің тамырын басып отырды, әрі барлық күрделі жайттарды назарында ұстап, ел мүддесі жолында барынша оңтайлы және стратегиялық шешімдер қабылдауға бағдар берумен болды.

Осы күрделі де ұзақ үдеріске дипломаттармен бірге көптеген мамандар, бейресми айтқанда «жерде жұмыс істегендер»:  шекарашылар, топографтар, картографтар, геодезистер, су шаруашылығы мамандары, жер белгілеушілер, жергілікті атқару мекемелерінің, сондай-ақ қоғам өкілдері тартылды.

Үкіметтік делегацияның басшылары мен мүшелерінің маңызды рөлін бөлек айтуымыз лазым, олар - Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшілер Б.Тұрарбеков, М.Атанов және В.Ғиззатов, СІМ Халықаралық-құқық департаментінің директоры З.Аманжолова, ҰҚК Шекара қызметінің бірінші орынбасары Х.Берқалиев, РМҚМ «Казгеокарт» директоры Б.Амановтың, осы мекеменің бөлім басшысы С.Кириллов, оның орынбасары А.Пащенко, геодезистер Б.Ахмадиев, И.Бородин, А.Жазбаев, ҚР жер ресурстарын басқару Агенттігінің бөлім басшысы М.Сағындық, ҰҚК Шекара қызметінің офицерлері Р.Балғабаев және С.Проничев, өзімнің әріптестерім – СІМ Мемлекеттік шекара басқармасының қызметкерлері - Н.Сәкенов, Қ.Кұлмағамбетов, С.Сейтімбетова,  Ә.Исетов, А.Сүйібаев және басқалары.

Сол бір көпжылғы келіссөздер үдерісінің қатысушылары Делегацияның бірінші жетекшісі СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі (о баста – Министр кеңесшісі), өкінішке орай арамыздан ерте кеткен Тұрарбеков Биғали Шәріпқалиұлының есімін терең ілтипатпен еске алуды парыз санайды десем, қателеспеспін. Расында мен ол азаматты біздің шекарамыздың өн бойындағы келіссөздер үдерісінің табанды тұлғасы дер едім. Ол көршілес мемлекеттермен  1999 – 2005 жылдар арасындағы келіссөздердің барлығына дерлік қатысты. Б.Тұрарбеков 2005 жылы Ташкент қаласындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Аумақтық антитеррорлық құрылымының атқару комитетіне (ААТҚ) кеңесші болып жіберілді. Бұл іссапар марқұм үшін соңғысы болып шықты. Биылғы жылы желтоқсанда ағамыздың дүниеден өткеніне 15 жыл екен.

Жас дипломаттардың бүгінгі буынына Биғали ағамыздың аты беймәлім болуы да мүмкін. Ал, анығында Б.Тұрарбеков шекара саласынан басқа, 90-шы жылдар басында СІМ Консулдық қызметінің негізін қаласқан, Қазақстанның Қытайдағы жаңадан ашылған Елшілігінің қызметкері, ҚР Қауіпсіздік кеңесінде, «Барлау» қызметінде жоғары лауазымдар атқарды.

Осынау бірегей азамат, жарқын дипломатпен менің алғашқы таныстығым Сыртқы саясат ведомствосындағы жұмысымның бастапқы кезінде 2000 жылы болған еді, мені жас атташені үкіметтік делегацияның құрамына қосып, оның жауапты хатшысы сайлап, Алматы қаласындағы СІМ өкілдігіне жіберген. Бірден келіссөздер үдерісінің терең иірімдеріне енуге тура келді. Ең бастысы – басшым Б.Тұрарбековтен көп нәрсені үйренудің сәті түсті, түпнұсқа деректермен жұмыс істеу, күрделі мәселелердің мәнін түйсіну, тіпті, ең болымсыз деген жайттарды назардан тыс қалдырмауды санамызға түйдік

Биаға өте талапшыл, кейде тіпті қатаң басшы ретінде қоластындағылардың босаңсуына жол бермеді, аз мақтап, сынақтарға көп салатын.  Сынай отырып, сындарлы ақылын беруші еді.

Оның жігері мен белсенділігі ерекше-тұғын. Кейде бізге ол өзі де демалмайтын, өзгелерге де дамыл бермейтіндей көрінетін. Делегацияның бірнеше мүшелері аяқ астынан бірде Бішкекке, енді бірде Ташкент немесе Омскіге аттанған сәттеріміз жиі болатын, ұшақта, автокөлікте, болмаса вагонда «тізеге қойып» келіссөздер тезистерін жазып, ертеңгі кездесулердің тақырыбына осылайша дайындық жүретін. Жұмыс топтары түн қараңғысына дейін отырып, карталарға шұқшиып, кездесулер хаттамасын дайындайтын. Іс жүзінде жұмыс кабинеттерде ғана емес, далалық жағдайда, жергілікті мекендерді зерттеп, шекарадағы әрбір  учаскені бүге-шігесіне дейін тәптіштеумен жалғасатын

Б.Тұрарбековтың қазақстан-өзбекстан шекарасының Бағыс және Түркістан елдімекендері, сондай-ақ Арнасай коллекторы учаскесі төңірегіндегі күрделі дауларды шешудегі айрықша үлесін атап өтуіміз тиіс.

Сол жылдары Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы мемшекараны делимитациялау қоғамда өткір талқыға түскен өзекті тақырыптың бірі еді. Расында жалпы шекараның жиырма пайызға жуық көлемін реттеу мәселесі тұрды. Бұл учаскелер Оңтүстік-Қазақстан облысының Сарыағаш, Мақтаарал және Шардара аудандарына қатысты еді. Оның маңыздылығы шекараның екі жағындағы тұрғындар үшін ауыл шаруашылығына қолайлы суармалы құнарлы жерлер, әрі халық тығыз тұратын, дамыған коммуникациялы елдімекендер болуымен тікелей байланысты еді.

Бұрынғы әкімшілік-аумақтық бөлініске енді мемлекеттік шекара мәртебесінің берілуі және шекарадан өтудің жаңа тәртібінің орнауы көпжылғы күнделікті өмір мен шаруашылық ерекшелігінің өзгеруіне әкелді. Шекараның екі бетінде тұратын адамдарға жаңа тәртіпке үйренудің оңай соқпағаны түсінікті. Мұның барлығы тұрғындардың келіссөздер барысына бейжай қарай алмағанын білдерді.

Сондықтан үкіметтік делегация мүшелері БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ, шекаралас аудандарға тікелей барып, тұрғындармен жүзбе-жүз кездесулер өткізіп отырды. Бұл кәсіби біліктілікті, кең білімді, төзімділік пен әдепті талап еткен қиын жұмыс еді.

Қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасын заңдық рәсімдеу жөніндегі келіссөздер үдерісі бұқаралық ақпарат құралдарының жіті назарында тұрып, қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың белсенді талқылауына айналды, қызу айтыстар мен тартыстар да болып жатты.

Биғали  Тұрарбеков шекаралық мәселелер бойынша 2001 жылы шілдеде отандық және шетелдік медиа өкілдерінің қатысуымен өткен алғашқы кеңейтілген баспасөз-конференциясында бүкіл жауапкершілікті өзіне алғаны есімде. Қандай құйтырқы сұрақтар болмасын төтеп беріп, қоғам мен саяси партиялар өкілдерінмен ашық та әділ сұхбатқа құра білді.

Оның патриотизмі сөз жүзінде, болмаса, жасанды емес-тұғын. Келіссөздердің Қазақстан үшін табысты да тиімді нәтижелі болуын ардың ісі деп қабылдап, жан-тәнімен адал еңбек етті. Б.Тұрарбеков ешқашан өз арын саудаға салған емес, дей тұра ұлттық мүдде жолында ымыраға бара біліп,  қандай болмасын күрмеуі қиын түйіндерді шешудің сындарлы жолын табатын.

Кәсібилігі мен жауапкершілігі өз алдына, адамгершілік, ізгілік қасиеттерімен өзіне тартатын. Биғали Шәріпқалиұлы достары мен әріптестерінің қандай да бір қиындықтарын әрдайым жүрегіне жақын қабылдаушы еді, дер кезінде жылы сөздерін айтып, жігерлендіруді ұмытқан емес.

Кезекті бір күрделі іссапардан оралған тұста әрдайым кабинетіне жинап шайға шақыратын, сөйтіп тағы бір мәрте пікір алмасып, аға буын әріптестердің қазақ дипломатиясының ардагерлерінің ақыл-кеңесін тыңдаушы едік. Олардың қатарында Ибрагим Аманғалиев, Қайыр Омаров, Болатхан Тайжан, Болат Нұржанов, Сайлау Батырша-ұлы,  Әуесхан Қырбасов, Советқали Қартбаев, Қайрат Исағалиев және басқалар болатын.

Мен сияқты жас дипломатқа олардың арасында болудың өзі бір ғанибет, небір қызықты оқиғалар мен әңгімелерді тыңдаудың өзі үлкен мектеп дер едім. Қашан көрсең де тартымды тұлғасымен менмұндалап, қолынан трубкасын болмаса сигарын тастамайтын Ибрагим Әжейұлы жас дипломаттар үшін бір қазына еді, оның өмірлік, кәсіби бай тәжірибесіне қызыға қарайтынбыз.

Сол жылдары маған тағдыр Мұрат Марданұлы Атановпен қатар қызмет етуді бұйырды, кейіннен ол делегация басшылығында Б.Тұрарбековтің орын басты. Білімді заңгер, дипломатиялық шыңдалған, әрдайым турашыл азамат ұжымда бірден құрмет пен сыйға ие болды. М.Атановтың іс басындағы кезеңге қазақ-өзбек шекарасын делимитациялаудың кезекті күрделі шағы, әрі демаркациялау барысы тап келді. Осынау айтулы аға әріптес, талантты дипломат та Қазақстанның Түрікменстандағы Елшісі қызметінде жүргенде өмірден ерте озды.

Иә, И.Аманғалиев, Б.Тайжан, С. Құрманғожин, Б.Тұрарбеков, М.Атанов сынды және басқа да аға буын әріптестеріміздің арамыздан кетуімен ұлттық дипломатиямыздың елеулі бір дәуірі аяқталғанын өкінішпен мойындауымыз лазым.

Келіссөздер барысындағы халықаралық-заңгер, бүгінде құрылықтағы және теңіздегі шекараны халықаралық рәсімдеу мәселелері жөніндегі отандық үздік сарапшы Зүлфия Алтайқыз Аманжолованың орны бөлек. Шекара мәселелерін терең білуі, тағдыркешті жайттар бойынша мызғымас ұстамы, мінезділігіне шебер қалжыңы жарасып тұратын Зүлфия ханымның қарсы жақтағы әріптестермен қалтарысы мол дипломатиялық ойын барысында талай тығырықтан алып шыққанына куәмыз. З.Аманжолованың қазіргі уақыттағы жауапты лауазымы – Қазақстанның Каспи теңізі мәселелері бойынша Арнайы уәкілі – осынау маңызды бағыттағы ерен еңбегінің заңды нәтижесі.

Бұл эпопеяның тағы бір кейіпкері  – делимитациялау және демаркациялау бөлімінің басшысы Сергей Владимирович Кириллов. Әскери оқу орнының түлегі, армиялық тәртіп пен тәкаппарлығы, қалжыңбастығы мен ұйымдастырушылығы арқасында кез-келген контрәріптестің тілін тез табатын. Сөйте тұра энциклопедиялық білімдар, түрлі хикаялардың қоймасы дерлік. Оның болмысына түбегейлі қайшы келетін делегацияның техникалық бөлігіндегі  шебер картограф Андрей Викторович Пащенко еді, қашан көрсең біртоға, еңбекқор, кіпияз да әрі эрудит. Өз кәсібін ерекше жақсы көретін жан, картография, картаның өлшемдері, топография мен геодезия туралы таңды таңға ұрып әңгімелеп беруден жалыққан емес.

Әрине, газет бетіндегі бір мақалада ел тарихындағы сол бір елеулі кезеңнің кейіпкерлерінің балығын атап өту мүмкін емес.

«Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Ең бастысы – біздің мемлекеттік шекарамыздың мызығымастығы. Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен шекарасының заңды тұрғыда рәсімделуінің нағыз тарихи мағынасы бар», - деп атап өткені мәлім.

Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасының заңды тұрғыда рәсімделуі бойынша келіссөздер үдерісі биыл 30 жыл толатын Тәуелсіздігіміз  кезеңіндегі қазақстандық дипломатияның ең айтулы жеңістерінің бірі ретінде отандық тарихымызға енді.

Әлмұрат Тұрғанбеков,

дипломат, Қазақстан Республикасының
мемлекеттік шекарасын делимитациялау
жөніндегі Үкіметтік комиссияның
2000-2002 жылдардағы мүшесі.

Abai.kz

5 пікір