Жұма, 26 Сәуір 2024
Шолу 7444 9 пікір 10 Тамыз, 2021 сағат 14:58

Лукашенко: «Арқасүйеріміз Ресей ғана», - дейді...

Беларусь елінің басшысы Александр Лукашенко кеше журналистермен үлкен пресс-конференция ұйымдастырды. 2020 жылдың 9 тамызында Беларусь елінде президент сайлауы өткен болатын. Арты үлкен халықтық толқулар мен наразылық акциясына ұласқан сайлауға да бір жыл уақыт болыпты. Лукашенко тура бір жылдық қарсаңында журналистердің сұрақтарына жауап берді. 8 сағат бойы түрлі сауалдар қойылды.  Конференция шартты түрде «Президентпен үлкен әңгіме» деп аталды. 

Лукашенконың пресс-конференциясы барысында батыстық елдер, атап айтқанда Ұлыбритания, Канада, АҚШ Беларусьқа кезекті санкцияларды салды.

Лукашенко сұрақтарға жауапты елдегі наразылық акцияларына қатысты бастады. Ол бұл Беларусьта болған алғашқы наразылық акциялары еместігін де атап өтті.

«Бұрын да наразылықтар болып, екі күн ішінде басылып қалатын. Қазір бұл наразылықтар ұзағырақ болды, себебі сырттан ұзақ дайындаған. Бұны ұйымдастырғандар әлемдегі есі кеткен жандар еді. Ақпарат көздері оны ушықтырып, халықты үрейлендіріп отырды. Біз өз жолымызбен жүрдік. Беларусьте де бастапқыда «президент не істеп отыр» дегендер көп болды. Әлем былай жасап жатыр, ал біз керісінше деп ойлады олар. Бірақ мен табанды түрде өзгелерден де өз көзқарасымды ұстануды талап еттім», -деді ол. Лукашенко наразылыққа қанша адам қатысқанын да атап өтті.

«Наразылықтың шарықтау шегінде Минск көшелеріне 46 мың 700 адам шықты. Барлық елден жинап әкелген еді. Ал көріністі жасау оңай ғой. Сырттан қарасаң ғажап көрінеді. Олардың саны тіпті көп болар еді. Өзім солай ойлаймын. Өйткені біздің елімізде маған 10% халық ешқашан дауыс берген емес. Олар маған бірінші сайлаудан бастап дауыс берген емес, өйткені алғашқы сайлауда менен жеңіліп қалған еді. Ұлтшыл, фашистік көзқарастағыларды айтамын», - деді ол.

«Мен үшін 46 мың наразы адам деген алып бара жатқан апатты жағдай емес болатын. Өйткені көріністі көрсеткен сәтте, халықтың ортасында содырлар да келе жатты. Ал соңында желіккен жастар жүр. Шетінде түрмеден шыққандар топтасқан. Шамамен осылай. Міне, шынайы көрініс осы еді», - дейді Беларусь басшысы.

Беларусь еліндегі диктатураға қатысты да жауап берді.

«Әлемде үстемдік жүргізу үшін айтарлықтай ресурсың болуы тиіс. Бізде ол ресурс жоқ. Сондықтан да мен ешкімге ешқашан өктемдік көрсеткен емеспін және ондай ойым да жоқ. Мен ғасырлардан кейін алғаш құрылған тәуелсіз мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуім керек. Болды, бары осы. Қалғанына біздің мүмкіндігіміз де, ниетіміз де жоқ. Алайда бізге соқтыға берсе, біз тиісті жауап қатамыз. Қазір оны көріп отырсыздар», - дейді Александр.

Оның ойынша Украина ел шығысындағы сепаратизм мәселесін ешқашан қарулы негізде шешпеуі тиіс. Бұл туралы ойын ол украин тілшісінің сұрағына жауап бергенде айтты.

«Егер сіздер үшінші күштердің қатысуымен күштік жолмен мәселені шешуге кіріссеңіздер, онда мен ешқашан сіздер жақта болмаймын. Егер сіздер Донбасста тағы да Ресеймен қақтығысып қалсаңыздар мен екеулеріңнің орталарыңда боламын. Бұл позицияны мен баяғыдан ұстанып келемін. Тіпті ол менің өміріме қауіп төндірсе де. Бірақ менің ойымша екі нұсқа да іске аспайды. Ол болмайды. Өйткені Украинада жағдайға шынайы қарайтын жандар жетерлік. Украинада қандай іскер болса да, мәселені күшпен шешуге тырысу Украина үшін үлкен трагедиямен аяқталмақ. Мен сендерден бұл ойды бастарыңнан шығарып тастауды сұраймын», - дейді ол.

Лукашенконың ойынша Донбасс мәселесі мен Қырым мәселесін екіге бөліп қарастырған дұрыс, Себебі екеуі екі түрлі шешімді қажет етеді.

Беларусь басшысы Балтық елдерімен, Украина және Польшамен қақтығысы жайлы да атап өтті. Оның сөзінше қақтығыста бастаған ол емес, өзгелер. Себепсіз санкциялар салып, саяси қысымдар жасау арқылы соққы жасауда дейді. Ал Литваның калий өнімдерін өткізбей қою жайлы шешіміне өнімді Ресей порттарына апарып, Қытай мен Үндістанға сататынын айтты. Литваның саясатына қатысты былай дейді:

«Литва мен біз тату-тәтті өмір сүре беретін боламыз. Жақында олар маған Лукашенка былай істесін, сонда біз келіссөздер жүргізе бастаймыз деген талап қойды. Маған талап қоймаңдар. Оған сендердің құқықтарың жоқ. Мен билікте бірінші немесе бесінші жыл отырған жоқпын. Мен Беларусьта содырларды, оппозиционерлерді жасырған жоқпын. Олар сендерде жасырынып отыр. Мен Литваға қарсы қадам жасамадым»

Литва мен Беларусь арасында соңғы бір ай ішінде жағдай ушыққан күйде тұр. Себебі Таяу Шығыс елдерінен келетін заңсыз мигранттарды Минск Литва аумағына қарай бағыттап жатыр. Қазірдің өзінде 4 мыңнан астам адам аталмыш бағыт бойынша Балтық елдеріне еніп үлгерген. Бұл үлкен дау туындатуда.

«Олар Лукашенко мен Путиннен қорыққандары өте дұрыс. Біз қорқақтар қатарынан емеспіз. Бұл біздің мүддеміз емес, ұлтымыздың мүддесі», - дейді ол.

Лукашенко Ресей мен қатынасы жайлы көп айтты. Оның айтуы бойынша қажет болған жағдайда Беларусьта Ресей базасы емес, тұтас әскері орналастырылатын болады. Тіпті наразылық күшейген сәтте Ресей басшысы Путиннен көмек сұрап, мың адамды арнайы жасақтауды сұрағанын, алайда оны қолданбағанын да айттыү Сонымен қатар ол «Одақтас ел» жобасын да тілге тиек етті. Оның ойынша, жобаның саяси тұстарын «Путиннің өзі алып тастады, ал 28 бағдарлама тек қана экономикалық, сауда-қатынасы бағытында жасалып жатыр».

Лукашенконың ойынша Ресейдің нағыз серіктесі тек қана Беларусь.

«Ащы болса да шындық осы. Біз Ресейге жабылған емеспіз, бірақ Ресей пандемияда есігін жапты. Ресейдің арқасүйері біз ғана, біздікі тек Ресей», - дейді ол. Қырымды мойындауға қатысты ол: «Ресейдің ең соңғы олигархы Қырымға қаржы құйғанда, мен оны Ресейдің аумағы деп мойындаймын», - дегенді де айтып қалды.

Ка Мырза

Abai.kz

9 пікір