Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ақмылтық 5833 18 пікір 16 Тамыз, 2021 сағат 12:25

Тіл майданында қазақ жалғыз

Осыны ескерейік!

Романов Романов дегеннің «Қазақ ұлтшылдары орыс әйелін тіл білмегені үшін жазалап жатыр» деген хабарын YouTube арнасынан көрдім. Көрдім де, «көп қыртыманың бірі екен ғой» деп, қолды сілтеп қоя салғым келген. Бірақ отқа әзірге май құймаса да, жаңқа тастауға жанталасып баққан тараптардың таласына байланысты ойымды жазып, жария еткенім де жөн бе деген байламға келдім.

Романов сөзінің кіріспесінде: «Ел аузында «орыстың ең жақын досы – қазақ» дейтін сөз көп айтылады. Экономикалық қарым-қатынаста да бізге дос ел - қазақ деп білеміз. Әскери қауіпсіздік мәселесінде де «қазақты бізге дос» дейміз», - дей келіп, «ал сол дос мемлекеттің азаматтары орыстілділерге не істеп жатыр?» - деген сұрақ қояды да, әлемжеліде тараған сатушы мен тұтынушы арасындағы азды-кем ұрысты нұсқап: «Міне, масқараны көрдіңдер ме?» - дегендей шалқаяды.

Романов айтпақшы, біз де Ресейді көрші ел, тату мемлекет деп білеміз. Әсіресе, Қазақстанның ресми билігі күн сайын, сағат сайын жаһандағы жалғыз досымыз Ресей жұрты екенін, Мәскеу екенін есімізге салып, жадымызда жаңғыртып отырады. Біз соған кәдімгідей иланамыз, сенеміз. Тәулік бойы Ресей арналарын көретіндіктен, бізде орыстың сөзін де, ісін де құп көретіндер бар. «Украиндер орыстарға күн көрсетпепті ғой, Путин сондықтан Донбасқа әскер кіргізіп, Қырымды қайтарып алыпты. ВВП-нікі дұрыс» - дейтіндерді орыстілді қазақтың ғана емес, қазақтілді қазақтың арасынан да кездестіруге болады. Көрдіңіздер ме, біз қандаймыз?

Біз досқа сенеміз, достың сөзіне, ақпаратына тақ тұрамыз. Өкінішке қарай, біздің достарымыз бізге достық пейіл таныта бермейді. Достық дегеніміз - кеңдік һәм теңдік! Теңдік пен кеңдік, өзара абзал түсіністік болмай, достық болмайды. Жә, қазан тебер бір тентек қайдан болса да шығады. Бірақ Қазақстан тентегін тиып ұстайтын ел. Осы уақытқа дейін қазақстандық бір ресми тұлғаның немесе Парламент депутатының Ресейге қарап жұдырық түйе сөйлегенін естімеппіз. Есесіне РФ-ның кез келген шенеунігі, Мемлекеттік Думаның депутаттары Қазақстанға қатысты қалай болса солай сөйлей салады, қазақтың тарихын, мәдениетін қорлап, мазақ етіп отыра береді. Егер осындай оспадарлықты көшедегі Иван жасаса, «е, ол Иван ғой» дер едік. Алайда орыстың оспадар Иваны көшеде емес, МемДуманың төрінде отыр. Ұяттан, саяси этикадан жұрдай. Романовтар сондай сүйкімсіздерін көрмейді. Әйтсе де, өз жерінде, өз мемлекетінде тұтынушы құқын талап еткен қазақты көре қалады. Көреді де ойбайға аттан қосады. Әділдікке жүгінсек, видеода сатушы әйелден: «Қазақша жазу қайда?» - деп сұраған тұтынушы заң аясынан тыс қадам жасап, қатты кетіп тұрған жоқ. Ол бар болғаны өзінің тұтынушылық қақын ғана талап етуде. Азаматтың талабы дұрыс. Алайда тіл майданында біз жалғызбыз. Осыны да ескере жүрейік.

Ілгеріде, тоқсаныншы жылдардың басында, Балтық бойында осы біздегі жағдайға ұқсас ахуал болған. Жергілікті эстон, латыш, литван жаппай өз тілдерінде сөйлеп кетеді. Өз тілдерінде жауап береді, өз тілдерінде сұрайды. Балтықты баласынып, «басынан сипап» отырған орысқа бұл ұнай ма? Ұнау былай тұрсын, жылайды. Күнде жылайды. Көзінің жасын көлдетіп халықаралық ұйымдардың кеңсесін көлдария қылады. Содан ОБСЕ сияқты ұйымдардан өкілдер келіп, істің ақ-қарасын тексеріп кеп, Балтықта балпаң басып жүрген орыстарға: «Қойыңдар, сендердің мыналарың ұят. Орыс тілінде сөйлеуге, сұрауға, жауап беруге сендер қандай қақылы болсаңдар, Балтық халқы да қақылы. Бұлар Тәуелсіздік талаптарын орындауға міндетті болғандықтан өз тілдерінде сөйлеуге екі есе қақылы», - дейді. Осыдан кейін барып Балтықтағы орыстілділердің десі қайтып, кеудесі басылған көрінеді. Ол кезде, бірақ, әлемдік саясатта ептеген тәртіп пен жүйе бар еді. Халықаралық ұйымдарда ықпал болатын. Ал қазір әлемдік саясатты анархия билеп тұр. Бәрі бетімен кеткен. Ресей Қырымды тартып алып жатыр, Украин жерін бөлшектеп жатыр - осының бәріне АҚШ бастап, Еуропа елдері қостап, «үрит, соқ» деп қарап қана отыр.

Біз ойлаймыз, импершіл Кремль билігі Ресейді әлемге сүйкімсіз етіп бітті деп. Батыс елдерінің саясаткерлері де шамамен осындай ойда. Олар және санкциялар мен соғыстар Ресейді титықтата түседі. Путиннің билігі әлсірейді деп те ойлаулары мүмкін. Бірақ осы аралықта Путиннің билігі уақытша болса да, күшейіп, орыс баспасөзінің таралу аймағында пәрмені артып, баяғы КСРО-ны аңсайтындардың қатары артып келеді. Путин бұл күнде тиымсыз тұлғаға айналды. Ол кез келген уақытта, ТМД-ның кез келген еліне әр нәрсені сылтау етіп басып кіруі мүмкін. Жау шақырып, болмаса, орыстан әдеттегідей «бүжай» жасап отырғаным жоқ. Расында солай.

Ауғанстанды талибандардың қолға ала бастауы Путинді құтырта түсуде. Жоғарыда Романов деген пәле «Қазақстан Ресеймен әскери де одақтас ел емес пе еді?» - дегенді бекер айтып тұрған жоқ. Ол достық туралы айта келіп, әскери одақтастың әскери борышы да бар дегенді аңғартады. Түпкі ойы: аймақтың қауіпсіздігін өзіміз қамтамасыз етеміз демекші. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.

Тілге келейік. Қайталаймын: тіл майданында біз жалғызбыз. Өзіне жақын Балтық елдерінің тіл үшін жасаған әрекеті мен күресін бек түсініп қолдаған Батыс бізді түсінбейді де, қолдамайды. Сондықтан біз тіл майданында бірігуіміз керек. Халық төменнен талап етіп, халықтың талабын билік сергек қимылдап іске асырып отыруы қажет. Заңның орындалуын қадағалайтын орган тіл мәселесінде де пәрменді болуы тиіс. Тілдің қолданыс аясын кеңейтетін заңдарды жетілдіре түсуді де ойласайық. Бұқара мен билік тіл майданында бірігіп сауатты қимылдамаса, ертең намысқа шапқан жігіттер шетін қимылдарға баруы әбден мүмкін. Ондай шетін қимыл мен тосын әрекетті баз біреулер саяси қақтығыс құралы ретінде пайдалануы да даусыз. Ендеше бір бірімізді көңіл күй ауанына беріліп кінәламай, ғайбаттамай, салқын ақыл мен сабырға жүгініп іс қылайық, ағайын!

Дәурен Қуат

Abai.kz

18 пікір