Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4632 0 пікір 5 Маусым, 2012 сағат 11:09

Қазақстандағы ашаршылық: Мұны АҚШ «геноцид» деп қарастыруы мүмкін

Батыс Қазақ елі бастан кешкен ашаршылықты тереңірек зерттей түсетін болады. Тіпті Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған бұл зұлмат «геноцид» тұрғысынан таразылануы мүмкін! Елдордадағы Тәуелсіздік сарайында екі күн бойы өткен «Қазақстандағы ашаршылық: халық трагедиясы және тарих сабақтары» атты халықаралық жиында АҚШ-тан келген ғалым Сара Камерон осындай мәлімдеме жасады. Рас, бұдан бұрындары да, бірқатар батыстық ғалымдар мен зерттеушілер, тіпті Кеңес тұсында бұл тақырыпқа түрен салған. Ал қазір солардың еңбектері көтеріліп жатқан көрінеді. Өйткені кезінде сталиндік қанқұйлы саясаттан зардап шеккен Балтық елдері бұл тақырыпты өзектілендіруге талпынуда.

Батыс Қазақ елі бастан кешкен ашаршылықты тереңірек зерттей түсетін болады. Тіпті Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған бұл зұлмат «геноцид» тұрғысынан таразылануы мүмкін! Елдордадағы Тәуелсіздік сарайында екі күн бойы өткен «Қазақстандағы ашаршылық: халық трагедиясы және тарих сабақтары» атты халықаралық жиында АҚШ-тан келген ғалым Сара Камерон осындай мәлімдеме жасады. Рас, бұдан бұрындары да, бірқатар батыстық ғалымдар мен зерттеушілер, тіпті Кеңес тұсында бұл тақырыпқа түрен салған. Ал қазір солардың еңбектері көтеріліп жатқан көрінеді. Өйткені кезінде сталиндік қанқұйлы саясаттан зардап шеккен Балтық елдері бұл тақырыпты өзектілендіруге талпынуда.

Осы орайда ХХ ғасырда азшылық ұлттардың қандай құқай көргендігін зерделеген Батыс бар­лық халықтардың ішінде көп зардап шеккен қа­зақ­тар екендігіне көз жеткізе бастағандай. Сон­дықтан да ол жақтан Қазақ елі тарихының осы кезеңіне үңілуге қызығушылық арта түсіпті. Шетелдік ғалымдар бұл ретте Қазақстан бас­шылығының ақиқатты анықтауға ықпал етіп отыр­ғандығына алғыстарын білдіруде.
- Қазақтың ашаршылығы - жеткілікті түрде зер­деленбеген зерттеу өрісі болып табылады, - деді америкалық ғалым С.Камерон. - Оны білу - Қазақстанға және қазіргі заманғы қазақстандық қоғамға қатысты түсінікті кеңейтуге ықпал ет­пек. Біз қазақ бастан кешкен ашаршылық бойын­ша әлі көп жайтты зерттеуге тиіспіз! Осы орай­да мен нәубет туралы жаңа дереккөздер мен ар­хивтік материалдарды ғалымдар үшін қол­жетімді етуге деген талаптары үшін қазақстандық билікке ризамын!
Өкінішке қарай КСРО-ның мұрагері болып табылатын Ресей сол зұлматты жылдармен бай­ланысты көптеген деректерді, құнды материал­дарды әлі күнге құпия ретінде қырық құлыптың ар жағында ұстап, жарияламай, ФСБ қолас­тын­дағы КГБ-дан қалған мұрағаттарға ғалымдарды жібермей отыр. Ал жариялауға болатын там-тұм құжаттардың «айтқанының» өзінен «иманың қасым» болатын көрінеді! Солардың өздері тарихшыларымызға «Голощекиндік геноцидтің» қазақ халқына алып келген шығыны әлем тарихында гитлершілдердің еврейлерге жасаған сойқанымен пара-пар» деген байлам жасауына мүмкіндік береді. Айтпақшы, Елбасының «На­зарбаев университетінде» аһ ұра айтқан: «1929 - 1933 жылдардағы аштық қазақтың 40%-дайын қырып салды. Ол болмағанда, қазір біз 45-50 миллион болатын едік!» деген сөздерінің жаң­ғы­рығы ғаламтор арқылы Күнбатысқа жеткен де­седі! Әлемдік деңгейдегі лидердің көңіл бөлуі ғалымдардың қызығушылығының көрігін қыз­дыра түскен.
Сара Камерон ханым «геноцидті зерттеу» АҚШ-та барған сайын қарқынды дамып келе жатқан сала болып табылатындығын ескерте келе, «Қазақ ашаршылығы, ХХ ғасырдағы зомбылық акті ретінде осы аяда қаралуы мүмкін» дегенді білдірді. «Қазақ ашаршылығы проблемасына деген қызығушылық АҚШ пен Еуропада өсуде. Енді, міне, қазақты қырған сол ашаршылықтан кейін арада 80 жыл өтіп отырғанда, біз осы залал туралы көбірек білеміз деп үміттенемін» деді Атлант мұхитының ар жағынан жеткен мәртебелі мейман. АҚШ ғылыми ортасының өкілі осы нәубетке қатысты қызығушылықтың жаңа толқыны ғалымдарды оның бұған дейін белгісіз болып келген жаңа қырларын ашуына әкелетіндігіне сенім білдірді. Ресей мұрағаттарының қазақ ғалымдарына ашпаған есіктеріне «кілтті» батыстық мүмкіншілігі мол ғалымдар таба алар?! Бұл ретте С.Камерон қазақтың басына түскен сол бәленің қазіргі қоғамға белгісіз ақтаңдақтары әлі жетерлік екендігіне де бек сенімді. «Мен, сондай-ақ қазақ ашаршылығына деген қызығушылықтың артуы зерттеудің басқа салаларына да өзгеріс әкеледі және ғылыми әдебиетте, соның ішінде геноцидті зерттеуде, қоршаған орта тарихында және тұтастай алғанда, Орталық Азия тарихын зерттеуде көрініс табады деп санаймын» деді америкалық ғалым.
Қазіргі кезде Батыста қазақ аштығы көрініс тапқан еңбектер қайта көтерілуде, олар дереккөз ретінде пайдаланылуы ықтимал. Олар Кеңес Одағынан қауқар кете бастаған кезде жария болған архивтік материалдарға негізделіпті. Сара Камерон олардың бірқатарын атай кетті. Мәселен, 1981 жылы Марта Брил Олкоттың «Қазақстанда ұжымдастырудың басталуы» атты мақаласы жарияланып, ол америкалық оқырманды қазақ ашаршылығы туралы зерттеулермен таныстырыпты. Олкотт ханымның зерттеулері кейін Роберт Конквесттің тұғырлы еңбегіне ықпал еткен екен: бұл кітап «Қасіреттің жемісі...» («Урожай скорби...») деген терең астарлы атпен 1986 жылы жарық көрген. Рас, бұл туындының негізгі бөлігі украиндік «голодоморға» арналған деседі. Әйтсе де, Конквест қазақ ашаршылығының оған дейін басталғандығын атап өтіпті, әрі бұл ашаршылықтың сталиндік террор үшін кейінгі қимылдарға «сынақтық үлгі» болғандығы туралы байлам жасайды. Батыстық аудиторияның біліп келгені осымен таусылған.
«Мұндай үнсіздіктің себептері көп, - деді Сара Камерон, - күні кешеге дейін зерттеушілер кеңестік репрессиялар жүрген жерлерге саяхаттауда кедергілерге маңдай соғып келді. Сондай-ақ Батыста көптеген кітапханалар Қазақстаннан материалдарды ұдайы жинай бермейді. Нәтижесінде, батыстық ғалымдар Қазақстандағы әріптестерінің жариялағанынан хабарсыз болып келді». Бүгінде қазақ нәубетін зерттеу қайта жаңғырыпты.
Батыс қазақ ашаршылығын зерттеуге білек сыбана кірісіпті. Атап айтсақ, Стивен Виткрофт пен Р. Дэвистің 2004 жылы жарияланған «Аштық жылдары: кеңестік ауыл шаруашылығы, 1931 - 1933» еңбектері ішінара қазақтың ашаршылығын талдаудан тұрады. 2006 жылы баспадан шыққан Изабелла Охайонның және 2009 жылы жарық көрген Николло Пианчеллоның кітаптары толығымен қазақ ашаршылығы мәселесін жария етеді. Ғалым Сара Камерон мұның сыртында қазіргі кезде көптеген ғалымдардың қазақ ашаршылығы туралы монографияларын жазу үстінде екендігін хабарлады. «Олардың ішінде, мысалға, Роберт Киндлер мен Мэттью Пейн, сондай-ақ менің өзім де болашақ монографиям бойынша жұмыс істеудемін» деген ол, осы жұмыстардың барлығының қазақ ғалымдарының ашаршылық туралы тамаша еңбектерінің арқасында пайда болып жатқандығын жасырмады. Әйткенмен, сонымен бір уақытта батыстық ғалымдардың еңбектері ары қарай зерттеулерге жаңа серпін бермек, осы ізгі іске әлемдік тың әдістемелер әкелмек, қазақ ашаршылығы туралы халықаралық теориялық әдебиетті дамытпақ.
- Осы ғалымдардың көбі, сондай-ақ өз зерттеулерінде жаңа дереккөздерді, атап айтқанда, куәгерлердің естеліктері мен әңгімелерін, қазақ тілінде жарияланған материалдарды, фотосуреттерді, бұған қоса, Алматыдағы Президенттік мұрағаттың жақында беті ашылған, ашаршылыққа қатысты материалдар жинағын пайдаланды. Болашаққа көз тастай отырып, мен осы ашаршылықты зерттеулердің мұхиттың қос жағалауы тарапынан жалғасатындығынан, батыс ғалымдары мен қазақстандық мамандар бір-бірінен үйрене беретіндігіне үміт білдіремін, - деп қорытты сөзін америкалық тарихшы ғалым.

Бүркіт АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор: Бұл мәселе бүгін де өзекті

-ХХ ғасырдың 20-30 жылдары жүргізілген индустрияландыру және ұжымдастыру саясаты, большевиктердің волюнтаристік саясатының нәтижесінде орын алған жаппай ашаршылық іс жүзінде әрбір қазақстандық отбасыға әсер еткен және қазақ ауылының өміріндегі аса ауыр оқиға болды. Алайда ұзақ уақыт қазақстандықтар, отандық тарих ғылымы 1928 - 1932 жылдардағы бұл алапат аштық туралы айта алмады. Себебі Қазақстанның тарихы, жалпы Кеңестер Одағының тарихы сияқты тоталитарлық жүйе тұсында терең идеологияландырылды. Тек Тәуелсіздік тұсында ғана Қазақстанның тарих ғылымы 30-жылдардағы алапат аштық туралы құпияны толық ашуға мүмкіндік алды. Ауылдағы жеке меншікті құртып, оның орнына тиімсіз ұжымдық шаруашылықтарды енгізу мәселесі бұрын ғана емес, бүгінгі күні де өте өзекті. Мысалы, Солтүстік Корея, Африка елдерінде де аштық болды. Зерттеу нәтижелері Солтүстік Кореяда өткізілген тәжірибе 30 жылдардағы Кеңестер Одағын дәл бейнелейтінін көрсетті: мұнда да сол экономикалық заңдылықтарды ескермеу, аштық туралы ақпараттарды жасыру, халықаралық жәрдем мен қайырымдылық көмектерінен бас тарту, экономиканы милитарландыру, жаппай қару шығару орын алды. Сондықтан біз - қазақстандық ғалымдар, коллективтендірудің себептері мен оның өту барысын терең зерттеу, бұл трагедияның айыпкерлерін анықтау - ең басты ғылыми міндеттердің бірі ретінде тәжірибелік маңыздылығын жоймайды деп есептейміз. Меніңше, жалпы КСРО-дағы және Қазақстандағы коллективтендіру бағытын зерттеу кезінде еліміз бастан кешкен трагедияның себептерін анықтау - өте-мөте маңызды. Өйткені Қазақстан Ресей империясының отарына айналудан мақсатты түрде жергілікті этносты құнарлы аймақтардан шеттетіп, еуропалық бөліктегі мұжықтарды жаппай көшіру саясаты жүргізілді. Зерттеулер аштық жылдарының экономикалық және саяси-идеологиялық себептері большевизмнің К.Маркс пен В.Лениннің еңбектеріне негізделген саяси доктриналарында жатқандығын көрсетті. Атап айтқанда, дәл осы марксизм классиктері өздерінің теориялық бағдарламаларында жеке меншікті жойып, жалпыхалықтық меншік, абсолютті пролетариат диктатурасын құруды мақсат етіп, шаруаларды тарихи емес тап және жаңа қоғам құрудың қас жауы деп жариялады. Атап айтсақ, «Коммунистік партияның манифестінде» «таптық антогониз», таптардың күресі адамзат дамуының қозғалтқышы деп мәлімделді.
Қазақстандағы коллективтендіру бағытын жүргізуде осы науқанды ұйымдастыру және басқару үшін 1928 жылы 5 тамызда комиссия құру басты оқиға болды. Ресейге қарағанда Қазақстандағы коллективтендіру саясатының айтарлықтай өзгешеліктері болды. Біріншіден, республикада коллективтендірумен бір мезгілде отырықшылдандыру саясаты жүрді, ол жергілікті тұрғындардың дәстүрлі шаруашылық жүргізу үлгілеріне ауыр соққы болып тиді.
Екіншіден, Ф.Голощекин «Кіші қазан» саясатын жүргізу, сәйкесінше таптық антогонизмді қоздыру қажет деп санады. Осындай төтенше шаралар көп жағдайда жергілікті тұрғындардың ұлттық сезіміне тиді. Бірақ билік өздерінің қате шешімдерін қайта қараудың орнына, шаруаларды күштеуді жалғастыра берді. Мойынсынбағандарды жазалау үшін арнайы соттан тыс органдар құрылды. Тек 1929-1933 жылдары сол «үштіктер» 9805 істі қарап, 22933 адамға қатысты шешім қабылдады, солардан 3386 адамды ең жоғары - ату жазасына кесу, 13151 адамды 3 жылдан 10 жылға дейін концлагерлерге қамау туралы шешім шықты. Кулактарға және контреволюциялық күштерге қарсы күрес желеуімен нағыз зорлық-зомбылық, бассыздық орын алды. Жергілікті милиция мен Қызыл Армия бөлімдері көп жағдайда тұрғындарды тергеусіз, сотсыз атып тастап отырды. Осылай 1934 жылдың қазанында жазықсыздан-жазықсыз Шәкәрім Құдайбердиев атылды.
Шаруалардың, жалпы қалың бұқараның наразылықтары қарулы көтерілістерге, республикадан өзге өңірлерге көшіп-босуға алып келді. Ғалымдардың есебінше, 1929-1931 жылдары Қазақстанда 80 мыңнан аса адам қатысқан 372 көтеріліс болған. Әсіресе, Созақ, Ырғыз, Абралы, Маңғыстау, Шемонайха, Самара және басқа аудандардағы көтерілістер ауыр қайғымен өткені белгілі. Шаруалар толқуын басу үшін билік құрғақ уәдеден басқа, милиция отрядтары мен тұрақты әскери бөлімдерді кең қолданды. Мысалы, Маңғыстау облысында Каспий флотилиясының күштері осы мақсатқа жұмылдырылды. Ірі көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін 1929-1931 жылдары тек ОГПУ органдары тарапынан 5551 адам жазаланып, содан 883-і атып тасталды. Мың-мыңдаған отбасылар «кулак элементтері» деген желеумен республикадан тасқарыға айдалды. Статистердің есебі бойынша бір жарым миллиондай адам басқа жақтарға босып кетті. Ұлы дала қаңырап, аңырап қалды. Елден кеткен жергілікті тұрғындардың орнына Ресей, Украина, Беларуссияның орталық облыстарынан тәркіленген кулактар көшіріліп, орналастырылды. Осылай кеніштер мен шахталардың айналасында Малиновка, Осакаровка сияқты жүздеген ауылдар мен кенттер пайда болды. Осы жылдары республика халқының саны күрт кеміп кетті. Мысалы, 1926 жылы қазақтардың саны 3 628 000 болды. Ал 1939 жылғы халық санағы оның 1 300 000 адамға кемігенін немесе 36 пайызға азайғанын көрсетті.
Халқымыздың басынан өткен қасіретті тарихты ғылыми тұрғыдан ұғыну және зерттеу орасан зор адам шығынына алып келген волюнтаристік әлеуметтік тәжірибе зардаптарынан сабақ алу тұрғысынан бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін тым маңызды әрі өте қажет. Бұл қазақ халқы үшін орасан гуманитарлық апат болды. Сондықтан «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш», біздің бүгінгі конференциямыз, осы мәселелер бойынша жарық көріп жатқан кітаптар, мақалалар мен басқа да іс-шаралар - өткен тарихты ұмытпай, ұрпақтарымызға тағлым боларлық біздің азаматтық борышымыз.

Изабель ОгайОН, Франция Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері: Бір миллион адам босып кетті

- Қазақстанда кеңес билігі орнағаннан соң, әсіресе, Қазақстан Компартиясының басшылығына Ф.Голощекин келгеннен бастап, жергілікті ұлт өкілдерін отырықшылдандыру жобасы күн тәртібіне батыл шаралардың бірі ретінде қойылды. Маркстік теорияға сәйкес, көшпенді өмір салты кеңестік қоғамның идеалымен қабыспайтыны жайлы ой айтылды. Большевиктердің ойынша, отырықшылық өмірге көшпенділердің экономикалық негізін және немесе қоғамның рулық құрылымын қирату арқылы немесе екеуін бір мезгілде қирату арқылы келуге болатын еді. Компартияның 1928 жылғы ХХ конференциясында Ф.Голощекин ірі байлар мен «жартылай феодалдарға» қарсы қудалау науқанын беделді ру басшылары мен руларды әлсіретудің алғашқы басқышы ретінде ұсыныспен шықты. Сөйтіп, отырықшылдандыру идеологиясы қазақтардың дәстүрлі шаруашылық және әлеуметтік тәжірибелерін ауыстырумен ұштастырылды. Қазақ шаруаларының алға қарай дамуын мал бағудан егін салуға немесе отырықшы мал шаруашылығына өту және рулық құрылымдарды жоюды әкімшілік бағыттау әдісімен жүзеге асыру көзделді. Коллективтендіру науқаны және астық, ет дайындау жоспарларын орындау қажеттігіне қарамастан, қазақ көшпелілерін отырықшы өмір салтына өткізу стратегиясы 1929 жылы-ақ Көшіп-қоныстандыру басқармасы әзірлеген шараларда ауылшаруашылық «мамандарының» ғылыми негіздеген дәлелдеріне сүйеніп жүзеге асырыла бастады. Құрғақ дала аймағының биогеографиялық, климаттық жағдайларында созылмалы және күтілмеген жұт бола қалғанда көшпелі өмірдің келешегі жоқ және ол өнімді әрі тұрақты шаруашылық құру үшін кедергі болады деп саналды. Осы көзқарастарға сәйкес, мал өсірумен айналысатын тұрғындарды Орталық Қазақстандағы ауқымды құрғақ аймақтан көпсалалы ауылшаруашылық істерін жүргізуге ыңғайлы «аралық» жерлерге көшіру жөнінде шешім қабылданды. Мысалы, Көшіріп-қоныстандыру басқармасының 1929 жылдың соңындағы бір міндеті аштықтан азап көрген сегіз мың адайды көшіріп, орнықты отыратын мекен ұйымдастыру болды. Олардың бір бөлігі Түрікменстанға өтіп кетті. Отырықшылыққа ауысудың бірінші науқанының нәтижесінде жүз мыңнан аса көшпелі және жартылай көшпелі отбасылар кейбірі киіз үйден құрылған ауылға ұқсас «орнығу бекеттерінде» орналастырылды.
Кеңес үкіметінің жалпы саясатында отырықшылдандыру саясаты мен көшпелілердің тағдыры коллективтендіру мен астық және ет дайындау, Қазақстандағы ауқаттылардың мал-мүлкін тәркілеу және индустрияландыру істерімен салыстырғанда басыңқы мәселе саналмады. Мал өсірумен айналысатын қазақтар үшін ең ауыр соққы 1931 жылы шарықтау шегіне жеткен жаппай ет дайындау науқаны болды. Егер аштықтан бір миллион үш жүз мыңдай адам немесе республика халқының үштен бірі қырылса, мал басы қырық бес миллионнан сегіз миллионға дейін кеміді. Сөйтіп, отырықшылдандыру мал басының апатты жағдайда жетіспеуінің салдарынан малшаруашылық экономикасына қайта орала алмай, түгелдей мемлекеттің көмегіне тәуелді болып қалған босқындардың көшіп-қонуына ұласты. Бір миллиондай қазақ көрші республикалар мен басқа елдерге кетуге мәжбүр болды. Отырықшылдандыру қазақтардың басым бөлігінің жаңадан ұйымдастырылған шаруашылық ұжымшарларында қалуын көздеді. 1926 жылғы халық санағы бойынша, қазақ халқының 70 пайыздайы немесе үш миллиондай адам көшпелі немесе жартылай көшпелі шаруашылық жүргізген. Осы көшпелі малшылардың дерлік жартысы аштықтан қырылды. Мал басының шектен тыс кемуі және одан кейінгі аштық қазақтарды отырықшылдандыру үшін кері қайтпайтын жағдай қалыптастырды. Әлеуметтік тепе-теңдікті түп-тамырынан өзгерте, ру топтарын белгіленген аумақтарда орналастыра, аға ұрпақ дәстүрлері мен жадын жалғастыруға кері әсер ете отырып, отырықшылдандыру белгілі бір деңгейде қалыптасқан мәдениетті күшпен құрту арқылы қазақ қауымының қабырғасын қатты қайыстырып кетті.

Елена ТЮРИНА, «КСРО-дағы аштық» Құжатты халықаралық сериясы редакциялық алқасының мүшесі: Қазақтың ең үлкен қасіреті

- 1932 жылы ауыл халқы аштықтан қырылып, Қазақстанда өте ауыр жағдай орын алды. Қазақтар Ресей мен Қытайдың көршілес өңірлеріне көше бастады. Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің төрағасының атына 1932 жылы 2 сәуірде шаруалардан түскен шағымда «Аш-жалаңаш бұқара жанындағы балаларымен талғажау іздеп, жолдарда шыбындай қырылып жатқаны» айтылады. В.Кондрашиннің айтуынша, мұның басты себебі Қазақстандағы қысқа мерзім ішінде жүргізілген коллективтендіру болып отыр. 1931 жылдың күзінде республикадағы 78 ауданның 70 пайызы коллективтендірілді. Малшаруашылық ұжымшарларында малдарды мейірімсіздікпен қоғамдастыру саясаты, көшпелі халықты күштеп отырықшыландыру және мал өнімдерін дайындаудың шамадан тыс жоспарлары республика мал шаруашылығының қирауына әкеп соқты. 1932 жылдың ақпанына ұжымдық шаруашылықтардың 87 пайызы, жекелердің 51,8 пайызы малдарынан түгел айырылды. Бүкіл Қазақстан бойынша колхозшылар мен жеке мүлік иелері аштықтан, қырғұлақ пен сүзектен қырылып, тіпті адам етін жеу жағдайлары орын алды. Қылмыс әсіресе, балалар қылмысы өршіп кетті.
2009 жылы Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясы ХХ ғасырдың 30 жылдары алапат аштық орын алған бұрынғы КСРО республикаларында болғаны белгілі. Сол кезде делегация мүшелері аштық тарихы туралы құжаттардың түп нұсқаларымен танысып, оларды зерттеді. ЕКПА 2010 жылы қабылдаған №1723 резолюцияда адам құқықтарының айтып болмайтын дәрежеде бұзылуына алып келген сталиндік тоталитарлық жүйе айыпталады. Осы резолюцияның 6 тармағында: «Қазақстанда миллиондаған жан жаппай аштықтан құрбан болды және өлгендердің саны бұрынғы КСРО халықтарына салыстырғанда анағұрлым артық. Өмір бойы дәстүрлі түрде мал өсірумен айналысып келген көшпелі халық күшпен отырықшыландырылып, иелігіндегі малынан айрылды. Бұл алапат аштық қазақ халқының ең үлкен қасіреті ретінде есте қалады».

Айхан ШӘРІП

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2184
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2580
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2496
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1679