Жұма, 27 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 129213. Жазылғандар — 115384. Қайтыс болғандар — 1990
Жаңалықтар 4035 0 пікір 31 Мамыр, 2012 сағат 11:49

АШАРШЫЛЫҚ ЖӘНЕ АЛАШ АРЫСТАРЫ

 

 

Мамырдың 24 жұлдызында Астана қаласында «ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы Қазақстандағы саяси-әлеуметтiк ахуал: ашаршылық және қуғын-сүргiн тарихы» атты ғылыми конференция өттi. Онда осынау қазақ қасiретiнiң себептерi туралы ғалымдар өз зерттеулерiне сүйене отырып пiкiрлер айтты. Мемлекет тарихы институты осы ашаршылықтың себептерiн ашатын көп томдық деректер жинағын дайындауға кiрiскенi құптарлық.
Конференция барысында «бұл қасiретке толеранттық (төзiмдiлiк) тұрғыдан қарайық» деген басу да айтылды. Ал Ресейдiң Қазақстандағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Михаил Николаевич Бочарников: «Қазақстан мен Ресейдiң арасындағы интеграция екпiндi дамып, жақындасып келе жатқанда, ашаршылық мәселесiн саясаттандырмай, геноцид, «голодоморь» деген сөздердi қолданбау керек, ашаршылықты саясаттандырмау керек» - деген «ағалық ақыл» бердi. Бiр елдiң қасiретiн айтпау туралы екiншi елдiң елшiсi «кеңес беруi» қаншалықты халықаралық дипломатиялық этикаға жататынын бiлмеймiн, бiрақ Ресей дипломатының мәдени пiкiрiнiң астарында бiзге таныс Суслов пен Андроповтың қатулы қабағы танылғандай болды. Елшi неге және неден қауiптенедi? Онда Ресейдегi ашаршылықтың зардаптары туралы зерттеулер мен ғылыми конференцияларға неге тыйым салынбайды? Сонда бiз тұтас ұлттың үштен екiсi өлген ұлттық қасiреттi - ашаршылықты «толеранттық мiнез» танытып, интернационалдық төзiммен «халықтар арасындағы түсiнiстiкке шiркеу келтiрмес үшiн жауып тастауымыз керек пе? Керiсiнше сол «түсiнiстiктi» сақтау үшiн Ресей мен Қазақстандағы өзге ұлттар «тiкелей қазақтың сыбағасына тиесiлi» бұл қасiретке неге толеранттықпен, түсiнiстiкпен қарамайды? Аштық пен тоқтықтың арасын 250 метр жер ғана (Ертiстiң оң жағалауы мен сол жағалауының арасы, яғни Ертiстiң Ресей жағында - тоқшылық, Сарыарқа жағында - ашаршылық) бөлiп тұруының себебi неде? Ә.Бөкейхановтың салыстырмалы есебi бойынша 970 мың қазақ аштан қырылған, ал Қазақ өлкелiк комитетi құрған аштықтың есебiн анықтау туралы арнайы комиссияның мәлiметi бойынша 21-жылдың маусым айына дейiн ғана 2.019.485 адамның (ал ашаршылық 1922 жылы өзiнiң шегiне жеткен, оның iшiнде 400 мыңға жуығы балалар) өмiрiн қиған 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың сырын ашатын 1921 жылғы қазандағы және қарашадағы Өлкелiк комитеттiң жиналысының протоколын баспасөз арқылы ұсына отырып, Ресей елшiсi мен толеранттық туралы пiкiр айтушылардың назарын бiр сәтке аударғым келедi. Осы деректердi жариялау арқылы, қазақ ұлты осындай қасiретке де төзiмдiлiкпен қарап, «ағалық ақылға құлақ асуы» керек пе, жоқ па? Соны бiлгiм келедi.
1921 жылғы 4 қазан күнгі Бүкiл­қа­зақ­стан­дық II Кеңестiң тұсында өткiзiлген қазақ өкiл­дерiнiң дербес мәжiлiсi Қазақстанның саяси өмiрiндегi үлкен оқиға болды. Мұнда тек идеологиялық тартыс қана шарықтау шегiне жетiп қойған жоқ, сонымен қатар қазақ ұлтының тағдыры да талқыға түстi. Қазақстан Орталық Атқару Комитетiндегi қазақ қайраткерлерi, оның iшiнде барлық мемлекеттiк iстi үйлестiрiп отыратын жауапты саяси хатшы Мұхтар Омарханұлы Әуезов те Смағұл Сәдуақасовтың бағытын ұстанды. Жүрексiнiп қалған большевик-коммунистер Әлихан Бөкейхановты, Халел Ғаббасовты, Халел, Жаһанша Дос­мұхамедовтердi, Мұхамеджан Тыныш­ба­ев­ты, Әлiмхан Ермековтi, Мiржақып Дула­тов­ты, Жүсiпбек Аймауытовты, Жақып Ақбаевты өкіл ретінде шақырмады. Бірақ оларды түрмеге қамап, тергеуге де дәттерi шыдамады. Ұлттық республикадағы саяси жағдай оны көтермейтiн. Алайда олардың орнын Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Мұхтар Әуезов басады деп күткен жоқ едi.
Ал бұл «Алаш жастары» - Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың шын мәнінде ел көсемi дәрежесiне көтерiлген айшықты мезетi едi. Екеуiнiң де жас мөлшерi 21-24 арасында болса да нағыз ысылған саясаткер, қажырлы да қабырғалы мемлекет басшысы ретiнде көрiне бiлдi. Тiптi саяси сайысқа түскен шақтарында ерек­ше шамырқанып, айбарланып, қар­сы­ласына сес те танытты. Айтқанына сен­дiрiп, ұлтты ұйымдастырып, ұтымды тұ­жырым ұсынды. Ұлттық егес пен рухани қарсыласу тұсында ақылы мен қай­ратын қатар билеп, тура сол қарсаңдағы мемлекеттiк мiндеттiң ең шағымды екi мәселесiн күн тәртiбiне қойды. Халықтың назарын төнiп келе жатқан қатерге аударды.
«Кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйым құрған «алашордашылардың» үстінен қозғалған қылмыстық істің (1928-1932) тергеуі барысында берген әшкерелеуші жауабында Ә.Байділдин:
«Мәжiлiс жабылардың алдында М.Әуе­зов аса маңызды мәселелердi тал­қы­л­ау үшiн съезге келген барлық қазақ уәкiлдерiн төтенше жиналысқа шақырып, төтенше жиналыстың қайда, қай уақытта өтетiнiн хабарлады. Уәкiлдердiң барлығы да айтылған мезгiлде жиналды. Тек Меңдешев, Мырзағалиев сияқты, тағы да басқа жауапты қызметкерлер ғана жайбарақаттық танытты. Олар арнайы шақыру жiберiлгеннен кейiн барып келдi. Жиналысты М. Әуезов ашып, бас қосудың мақсатын түсiндiрдi. Ол: «Бiз жергiлiктi жерлердегi, әсiресе қазақ тұрғындары арасындағы жағдайдың хал-ахуалы туралы өзара пiкiр алысып, соның негiзiнде жалпы шешiм қабылдау үшiн жиналдық», - дедi».
Ұлтының тағдыры тығырыққа тiрелiп, ұйлығысып тұрғанда бар ауыртпашылық пен жауапкершiлiктi М.Әуезов мойнына алды. Бұл үш мiндет: 1) Қаралы қанатын жайып келе жатқан коммунистік-отаршылдық күйзелiстен елдi құтқару; сондай-ақ 2) Қазақ жерiн ашкөздiкпен қомағайлана бауырына басқысы келген ұлы орыстық отарлаушы пиғылға қарсы тиым салу; 3) Қазақ елiн зауалға ұшыратуы мүмкiн ашаршылыққа қарсы күресуге тиiстi қазақ қызметкерлерiнiң iс-әрекет жоспары болатын. Яғни қауым боп бас қосып, ортақ Ұлттық идея мен Ұлттық мiндеттi анықтау едi. Мәжiлiсте:
Ә.Байділдин (жалғасы): «...Жергiлiктi жерлердегi жағдай туралы мағлұмат тыңдалды. Әрбiр губерния өздерiнiң арасынан шешендердi алға шығарды, олар жиналған жұртқа тұрған жерлерiндегi хал-ахуалды баяндады. Алғашқы мағлұматты Әуезов жария еттi. Ол Семей губерниясындағы, оның iшiнде қазақ ауылдарындағы жұмыстың самарқаулығына тоқталды. Қазақстанның кейбiр губернияларына төнiп келе жатқан аштық қаупi барын ескерттi. Жергiлiктi жерлердегi жағдайды күдер үздiре суреттей келiп, Әуезов: «Мұның барлығы алдымен өзiмiздiң самарқаулығымыздан, салақтығымыздан, тәжiрибе бөлiсудiң жоқтығынан, ең бастысы - отарлаушылардың кедергiсi мен бүлдiрушi әрекетiнен болып отыр», - деп тұжырым жасады.
Бұдан кейiн өзге губерниялардың хабары тыңдалды. Олардың айтқаны Әуезов баяндаған жағдаймен түгелдей астасып жатты. Олардың барлығы да iстiң өте нашар жүргiзiлетiндiгiн айтып шағынды. Сондықтан да өкiлдердiң сөзiнде тың пiкiрлер өте аз болды. Тек Меңдешев қана өзгеше ұсыныс ен­гiздi. Ол: жергiлiктi жерлердiң өкiл­дерiнiң пiкiрлерiн қостаймын. Отар­лау­шылардың жұмыс iстеуге кедергi кел­тiретiнi де рас, бiрақ жергiлiктi ұлт­шыл­дардың да тосқауылы жайында тiс жар­мағандарыңызды мақұлдамаймын - дей келiп, осы мәселенi жиылыс қоры­тын­дысында атап өтудi ұсынды. Бұған кей­бi­реулер қарсы шықты, бiрақ ол көпшiлiк дау­ыспен қабылданды.
Сөйтiп, тиiстi тұжырым жасалды. Әуезов жи­налысты кiрiспе сөзiнiң рухындағы са­рын­мен қорытты».
Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен келген өкiлдер Мұхтардың күдiгiн растап бердi. Азамат соғысы, ақ пен қызылдың қанды жорықтары даланың үйреншіктi тiршiлiгi мен тыныштығын, кәсіби күнкөрісін бұзды. Олардың хабары қатерлі жұттың қасіретін сездiрдi. Қазақ қайраткерлерiнiң назарын соған баса аударған Мұхтар Әуезов алға шұғыл мiндеттер қойды. Сондай-ақ, саяси мәнi зор шешiм де қабылдады. Ол:
1. Отарлаушы - коммунистердiң басқын­шылық пиғылы мен басынуына тосқауыл қою.
2. Смағұл Сәдуақасовтың Семейдегi iс-әрекетiн ақтап алып, сол арқылы оның iсiне мемлекеттiк-ұлттық сипат беру.
Қазақ ұлты мен кеңес өкiметiнiң саясат сахнасындағы мүдделерiнiң бағыт-бағдары анықталып, қайтып ымыраға келмейтiндей қарама-қарсы жiкке бөлiнiп, iргелерiн ажыратқан ең соңғы және шешушi талқы едi бұл. Қазақ елiнiң маңдайына қандай бақыт пен сор бiттi, қандай келешек күтiп тұр, тағдырын кiмге тапсырды, үкiмет билiгi жанашырдың қолына тие ме, жоқ, жалаңтөс жаhангердiң тырнағына iлiне ме, олар жақсылық әкеле ме, әлде жаманатқа бастай ма, мiне, осындай өзектi өртеген күйiндi мәселелер тiкелей Алаш ардагерлерінің ақпарымен шешiлдi.
Айтты-айтпады, дәл осы 1921 жылдың күзi мен - 1922 жылдың көктем айларына дейiнгi аралықтағы ұлттың мүддесiн қорғайтын аса көкейкестi шаралардың бiрде-бiреуi Смағұл мен Мұхтардың қатысуынсыз өткен жоқ. Бұл қарсаңда қазақтың «қаратаяқтары» (зиялыларды қыр қазақтары солай атаған) бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде ұйымшылдық танытып, iшiнара сая iздеген саяқтары болмаса, қалғандарының барлығы да ұлттық мүдденiң айналасына топтасты.
Тергеудегі екінші басты сұрақ: осы екінші қазақ конференциядағы ұлттық интеллигенцияны қызметке тарту, жинақтап айтқанда, Ә.Бөкейхановтың саяси платформасының С.Сәдуақасов арқылы кеңес өкіметінің құрылымына ықпалы туралы қойылды.
Қазақ жері мен елі талқыға түскен тұста айқындала бастаған ұлттық зиялылардың арасындағы бұл жік осы 1921 жылғы ашаршылық тұсында басталған еді. Қазақстанның солтүстiк батыс аймағын жайлаған аштық қазақ елiнiң ұлт боп өмiр сүруiне қауiп төндiрдi. Кiсiнiң етiн кiсi жеп жатқандығы туралы үрейлi хабарлар Орынборға суыт жетiп жатса да, негiзгi құрамы қазақ емес ұлттардан құралған өлкелiк Революциялық комитеттiң мүшелерi өзiнiң жұмыс жоспарын:
1) ВПК(б)-ның ХII съезiне дайындық жасауға 2) Ресейдегi аштыққа ұшыраған аудандарға азық-түлiк жөнелту үшiн жергiлiктi ұлттың ең соңғы қолүздiгiн сыпырып-сиырып алуға (Лениннiң Арал балықшыларына Повольжьеге балық жiберу туралы жеделхатын еске алыңыз) 3) Бұған қарсы халықтың наразылығын ұйымдастырып, істі бүркемелеп отырған «қазақ ұлтшылдарына» қарсы күреске жұмылдырды.
Мiне, осындай қиын-қыстау кезеңде Өлкелік үкiмет басшыларының арасындағы пiкiр таласы саяси және ұлттық жiктелуге алып келдi. Большевиктер Қазақстандағы төніп келе жатқан аштыққа қарсы шара қолданбақ түгiл, назарын да салмады.
Олар:
«Партия съезiнiң назарын басқа жаққа аударуға, таптық күрестi әлсiретуге жол бермеймiз», - деп өршелендi.
Мұны - ұлтшылдардың даурығуы деп бағалап, саяси күрестi одан әрi қатаң жүргiзуге, партия қатарын тазалауға рұқсат сұрап, Мәскеуден жарлық күттi. Үкiмет билiгiнен айрылып қалудан қауiптенген С.Меңдешев бастаған большевиктер де Мәскеуге:
«Ашаршылық туралы қауесеттi таратып жүрген - ұлтшылдар. Олар қарапайым шаруаның мұң-мұқтажын жоқтағансып, еңбекшiлердiң назарын өздерiне аудару үшiн қасақана байбалам салуда», - деп жеделхат жолдады.
Шындығында, тура сол кезде С. Меңде­шев­тiң өзiнiң туған ауылында түтiнi тiк шығатын бiр де бiр үй қалмап едi.
Тақ пен бақты көздеп, ұлт мүддесiн сатқандар ғана екi жаққа бiрдей жалтақтап, жағымпаздықпен күн көрдi. Егер де солар өз iстерiн дұрыс атқарып, ұлт аймақтарындағы экономика мен ұлттық шеттету мәселесiн Орталықтың алдына дер кезiнде қойса, қанша қытымыр саясатты ұстанса да жаппай ашаршылыққа ұшырауға жол бермес едi. Ұлы орыстық рухтың бұл тұста өршiгенi сондай, пролетарлық бауырмалдықты да ұмытып, Аштарға көмек комиссиясы тек орыстарға ғана қызмет еттi. Өзi аштыққа ұшырап, жаппай қырылып жатқан ұлттың мал-мүлкiн тартып алып, Ресейдегi және Қазақстандағы орыстар қоныстанған селолар мен деревняларға үлестiрдi. Ал қазақ ұлтының қамын ойлайтын қайраткерлер «балапан басында, тұрымтай тұсында» кеттi.
Қазақ қайраткерлерiнiң бұл кеңесi «ұлы орыстық коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы бағытталған саяси ашық күресiмен тарихтан тиiстi орнын алатыны сөзсiз. Өкiнiшке қарай, Кеңес өкiметi тұсында дербес саяси ағым ретiнде қалыптасып, саясат сахнасына шыққан бұл қоғамдық қозғалысты партия мен Кеңес кезеңiн зерттейтiн тарихшылар әр адамның iс- әрекетiне қарсы бағытталған жекелеген көрiнiс ретiнде бағалап жүр. Шындығына жүгiнсек, тек ресми тiркеуден өтпегенi болмаса, бұл - ұлттық даму бағдарын ұстанған сая­си ағым едi. Оны «мемлекеттiк көсем» Сталин мен Голощекин бiлдi. Сондықтан да Троцкиймен бiрге бұлардың да көзiн жойып жiберуге тырысып, тергеу iсiн барынша тұқырта жүргiздi. Жоғарыдағы кеңестен кейiн де «коммунистiк колонизаторлық» пиғылға тосқауыл қойылмады. Қайта екпiнi күшейiп, таптық тартыс - ұлттық тартысқа ұласты.
Ол үшiн оларды аштықпен есеңгiреттi. 1921-1922 жылғы аштық бұл саладағы ал­ғашқы «тәжiрибе» ретiнде сынақтан өттi. Мұқым қазақ халқын «табиғи түрде жоюға» мұршасы жетпедi. Өйткенi қазақтың дәс­түр­лi көшпелi экономикасы мен өмiр сүру тәсiлi оған мүмкiндiк бермедi. Ендi, «мой­ын­серiк», «қосшы ұйымы», «кедей қостары» арқылы, Ә.Бөкейханов «ақ шом экономикасы» деп атаған, тiрi қалудың, күн көрудiң, жұтамаудың ғасырлар бойы сыннан өткен тәсiлi мансұқталды.
1921 жылдың күзi мен 1922 жылдың көктемi қазақ мемлекетi мен ұлты үшiн осындай саяси, экономикалық, ұлттық мәселелердiң ширыға шиеленiскен тұсы болды. Бұл «Алашорда» қайраткерлерiнiң өкiмет басындағы ықпалы сақталған ең соңғы маусым едi. Олар жазға қарай жаппай қамауға алынғанына қарамастан өздерiнiң ұлт алдындағы парызын орындап кеттi. Ел iшiндегi жағдайды толық көрiп-бiлiп, шындыққа көзiн жеткiзу үшiн қызмет бабының ретiн пайдаланып:
«...Губерниялық партия кон­фе­рен­ция­сын өткiзу үшiн Орал қаласына барды. Ол Жолдыбаевпен, Қаратiлеуовпен бiрге Орын­бор қаласына кiрекештердiң көлiгiмен қайт­ты. Әуезов өзiнiң бұл жүрiсiн: жол-жө­некей аштардың жағдайын көзiммен кө­ру­iм қажет болды деп түсiндiрдi. Ол Орал губерниясындағы ашаршылық жайлаған қазақ тұрғындарының қасiреттi көрiнiсiне (иттiң өлексесiн, шөптiң тамырын жеген адамдарға, жолдың шетiнде үйiлiп жатқан аштан қырылғандардың өлiгiне, т.б.) қатты күйiнiп келдi, оның есесiне Оралдағы партия қызметкерлерiне риза болды. Бiздiң бағытымызды сенiмдi түрде ұстаған Жолдыбаев, Жантiлеуов, Қаратiлеуов сияқты жiгiттер туралы өте жақсы пiкiр бiлдiрдi. Сонымен қатар Кенжин, Мырзағалиев пен Асылбеков қатарлы бiздiң өз адамдарымыздың Орал губерниясындағы беделi жоғары екендiгiн айтты. Соны айта тұрып, ат төбелiндей көк езу Әйтиевшiлдiң де бар екендiгiн, конференцияда оларға есе теңдiк бермегенiн мысқылдай баяндады».
Ашаршылықтың қазақ арасына ажал тырнағын салғанын, әр бұтаның түбiнде көмусiз қалғанын көрген Әуезов қызметке оралысымен дабыл қақты. Бiр аймақта ғана емес, Орал, Ақтөбе, Торғай, Қостанай, Ақмола губернияларын жайлаған аштық қазақтардың Кеңес өкiметiнiң жазалауынсыз-ақ қырылып бiтетiнiне көз жеткіздi. Кеңестiк партия қызметкерлерiнің Мәскеуден жасырған қылмысын әшкерелеп, барлық қазақ қайраткерлерiн аштарға көмек комитетiн құруға шақырды. Мұндай хабарды алысымен Ташкентте С. Қожанов, Ғ. Бiрiмжанов, Семейде М. Дулатов пен Ж. Аймауытов бастаған зиялылар «Ақ жол», «Қазақ тiлi» газеттерi арқылы бүкiл қазаққа сауын жариялады. Содан кейiн барып Орынбордағылар қозғалды. Бұл жөнiнде тергеуде берген куәлiгiнде Ә. Байдiлдин:

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

«Бұл iстiң де бастамашысы Әуезов бол­ғаны тегiн емес. Ол (1921 жылдың жел­тоқ­санында ғой деймiн) қазақ Орталық Ат­қару Комитетiнiң атынан қазақ қыз­мет­керлерiнiң (партия мүшелерiн де, пар­тияда жоқтарын да) үлкен мәжiлiсiн ша­қырды, оған үкiмет мүшелерiмен қоса жекелеген еуропалық жауапты қыз­мет­керлер де қатысты, ашаршылық туралы мәселенi талқылауды күн тәртiбiне қой­ды. Мәселенi талқылау барысында бұл мәжiлiс: аштарға көмек көрсетудi дереу қолға алу керек, ол үшiн Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң жанынан аштарға көмек көрсету комиссиясы құрылсын - деген шешiм қабылдады. Бұл комиссияның құрамын бекiту кезiнде әдет­те­гiдей жiкшiлдiк ұсыныстар жасалды. Әр топ (меңдешевшiлер, сәдуақасовшылар, Асылбековтiң өкiлдiгiмен айқындалатын сей­фуллиншiлер, алашордашылар) өз адам­да­рын кiргiзуге ұмтылды. Соның iшiнде өте­ тосын: «Комиссияның төрағалығына Ах­мет Байтұрсынов сайлансын, ал партия­да жоқ көрнектi адамдар да оның құ­рамына мүше боп кірсін» - деген ұсы­ныс (ұмытпасам Әуезов) жасалды. Ол бұл пiкiрiн: коммунистерге қарағанда олар­дың (алашордашылардың) қазақ тұр­ғындары арасындағы беделi зор, сон­дықтан да комиссияның жұмысы же­мiс­тi болады - деп дәлелдемек болды. Бұл ұсыныс iшiнара ғана қабылданды. Меңдешев төраға, Байтұрсынов пен Әуезов тө­рағаның орынбасары болып сайланған бұл комиссияның мүшелiгiне сол кездегi жау­апты қызметкерлердiң көпшiлiгi сай­лан­ды», - деп көрсетті.
Әрине, тергеудiң аты - тергеу. Сондықтан да (Ә.Байділдиннің) Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтi кекете еске түсiруі заңды. Алайда кiмнiң қандай қайрат көрсетiп, елiнiң тағдырына қаншалықты қамыға араша түскенi онсыз да бiлiнiп тұрғандықтан да, бiз бұған қосымша түсiнiк берiп жатпаймыз. Қазақ елiнiң басынан кешкен, қолдан жасалған 1932 жылғы ашаршылықтың зауалы сұмдық. Ешқашан да орны толмайтын қасiрет. Алайда содан тура он жыл бұрын, яғни 1921-1922 жылғы ашаршылықтан Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң Мәскеуге жолдаған толық емес ақпараты бойынша 1,5 миллион (!) адам аштықтың тұзағына iлiнген (Қараңыз: Движение Алаш - Алаш қозғалысы. Професор Т.Жұртбайдың авторлық басылымы. Авторлық басылым. І-ІІІ том, А. Елшежіре. 2012, 160-270 беттер). Ашаршылыққа қарсы Кеңес өкiметi дер кезiнде шара қолданбай, Мәскеу мен Өлкелiк партия комитетi самарқаулық танытып, тек сырттай бақылаушы ғана болып отырған.
Сондықтан да ұлты үшiн күйiнген қай­рат­кер­лердiң, оның iшiнде Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтiң дабыл қағып, мәжбүр етуiмен өткен жоғарыдағы мәжiлiстiң протоколын (оны бiзге танымал тарихшы, абзал ғалым, марқұм Ақыжан Игенбаев дегдар ұсынып еді) толық келтiрудi жөн көрдiк. Көсемсөзбен баяндап беру тiлге де, түсiнiкке де жеңiл. Бiрақ та бұл тарихи құжатта сондай қысылтаяң, қасiретi мол күндердiң күйiнiшi мен сүйiнiшiнiң табы, аяулы жандардың жан айқайы, отты лебi жатқандықтан да дерекке жүгіндік. Сонымен 1921 жылы 10 желтоқсан күнi өткен қазақ қызметкерлерi қатысқан кеңестiң күн тәртiбiне қойған мәселесi екеу:
«І. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру.
1. Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және оларды тиiмдi пайдалану, сондай-ақ Түркiстан Республикасына қоныс аударған қазақ қызметкерлерiн керi қайтарудың амалын қарастыру.
Қатынасқандар: Жангелдин, Әуезов, Алманов, Асылбеков, Нахимжан, Кенжин, Байтұрсынов, Байдiлдин, Төлепов, Жаманмұрынов, Сарымолдаев, Авдеев, Найманбаев, Нұрмаханбетов, Игiлiков, Қаржасов, Тұнғаншин, Бiржаров, Оразбаева, Саматов, т. б.
Жолдас Жангелдин төрағалық еттi.
Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру туралы М. Әуезовтiң баяндамасы тыңдалды. Әуезов жолдас: аштарға көмек көрсету ұйымдарының аяғы әлi қыр елiне жеткен жоқ. Олардың таяу арада жетуi де неғайбыл екенiн айтты. Әуезов оның себебi мынада деп көрсеттi:
1. Ауылдардың тiкелей өзiмен араласа отырып, олардың мұқтаждықтарын анықтайтын бұл саладағы мiндеттi атқаратын қызметкерлер жоқ Аштыққа ұшыраған қазақтар нақты бiр жетекшi адам болмаса, олар аштарға арналып мемлекет тарапынан бөлiнген сыбағаның өзiне де қол жеткiзе алмайды, өйткенi қазақтар бiр үзiм нан үшiн жат жерде қол жайып қаңғып жүргеннен гөрi үйiнде өлгендi артық санайды, тiптi көмек сұрап ел кезе қалған күннiң өзiнде де қараңғы, аңқау қазақ оларды өз бетiмен iздеп таба алмайды, көмекке қолы жетпейдi.
3. Жергiлiктi жердегi аштарға көмек көрсету ұйымы қолтығының астындағы, яғни жақын жердегi қалалар мен қала маңындағы селолардағы күйзелгендерге ерекше қамқорлық жасауға тырысады, сондықтан да қаладан шалғай орналасқан қазақ ауылдары үнемi кейiнге ысырылып қалады. Шындығына көшсек, - дедi Әуезов, - ашаршылық жайлаған қырдағы елдiң қырылғанының жанында, қаладағы аштықтың үрейлi көрiнiстерi ойын сияқты әсер етедi. Егер де бұл аудандарды аштықтан құтқару үшiн дәл қазiр шұғыл түрде шешушi шара қолданылмаса, онда қазақ республикасы қазақсыз қалады. Көптеген аудандардағы қазақтар көптен берi тек қана көртышқанмен, тышқанмен, суырмен, тағы сол сияқты ұсақ жәндiктермен өзегiн жалғауда, соның кесiрiнен әртүрлi жұқпалы аурулар мен iндеттер естiп-бiлмеген деңгейде таралып барады.
Мұның барлығы, аштарға көмек көрсету ұйымдарының қыр елiне жаны ашымайтындығын, оларға немкеттi қарайтындығын көрсетедi, сондай-ақ осындай қасiреттi өрттi өшiруге қазақ қызметкерлерiнiң де бейғамдығы байқалады. Өкiмет басында отырған қазақ қызметкерлерi, бұл iстi дәл осы күйiнде қалдырып қоюға болмайтыны өз алдына, бұл - сiздер үшiн қылмыс, бiз бұл үшiн қазақ елiнiң алдында, өзiмiздiң арымыздың алдында жауаптымыз, - дедi Әуезов жолдас.
Баяндамасының соңында Әуезов жолдас қырдағы аудандарға, аштарға көмек көрсету шараларының жоспарын ұсынды, жарыс сөз бен талқылаудан кейiн iшiнара өзгерiстер мен толықтырулар еңгiзiлген соң бұл ұсыныс қаулының негiзi етiп алынды.
1. Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және олардың күшiн пайдалану туралы Алманов жолдас баяндама жасады.
Алманов жолдас мынаны атап айтты: Бiз ешқашанда қазақ қызметкерлерiн орынды пайдаланып көргемiз жоқ. Аштық болса тамағымыздан алып, қылқындырып жатқан кездiң өзiнде бiз ешқандай қолғанатсыз, жергiлiктi жердегi жетекшiсiз отырмыз. Оның үстiне, былтыр, одан арғы жылы осында iстеген партия қызметкерлерiнiң өзi бiзден кетiп қалды. Мұның басты себебi - орыс коммунистерiнiң жүргiзiп отырған отарлаушы бағытында. Бiз әу баста қазақ қызметкерлерiн орнымен пайдаланбадық, - дедi бұдан әрi Алманов жолдас, - бiз оларды жан-жаққа қуып, жыртығымыз бен тесiктерiмiздi бiтедiк, бұл онсызда саны аз қызметкерлердi есiнен тандырды, белгiлi бiр нақты жұмыспен айналысуға мүмкiндiгi болмады. Қазақ арасындағы аса зәру iстерге де жұмсайтын адамымыз жоқ. Бұл мәселенi дәл қазiр шешу керек, қазақ қызметкерлерiн жұмысқа тарта отырып, олардың мiндетiн анықтауымыз қажет. Сөйлеген адамдардың пiкiрi осыған тоғысып жатыр, - деп ойын қорытты Алманов жолдас.
Жарыс сөзден кейiн кеңес төмендегiдей қаулы қабылдады.
Қаулы:

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

1. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру туралы Әуезов жолдастың баяндамасын тыңдағаннан кейiн жауапты қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi мынаны атап өтедi:
Осы уақытқа дейiн аштыққа ұшыраған қырдағы аудандардың бiрде-бiр тұрғыны мемлекет тарапынан нақты көмек алған жоқ, олар өз беттерiмен тентiреп кеттi, сөйтiп өлiм тырнағына iлiндi. Олардың ешқандай көмек алмағаны былай тұрсын, тiптi ҚССР-дiң партия және кеңес ұйымдарының, орталықтың да, жергiлiктi жердiң де, тiптi қаперiне де iлiнбеген, яғни, турасын айтқанда, ұмыт қалған, тағдырдың тәлкегiне тастаған. Жоғарыда айтылған жайларды көрсете отырып, бишаралыққа ұшыраған қазақ елiне бұдан былай немкеттi және самарқау қарауға төзуге болмайтынын атап өтiп, жауапты қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi - барлық өлкелiк және жергiлiктi партия және кеңес, сондай-ақ кәсiподақ ұйымдарын белсендi түрде көмек көрсетуге шақырады. Пәрмендi көмек көрсету үшiн кеңес өзiнiң тарапынан мынадай нақты шараларды белгiледi:
а). Аштыққа ұшыраған қырдағы аудандарға көмек көрсету үшiн Орта­лық­тағы және жергiлiктi жердегi аштарға көмек көр­сету ұйымының басты мiндеттерiн анық­тап, оларды топ-топқа бөлсiн.
б). Қыр елiне көмек көрсету үшiн барлық жерде салауат-сауын (компания) жүргiзiлсiн: бұл мәселенiң осы уақытқа дейiн ескертiлмегендiгiне мән берiлiп, барлық партия, кеңес және кәсiподақ ұйымдары, бұл мекемелерде iстемейтiн жекелеген қазақ қызметкерлерi салауат-сауынға белсендi түрде тартылсын, сондай-ақ баспасөз мекемелерi халықтың санасын оятып, съездер мен жиналыстарда оларға ықпал етуге тырыссын.
в). Аштарға көмек көрсету ұйымының жергiлiктi жердегi құрамына адал қазақ қызметкерлерi кiргiзiлсiн, оларды неғұрлым көбiрек тартуға ұмтылсын, қыр елiне тiкелей көмек көрсету үшiн оларды аштарға көмек ұйымының жауапты өкiлi ретiнде пайдалансын:
г). Республикалық және уездiк аштарға көмек ұйымының қызметкерлерi тек қана аштыққа ұшыраған қырдағы аудандарда жұмыс iстеу үшiн төтенше өкiл боп барсын.
Оларды (Республикалық деңгейдегі өкілдерді - Т.Ж.) аштарға көмек көрсету ұйымының өлкелiк төтенше өкiлдiгi ұсынады, обком мен қазақ Орталық Атқару Комитетi бекiтедi, соңғысын мандатпен қамтамасыз етедi. Жергiлiктi өкiлдердi аштарға көмек көрсету ұйымының төтенше өкiлi бекiтiп, мандат бередi, оны жергiлiктi партия және әкiмшiлiк мекемелерi растайды.
д). Аштарға көмек көрсететiн орталық комиссияға аштарға бөлiнетiн азық-түлiктiң жайы туралы мынадай ұсыныс жасалсын: аштарға көмек көрсететiн губерниялық ұйымға қолдағы бар азық-түлiк қорының белгiлi бiр мөлшерi нақты санмен көрсетiлсiн; уездерге бөлiнген кезде мiндеттi түрде аштарға азық тарататын бiр қазақ өкiлi қатысып тұрсын.
2. Орталық және жергiлiктi партия, кеңес мекемелерiн көмекке тартуды қатаң, кеңсе тәртiбiмен жүргiзудi, сонымен қатар осы мақсатпен арнайы адамдарды жол сапарға шығаруды облыстық комитет, ҚазЦИК және жекелеген халық комиссариаттары өз мiндетіне алсын.
1. Партия, кеңес мекемелерiнде жұмыс iстейтiн және жұмыссыз жүрген қазақ қызметкерлерiнiң тiзiмiн губерния өкiлдерiмен бiрлесе жасау мiндетi ҚазЦИК-ке тапсырылсын, аштарға көмек комиссиясы мен өлкелiк төтенше өкiлдiктiң қатысуымен олар аштық жайлаған губернияларға жөнелтiлсiн, сондай-ақ арнайы азық-түлiк жинау үшiн Түркiстан Республикасына жiберiлсiн.
2. Аштарға көмек комиссиясымен келiсе отырып осы қаулының негiзiнде шара қолдану құқығына ие болатын ҚазЦИК-тiң бiр мүшесiн өлкелiк төтенше өкiл етiп тағайындау мiндетi ҚазЦИК- ке жүктелсiн.
3. Тұрған жерлерiнен босып, темiр жолдың бойында (Ақбұлақ, Ақтөбе, т.б.), сондай-ақ Түркiстан бағытындағы бекеттерде жиналып қалған аш қазақтарға ерекше көңiл бөлiп, назарда ұстау Аштарға көмек комиссиясына тапсырылады: босқындардың ұйлығып қалу себебi шұғыл анықталып, оларды уақытында отырғызып жiбермеген барлық мекемелердiң басшылары сотқа тартылсын.
4. Барлық тиiстi мәліметтердi жинақтап, ашаршылыққа ұшыраған қыр елiне көрсетiлетiн көмектiң мөлшерiн өсiру туралы қалайда Орталықтың келiсiмiн алу мiндетi Меңдешев пен Әуезовке жүктелсiн. Соның iшiнде бұл жолдастарға мына мәселенi шешу тапсырылады:
а). Торғайға жiберiлетiн азық-түлiк жәрдемi Қостанайдан бөлек жiберiлуiн орталық арқылы шешуге қол жеткiзсiн.
б). Гурьев ауданына азық-түлiктi тiкелей тасымалдау мүмкiндiгi болмағандықтан да, Гурьев пен Астраханнан ауланған балықтарды сонда бөлудi, сонымен қатар Гурьев пен Оралдағы балық кәсiпшiлiктерi оларды тиiстi жабдықтармен қамтамасыз етiп, балық аулауға рұқсат беруiн Орталықтан сұрасын.
в).- Қазақ республикасының шикiзат­та­р­­ының ауқымды мөлшерiн азық-түлiк пен керектi заттар, аштарға қажеттi ақша алуға пайдалану үшiн бұл мәселенi дербес шешуге орталықтың келiсiмiн алсын.
1. Обкомның, ҚазЦИК-тiң және барлық жауапты қазақ қызметкерлерiнің атынан партия ұйымдарында iстейтiн, одан тыс жұмыссыз жүрген қазақ қызметкерлерiне үндеу жариялансын, оларды ашаршалыққа қарсы күресуге шақырсын.
2. Бұл қаулының көшiрмесi жан-жаққа таратылсын.
Қол қойылып, мөр басылған.

II. Қазақ қызметкерлерiн жұмысқа тарту және оларды тиiмдi пайдалану туралы Алманов жолдастың баяндамасы тыңдалды, мұндай шараның шешім табуы қажеттiгi ескерiліп, қазақ қызметкерлерiнiң күшi дұрыс әрi тиiмдi пайдаланылмай отырғанын атап өтіп, қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi мынадай қаулы қабылдады:
1 ҚазЦИК-тiң жанынан ерекше комиссия құрылсын, оған мынадай мiндеттер жүктелсiн:
а) Комиссияның пiкiрi бойынша қандайда бiр iске пайдалануға болатын барлық қазақ қызметкерлерiнiң тiзiмi жасалсын.
б) Өзiнiң туған жерiнен басқа ауданға немесе басқа лауазымды қызметке ауыстыру арқылы қазақ қызметкерлерi тұрақты әрi тиiмдi пайдаланылсын.
в) Партияда жоқ қазақ қызметкерлерi Кеңес құрылысындағы жауапты жұмыстарға дейiн тартылсын, сөйтiп олардың өкiметтен де, жұмыстан да шеттетiлмегенiне көзiн жеткiзсiн.
г) Оларды қазақтардың iшiндегi ең жауапты әрi шұғыл: аштықпен күрес, ағарту, қазақ қызметкерлерiн дайындау, қазақ арасындағы сот жұмысын дұрыс жолға қою, милиция жұмысын жолға қою, жергiлiктi өкiметтi нығайту, кооперация ұйымы, т. б. сияқты iстерге пайдалансын.
д) Обком мен ҚазЦИК-тiң ерекше тiзiмi арқылы Түркiстан Республикасындағы барлық қазақ қызметкерлерi шақырылып алынсын.
ж) Жергiлiктi жерлерде партияда жоқ қазақ қызметкерлерiнiң кеңесiн өткiзу дәстүрге айналсын.
з) Баспасөз арқылы барлық қазақ қыз­мет­керлерiн жұмысқа шақырған үндеу жариялансын, бұл үндеуге құлақ аспағандардың белсендiлiгiн оятсын.
Комиссияның құрамына мыналар: 1. Әуезов. 2. Асылбеков. 3. Алманов. 4. Байтұрсынов. 5. Кенжин - мүше боп; 1. Нахым-жан. 2. Төлепов - кандидат боп сайланды.
1. Комиссия ҚазЦИК бекiткен ерекше ереже бойынша жұмыс iстейдi және өзiнiң барлық жұмысын Обком мен ҚазЦИК арқылы жүргiзедi.
Қазақ қызметкерлерiнiң Кеңесi қабылдаған бұл қаулы КЦИК-тiң бекiтуiне жатады.
Кеңес төрағасы - Жангелдин.
Хатшысы - Нахым-жан.
Қол қойылып, мөр басылған».
Кеңес қабылдаған бұл екi мәселенiң де қазақ ұлты үшiн өмiрлiк мәнi бар болатын. Бұған келiспеу - ұлттық жеккөрiнiш пен өшпендiлiктi тудыру, коммунистiк партияның отарлаушы және жазалаушы саясатын ашықтан-ашық әшкерелеу едi. Сондықтан да арада бес күн өткеннен кейiн, яғни 1921 жылы желтоқсанның 15-жұлдызында Қазақ Орталық Атқару Комитетi мен жұмысшылар кеңесі шақырған «еңбекшi қазақ халқының, шаруалардың, қызметкерлердiң» съезiнде және қазақ өкiлдерiнiң бiрiккен мәжiлiсiнде:
«Жауапты қазақ қызметкерлерiнiң 1921 жылғы 10 желтоқсан күнгi Кеңесiнiң қаулысын тыңдап:
Кеңес қабылдаған қаулы түгелiмен мақұлдансын және қорытынды шығару үшiн аштарға көмек комиссиясына берiлсiн. Көмек комиссиясының шешiмi 17 желтоқсан, сенбi күнi ҚазЦИК-тiң секретариятына табыс етiлсiн, 17 желтоқсан, сенбi күнi РКП қазақ обкомының талқылауына ұсынылсын», - деп қаулы қабылданды.

Алайда белсенділер аштан қырылып жатқандарға көмек көрсетудің өзінен таптық идеология іздеді. Мысалы, сол тұстағы Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтiң iс-әрекетi туралы «Қалам» былай баяндайды:
Ә.Байділдин (жалғасы): «Осы Кеңестен кейiн Әуезов ашаршылық туралы көлемдi мақала жариялады (Қараңыз: «Еңбекшi қазақ», №4 және №5), қалыптасқан жағдайды дұрыс бағалаудың үлгiсi есебiнде ташкенттiк алашордашылар мұны қағып алып, «Ақ жол» газетi арқылы насихаттауға көштi...
Сол кезде аштарға көмек комиссиясы да өз iстерiн өзгеше жүргiздi. Сол комиссияға тартылған мекемелер жергiлiктi жерлерге шұғыл жедел хат жолдап жатты. Губерниялардағы зиялылардың игi жақсыларының тiзiмi жасалып, оларды аштарға салауат-сауын жинауды ұйымдастыруға тарту үшiн жергiлiктi жерлерге жiбердi. Жарлықтар мен нұсқаулар жолданды, губернияларға баратын өкiлдер iрiктелдi. Байтұрсынов комиссияның атынан қазақ елiне арналған көлемдi үндеу жазып, оны «Еңбекшi қазақта» жариялау үшiн маған алып келдi. Бере салысымен ол менен мұны тезiрек жариялауды өтiндi. Мен айтқанын iстеймiн деп уәде бердiм. Үндеудi шындығында да жариялағым келдi... Бiрақ оның мазмұнымен танысқаннан кейiн ниетiмнен айнып қалдым. Үндеу бiр жақты екен. Онда ашаршылықтың жағдайы тым әсiреленiп жазылыпты және аштықты тудырған жағдайдың нақты себеп-салдары дұрыс көрсетiлмептi. Үндеудiң қорытынды бөлiмiнде халықтың қаймақтарын аштыққа қарсы күресуге шақырыпты, сондай-ақ онымен күресудiң жолдарын (барлық зиялыларды жұмылдыру, аштарға жаппай салауат-сауға жинау, оларды аштық жайлаған аудандарға жiберу т.б.) көрсетіптi.
Мен бұл мақаланы жарияламауға бекiндiм де, оны өз қағаздарымның iшiне қоса салдым (Онда редакция кеңсесi жоқ болатын). Бiрнеше күн өткен соң Байтұрсынов тағы да келдi де, өзiнiң үндеуiнiң қашан жарияланатынын сұрады. Мен: танысып шығып, басуға келiсiмiн беру үшiн мақала алқа мүшелерiне берiлдi, таяу арада жариялап қалармыз, - дедiм. Содан кейiн өзiмнiң әрекетiме өзiм қатты ыңғайсызданып қалдым: анау-мынау емес, аштық туралы аса дiлгiр (Алашорданың жазғаны болса да) мақаланы үкiмет комиссиялары мен тиiстi мекемелердiң келiсiмiнсiз үндеудi тоқтатып қойғаным қате болды-ау деп ойладым. Осындай ойға келдiм де бiрден Асылбеков жолдасқа бардым (Ол обкомның хатшысы, Аштарға көмек комиссиясының мүшесi және «Еңбекшi қазақ» газетiнiң алқа мүшесi болатын) да, Байтұрсынов екеумiздiң арамыздағы әңгiменi айттым, менiң ойымша бұл үндеудi жариялауға болмайтын сияқты дедiм. Танысып шығу үшiн үндеудi алып қалды да, келесi күнi жарияламауға келiсiм беретiндiгiн бiлдiрдi. Сөйтiп, Байтұрсыновтың үндеуi жарияланбай қалды. Ол үндеу соңғы жылдарға дейiн менде сақталып келдi, менiң қағаздарымның iшiнде бар ма, жоқ па, оны бiлмеймiн...
Ашып айтарым, «алашордашы» зиялылар осы тұстарда көмек көрсету комиссиясын өз мүдделерi үшiн қатты пайдаланып қалды, олар аштарға жасаған жақсылығы арқылы жеке мүдделерiн жүзеге асыруға тырысып бақты. Кейбiр кездерде олар көздегендерiне (мақсатына) жеттi де, саяси және қазыналық қор жинады. Бұл 1926 жылы Қызылорда қаласында өткен «Торғай iсi» деген сот барысында анық байқалды...
...Жоғарыда, мәлiм еткенiмiзден көрiнiп отырғанындай, бұл iс-әрекет кезiнде сәдуақасовшылар өздерiнiң айнымалы екендiктерiн танытты. Олардың бiреуi (Әуезов) алашордашылармен қосылып кетсе, екiншiлерi (Тоғжанов) олардың қол шоқпарына қалай айналғанын өзi де бiлмей қалды, ал үшiншiлерi (мен сияқты тағы басқалар) олардың iс-әрекетiне белгiлi дәрежеде сын көзбен қарап, өзiн толық пайдалануға жол бермедi (Мысалы: Байтұрсыновтың үндеуiн жарияламадым, т.с.с.)».
Айыбы, айыптау көрсетiндiсi ретiнде жазылғандығы болмаса, Әбдiрахман Байдiлдиннiң баяндап отырған оқиғаларының барлығы да шындық едi. Сондай-ақ жоғарыдағы қаулының хаттамасын қағазға түсірген Ә.Байділдиннің өзі еді - деп толық сеніммен айтуға болады. Өйткені мұндай жауапты құжаттың жеке адамның тартпасында сақталып қалуы ол кезде шпиондық қылмысқа жататын. Егер де «айыптау қорытындысының» астары мен ырқына қарай бағамдасақ:
- иә, қыр қазақтары жаппай қырыла бастаған кезде «саяси дұшпандарын мұқату үшiн" «Алашордашылар» ерекше қимыл мен ұйымшылдық танытып, аштықты жоюға қарсы, демек, тергеушiлердiң пайымдауы бойынша - Кеңес өкiметiне қарсы белсене күрес ашты;
- иә, қазақ зиялылары үндеуге үн қосып, әр кiсi өзiнiң ықпалы зор елдi мекендерден азық-түлiк, мал жинап, аш аудандарға жөнелту арқылы Кеңес өкiметiн құлатып, қазақ ұлтының аштан қырылып қалуына бөгет келтiрiп, нақты қылмыс жасады;
- иә, олар сол қылмысты әрекеттерi арқылы - «саяси және қазыналық қор жиып», оны аш аудандарға апарып таратып, қазақтарды ажалдан құтқаруы арқылы оларды Кеңес өкiметiне қарсы қойды;
- иә, олар: аштарға көмек көрсету комиссиясының - аш қазақтардан тартып алған азық-түлiгі мен малды, орталықтан бөлiнген астықты тек орыстар қоныстанған елдi мекендерге ғана таратқанын бiлiп қойып, «коммунист - колонизатордың» ұлттық саясат жөнiндегi мемлекеттiк аса құпия шарасының жүзеге асуына қастандық жасады, сөйтіп, ұлт араздығын қоздырды.
- иә, олар қазақ ұлты мен Кеңес өкiметiне қарсы осындай ұлтшыл реакцияшыл, түрiкшiл, исламшыл әрекеттердi iс жүзiнде жүзеге асыру үшiн барлық қазақ қызметкерлерiне үндеу жазып, оларды «Аштарға көмек» атты астыртын ұйым құруға шақырды!
Жә, тергеушi мен тергелушiлердiң жортақ желдiрмесiне iлеспей, дұрыс сөзге көшейiк. Оң iстiң тонын дәл осылай терiс айналдыру - Кеңес өкiметiнiң тергеу жүйесiнiң аса әккi және сынақтан өткен тәсiлдерiнiң бiрі болатын. Қазақ ұлтының ашаршылықтан жарым-жартылай аман шығуы - бүкiл бiр ұлт - Кеңес өкiметi мен коммунистiк партияның қылмысты саясатының тiрi куәсi боп қалды деген сөз едi.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

«Түркістан» газеті

0 пікір