Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4343 0 пікір 4 Маусым, 2012 сағат 07:08

Мақсат Шотаев: «Шетелге шыққанда ойынның атауының мағынасын ашуға ұяламыз»

 

 

Қазақтың ұлттық ойындарының бірі - тоғызқұмалақ. Бүгінде дүниенің бірнеше елі осынау ойынға қызығушылық танытып отырған көрінеді. Алайда, тоғызқұмалақтың теориялық тұрғыдан зерттелуі кемшін түсіп жатқан жайы бар. Осындай мәселелер мен  тоғызқұмалақ ойынының бүгінгі ахуалы турасында Тоғызқұмалақ қауымдастығының вице-президенті, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Шотаевпен болғаны әңгімені ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

 

Мәке, елдегі тоғызқұмалақтың дамуы қандай деңгейде, қарқын бар ма?

 

 

Қазақтың ұлттық ойындарының бірі - тоғызқұмалақ. Бүгінде дүниенің бірнеше елі осынау ойынға қызығушылық танытып отырған көрінеді. Алайда, тоғызқұмалақтың теориялық тұрғыдан зерттелуі кемшін түсіп жатқан жайы бар. Осындай мәселелер мен  тоғызқұмалақ ойынының бүгінгі ахуалы турасында Тоғызқұмалақ қауымдастығының вице-президенті, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Шотаевпен болғаны әңгімені ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

 

Мәке, елдегі тоғызқұмалақтың дамуы қандай деңгейде, қарқын бар ма?

-  Тоғызқұмалақтың қарқынына шүкір деуге болады. 2006 жылға дейін оны ел бойынша дамытсақ, одан кейін сол жылдың тамыз айынан бастап, бұл ойынымыз Еуропа деңгейіне шыға бастады.Сол жылы Лондон қаласындағы зияткерлік ойындар бағдарламасына енгізілді. Әлемдік зияткерлік 36 ойынның бірі тоғызқұмалақ болып танылды. Содан бері әлем жұртшылығы мен Еуропа халықтарын қызықтыра бастадық. Бұл - ойынның әдіс-тәсіліне, танымына, ережесіне қатысты қызығу болып табылады. Содан бері жастар мен ересектер қызығы бастап, еуропалық деңгейдегі жарыстарға, фестивальдарға қосыла бастады. 2007 жылы тоғызқұмалақ жарысы Чехияда көрініс берді. Сондай-ақ, өз аймағымыздағы Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Қытай елдерінің қызығушылығы оянды. Кәзіргі кезде Чехияда тоғызқұмалақ қауымдастығы ашылды. 2010 жылдан бастап әлем чемпионаты өте бастады, Еуропада 2012 жылы Чехияда әлем чемпионаты, сосын 2014, 2019 жылдары 2 дүркін әлем чемпионаты өтпек. Халықаралық  деңгейде біраз жұмыстар атқарылды, бірақ одан да көп жұмыстар істеу керек. Бірақ, түрік ағайындар манкаланы 2009 жылдан бастап қолға алса да, кәзір жоғарғы оқу мекемелерінде оны тарату мен үйретуден алға шығып, қарқындатып кетті. Біз бұл жағынан бюрократтық былықтардан басымызды көтере алмай жүрміз.

- Тоғызқұмалақтың қауымдастығы Қазақстаннан басқа қай елдерде бар?

-  Нақты тіркелген қауымдастықтар бізде, Қырғызстанда, Ресейде, Моңғолияда, Еуропа бойынша Чехияда бар. Сонымен бірге басқа елдерде жергілікті насихаттаушылардың үйірмелері мен клубтары бар.

Тоғызқұмалақтан басқа түркілердің қандай ойындары осындай қарқынмен даму үстінде?

-   Шынын айтқанда, түркілердің тоғызқұмалақтан басқа өз елінің шеңберінен шығып даму даңғылына шыққан ойын жоқ. Бірақ Түркияда қолға алынған манкала деген ойын бар. Қырғызстанда «тоғызқұргөл» бар. Алтайда «алтайшатыра» деген ойын бар. Басқа нақты көрініске ие ойын әзірге жоқ.

Қырғыздың тоғызқұргөлі мен тоғызқұмалақ бір емес пе?

-  ХХ ғасырдың басына дейін бұлар екі түрлі ережемен ойналған ойын болған. Қырғыз халқы өздерінің бұл ойынына көңіл бөле алмаған кезде, тоғызқұмалақтың ережелері сыналай еніп кеткен. 1948 жылы Тоғызқұмалақ ережесі бекітіліп, қалыптасқаннан кейін сол қырғыздарда да ойнала бастаған. Сол жылдары жазылған еңбектерде қырғыздарда «тоғызқұмалақ» аталған және қазақтың ойыны делінген, бірақ соңғы жылдары қырғыз ағайындардың ұлшылдығы бас көтергесін, олар оны өздерінше «тоғызқұргөл» атап кетті, дегенмен,тоғызқұмалақтан айырмасы болмай отыр.

-   Қай ойынның да әлеуеті оның теориясына қатысты ғой. Тоғызқұмалақ бұл жағынан қалай дамуда? Терминдері дегендей?

-   Тоғызқұмалақтың терминдері жақсы жетілгенмен, оның теориялық мәселелері әлі күнге дейін түбегейлі қолға алынған жоқ. Әлемде екі ойынды компьютерлік сараптауға жатқыза алмай жатыр. Оның бірі - жапонның «го» деген ойыны, екіншісі - осы біздің «тоғыз». Шахматта, бастан-аяқ жүрістер сараланып, кім қалай бастаса, қалай жеңіп, жеңілетіні зерттелсе, тоғызқұмалақ бұл жағынан кемшін. Бұл жағынан жапонның госы мен біздің «тоғыз» компьютерлік талдауға көнбей жатыр. Аталған екі ойын сол жақ мый бөлігін ғана емес, оң жақ мый бөлігін дамытуға қабылеті бар. Оң жақ мый көбіне рухани дамуға үлес қосатын әлеует. Аталған екі ойында да осы рухани сыйпат басым. Го ойынында алдын ала талдауға бағынбайтын жақтары басым болып отыр. Мысалы, тоғызқұмалақтағы компьютерлік бағдарламаға бағынбайтын «тұздық» мәселесі бар. Әдетте, тұздық болмаса, ойында тең түсу болмайды делініп келді. Тұздық болғанда ғана тоғызда тең түсу мүмкіндігі бар делінді. Ал, тәжірибе басқа нәрсені көрсетіп берді: тұздық болмағанда да тақтада тең ойын қалыптасатыны белгілі болды. Оны компьютерге талдау көрсете алмайды, жорамалдау мүмкін емес. Ал, Тұздық тоғызтектес 400-ге таяу ойын болса, соның ешқайсысында кездеспейді, ол тек қана тоғызқұмалақта болып отыр. Соның арқасында тоғыздың теориясы мен әдіс-тәсілі бай көрінеді. Басқа ойындарда Тұздық болмағасын, ойын екі жағдайда ғана аяқталады: егер біреуі ойын мақсаты орындалса, екіншісі ойын тастары таусылса. Ал, тұздықтың бар болуы ойын соңындағы шиеленісті 28 есе арттырып отыр. Әсіресе, отаулар мен тұздық арасындағы тартыстар аса тактиканы қажет етеді. Міне, осыған орай тоғызқұмалақтың сол шиеленістерді ашатын теориялық ахуалы әлі әлжуаз болып отыр.

-   Ойынның атауына келсек: екі сөздің тіркесінен құралып,шұбалыңқы сыйпатта. Бұл енді шетелге тараған сайын айтылымға ауыр соқпай ма? Жалпы, ойынның әуелгі атауы «тоғызқұмалақ» па?

-  2006 жылы біз Лондон олимпиадасына барар кезде, қай атаумен апарамыз, қайткенде оның мән-мақсаты бұзылмай жетеді деген талқы болды. Бірақ, сол кездегі тоғызқұмалақшылар осы атауда қалғанын қалап, атау турасында зерттеме жасап, теориялық жағын бекіте түсуге уәде берген еді. Бірақ, ол уәде орындалған емес. Әлі күнге тоғызқұмалақ туралы нақты да қомақты зерттеу болмай отыр. Шын мәнінде, бұл ойынның бірнеше атаулары болған: «тоғызқұмалақ», «хан» ойыны, «қоздату», кейде «орда» аталған. Өз ойымша, ең жақсы да қолайлы атау, ол - «орда» атауы. Тіпті, «тоғыз» деп қалдырсақ та болады, өйткені, «құмалақ» сөзін қосудың өзі көп адамды шатастырады. Көпшілік жұрт ойында тек қана тоғыз құмалақ бар деп ұғып қалады. Бұл ойынды «қойшылар ойыны» деп атайтын азаматтар да бар, бірақ ол шындыққа сай емес, шын мәнінде бұл ойын екі тараптың шайқас алаңын елестетеді, яғни ойын сыйпатында әскери тартыс, соғыс өнерінің көрінісі бар. Сондықтан «тоғызқұмалақ» атауы бір жағынан қарабайыр, ойынның мәнін ашпайды, екінші жағынан тұрпайылау. Шетелге шыққанда ойынның атауының мағынасын ашуға ұяламыз да, «құмалақ» сөзін аударсақ, бірқатар шетелдік әріптестердің мыйығына күлкі үйіріледі. Испандар, немістер, түріктер сұрағыштайды. Амал жоқ, оларға қойдың нәжісі екенін аударуға тура келеді, сосын олар оның ойынға не қатысы барын ұқпай дал болады. Әрине, бұл ойынды көшпелі мәдениеттің көрінісі екенін, содан қалған атау деп түсіндіруге болады, бірақ сөз көбейіп, ақталуға көшетініміз рас. Шындығында «тоғызқұмалақ» деген атау соңғы 2-3 ғасырға ғана тән болып отыр. Ал, 12-ғасырда мұндай ойындар «күш» делінген, түріктер кейде манкаланы  «күш» атайды. Былай айтқанда, ойын барысында екі тараптың күштері сынға түседі және біреуі нығайып, біреуінің күші кемиді дегендей мән жатады. Күш сынасу, ақыл сынасу деген мағынада ғой. Болашақта зерттеуге шындап кіріскеніміз мақұл. Және де «тоғызқұмалақ» атауын қайта қараудан тартынбағанымыз дұрыс. Тіпті, «құмалақты» айтқанда, өзіміздің адамдарымыз күліп қоя береді. Ал, шын мәнінде бұл зиялылардың, ақылмандардың ойыны ғой. Оған құмалақтың да, шопанның да қатысы шамалы. «Құмалақ» сөзін қатыстыру арқылы ойды біз мал шаруашылығына, малшылыққа ғана бұрамыз да, ең болмаса «тоғыз» атасақ, онда ол сөздің аса терең мәніне бойлар едік. 9 - сан ғана емес, шексіздікті, болмысты, ата-бабамыздың құндылықты өлшеген сыйпыры ғой. Соған көңіл бөлетін уақыт жетті.

Әңгімеңізге көп рахмет.

 

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1968
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2323
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1903
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1562