Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5183 0 пікір 1 Маусым, 2012 сағат 06:25

Кенжебек Құдысұлы. Даму философиясы (жалғасы)

Ақиқатпен (мейлі ол абсолютты немесе салыстырмалы мәндегі ақиқат болсын), объективті заңдылықтармен (мейлі ол табиғат заңдылықтары немсе қоғамдық заңдылықтар болсын, жалпыға ортақ заңдылықтар болсын, жекелеген заңдылықтар болсын), қағидалармен, ғылыммен, ғылымилықпен, түрлі білім-іліммен мазмұны байытылған теориялық негіздерге сүйенбеген (теориялық негіздері мықты қаланбаған, теориялық фундаменті жұқа) кез-келген бір қоғам - даму жолын таба алмай адасуға бейім тұрады. Сондықтан, бір ел (бір қоғам, тіпті бір кәсіп орын, жеке бір адам болсын) шынымен дамуда ма, жоқпа және болашақ болжамы қалай болады деген мәселеге баға беру үшін әуелі оның дамудағы сүйенген дұрыс (ғылыми) теориялық негіздемелеріне, сүйенген философиясына қарау керек.

Автор

ЗАТТАРДЫҢ ДАМУ СЕБЕБІ

І. ДАМУДЫҢ АРҒЫ ТЕГІ

Ақиқатпен (мейлі ол абсолютты немесе салыстырмалы мәндегі ақиқат болсын), объективті заңдылықтармен (мейлі ол табиғат заңдылықтары немсе қоғамдық заңдылықтар болсын, жалпыға ортақ заңдылықтар болсын, жекелеген заңдылықтар болсын), қағидалармен, ғылыммен, ғылымилықпен, түрлі білім-іліммен мазмұны байытылған теориялық негіздерге сүйенбеген (теориялық негіздері мықты қаланбаған, теориялық фундаменті жұқа) кез-келген бір қоғам - даму жолын таба алмай адасуға бейім тұрады. Сондықтан, бір ел (бір қоғам, тіпті бір кәсіп орын, жеке бір адам болсын) шынымен дамуда ма, жоқпа және болашақ болжамы қалай болады деген мәселеге баға беру үшін әуелі оның дамудағы сүйенген дұрыс (ғылыми) теориялық негіздемелеріне, сүйенген философиясына қарау керек.

Автор

ЗАТТАРДЫҢ ДАМУ СЕБЕБІ

І. ДАМУДЫҢ АРҒЫ ТЕГІ

Біз барлығымыз, мейлі қарапайым бір жеке азаматтар болсын, мейлі зиялылар болсын, әр салада істеп жатқан мамандар болсын, мемлекеттік билікте жүрген тұлғалар болсын, үлкен-кіші, кәрі-жасымыз, бәріміз де бірдей дамуға қатты мән берудеміз. «Даму» сөзі біздің қоғамда мүмкін минутына бір рет айтылып тұратын шығар десем артық болмас. Көрініп тұр, қоғамның дамуы бәрімізге бірдей керек, даму тұтас ел халқының ортақ бір тілегі, ортақ арманы. Даму болса өмір жақсарады; кедейлік, қылмыс, адамдардың азғындауы сияқты түрлі жағымсыз қоғамдық құбылыстар азаяды т.б. дегеней. Олай болса дамудың арғы тегі не?

Әлемді құраған заттардың (зат/материя, лат. Мateria) барлығы мәңгі қозғалыста болатынын білеміз. Ал қозғалыстар, өзгерістер мен процесстердің негізгі бір беталыс бағыты - даму, яғни даму процессі. Көрініп тұр, заттарда қозғалыс, өзгеріс болмаса даму да болмайды. Яғни, дамудың арғы тегі заттардың қозғалысында, өзгерісінде жатыр. Бірақ, қозғалыс, өзгерістердің бәрі де бірдей дамуға бастай бермейді (толық нұсқасын алдыңғы рет жарық көрген мақаладан оқуыңызға болады).

Қозғалыс (адам үшін іс-әрекет), өзгеріс (сандық шама өзгерісі, сапа өзгерісі) - заттардың (материяның) өмір сүру (сақталу) тәсілі. Қозғалыс - заттарға тән әуелден бар өзіндік қасиеті. Яғни, зат дегеніміз - мәңгі қозғалыстағы зат. Заттар (материя) қозғалудың арқасында өмір сүре алады деген сөз. Адам да әрекет жасамаса, тірлік істемесе (қозғалыс) аштан өледі немесе өмірінің мәні де қалмайды. Заттар қозғалысының, өзгерісінің негізгі бағыты даму болғандықтан, даму заттардың дұрыс бағыттағы, алдыға қарай ілгерлейтін қозғалысы болғандықтан, даму да - заттардың өмір сүруінің (сақталуының) негізгі тәсілі деген сөз. Тобықтай түйін айтқанда, даму - заттардың өмір сүруінің (сақталуының) жалғыз формасы (тәсілі). Керісінше, дамуы болмаса сол зат тоқырауға ұшырайды, кері кетуге, құрдымға бет алады. Тіпті құрып-жойылады. Әлемдегі барлық заттар дамудың арқасында ғана өмір сүре алады, сақталады. Бір халық немесе бір ел де одан тысқыры қала алмайды. Адам ақылды болмақты қойып, одан зорғы болса да заңдылықтан шығып ешқайда бара алмайды. Сондықтан, тек әлемді құраған заттардың даму заңдылықтарына (ортақ және жекелеген заңдылықтарды өз ішіне алады) құрмет еткен, заңдылықтарға сүйеніп іс істеген, тірлік жасаған халық ғана күшті бола алады. Олай болса, адам (халық) әуелі өзгенің күштілігінен емес, өзінен, өзінің заңдылыққа сүйенбейтіндігінен, ғылымисыз тірлігінен яғни өзінің әлсіз тұстарынан қорқу керек.

Бір елдің дамуы дегеніміз - ең алдымен (ең төменгі талап) сол ел халқының өз-өзін асырап дербес өмір сүре алуы, дұрыс өмір сүре алуы деген сөз. Сондай-ақ өзге дамыған, дамушы елдерге жұтылып кетпеудің, біртіндеп жойылып кетпеудің өз шығар жолын табу деген сөз. Олай болса философиялық тұрғыдан айтатын болсақ тәуелсіздіктің (егемендіктің) түп тірегі (басты тірегі, фундаменті) - даму (заттық және рухани байлықты дамытуды өз ішіне алады) екенін айқын көруге болады. Сондықтан бір ел дами алса ғана оның тәуелсіздігін сақтауға негіз (фундамент) қаланады.  Былайша айтқанда бастысы даму арқылы ғана тәуелсіздікті сақтап тұруға, нығайтуға болады. Яғни, даму тәуелсіздікті сақтауда шешуші рол ойнайды деген сөз. Тәуелсіздікті сақтауда, нығайтуда дамудың шешуші рол ойнауы - дамудан басқа шешуші рол ойнайтын нәрсе жоқ, басқасы маңызды рол ойнайды деген сөз. 1) Егер халық өзін-өзі асырай алмаса, өзге ел халқының өндірген өніміне ғана сүйеніп күн көретін болса, яғни, заттық байлықтың дамуы болмаса, экономикасы өзгеге тәуелді болса, бұл халық қалай саяси тәуелсіздігін мәңгілік сақтап тұра алады? 2) Егер рухани байлықтың дамуы болмаса, халық өз жолын өзі анықтай алмаса, өзге елдің көрсеткен жолымен ғана жүретін болса, яғни өзгенің (өзге елдің) идиологиясына тәуелді болса, бұл халық қалай саяси тәуелсіздігін мәңгі сақтап тұра алады? Ал заттық байлық пен рухани байлықта өзгеге тәуелді болған халық өзінің саяси тәуелсіздігін сақтап тұралама? Сондықтан меніңше тәуелсіздіктің фундаменті - даму. Сол тәуелсіз елдің дамуы. Бастысы оның заттық және рухани байлық өндірісінің дамуы.

Бірлік пен татулық аса маңызды екенін бәрімізде жақсы білеміз әрі маңызын да түсінеміз. Себебі, мемлекет құрушы негізгі ұлттың өз ішкі бірлігі мен қатар өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері арасындағы татулық дамудың бір алғы шарты. Даму үшін сол шарт орындалу қажет. Бірақ, бірлік дамудың өзі емес. бірлік, татулық - даму емес. Яғни, дамудың синоним сөзі бірлік, татулық емес. Егер олай болғанда әлемдегі барлық елдер өзге іске басын қатырмай бірлікті, татулықты ғана сақтап ғарыштап дами беруші еді. Алайда, дамудың ондай оңай іс емес екенін бәріміз де білеміз, өзге халықтар да біледі. Егер дамудың бір алғы шарты (бірлік, татулық) орындалғанмен, даму болмаса, оның да маңызы мен жетер биігі шамалы болады. Бірлікті сақтаудағы бір мақсаттың өзі сәтті түрде жедел дамуға қол жеткізу. Егер аш болсаң, жалаңаш болсаң бірліктен, татулықтан еш зиян көрмесең де көретін шапағатың да шамалы болады. Егер ешбір даму болмаса кедейлік, қылмыс, адамгершіліктің азаюы, адамдардың азғындауы өршіп, ол өз кезегінде керісінше бірлікті жоғалтып, қоғамнан тыныштық кетіп, тұрақсыздық қалыптастырып, тәуелелсіздікке қауіп әкелуі мүмкін. Бұдан шығатын қортынды: Бірлік пен татулық маңызды, дамудың бір алғы шарты; бірлікті, татулықты сақтау қажет. Бұл елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдерінің бәріне бірдей керек. Бірақ, бірлік, татулық - егемендікті (тәуелсіздікті) сақтаудың түп (негізгі) тірегі, кепілі бола алмайтынын ұғындырады. Сондықтан, бірлікті, татулықты сақтау ауадай қажет, бірақ ол басты мақсатқа айналмауы керек. Үйдегі ерлі-зайыптылардың басты мақсаты бір-бірінің бетіне қарап отыру емес, жұмыс істеп (тірлік жасап) жан бағу, бала-шағаны асырау, оқыту, ел қатарына қосу емеспе.

Әр нәрсенің, әр істің өз орны болады. Пайдалы, маңызды екен деп, оның атқаратын ролының қаншалық, қай деңгейде екеніне қарамастан басты орынға қойып жіберуге, негізгі мақсатқа айналдырып алуға да болмайды. Айтайын дегенім тәуелсіздікті сақтауда бірлік, татулық маңызды рол ойнағанымен, шешуші ролды даму атқарады. Сондықтан, ең маңыздысы даму (заттық және рухани байлықтың дамуын өз ішіне алады) дегім келеді.

Дамудың ең маңызды екендігін түсінгенмен, даму дегеніміздің өзі не екенін, дамудың себебі не, оның қозғаушы күші қайда, дамуда қандай ерекшелік, қандай заңдылық болатындығын білмесек, өз еліміздің дамып жатқан не дамымай жатқанын қалай білеміз, өз еліміздің өзге елдерден тез не баяу дамып жатқанын қалай білеміз, әр нәрсені бағалаудың ортақ өлшемі болады. мысалы мына адамның дені сау, ана адамның ауруы бар деп баға беру үшін оның да ортақ өлшемі болады. Олай болса мынау даму болып есептеледі, анау даму емес деп айтудың қандай бір ортақ өлшемі бар болу мүмкін, даму үшін қалай істеудің, неге сүйенуді, неге негізделуді білмесек, ары қарай дамудың дұрыс жолына қалай қол жеткізе аламыз. Ал бұл сауалдардың барлығына кім жауап береді, әрине философия. Химия, физика т.б. бұл сауалдарға жауап бере алмайды. Саясат тану да, социология да бұған жауап бере алмайды. Себебі олар дамуға мүделі болғанымен, дүниенің даму заңдылығын зерттеу олардың алға қойған міндеті емес. Дамыған елдерде, көптеген дамушы елдерде саясат та, экономика да философиялық дүние танымды негізгі арқау етеді. Әйтпегенде олар бір мезет адасып кетуі, оңбай ұтылуы, қоғамда даму емес кері кету орын алуы да мүмкін.

Әр бір заттың қозғалуында, өзгеруінде, дамуында ішкі және сыртқы себептері болатыны белгілі. Олай болса, егемендікті сақтайтын ішкі себептердің ішіндегі бастысы (шешуші рол ойнайтыны) - даму. Әрине, шешуші рол ойнайтын бір ғана ішкі себеп болғанмен, ішкі себеп біреу ғана болады деген қағида жоқ. Ішкі себеп біреу ғана емес, бірнешеу, тіпті көп те болады. Бірақ, олардың біреуі ғана шешуші рол ойнайды. Сондықтан, тәуелсіздікті сақтаудың екінші, үшінші деңгейде тұратын өзге де (бірлік, татулықтан да басқа, мысалы, негізгі ұлттың демографиялық өсуі, мемлекеттің қорғаныс күш-қуаты т.б.) ішкі себептері бар болуы әптен мүмкін. Қай мемлекет болмасын оның тәуелсіздігіне қауіп сырттан және іштен, екі жақтан да келу мүмкіндігі бар. Сыртқы күштердің ашық және жасырын соғысын сыртқы қауіпке жатқызсақ, еліміздегі бірлік пен татулықты сақтай білген жағдайда (мысалы, елімізде бірлік, татулық бар), ары қарай ішкі қауіпті не туындау мүмкін? Меніңше егер даму болмаса, тоқырау тіпті кері кету белең алса сол туындайды. Бірлік, татулық болса, даму болса, тәуелсіздікке іштен басқа қандай қауіп төнуі мүмкін. Жалпы ел халқының тілегі де, арманы да тыныштық (бірліктің нәтижесі) пен жақсы өмір (дамудың нәтижесі) болғандықтан, іштен шығатын басқа қауіп жоқ деп есептеуге болады. Ал тәуелсіздік пен біртұтастықты (бүтіндікті) сақтаудағы сыртқы себебіне тоқталсақ - сыртқы күштердің ашық және жасырын соғысына төтеп беру. Басшылар мен кадрлардың саяси, басқару (управление) қабілетінің жоғары болуы, мемлекет қорғаныс күшінің дамуы, халықтың рухани иммунитетін күшейту осы мақсатта жасалады деп ойлаймын. Қалай болса да, қай жағынан алып қарасақта дамудың еліміз үшін аса маңызды екені түсінікті жайт. Олай болса, дамудың қандай себептері болу мүмкін? дамудың себебін ғылыми тұрғыда білмей тұрып даму туралы сөз айту, даму осылай болады, мынау дамуға жатады, анау дамуға жатпайды деп баға беру әбестік болар еді.

 

ІІ. ЗАТТАРДЫҢ ҚОЗҒАЛУЫ МЕН ӨЗГЕРУІНДЕГІ ЕКІ СЕБЕП

Философияда заттар дамуының екі себебі болатындығы айтылады. Бір қарасаң дұрыс айтылған. Жалпылама дұрыс айтылғанмен, бірақ, анық айтылмаған, мүмкін анықтап айтпаған. Нәтижесінде оңай шатысасың әрі оңбай қателесесің. Себебі сол екі себеп әрқашан тек дамуға ғана бастай бермейді. Біртіндеп кері кетуге, құрып жойылуға апарып соғатын да сол екі себеп. Дамудың себебі болып, кері кетудің себебі жоқ болу мүмкін емес нәрсе ғой. Себепсіз нәтиже болмайды. Нәтиже болса оның міндетті түрде себебі бар деген сөз. Сондықтан, дұрысын нақтылап айтар болсақ, кез-келген заттың (толық айтқанда заттар мен құбылыстардың / вещи и явление) қозғалуы мен өзгеруінде екі себеп, яғни ішкі себеп және сыртқы себеп болады. Әрі осы екі себеп қатар әсер еткен кезде ғана заттар қозғалысқа, өзгеріске ие бола алады. Қозғалыстар мен өзгерістердің бәрі бірдей даму бола бермейтіні осының алдында жарық көрген алғашқы мақалада айтылған. Ішкі себеп - заттардың қозғалуы мен өзгеруінің басты себебі, шешуші рол ойнайды. Заттардың қозғалуы мен өзгеруінің басты себебі сол заттың өз бойында, өз ішінде жататындықтан ішкі себеп деп атайды.

Сыртқы себеп - заттардың қозғалуы мен өзгеруіндегі екінші деңгейдегі себебі болып, маңызды рол ойнайды. Ол осы заттың өзінен тысқары жатады, сыртқы шарт-жағдайы, өмір сүру ортасы немесе қатыстылығы бар екінші бір зат болуы мүмкін. Сондықтан, оны сыртқы себеп деп атайды. Тәбиғат дүниесіндегі заттарда (адамның мақсатты, мақсатсыз әрекеттерінің бәрі ондай бола бермейді) ішкі себеп заттар дамуының жалпы бағытын анықтайды. Зат негізгі бағытында дами ма жоқ басқа бағытқа өзгереме ол сыртқы себепке де байланысты болады. Мысалы, жұмыртқаның негізгі қозғалыс бағыты балапанға айналу (эмбрионның дамуы - дамуға жатады). Ол балапанға айналама, жоқ басқа бағытқа өзгереме, ол сыртқы себептің әсеріне байланысты. Бірақ, қатып қалған ішкі себеп пен сыртқы себеп жоқ. Олар белгілі шарт-жағдай астында бір-біріне айналып кетеді. Яғни, ішкі себеп сыртқы себепке, сыртқы себеп ішкі себепке айнала алады. Сондықтан, ішкі және сыртқы себеп бәрі де салыстырмалы айтылады. Ішкі себептің сапасы да әр түрлі болады.

 

ІІІ. ДАМУДЫҢ ЕКІ СЕБЕБІ

1. Ішкі себебі

Кез-келген заттың қозғалысы мен өзгерісінің себептері  сол заттың өзі мен ‚ сол затқа қатыстылығы, байланысы бар өзге заттарда, жасаған ортасында, сыртқы шарт-жағдайда болатындықтан, даму қозғалыстар мен өзгерістердің негізгі бағыты болғандықтан дамудың да ішкі-сыртқы себептері болады. Ішкі себеп - заттардың қозғалуы мен өзгеруінің басты себебі, қозғаушы күші болғандықтан, заттар дамуының басты себебі, қозғаушы күші сол заттың өзінде (өз ішінде) болады деген cөз. Дамудың қозғаушы күшін сол заттың өз ішінен іздеу керек. Мысалы, қарапайым бір малшы айналдырған 5-10 жыл ішінде өзге малшыларға, ауылдағы өзге отбасыларына қарағанда байып кетсе (өз еңбегімен, заңды жолмен баю дамудың бір көрнісі), қай-қай жағынан да өзге ауылдастарынан оқ бойы озып кетсе, оның басты себебін көршісінен, сол ауылдан тіпті көрші ауылдан іздеу дұрыс болмайды. Егер осы малшының баю себебі көршісінен болса, онда көршісі алдымен өзін байытпай, өзін ұмытып, өзгені дамытқаныма? Егер осы малшының  баюы осы малшы тұрған ауылдың әсерінен болса, онда бір ауылдың тұғындары жабылып бір малшыны ғана байытқанба? Бұл айтылған сыртқы себептер мүлдем ақылға симайды, әрі мүндай болмайды да. Сондықтан дамудың басты себебі (шешуші себеп) дамыған сол заттың өз ішінде болады. Малшы байыса оның себебін сол малшы отбасының өзінен іздеген дұрыс. Қазақ елі дамыса, оның негізгі себебін Қазақ қоғамынан іздеу керек. Қырғызстаннан, Қытайдан, Россиядан, Туркиядан іздеп жатудың қажеті жоқ.  Қытай елі қарқынды даму үстінде екенін қазір әлем елдері жақсы біледі. Сонда олардың даму себебі біздің елдің (Қазақстанның) әсерінен немесе Американың әсерінен болдыма? Сонда, біз өз елімізді дамытпай, Қытайды дамыттықпа. Сондықтан, кез-келген заттың дамуының басты себебі сол заттың өз өн бойында болады. Дамудың басты себебі табылмады деген сөз, дамудың қайнар көзі, қозғаушы күші табылмады деген сөз. Дамығымыз келсе де дұрыс, тұрақты даму жолына түсе алмай адасып қаламыз деген сөз.

Барлық заттың қозғаушы күші, қайнар көзі сол заттардың өз іштерінде болғанымен, әр бір нақты зат дамуының басты себебі, қозғаушы күші әр түрлі болады. Әр заттың (мысалы, малшының, кәсіп орынның, жазушының т.б.) дамуының өзіне ғана тән басты себебі, қозғаушы күші болады. Бәрін бір формулаға салуға келмейді. Бір малшының баюы мен бір ғалымның ғылымда жаңалық ашуы, бәрі де дамуға жатады. Олардың дамуында ішкі себеп шешуші рол ойнайды. Бірақ, олардың дамуының нақты ішкі себебі, қозғаушы үші бір-біріне ұқсамайды.

 

2. Малшы баюының ішкі және сыртқы себебі

1)       Байыған малшының (отбасындағы барлық мүшелерді қамтиды) өз ақыл-парасаты, білімі, өмірден түйгені және кәсібі жөніндегі тәжірибе-сабағы, іскерлігі т.б.

2)       Материялдық жағдайын жақсартуға, баюға деген ынталылықтың жоғары болуы, еңбекқорлығы.

3)       Бұрыннан өзінде біраз қордың яғни заттық негіздің (малы, еңбек күші, қора жайы, жайылым жері т.б.) болуы.

Бір сөзбен түйіндеп айтқанда, малшыда өз кәсібін толыққанды жүргізе алуға қажетті рухани байлық және заттық байлық негізінің болуы. Рухани байлығына - өмірден түйгені, кәсіби тәжірибесі (опыты), өз ақыл-парасаты, білімі, еңбекқорлығы, отбасы мүшелерінің ұйымшылдығы т.б. жатады. Заттық байлығына - бұрыннан қолында бар малы, қора-жайы, еңбек күші, жеке меншік жайлымдық және шабындық жерінің болуы т.б. жатады. Ал осылардан басқасының барлығы сыртқы себепке жатады. Мемлекеттің экономикалық саясаты, малшыларға қаржылай, заттай және информация жақтардан қолдау көрсетуі, малдың және малдан шығатын сүт, жүн, тері сияқты өнімдердің нарықта құнды болуы, малдәрігерлік ісінің жүйеге түсуі (малдағы түрлі індеттердің, ауру-сырқаудың алдын алу), үйдегі теледидар, телефон сияқты ақпарат және байланыс құралдары, көлік-қатынас құралдары, жол, осы ауылдағы және көрші ауылдағы ұры-қарылар, сол аумақтың даласында өмір сүретін қасқырлар т.б. сыртқы себепке жатады.

 

IV. ІШКІ СЕБЕП ПЕН СЫРТҚЫ СЕБЕПТІ АЙЫРА ТАНУ

Ішкі себеп - мәңгі ішкі себеп болып тұратын, сыртқы себеп - мәңгі сыртқы себеп болып қалатын қатып қалған нәрсе емес. Бірісінің ішкі себеп болуы, өзгесінің сыртқы себеп болуы салыстырмалы болады. Шарт-жағдай, орта өзгерсе бір-біріне ауысып, бір-біріне айналып кетеді. Сыртқы себеп ішкі себепке, ішкі себеп сыртқы себепке айналады, ауысады. Сондықтан ішкі себеп, сыртқы себеп бәрі де салыстырмалы айтылады. Мысалы, жұмыртқаның балапанға айналуында ішкі себеп жұмыртқаның өз ішінде, жұмыртқада болады. Ал оны басатын (тірі) тауық сыртқы себеп. Бірақ, сол жұмыртқа балапанға айналып, өсіп жетілгеннен кейін ересек тауыққа, ол өзі жұмыртқа туады да өз жұмыртқасының сыртқы себебіне айналады. Отбасы (әке-шешесі, үлкен аға-апайлары, үйдегі телевизор, компьютер т.б.) осы жанұядағы балалардың білімді, білікті жақсы азамат болуындағы (дамуындағы) сыртқы себептердің біріне жатады. Бірақ, осы отбасы үшін өзге отбасылары, қоғамдық орта, қоршаған тәбиғи орта және ортаның жәй-күйі, шарт-жағдайы сыртқы себебі болып, ал бұл жағдайда осы отбасының өзі ішкі себеп болады (нақтап айтқанда: ішкі себеп осы отбасының өзінде болады). Әр бір отбасының шаңырағы шайқалмай, үлгілі отбасы болып тұруы мен дамуында (заттық және рухани мәдениет жақтан) осы отбасының өзі шешуші рол ойнайды. Егер сыртқы себеп (туыс-туғандары, өзге отбасылары; қоғамдық ортаның жәй-күйі, қоғамдық қарым-қатынас, заң, саясат; экономикалық жағдайы; тәбиғи орта және өзге де шарт-жағдайлар т.б.) ішкі себептің талабына үйлеспесе, қайшы болса шаңырақтың шайқалуына, дами алмауына үлкен себеп болады. Сол сияқты әлемдік қауымдастықтың ішінде еліміздің дамуында ішкі себеп еліміздің өзінде болады (яғни, ішкі себеп өз еліміз), ішкі себеп шешуші рол атқарады. Ал өзге мемлекеттер біздің ел үшін сыртқы себептің ролын атқарады. Сондықтан, еліміздің дамуы бастысы еліміздің өз күшіне сүйенуге тура келеді. Сыртқы себеп, ішкі себеп қатар әсер етпесе затта даму болмайтындықтан, өзге мемлекеттермен (сыртқы себептермен) байланыс, қарым-қатынас жасамаса тағы да болмайды. Бірақ, өзге мемлекеттер әр дайым біздің елдің даму талабына сай келетін нәрселерді (біздер үшін) істей бермейді, әрі оған мүделі де емес. Егер әрқашан да мүделі болады деп есептесек қандай бір себептермен мүделі болу мүмкін. Керісінше, кейде біздің даму талабымызға қиғаш келетін (мақсатты және мақсатсыз түрде) теріс әсер етуі де ғажап емес. (Бұған қатысты кейбір нәрселерді жарық көрген «ҰЛТ ИММУНИТЕТІ» атты мақалада сөз еткен болатынмын.)

Жинақтап түйінін айтқанда, ішкі себеп - даму субъектісінің (subject) өз өнбойында жатады. Кім даму керек, не даму даму керек болса, яғни даму субъектісі кім, не болса ішкі себеп соның өз бойында болады. Салыстырмалы түрде оның өзінен басқалары, сыртқы (тәбиғи және қоғамдық) орта, тәбиғи және қоғамдық шарт-жағдай, қатыстылығы бар өзге заттар мен құбылыстар т.б. (барлық объектілер) - сыртқы себеп болады (сыртқы себеп осыларда болады). Жоғары да айтылған малшы тіпті байи түсу үшін оның даму талабына үйлесетін сыртқы себептің әсерін күшейту, даму талабына қиғаш, кедергі болатын сыртқы себептің кері әсерін азайтуға, жоюға тырысу керек. Сонда ғана ол ары қарай жалғасты байи алатын болады. Яғни, осы саланың экономикалық дамуы болады. Әрине бұл арада малшының өзінде байысам деген ниеті, оған сай құлшыныстың, еңбекқорлықтың болуы; бал бағу, өсіру тәжірибесі мен білімінің болуы, заттық негіздің болуы (бәрі де ішкі себепке жатады) алғы шарт болып табылады. Шарт-жағдай қанша жақсы жасалғанмен малшының өзінде белсенділік, еңбек сүйгіштік болмаса ол бәрі бір байи алмады. Керісінше малшы қанша байығысы келсе де, күндіз-түні еңбектенсе де, заттық негізі болса да сыртқы себептер оның баюына тиімсіз болса (қасқыр малын қырып кетіп тұрса, ұрылар ұрлап тұрса, мал жайылатын жері жоқ болса, малшыға қойылатын орынсыз талаптар көбейіп кетсе, үкіметтен қолдау болмаса, салық жоғары болса т.б. /бәрі де мысал ретінде айтылып отыр) бәрі бір байи алмады. Сондықтан, кез-келген бір заттың дамуда ішкі, сыртқы себептер қатар әсер етеді. Даму үшін екі себептің біреуі кем болуына болмайды.

 

V. ІШКІ СЕБЕПТІҢ (ДАМУ СУБЪЕКТІСІНІҢ) ДАМУ ТАЛАБЫНА СЫРТҚЫ СЕБЕПТІҢ ҮЙЛЕСУ ЗАҢЫ

(Дамудың бағыты осы заңдылық арқылы анықталады)

Философиядан ішкі себептің шешуші рол ойнайтынын, сыртқы себеп ішкі себеп арқы әсер ететінін әрі ішкі және сыртқы себептер қатар әсер еткен кезде ғана затта қозғалыс, өзгеріс болатынын білеміз. Бұл философияда анықталған мәселе. Бірақ, сыртқы себептің қандай әсері немесе ішкі себепке қалай әсер етуі, ішкі себептің қандай әсерде болуы (қандай қозғалыс, өзгеріске ие блуы) дамуға алып келетіні белгісіз әңгіме болатын. Мүмкін белгілі болса да ашық айта бермейтін де шығар. Неше түрлі құстың (мысалы, қаздың, үйректің және тауықтың) жұмыртқасын тауыққа бастыртсаң оның барлығы тауықтың балапаны болып шықпайды. Қаздың жұмыртқасы қаз, үйректің жұмыртқасы үйрек, тауықтың жұмыртқасы тауық балапаны болып шығады. Себебі ішкі себеп «жұмыртқа»да, «тауық» сыртқы себеп. Ішкі себеп шешуші рол ойнайтындықтан, бәрін басқан тауық болғанымен қаздың жұмыртқасынан қаз балапаны, тауықтың жұмыртқасынан тауық балапаны шығады. Сондықтан да философияда ішкі себеп шешуші рол ойнайды деп есептейді. Егер сыртқы себеп шешуші рол ойнағанда қаз, үйректің жұмыртқасы да тауықтың балапанына айналып кетер еді. Ішкі себеп шешуші рол атқарғанымен егер осы жұмыртқаларды тауық (қаз немесе үйрек) баспаса олар қаз, үйрек, тауық балапанына айналмайды. Сол жұмыртқа қалпында қала береді (сыртқы себептің әсері жоқ). Уақыт өте келе жұмыртқалар бұзылады, шіриді (сапасы өзгереді). Яғни, зат дамығанды былай қойып, кері кетуге бет алады. Сондықтан, шешуші рол ойнамағанымен сыртқы себепте аса маңызды екенін байқаймыз. Сыртқы себеп әсер етпесе ішкі себепте өзгеріссіз қалады. Тек ғана сыртқы және ішкі себеп қатар (бір-біріне) әсер еткен кезде, яғни, сыртқы себеп ішкі себепке әсер екен кезде ғана қозғалыс, өзгеріс болады. Түсінікті болу үшін бір ғылыми тәжірибе жасайық: Егер жұмыртқаны қайнап тұрған суға (жоғары температура: сыртқы себеп) салсаң ол ешқашан балапанға айнала алмайды. Піскен жұмыртқаға айналады. Жұмыртқа басқа бағытқа өзгерді. Сол сияқты шикі жұмыртқаны мұздатқышқа (төмен температура: сыртқы себеп) салсаң ол тастай қатты "мұз жұмыртқа"ға айналады. Жұмыртқа тағы да балапанға айнала алмады. Басқа бір бағытқа өзгерді. Немесе жұмыртқаны өлген тауықтың (тірі тауық ғана сыртқы себептің ролын атқара алатындықтан, өлген тауық жұмыртқаға тірі тауықтың беретін әсерін бере алмайды, сыртқы себеп жоқ болғанмен тең) бауырына үш апта басып қойсаң да ол балапанға айланмайды (ішкі себеп өзгеріссіз қалды). Не үшін? Себебі, жұмыртқа (ішкі себеп жұмыртқада) балапанға айналу (эмбрионның дамуы) үшін тірі тауықтан (сыртқы себеп тауықта) күтетін даму талабы (инкубация) бар. Сол талап (инкубация: температура 37.8, ылғалдылық және жұмыртқаны айналдырып тұру)орындалған жоқ. Сыртқы себеп ішкі себептің осы даму (эмбрионның даму) талабын орындай алғанда ғана эмбрионда даму болып балапанға айналады. Егер сыртқы себептің әсері ішкі себептің осы даму талабына үйлеспегенде даму болмайды (жұмыртқа балапанға айналмайды). Яғни,  заттың қозғалысы мен өзгерісі (мысалы, жұмыртқа) басқа бағытқа қарай өзгереді (мысалы, жоғарыда піскен жұмыртқаға, мұз жұмыртқаға айналды). Сондықтан, даму үшін сыртқы себептің әсері ішкі себептің даму талабына үйлесуі керек. Сыртқы себептің әсері ішкі себептің даму талабын қанағаттандыруы керек. Сонда ғана даму болады. Бұл заңдылық. Сыртқы себеп ішкі себептің даму талабына үйлесу заңы деп атаған жөн. Сыртқы себептің әсері ішкі себептің даму талабына үйлеспесе, ішкі себептің күткен даму талабын қанағаттандырмаса зат кері кетуге, құрып-жойылуға бет алады. Оның нақты әрі қарапайым, түсінкіті бір мысалын жоғарыда жасалған ғылыми тәжірибеден (мысалы, піскен жұмыртқа, мұз жұмыртқа және өлген тауық) көре алдық.

Бір қоғам үшін алғанда халықтың мемлекеттік биліктен күтер негізгі бір талабы: заттық және рухани байлық өндірісінің өркендеуі (ішкі себеп: өндірушілердің өзінде болады), өнім өндіруге оңтайлы жағдайдың болуы немесе жасалуы (сыртқы себепке жатады). Осы арқылы жалпы халықтың өмір сүруіне міндетті түрде керек деген негізгі қажеттіліктер (тамақ жеу, киім кию, жүріп тұру, бала-шағасын оқыту, өмірге керек түрлі рухани азық қабылдау т.б.) қанағаттандырыла алады. Ары қарай деңгейі одан да биік тұратын жаңа қажеттіліктер туындайды. Енді осы қажеттіліктерді қанағаттандырылу үшін өндірісті одан ары дамытуға тура келіп отырады. Сондықтан өндірісті (заттық және рухани байлық өндіруді) дамыту арқылы түрлі қажеттіліктерге қол жетіп отырады. Үкімет және басқа да сыртқы себептер өндірістің даму талабына сай әрекет етуі дамуға бастайды.

Баланың өсіп-жетілуінде, балаға білім беру мен тәрбие көрсету ісінде ішкі себеп - баланың өзінде болады. Тұқым қуалау жолымен келген баланың түр-түсі, бет әлпеті, дене бітімі және кейбір мінездемелік ерекшелігі негізінен тұрақты болады. Сондықтан, тұқым қуалау жолымен келген бір бөлім ерекшеліктері баланың өз бойында негізінен тұрақты сақталады. Бірақ, тұқым қуалаумен келген бір бөлім қасиеттің бір өзі баланы білімді, қабілетті, іскер ете алмайды. Ол негізінен әр баланың екінші бір балаға ұқсамайтын, өзіне тән ерекшелікке (өзіне тән түр-түсі, мінезі т.б.) ие болуына мүмкіндік береді. Білім беру, тәрбие көрсету т.б. сияқты баланың сыртқы дүниеден қабылдайтын нәрселері болады, бұлар сыртқы себепке жатады. Мысалы, ес кіре бастаған әр жас баланың көңілі пәк, таза, ақ қағаздай болады. Сондықтан олар тез қабылдауға бейім келеді. Дені сау әр бір жас бала өзінен басқа, айналасындағы заттар мен құбылыстарға аса қызығушылықпен қарайды, бәрін де білгісі келіп тұрады. Сол үшін де оларда «не үшін?» деген сауал көп туындайды. Дені сау әр жас бала еліктегіш келеді, өзгелерге өзінше ұқсап бағады. Сондықтан, өзгелердің әрекетін, қылығын қайталау оларда жиі кездеседі. Міне бұлар балаға тән, баланың өз өнбойында болатын ішкі себептер. Ал балаға үнемі әсер етумен болатын әке-шешесі, үлкен аға-апайлары, туысқандары, мектеп, мұғалім, үйдегі телевизор, интернет, қоғам, баланың дос-жараны т.б. бұлардың бәрі де (бала үшін) сыртқы себепке жатады. Бұл сыртқы себептер әр дайым балаға әсер етумен болады. Егер сыртқы себеп ішкі себепке (балаға) оң әсер етпесе яғни дұрыс тәрбие көрсетілмесе, бала жақсы өнеге алмаса, еліктейтін жағымды кейіпкерлер болмаса, қоғамда «мәдениетті, адамгершілігі мол, білімді, отаншыл (патриот) жастардың ғана айы оңынан туады /мысал ретінде айтылып отыр» дейтін көзқарас қалыптаспайынша баланың жақсы азамат болып өсуіне кепілдік болмайды. Ал егер баланың санасына «жоғарыда тамыр-танысың, тірегің болмаса, қанша жақсы оқысаң да одан түк шықпайды» дейтін идеаны сіңірсек, оның үйренуге қалай ынтасы болады? Сондықтан, баланың жақсы азамат болып шығуы үшін міндетті стандартталған білім беруді былай қойғанда, әке-шешесінің, мектептің, үйдегі теледидар жән қоғамның көрсеткен тәрбиесі, информациясы аса маңызды. Бала нені көп көрсе, нені көп естісе соны қабылдайды. Әк-шешенің, қоғамның пікірімен де әр дайым санасып отырады. Сондықтан да «құс ұядан нені көрсе, ұшқанда соны алады» деп бекер айтылмаған. Яғни, балаға білім беруді былай қойғанда, ту бастан, жастайынан мақсатты әрі жүйелі түрде жан-жақтан дұрыс тәрбие беру, жақсы өнеге көрсету баланы ақылды, білімді, іскер азамат етіп қалыптастырып қоймай адамгершілігі мол, мейрімді, патриод азамат болып шығуына да негіз қалайды. Сонда ғана сыртқы себептің әсері (мысалы, білім беру; тәрбие, жақсы өнеге көрсету т.б) ішкі себептің (баланың) даму талабына (баланың адам сияқты адам болуына; өзіне де, өзгеге де пайдалы болуына, ақылды, білімді болуына, т.б. арманына) үйлесетін болады. Сол кезде ғана өз басына да, отбасына да, халқына, еліне пайдалы азамат өсіп шығып, бүгінгі күнде қоғамда орын алып жатқан әр түрлі жан түршігерлік оқиғалар мен қылмыстардың, азғындаулардың көрнекті түрде азаюына үлкен бір мүмкіндік туылады. Жалпы айтқанда, тәбиғат дүниесінде барлық заттардың дамуы осы заңдылыққа да (көп заңдылықтың бірі), яғни сыртқы себептің әсері ішкі себептің даму талабына үйлесу заңына да бағынады. Бұл философиядағы барлық заттардың дамуына тән өзгермейтін объективті ортақ заңдылық. Ал адам (адамдардың қабілеті әр елде әр түрлі, әр халықтың да сапасы әр түрлі, әр халықты құраған азаматтардың қабілеті т.б. әр түрлі) танымның шектемелігіне (дүниені тану қабілетінің шекті екендігіне) байланысты, мақсаттың әр түрлі болатындығына байланысты және басқа да себептерге байланысты әр дайым заңдылықты танып жете алмайды. Таныған күнде де құрмет ете бермейді. Құрмет еткен күннің өзінде, оны жүзеге асыру да оп-оңай іс емес. Әрине заңдылық бойынша іс істемеудің, заңдылыққа сүйене отырып іс-істеуге тырыспаудың соңы сәтсіздікпен аяқталғанын немесе аяқталатынын білсе де белгілі бір кезеңдегі нақты өмірдің бар мүмкіндігі мен жағдайына уақытша көнуге мәжбүр боламыз. Бірақ, ол мәңгілік емес. Себебі адам алға ілгерлеу үшін үздіксіз үйренумен, еңбектенумен, күресумен болады. Уақыт өте адамдар (басшылардың, мамандардың, зиялы қауымның, тұтас халықтың) қабілетінің біртіндеп жоғарлауына, дамудың, объективті заңдылықтардың атқаратын  рөлі мен маңызын түсіне бастауына байланысты заңдылыққа құрмет етуге мүделі болады. Еңбекқор, өзгелердің артықшылығын үйренгіш Қытай халқы (ҚХР) да жарты ғасырдан астам уақытта барып даму үшін заңдылыққа сүйену керек екенін толық түсіне алды. Әсіресе реформатор Дын Циаупинның теориясынан кейін тез қарқын алды. Дәлел ретінде «zì lì gēng shēng» -ды айтсақ, мағынасы: бастысы өз күшімізге сүйеніп өмір сүру, ешкімге (өзге елге) қол жайып отырмау, өзгелерге иек сүйемеу деген мағынада. Осы саяси ұранның философиялық негізі - заттардың дамуында әр қашан «ішкі себеп шешуші рол атқарады» деген заңдылыққа сүйенген. Сондай-ақ, «Қытай қоғамның басты қайшылығы - халықтың күн сайын ұлғайып бара жатқан заттық мәдениетке (товарға, тұтынатын өнімдерге) деген қажеттілігі (сұраныстың артуы) мен мешеу өндіріс (ұсыныстың жетіспеушілігі) арасындағы қайшылық. / 12.1978ж.» бұл қайшылықтың анықталуы философияда айтылатын заттардың дамуындағы «қарама-қарсылықтың бірлігі мен күрес заңы»-на негізделген т.б. Менің бір салыстырып байқауымша біздің халық Қытай халқынан да миы өткір, қиялы ұшқыр десем еш артық айтқаным емес. Қытай билігі мен халқының өзге ел, өзге ұлттардың осал тұстарынан өз мүдесіне ұтымды пайдалана білуге шеберлігінен сақтана білуді былай қойғанда, біз де Қытайлар сияқты үйренуден жалықпайтын, үйренгенін бес саусағындай анық білмейінше жаны тыныш таппайтын, өзгелердің артықшылығын, пайдалы жағын ғана үйренуге бейім тұратын, бір нәрсені ғылыми түрде ойлауға жаны құмар, істің ең тиімді шешу жолын табуға тырысатын, әр дайым әр заттың өз ерекшелігіне, заңдылығына сүйеніп іс жүргізуге құлшынатын жақсы қасиеттерінен (осы жақсы қасиеттердің бір бөлімі өздерінде бұрыннан бар, бір бөлімін өзге ел, өзге ұлттардан қабылдаған) үйрене білсек артық болмас деп ойлаймын. Егер солай істей алсақ біз қытайдан да озып кетер едік.

VI. ІШКІ СЕБЕПТІҢ ӘСЕРІ - БЕЛСЕНДІЛІГІНІҢ ҚОЗҒАЛУЫНДА

Даму үшін ішкі және сыртқы себептер бір-біріне оң әсер ету қажет екендігін, өзара ықпалдастықта болу қажет екендігін білдік. Сыртқы себеп ішкі себепке әсер еткенде, әрі сыртқы себеп ішкі себептің даму талабына сай әсер етсе, әрекеттікте болса ғана даму болатындығын да білдік. Олай болса сыртқы себеп ішкі себепке оң әсер еткен кезде, ішкі себеп қандай әсерде болу керек, яғни ішкі себепте қандай өзгеріс туылады? Ішкі себеп сыртқы себепке қандай әсер етеді, қандай реакцияда болады?

Бір-біріне оң әсер етуі, өзара ықпалдастығы күшею үшін әрбір жақ екінші бір жақтың белсенділігін қозғалта білу керек. Белсенділігі қозғалмады деген сөз - қозғаушы күшін жоғалтып алды, машина моторынан айрылды деген сөз. Моторы жоқ машина қалай алдыға қозғала алады, жүре алады. Түсінкті болу үшін қарапайым мысал келтіре кетейін: 100 бас қойы бар бір шопан бар делік, егер оған қойыңның санын 100 ден асырмайсың, экологияға зиян келтіреді деген қаулы немесе заң болса (мысал ретінде айтылып отыр); оған малыңды шөбі жүйгін жайлым жерлерге жаймайсың, ондағы сирек кездесетін өсімдіктерді құртасың десе немесе малшының қойын жаятын өз жері жоқ болса; малшыға малыңның ішінен қалағыныңды сатып ақшаға айналдыруға рұқсат жоқ, ол үшін саудагерлікпен айналысуға берілген  куәлігің болу керек, куәлік алуың үшін алдымен қатысты сала бойынша оқып, диплом алуың керек десе; малыңда өзгелердің малына жұғатын қауіпті індет бар (іс жүзінде індет жоқ болса), қалаға апарып малдәрігерлік тексеруден өткізесің немесе малыңды қырып таста десе немесе ұрылар малын ұрлап тоқтатпаса, қасқыр қырғанын тоқтатпаса, біреу бір малын сұрап алса, енді біреу екінші бір бас малын қорқытып алса т.б. десек оның ары қарай малмен шұғылдануға белсенділігі болама?

Бір малшының кәсіп тұрғысындағы арман-тілегі (даму талабы): малын көбейту, семірту; малдарының тұқымын асылдандыру; малының індетке шалдықпауына, қасқыр қырып кетпеуіне, ұрылар ұрлап кетпеуіне мүделі болу; оның сыртында малдарының еті мен сүті, терісі мен жүні жән мүйізі тәп-тәуір ақша тұрса, малы жайылатын өрісі, ішетін суы болса т.б. ол ары қарай малын өсіруге мүделі болып отырады. Оның белсенділігі артады. Осы сияқты адамдардың (мейлі ол малшы болсын, студент болсын, әр саланың маманы болсын, кәсіпкер болсын т.б.) белсенділігін қозғалта білгенде оларда даму болады. Жас баланы да қажет кезде мақтап отырсаң, белсенділігі артады. Үйренуге, жақсы, пайдалы іс істеуге құлшынады.

Белсенділігін қозғай білуді - малшы, егіншінің жұмыс істеуіне, кәсіпкердің кәсіппен шұғылдануына, түрлі мамандардың шығармашылықпен айланысуына еркіндік, құқық берілу ғана екен деп түсіну жеткіліксіз. Әр адамның ішкі дүниесінде заттық байлыққа және рухани байлыққа қол жеткізуге деген ұмтылыс, ізденіс болады. Себебі екеуіде адамның қажеттілігін құрайды. Адамның осы сияқты түрлі қажеттіліктеріне қол жеткізуге оңтайлы шарт-жағдайдың болуы (немесе жасалуы), қолдау көрсетілуі, орынсыз кедергілердің минимальды аз болу керек деген сөз. Сол кезде адамдардың белсенділігі қозғалады. Егер адам өз қажеттілігіне, алға қойған мақсатына дұрыс, заңды жолмен қол жеткізе алмаса, кедергі өте көп болса немесе қол жеткізгенді былай қойып керісінше зиян көретін жағдайда болса, қоғамда оңтайлы шарт-жағдай, тиімді мүмкіндіктер болмаса ол осы жолдан орта жолда бас тартып, көлеңкелі, қараңғы жолмен шешуге ұмтылатын болады. Әдетте ақпарат құралдарында «кәсіпкерлерді қолдау», «шаруаларды қолдау» деген түсініктерді философиялық тілмен айтқанда сыртқы себептердің яғни шарт-жағдайдың (немесе қатыстылығы бар екінші бір заттың) ішкі себептің даму талабына сай келуге тырысуы, сыртқы себептің ішкі себептің даму талабына үйлесе бастауы деп айтуға болады. Мейлі «кәсіпкер», «шаруа» болсын, мейлі «жазушы», «ғалым», «оқушы, студент» болсын, олардың барлығы даму суъбектісі болғандықтан ішкі себеп солардың өз өнбойында жатады. Олардың дамуында олардың өзі (ішкі себеп) шешуші рол атқарғанмен сыртқы себептердің яғни шарт-жағдайдың әсерінсіз ешқандай даму болмайды. Әрі сыртқы себеп ішкі себептің даму талабына үйлескен жағдайда ғана ішкі себепке ие болып тұрған даму субъектісінің белсенділігі қозғалады. Әрі солай болу тиіс. Даму субъектісінің белсенділігін қозғай алған кезде немесе даму субъектісінің белсенділігі қозғалған кезде даму болады. Мысалы, жақсы, пайдалы әрекет істеп тұрған кішкентай жас баланы сол кезде мақтасаң, ол тіпті де сол сияқты пайдалы әрекет жасауға ұмтылады. Ішкі себеп сыртқы себептің даму талабына үйлесу заңы «дамудағы алу-берудің тепе-теңдік заңына» қайшы келмейді. Тәбиғат дүниесіндегі заттардың даму заңдылықтары бір-біріне қайшы келмейді. Бір-бірімен үйлесіп, үндесіп жатады.

(Тәбиғат дүниесіндегі заттардың дамуын емес; қоғамның дамуы үшін айтқанда) ішкі себепке ие болып тұрған даму субъектісінің белсенділігі қозғалу үшін әуелі өзі ненің дұрыс, ненің бұрыс, ненің даму, ненің кері кету т.б. екенін айыра тануы, ажырата білуі қажет. Сонда ғана сыртқы себеп оның даму талабына сай келетін, үйлесетін әрекет жасаған кезе немесе әсер еткен кезде ішкі себепке ие даму субъектісінің белсенділігі қозғалатын болады. Мысалы, ержетіп келе жатқан жас балаларда өтірік айту, әлеуметтік ортақ мүліктерді (мысалы, партаны сындыру, көшедегі шырақты таспен ұрып шағу) қирату, ұрлық жасау - қылмысқа жатады. Ал оқуды жақсы оқу, білімді, тәрбиелі болу, өзгелерге пайдалы іс істеу, үлкендерді құрметтеу, кішілерді аялау - даңықты іс деген түсінік қалыптасқан жағдайда сыртқы себептердің балалардың даму талабына үйлесуі, олардың белсенділігін қозғай алады. Сол сияқты, жеңіл жүріспен айналысу - қиналмай ақша табудың, жан бағудың тиімді бір жолы деп кері түсінген арсыз жезөкшеге сыртқы себептердің оң әсері, оның түзеліп дұрыс адам болу жолындағы белсенділігін оңаймен қозғай алмауы мүмкін. Дегенмен сыртқы себептердің оң әсері оның рухани азғындауынан азат болып, дұрыс жолға түсуіне үлкен ықпалы болады.

Баю - даму емес, даму - баюдың синоним сөзі емес. бірақ, өз еңбегімен, дұрыс, заңды жолмен баю (мысалы, мәлім бір кәсіпкердің адамдар күнделікті тұтынатын өнімдері өндіріп, оны халыққа ұсыну арқылы баюы т.б.) - дамудың бір көрнісі, дамудың бір нәтижесі, әрі сол үшін дамуға жатады. Дамудағы алу-берудің тепе-теңдік заңына да үйлеседі. Ал басқа жолмен, бұрыс жолмен, заңсыз жолмен баю - дамудың белгісі емес, дамуға жатпайды. Сондықтан, баюдың барлығы дамуға жатады екен деп түсініп қалмау керек. Дұрыс, заңды жолмен баюда алу мен беру процессі қатар жүріледі («дамудағы алу-берудің тепе-теңдік заңы»на қараңыз). Ал заңсыз (мысалы, тартып алу, ұрлап қымқырып алу, қорқытып алу, сұрап алу т.б. құйтұрқы әдістермен алу) баюда алу бар, беру жоқ. Сондықтан заңсыз баю заңдылыққа қайшы, ешқашан дамуға жатпайды.

Егер азғантай адам ғана заңды немесе заңсыз жолмен қатты байып, басым көп санды жалпы халық кедейлікте күн кешуде болса (мысал ретінде айтылып отыр), оны да бір ел халқының заттық тұрмысының жақсаруы, жалпы қоғам дамуының бір көрнісі немесе көрсеткіші деп қарауға келмейді. Себебі, бір елдің дамуы сол елді құрап тұрған басым көп санды адамдар тұрмысының жақсаруына дамуына қарап айтылады. Енді бір жағынан дамыған және дамушы елдерде бір бөлім адамдар алдымен байып (заңды жолмен) шығады (заңды құбылыс). Бірақ, процесс онымен де тоқтап қалмайды, ары қарай да байып шығатындар да табылып отырады. Жалпы өндіру ісінің біртіндеп қарқын алуына, байлардың, орта таптардың (орташа табыстылардың) көбеюіне байланысты, ұсыныстың сұранысты қанғаттандыруына, бағаның тұрақтануына тіпті бағаның түсе бастауына, ақшаның құндана бастауына т.б. байланысты жалпы халықтың да жағдайы біртіндеп көтеріліп отырады. Көктем бір-екі ағашқа немесе бір-екі төбеге (мысалы, көктөбеге) ғана келмейді. Көктем барлық жерге бірдей келеді. Жалпы қоғамның дами бастауы мен көктемнің келуі бірдей (бір-біріне ұқсайтын, ұқсас) құбылыс. Сондықтан, баю мақсат болмағанымен,  дамудың нәтижесінде адамдардың баюы да, басым көпсанды адамдардың (бәрінің емес) тұрмыс жағдайының жақсаруы тәбиғи түрде жүзеге асатын болады. Сондықтан қоғамның жан-жақтылы дамуы үшін әуелі дамудың қыр-сырын дұрыс түсінуге асығу қажет деп ойлаймын.

(жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір