Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3523 0 пікір 1 Маусым, 2012 сағат 07:00

Қуандық Шамахайұлы. Білімдегі реформа неге титықтап қала береді?

Тәуелсіздік алған тұста ең алдымен ғылымға еркіндік тиді. Жөн-ақ, өзгенің данышпандарына кіріптар болып, тұйықталып келген рухани байлық енді өз еркімен дамуы керек қой. Иә, дамыды. Алайда әлі күнге дейін әлемді дүр сілкінтпесек те, өз өніміміз, төл технологиямыз деп ауыз толтырарлықтай мардымды жаңалығымызды көрсете алмай-ақ келеміз. Соған қарамастан, ғылым кандидаты мен докторларының санын әлемдік рекордқа жеткізер едік, егер 2010 жылдың соңында диссертациялық кеңестер жаппай жабылмағанда.

Бірақ оған қарап жатқан біз жоқ. «Болон тұжырымдамасы» ма, ғылым туралы жаңа заң ба - оның да пәлендей ықпалы болып тұрған жоқ. Қазіргі таңда қолы жеткендер Мәскеуге, аяғы жеткендер Бішкекке барып докторлық, кандидаттық ғылыми дәрежелерін бұрынғыдай алып келіп жатыр. Бұны құзырлы министрлік қалай мойындайды, онымен санасып жатқан да ешкім байқалмайды.

Тәуелсіздік алған тұста ең алдымен ғылымға еркіндік тиді. Жөн-ақ, өзгенің данышпандарына кіріптар болып, тұйықталып келген рухани байлық енді өз еркімен дамуы керек қой. Иә, дамыды. Алайда әлі күнге дейін әлемді дүр сілкінтпесек те, өз өніміміз, төл технологиямыз деп ауыз толтырарлықтай мардымды жаңалығымызды көрсете алмай-ақ келеміз. Соған қарамастан, ғылым кандидаты мен докторларының санын әлемдік рекордқа жеткізер едік, егер 2010 жылдың соңында диссертациялық кеңестер жаппай жабылмағанда.

Бірақ оған қарап жатқан біз жоқ. «Болон тұжырымдамасы» ма, ғылым туралы жаңа заң ба - оның да пәлендей ықпалы болып тұрған жоқ. Қазіргі таңда қолы жеткендер Мәскеуге, аяғы жеткендер Бішкекке барып докторлық, кандидаттық ғылыми дәрежелерін бұрынғыдай алып келіп жатыр. Бұны құзырлы министрлік қалай мойындайды, онымен санасып жатқан да ешкім байқалмайды.

Диссертациялық кеңестердің жабылары алдындағы ғылыми әлеуетіміздің артқандығы тіпті қырғын болды. 2007 жылы докторлық диссертацияны жазып бітіріп, алдын ала қорғаудан өткен, 2008 жылы монографияны жарыққа шығарып, ғылыми айналымға енгізген біз секілділерді кезектен лақтырып тастады. Біздің орнымызға Пәленшенің шалған қоңырауымен, Түгеншенің ағасы, інісі, нағашысы, жиені, нақсүйері, қайын бикесі, жездесі, жеңгесі дегендер кезектен тыс келіп, «қорғап» кетті. Бәзбіреулердің қалжыңы ма, өсегі ме, қайдам, жүйке аурулар диспансерінде есепте тұратын бір есалаң әйел де кандидаттық қорғап кетіпті десіп шулап жүрді. Несі болса да, бұл жерде ашық түрде сауда-саттық жасалмағанымен, астыртын бақай есептің бары бір Аллаға ғана аян болса керек. Сонда әлгі «инемен құдық қазғандай» деп жүрген ғылымымыз не болғаны, өзі?!

Өткен ғасырларда қазақ ғылымы ірі жетістіктерге жетті. Арғысы Әл-Фарабиді, Ибн Синаны айтпағанның өзінде, Шоқан Уәлихановтан кейін де қазақ ғылымының шоқтығы биік айтулы тұлғалары болды. Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Евней Букетов деп тізе берсек, біраз жерге барамыз, әрине. Мұнда айтайын дегеніміз - қазақ шындап тер төксе, өзге ұлттан асып тумаса да, кемдігі жоқтығын, қолынан іс келетіндігін еске салып қою ғана.

Ал осы киелі ғылым тәуелсіздік жылдарында қолжаулыққа айналып, қадірін қашырып бара жатқандай әсерде боласың. Ғылымды бетке ұстап, өзгеге сес көрсету, өз ұпайын түгендеу, ділмарсып ақыл айту жағына келгенде бәрінен бұрын мемлекеттік қызметтен «қолдары босамайтын» шенеуніктер ешкімге есе бермейтін болып алды. Елімізге қазіргі заман ғылымы ХХ ғасырда енген сәтте марксистік идеология да жағадан жармасты. Марксизм ғылымды, соның ішінде гуманитарлық саланы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстады. Тіпті генетика, кибернетика секілді іргелі ғылымдардың өзін идеологияландырып, дегеніне көнбесе жоққа шығарып, тіпті жындыханаға да аттандырып бақты.

Осылайша марксизм өзін күні кешеге дейін ғылымның кешені санады. Шын мәнінде марксизмнің іргелі ғылымға еш қатысы жоқтығын Карл Поппер дәлелдеп шыққан еді. Оның өлшемі бойынша ғылым сынақтан өтіп, мойындалады немесе жоққа шығарылады, қалыптасқан жағдайға сәйкестірілмейді, механикалық тәсілмен жөнделмейді, т.с.с.

Марксизм сол тұста билеуші топтың қолшоқпарына айналғандықтан, ғылымды өз мақсатына жаратып келгені бүгінде тарихқа айналып барады. Ең алдымен тарих, философия, социология, экономика, әдебиеттану ғылымы толықтай, педагогика, тіл білімі, психология жартылай идеологияның құрсауында тұншығуы кезінде аталмыш салалардың ғылыми мәнін жойып, шындықтың ауылынан тым алыстатып жіберген болатын. Зерттеу нысанының мазмұны, әдістемесі, тұжырымы алдын ала пайда болып қояды, зерттеушілер жоғарыдан белгілеп берген даяр жауапты ғана ешбір мән-мағынасыз процеске сәйкестіріп түсіндіреді.

Бүгінге дейін экономистер елдің экономикалық өмірінде көрініс тауып жатқан проблемаларды зерттеп, себеп-салдарын ашудың орнына оның алдына кесе-көлденең тұрып алып, ненің қалай болуы жайында құрғақ уағыз айтып келді. Тілтанушылар адамдардың өзара тілдік қарым-қатынасы қалай дамып отырғанын зерттеуді ысырып қойып, не істеу керектігін алдын ала ескертіп сәуегейсіді. Тарихшылардың жайы белгілі, жоғарыдан нұсқап берілген даяр рецептіні көне заманда ұмыт болған үрдіске сәйкестіріп тықпалаумен титықтады.

Марксизм мансұқталып, социалистік жүйе күйресе де, баяғы сол ғылымның бағы ашылмай-ақ қойды. Ғылымның маңыздылығын пайдаланып, онымен көлеңкелі бизнес жасау, бөлінген қаражатты оңды-солды шашу қылаң беріп жатыр. Мемлекеттің ғылымға бөлген қыруар қаржысы талан-таражға түсуде. ЖОО жүйесінде қызмет етіп, ғылыммен айналысатын ғалымдарға жыл сайын берілетін «Үздік оқытушы» атты мемлекеттік грантты құзырлы министрлік жасалған жобадан гөрі, ректорларға сүйкімді үміткерлерге үлестірілетін сый-сыяпатқа айналдырып барады. Сол секілді «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жасалған істердің жақсы жақтары көп болған шығар. Бірақ ішінара өзіміздің мұрамыздан гөрі өзгенікін көбірек күйттеу, «күріштің арқасында күрмек су ішедінің» керімен нашар аудармаларды, бұрын жарыққа шыққан дүниелерді қайта-қайта бастыру секілді келеңсіздіктердің кездескені бүгінде сынға алынып жатқан жайы бар. Жарайды, ол да әйтеуір біреулерге бұйырған құт-береке шығар, қайырлы болсын.

Физика, математика немесе химия саласына қойып кетуге әуесқой ізденуші шенеуніктердің жүректері дауалай қоймайтындықтан, гуманитарлық саланы қолайлы көретін секілді. Нақты ұстап алатын тетік жоқ, өтірік ұра берсем де, ешкім бас салып біле қоймас деген есек дәме дем беретін болса керек. Алайда қоғамдық өмірдің күрделі тұстары, аса көп қырлары, үнемі өзгеріс үстіндегі құбылыстар да оңайлықпен шағыла қоятын жаңғақ емес. Оны кез келген тәжірибе арқылы тағы дәлелдеп бере алмайсың. «Фашизм», «нацизм», «коммунизм» секілді жауыздық тәжірибелер ғылымға үлес қосу тұрмақ, адамзатқа зобалаң әкелгенін жақсы білеміз. Қалай десек те, гуманитарлық сала - зерттеу нысаны, пәні, әдістемесі, қисындамасы бар ғылым екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Керісінше, оның нақты ғылымнан да ауыр қиындықтары жетерлік. Айталық, сөздің шығу түп төркінін зерттейтін этимологияға келейік. Әркім кез келген сөзді өзінше пайымдай береді.

Мысалы, Бразилия деген елдің атауы «біраз ел» деген қазақ сөзінен шыққан деп бет бақтырмай қойсаң, сол сәтте жиылған топ ауыз аша алмай қалуы мүмкін. Ал оны зерттеп табу, тұжырымдау оңайлықпен жүзеге аспайды. Сол атаудың пайда болған ортасы бар, уақыт, кеңістік секілді шектен тыс көптеген факторлар әсер етеді. Бәрін дәлелдеп шығу ойдағыдай оңай бола қоймайды да. Тіпті оны тауып тұжырымдаған күннің өзінде мойындатуыңыз нақты ғылымнан күрделі, әрі қиын болып шығады. Қысқасы, қай ғылымда да әуесқойлар еніп кетерліктей тесіктің табылуы екіталай секілді. Кезінде қанша адамның тас төбесіне піскен алма түспеді. Бәрінің бастары жарылмаса да, бір-бір томпақ ісік қалды. Соның ішінен жалғыз Ньютонның басына құлап түскен алма ғана бүкіләлемдік тартылыс заңын ашты. Ал Ньютон дегеніміз - нағыз озық ойлы маман, теңдесі жоқ физик, ұлы ғалым. Жай бір ғылымға кездейсоқ келе салған қайдағы бір әуесқой ізденуші-шенеунік емес.

Сол сияқты Эйнштейн - біз үшін аңыз адам. Эйнштейн солай деген деп айта салсақ, заңға айнала жаздайды. Оның Е=mc2 формуласын бәріміз білуіміз мүмкін, бірақ оны топ ортадан біріміз ғана түсінеміз. Аталмыш атақты формула ашылғаннан кейін 103 жыл өткен соң ғана ол күрделі есептеу тәсілі арқылы бекітілді. Кварктер массаның небары 5 пайызын құрайды. Қалған 95 пайызы қайда? Глюонда масса жоқ, ол жарық жылдамдығы арқылы қозғалады. Осыдан келіп, масса энергияға ауысады деген атақты формула жасалады. Пәлен мөлшердегі энергия шығарып алу үшін қанша масса қолданылады дегенді күрделі тәсілмен есептеп анықтаған. Осы қасиетімен-ақ Эйнштейннің қатардағы жай әуесқойларға сілтеме жасатпайтын ұлылығын айтпағанның өзінде мен мықтымын дейтіндердің өзіне қолжаулық болмасы анық.

Жаппай сауатты халық бола тұра, біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бір-бірінің ізін басып, қаптап шыққан әулие-әмбиелердің аттарын жамылған алаяқтарға алданып, ғылымнан ада надандықтың, білімсіз қараңғылықтың кебін кигеніміз қызық болды. Сары Әулие, тағы бірдеңе деп аталған сол «ғұламалар» бүгінде көрінбей кетсе де, кейбір ақпарат құралдары әлі де көріпкелдерді, балгерлер мен емші-домшыларды насихаттаудан жалығатын түрі жоқ. ХХІ ғасырға табан тіреп тұрып, 600-700 жыл бұрынғы тым көне психологияға кері қарай бірақ секіреміз. Мұның өзі ғылымды айтпағанның өзінде ислам діні қағидаларына да қайшы келетін жат көрініс.

Педагогика дегеніміз негізінен ғылым екендігінде еш шүбә жоқ. Ал енді оны да өз білермендігімен «ғылымиландырып» алып жүрген қызық әдістемелер байқалып қалады. Олардың не алаяқ, не жүйке ауруына шалдыққандардың қайсысы екенін айыра алмай қалатын тұстарымыз бар. Әлде ғылым, әлде дін, әлде философия, кейде бәрін сапырылыстырған, тіпті ауру-сауы беймәлім жандар жындыхананың бақылауынан мүлдем алыстап, есесіне ақпарат құралдарының тұрақты кейіпкерлеріне айналып кетті.

Кеңес Одағы тұсында жаппай сауатты болдық, толық орта білімді бүкіл халық болып игердік. Марксистік педагогика әдеттегі ғылымнан мүлде өзге дүние болатын. Маркс байсыз, кедейсіз барлығы тең тіршілік ететін мінсіз қоғамды армандады. Ондай қоғамның азаматтары жан-жақты, білмейтін, жасамайтын ісі жоқ, қолынан бәрі келетін сұмдық жандар болуға тиіс еді.

Маркс коммунизм кезіндегі адамдарды таңертең балық аулайтын, күндіз кәсіпорында өнім жасайтын, кешке білім алатын, түнге қарай ғылыми-зерттеумен айналысып, өнер туындылары жайында рецензия жазатындай елестетті және солай деп жазды да. Кеңестік білім беру жүйесі осы жолмен жүрді. Алайда адам деген тіршілік иесі бір-біріне еш ұқсамайтын, өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар, ой-өрісі, қабілет-қарымы, арман-мүддесі мүлде бөлек элементтер дегенді кез келген ата-ана жақсы біледі.

Білім беру бағдарлама, оның құрылымы, әдістемесі, құндылығы, бағыт-бағдары сол баяғы жан-жақты ғалымды даярлауды мақсат етеді. Ақырында жарымжан түлек оқу бітіріп шығады. Орта мектепті кілең беске оқып бітірген балалардың көбі өмірде өз орнын тауып кете алмайды. Олардың арасынан мықты атқарушылар көп тууы мүмкін, ал суырылып алға шығып топ бастайтындары некен-саяқ. Осының өзі-ақ Кеңес Одағынан мұраға қалған біздің жалпы білім беру саласының олқылығын айғақтап тұр. Біздің бағдарлама бойынша азаматтарымыз әр ғылымнан үзіп-жұлып болса да терең білім алуға тиіс. Оның ішінде математиканы мықты меңгерсе, болашағы жарқын болмақ.

Шындығына келсек, адам өмірі интеграл мен диференциалдан тым алыстау болса керек. Он саусағынан өнер тамған ағаш шеберіне, шырмалған көп жіптің арасынан ақауын тауып жөндей салатын электрикке оның тіпті өмір бақи қажеті бола қоймас. Тарих, әдебиет пәндерін жақсы оқыса, керемет патриот болып шығады дегенге кепілдік бере аламыз ба?! Ал, егер кепілдік бере алмасақ, не үшін ҰБТ жүйесіне жаппай тарих пен қазақ тілі пәнін тықпалай береміз. Техникалық университетке түсетін балаға оның не қажеті бар? Тіпті оны айтасыз, ЖОО-на түскеннен кейін де орта мектепте оқып кеткен «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі», «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнінен қайтадан дәріс оқып, жастарды мезі етіп жүрміз. Оның өзін дұрыстап оқытатын білімді мамандар ЖОО-да көп болса, қанеки?!

Сол секілді морфология, фонетика, лексика, тағы толып жатқан бірдеңелермен орта мектеп оқушыларының басын қатырып-ақ жатырмыз. Содан өзгерген не бар? Тіл білімінің зерттеулеріне оның өзектілігі бар да шығар. Бірақ, жасыртыны жоқ, ана тілінде публицистикалық мақаланы айтпағанда, адам түсінерліктей хат, өтініш жаза алатын, сотқа талап арыз бере алатын, өз баяндамасын өзі дайындайтын адамды біз мектеп қабырғасы тұрмақ, университеттің өзінде жоғары талапқа сай даярлай алған жоқпыз. Туа біткен дарынды, жазу мен сызуға төселгендер университетте алған білімімен емес, практикадағы мықты машығымен жазушы, журналист, тарихшы, публицист болып жүр.

Бала мектеп бітірген соң әлеуметтік ортамен араласады. Бұл жерде бәрінен маңыздысы өзгелерге өзін түсіндіру және оларды да ұға білу. Өзін қоғамдық ортада дұрыс көрсетіп мойындата алмаса, оның ісі өнбейді. Қазақ жастары өзін ортаға түсіндіру мен мойындатуды өмірдің өзінен табады, мектептің немесе университеттің бағдарламасы арқылы емес, өкінішке қарай. Оқушыларды ғылымға баулып жатырмыз деп, шын мәнінде жарымжан етіп болдық. Тым ауыр, тым жан-жақты, шектен тыс «мамандандырылу» бағытындағы оқыту ісі тәрбиеге көмегін тигізбейді, көңілге қонымсыз болып қалады, өмірде оның қажеті де шамалы. Адам баласына неғұрлым түсініксіз күрделі бола түссе, соғұрлым керемет деген оймен ғылымның қарапайым негіздемелерінің өзін жасанды түрде ауырлатамыз.

Қоғамға ең басты қажет құндылық - адам. Оны отбасы, балабақша, мектеп, әлеуметтік орта даярлап береді. Сол адам қоғамда өз орнын табуы керек. Бұл фәниде дарынсыз, мүлде қабілетсіз пенде жоқ. Белгілі бір саланы біледі немесе әйтеуір бір нәрсе сол адамның қолынан келеді. Білім беру жүйесі сол баланы қабілеті жететін жағына қарай жетелеп, келешекте немен айналысып, қалай өмір сүретін тұсына қарай бағыттаса болғаны. Бастауыш және орта білім берудің негізгі мақсаты осы. Бала өзінің болашақта өмір сүретін қоғамының жай-жапсары, айналасының қыр-сыры жайында алғашқы мағлұмат алып шығуы керек қой мектеп қабырғасынан. Әр баланы барлық саланы білетін етіп қалыптастырмақ болып тыраштануымыздан еш нәтиже шықпайтынын бүгін көріп отырған жоқпыз ба?

Соған қарамастан біздің қоғамда дипломы бар да мамандықтан жұрдай, дәрежесі бар да білімнен ада «оқымыстылар» қатары өсе түсуде. Енді ол аз болғандай, магистратураны халтураға айналдырып, PhD аталатын ғылыми дәрежені өзі, я болмаса көзі жақсыларға үлестіруді бастап кеткен сияқтымыз. Оған енді «түбі қайырлы болсын» дегеннен басқа амал жоқ.

Рас, соңғы 20 жылда түрлі реформаны бастан кешірген, ең көп рет сынақ алаңына айналған сала - білім мен ғылым шығар. Оны қисынсыз деп тағы сөге алмайсың. Негізі керек. Кеңес кезінде ғылым мен білім бөлініп, әрқайсы өз бетімен қалды. Ал оның тәжірибелік базасы мүлде ай далада жататын. Әсіресе гуманитарлық саладағы осындай кереғарлық бүкіл социалистік жүйенің күлін көкке ұшырды. Оған сыртқы күштердің де ықпалы болған шығар. Дегенмен, іштен іріткен факторлардың бірі гуманитарлық ғылымдағы өмірден тым алшақ даңғазалық пен әсіре қызыл мақтаншақтық, шектен шыққан қағазбастылық, жалған есепке алданушылық болғандығында еш күмән жоқ. Қазір де соның сарқыншағынан толықтай арылып біткен жоқпыз. Оны сол қаптаған реформалардың нәтижесінен де аңғаруға болатын сияқты.

Айталық, алған білімді сынақтан өткізудің әлемдегі ең тиімді тәсілі - тестілеу. Дұрыс, біз оны қабылдадық. Мұндай реформа керек болатын. Ал оны жүзеге асырғанда шалағайлықтарға, қателіктерге жол беріп қойдық. Себебі, университеттерде гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар бойынша пәндерден сабақ беретін оқытушылар тест жасай алмай-ақ қойды. Жалқаулық па, жауапсыздық па, білмеймін. Кейбір әріптестердің жасаған тестілеріндегі сұрақтары мен түрлі нұсқадағы жауаптарын оқығанда, көзден жас аққанша күлесің. Тұнып тұрған сатиралық роман дерсің!

Тест негізі логикалық тұрғыдан тақырыптың мазмұнын айшықтайтын, берілген жауаптары арқылы студенттің пайымының қаншалықты дәрежеде екендігін көрсететін өте әділ түрдегі сынақтың аса қолайлы түрі. Оны сапалы жасай алмаудың салдарынан бүгінгі таңда «әжептәуір ән еді, пұшақ айтып қор қылды»-ның керін келтіріп жүрміз. Оны қазір өзімізден көріп жүрген ешкім жоқ. Бәрі дерлік мейлінше одан бас тартуға, бұрынғы жүйеге қайта көшуге кері тартуда.

Жоғары білім берудің кредиттік жүйесін тағы да осындай жүйеге көшіріп «қазақшалап» алдық та, тіпті құтын қашырып жібердік. Бұл жерде ең басты мәселе - студент пен магистрантқа таңдау құқығы іс жүзінде берілуі керек. Олар оқитын пәндерін, дәріс беретін оқытушысын (доцент, профессор) да өздері таңдауға тиіс. Жоқ, қазір бізде бәрін кафедра меңгерушілері әкімгерлік-әміршіл тәсілмен үйлестіріп отыр. Ал қағаз жүзінде құрғақ есеп берушілік баяғы сол кеңестік социализм кезіндегідей. Кафедра факультетті, факультет ректорат пен ғылыми кеңесті, олар министрлікті, министрлік үкіметті, үкімет парламентті, парламент президентті алдап, «бәсекеге барынша қабілетті алдыңғы 50 елдің қатарындамыз» деп мінберлерге шығып алып кеуде соғамыз. Ал нәтижесін көрейін десең, жоғары дамығандарын айтпағанның өзінде көрші Ресейің де біздің дипломдарды мойындамайды.

Университеттерде дәріс беретін доцент, профессорлар лауазымды қызмет болып саналады. Оны конкурс арқылы іріктеп алып, сайлайды, ғылыми кеңес бекітеді. Былай қарағанда - нағыз демократиялық үрдіс. Алайда іс жүзінде оның өзін әділ өткізбейміз ғой. Білімі мен білігі жағынан өзінен артықтау біреу келіп құжат тапсырса, орнынан айырылып қалудан қорыққан кейбір кафедра меңгеруші мен декан қалай да оны құлату үшін жанталасады. Сосын маңына қайдағы бір білімдері төмен жағымпаздарды жинап алуға әуес. Мұндай жағдайда бізден бұрын реформаңның өзі шаршап, титықтап қалатын шығар...

Қуандық Шамахайұлы,

халықаралық журналист

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 23 (151) 30 мамыр 2012 жыл

0 пікір