Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 5135 7 пікір 3 Тамыз, 2021 сағат 14:02

Мектеп формасын міндеттеу керек

Министр мектеп формасы туралы шешімді жазыпты....
Менің көзқарасымда мектеп формасын міндеттеу керек!
Мектеп формасының болуы, ең алдымен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін керек. Әйтпесе, өткен жылы кезекші сыныптардағы жағдайлар шын ойландырды. Қымбат киімдердің жарысы, классикалық үлгі дегеннің өзін ақшасы бар жұрт мың құбылтып киінді. Ал әлеуметтік жағдайы төмен балалар жасиды.

Сондықтан жалпы мектеп формасын міндеттеу керек, бұл - жеке пікірім. Мектеп формасы мектептегі көп тәрбие үшін аса маңызды. Оны таратпасам да түсінікті.

Сосын тағы бір нәрсені ескеру керек. Қазір оқушылар арасындағы ең үлкен мәселе - смартфондардың жарысы. Өңірлерде қандай екенін білмеймін, үлкен қалаларда смартфонның соңғы үлгісімен жарыс сұмдық енді...
Кітап алуға, оқу құрал жабдығына көмек сұрап келген, киіміне көмек сұрап келген, мемлекеттік көмектерге құжат тапсырып жүрген ата-аналардың талайының балаларының қолынан ең соңғы үлгідегі смартфонды (IPhone-12, pro, т.б.) көргенде түсіне алмаймын. Өткен жылы мектептен планшет, нотбук сұрап келген ата-ананың баласының қолынан соңғы үлгідегі IPHONE көріп те түсінбей қалғам...

Ал кейде оқушылардан бақылау алғанда телефон жинап аламын. Ана телефондарға қарап отырып біздің қоғам керемет бай деп ойлайсың. Бір сыныптағы оқушының 70%-ының телефоны ең соңғы үлгіде болады.
Біраз жыл бұрын оқушылар алдында телефонымызды алып шыққаннан ұялатын кездер болған, ағай, сіз осындай ұстайсыз ба, нашар ғой бұл деп тұратындар да кездесетін...

Шын мәнінде, бұл - мектептегі ең ауыр мәселенің бірі. Себебі үлкен жарыс. Бала ата-анасына жыласа да, айғай шығарса да алдырады. Кей ата-аналар беске оқысаң, алып берем деп ұтысқа тігеді. Ол оқушы жылап-сықтап баға сұрайды сосын...

Мүлде шамасы келмейтін балалар ше, көңілі түседі, жасиды, қорланады. Кей оқушылардың қылмысқа баруына түрткі болуы да мүмкін...
Не істемек керек?

Біздің ойымызша, бұған да белгілі бір стандарт керек секілді...
Мүмкін мынадан жоғары болмау керек деген бір норма керек шығар...

Аятжан Ахметжанұлы

Abai.kz

7 пікір