Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
7432 27 пікір 27 Тамыз, 2021 сағат 12:33

Өзге түгіл, өз қателігінен сабақ алмайтын министрлік!

26 тамыз Қорғаныс министрлігінің тарихында кезекті бір қайғылы дата ретінде қалмақ. Ел аман, жұрт тынышта Жамбыл облысындағы Байзақ ауданының маңындағы әскери қойма жарылды.

Облыс жұрты абыр-сабыр күй кешіп, нақты ақпарат күтумен болды. Жерді сілкіндіре жарылған жарылғыштардың даусы тіпті 300 шақырым жердегі Түркістан халқына да естіліп жатты. Жарылыстың хронологиясын министрлік өкілдері айтып берді.

Хронология

«26 тамызда сағат 18.45-те «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік оқ-дәрі сақтау базасы қоймаларының бірі өртенді. 

Әскери бөлімнің өрт сөндіру бөлімдері өртті дереу оқшаулауға кірісті. Әскери бөлімнің кезекшісі «Оңтүстік» командирінің жедел кезекші бөліміне және Байзақ ауданының төтенше жағдайлар бөліміне дереу хабарлады. Барлығы, бірінші кезеңде локализацияға 500-ге жуық адам тартылды. Артынша олардың саны мыңға жеткізілді. Өртті ауыздықтауға 31 әскери техника қатысты.

Өрт сөндірушілердің барын салуына қарамастан, қоймаларда жарылыстар болып жатты. Барлығы 10-нан астам жарылыс болғаны белгілі.

Инженерлік оқ-дәрі алыс қашықтыққа ұшпайды. Олардың кейбіреуі екі жыл бұрын Арыс қаласынан шығарылған болатын. Ұшу қашықтығы бойынша қауіпті оқ-дәрілер осы қоймада аз мөлшерде сақталған. Жарылыс болса, жарқышақтар үш шақырымға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан жақын орналасқан ауылдардың тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданды», - деді министр.

Қоймада 500 тоннаға жуық жарылғыш заттар болған

Алайда жарылыстың салдары орасан. Министрлік жарылыс салдарынан 5 адамның қаза тапқанын, әлі де бірнеше сарбаздың байланысқа шықпай жатқанын мәлімдеді. Бұл дегеніміз қаза тапқандар саны артуы мүмкін дегенді білдіреді. Ауруханаға түрлі жарақат алып, денесі күйіп, тәні тілімделген 88 адам жеткізілді. Олардың арасында ауыр жарақат алған жандар да бар. Ресми дерек бойынша, қоймада 500 тоннаға жуық жарылғыш заттар болған.

Министр Ермекбаев Арыстан кейін арына жүгінген бе, осы жолы өз еркімен айтпаса да, тілшінің тіліп түскен сұрағынан кейін отставкаға кету жайлы ойын білдірді.

Ермекбаевтың отставкасы

«Менің қазіргі басты міндетім жарылыс салдары мен зардабын жою, ал отставкаға келетін болсақ, жарылыс жайлы ақпарат алған сәтте-ақ, мен бірінші минутта отставкаға кету жайлы шешім қабылдадым. Мен отставкаға беремін, шешімді жоғары жақ қабылдайды», - деді Президентті меңзеп.

Әрине, есі дұрыс қоғамда министр Арыстағы жарылыста-ақ, орнынан кетер еді. Жай кетпей, том-том іс арқалап, сот табалдырығын тоздырар ма еді. Бірақ бұл өкінішке орай біздің елде әзірге тек қиял ғана.

Бұл жарылыс министрліктің сабақ алмағанын білдірді. «Біреудің қателігінен сабақ алатындар ақылды, өз қателігінен ғана сабақ алатындар ақымақ», - дейтін сөз бар еді. Ал біз өз қателігімізден де сабақ алмаппыз. Сонда кім болдық?!

Арыстағы жарылыс шығыны - 173 млрд теңге болған

Арыстағы жарылыстың салдары сұмдық еді. Тұтас қала халқы босып кетті. Бейбіт күн астында бала-шағасын құшақтап, өз елінде босып кетті. Жақын ауыл-аймаққа уақытша көшірілді. Жарылыстан 4 адам қаза тауып, 80-нен астам жан жараланған еді. Сол жарылыстың шығыны 173 млрд теңгеге тең деп есептелді. Бұл орасан зор қаржыға мемлекеттік қорғаныс саласының тұтас бір бөлігін қамтамасыз етуге болады. Ол шындық.

Арыстағы жарылысқа қатысты министр Ермекбаев кешірім сұраудан бас тартып, отставка жайлы жақ ашпаған еді. Айтпақшы, жарылысты тіпті, табиғи апатқа да теңеді. Күлкілі.

«Бұл біздің кінәміз деуге болмайды. Бұл табиғи апат. Әрбір арсеналдың қауіпі бар. Әзірге халықтан кешірім сұраудың еш себебін көріп тұрған жоқпын», - дегенін ұмытқан емеспіз.

Жарылыс болған күні мыңдағын үй зақымданып, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елді-мекендерге эвакуацияланған болатын. Олар кейінірек Арысқа қайта оралған. Ресми мәлімет бойынша, қаладағы 7527 үй мен көпқабатты 103 тұрғын үй зақымданған. Пайдалануға жарамсыз болып қалған 420 үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй құлатылған. Бұл мемлекеттік бюджетке, сайып келгенде салық төлеушінің қалтасына соққы. Осындай шығын әкелген жарылысты министрлік «табиғи апат» деп, жылы жаппақ болып еді, араға екі жыл уақыт салып «табиғи апат» тағы қайталанды.

Ермекбаевтың екі жолғы мәлімдемесі

Айтпақшы, министрдің сол жарылыстағы мәлімдемесін қараңыз:

«Құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр, барлық болжамдар қарастырылып жатыр: адам факторы, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу, салақтық, техникалық себептер, мысалы, электр желілерінің тұйықталуы, химиялық реакция беру. Қасақана өртеу мен диверсия секілді болжамдарды да қарастырып жатырмыз»,- деген еді Ермекбаев.

Енді кешегі жарылысқа қатысты мәлімдемесіне көз жүгіртелік.

«Біз әр түрлі себептерді қарастырып жатырмыз. Бұл қауіпсіздік ережелері мен талаптарының бұзылуынан болуы мүмкін. Өздігінен тұтану, химиялық реакция, қасақана өртеу немесе диверсия нұсқаларын да қарастырамыз», - деді қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев брифинг кезінде.

Екі жыл ішіндегі нұсқалар бірдей, бір-екі сөзі ғана ауысыпты. Шаблонды жауаптар мен шаблонды нұсқалар.

Халықтың билікке деген сенім капиталы сарқылып, біткені қашан. Бітпегенде, таусылмағанда, сарқылмағандай қайтсін. Өз қателігінен сабақ алмағандар билік тізгінін ұстап отырса. Министр отставкаға кетіп, құтылар. Ал қаза тапқан бестіктің жаны қайтпас, жараланғандардың тәніндегі тыртығы тартылмас.

Неге министрлік Арыстағы жарылыстан кейін әскери қоймаларды елді-мекенге әкеліп, тақап қойған? Неге Арыстағы жарылғыштың жартысын бірден құртпай, басқа қоймаға тасыған? Сұрақ көп, болжам көп, жауап жоқ. Жауапты құзырлы органдар жіті тексеріс арқылы айта жатар...

Ка Мырза

Abai.kz

27 пікір