Жұма, 26 Сәуір 2024
Дін 4765 4 пікір 21 Шілде, 2021 сағат 11:11

Құрбандық шалу рәсімін заман талабына сай жетілдіру керек

Елімізде мұсылман қауымының қасиетті мерекелерінің бірі – Құрбан айт мерекесі кеше басталды. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтауын да жолдады. Елдегі эпидемилогиялық жағдайға байланысты биыл құрбан шалу рәсімі онлайн форматта өткізілетін болып бекітілген. Ол үшін арнайы сайт та іске қосылған. 

Бүгін айттың екінші күні. Біз Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институтының басшысы Байбол Ержан Құрманғалиұлымен Құрбан айттың мереке ретінде тойлану тарихы туралы аз-кем әңгімелескен едік.


Елімізде Құрбан айт мереке ретінде тойлана бастағанына да біраз жылдың жүзі болып қалды. Баршамызға мереке құтты болсын дей отырып, Құрбан айттың мереке ретінде тойлану тарихына тоқталып өтсеңіз деген ұсыныс бар.

– Құрбан айттың халқымыз үшін маңыздылығы ескеріліп, мереке ретінде күнтізбеге енгеніне және айттың алғашқы күні республика бойынша демалыс күні болып бекітілгеніне биыл он алты жыл болып отыр. Тарихқа үңілер болсақ, мұндай шешім 2005 жылдың 22 қарашасында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 11-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерген бастамасынан кейін қабылданған болатын. Сессия барысындағы сөзінде Елбасы: «Мен біздің әлемге айтарымыз және ұсынарымыз - достық пен келісім, гүлденген және табысты даму тәжірибеміз бар екендігіне мақтанамын! Бүгін мен еліміздегі ең үлкен екі конфессияға құрмет көрсете отырып, әрі олардың өтініштерін ескере келе, мұсылмандардың Құрбан айты мен Христиан Рождествосының алғашқы күндерін мереке күндері деп жариялауды ұсынғым келеді. Үкіметтен осы мәселені пысықтауын сұраймын», - деген болатын. Осылайша, 2005 жылдың 30 желтоқсанында Елбасы сол кезде қолданыста болған «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Заңына толықтырулар енгізу туралы» №109 Заңға қол қойды.

Содан бері барлық мұсылман үшін маңызды күн – Құрбан айт мейрамы елімізде демалыс күніне айналды. Бұл халқымыз, соның ішінде, әсіресе, мұсылман жамағаты үшін өте маңызды тарихи оқиға болды. Біз мұны мемлекеттің дін ұстанушыларға деген ерекше құрметі әрі қамқорлығы деп қабылдауымыз керек және ол расымен де солай.

Біздің елімізбен қатар Құрбан айт мейрамы көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінде және Ресейдің құрамындағы Баш­құрт­стан, Дағыстан, Татарстан, Ингушетия, Шешенстан сияқты мұсылмандар көп шоғырланған елдерде демалыс күні болып, тойланады.

Құрбан айт мерекесіне не себепті ресми демалыс берілуде, оның қандай әлеуметтік, рухани маңыздылығы бар деп есептейсіз?

– Діни мерекенің демалыс болып жариялануы, ең алдымен, тұрғындарының басым көпшілігі мұсылман болып табылатын мемлекетіміздің өз азаматтарына және олардың діни сенім бостандықтары мен діни мерекелеріне деген құрмет болып саналады. Тарихымыздағы мәдениетіміз бен руханиятымыздың дамуына үлес қосқан дәстүрлі діндерге және оның өкілдеріне деген қамқорлығын аңғартады әрі осындай қатынасты әрбір тұрғынның сезінуі өте маңызды болып табылады.

Сонымен қатар, бұл мейрамның көпэтносты және көпконфессиялы қоғамда адамдар арасында бір-бірінің діни сенімі мен мәдениетіне деген құрметтің артуына, достық қарым-қатынас пен өзара сыйластықтың, бейбітшіліктің артуына септігін тигізетініне мән беруіміз керек.

Құрбан айт мейрамы тек Айт намазын оқып, құрбандық малын шалу сияқты діни рәсімдердің жиынтығы ғана емес. Бұл мерекенің астарында көзге көріне бермейтін көптеген құндылықтар жатыр. Яғни, адамдардың арасында өзара құрмет пен ізеттіліктің, мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тәрбие мен жалпы адамгершілік қағидаларының насихатталуы жүзеге асады. Ел тұрғындарын игі істердің айналасында топтастырып, бір-біріне жәрдемдесуге, жақсылық жасауға үндейді, бірлікке шақырады.

Құрбан айтта ел мұсылмандары жақсы көңіл күймен бір-бірін мерекемен құттықтап, құшақ жайып, ерекше қуанышпен қауышып жатады. Өзара өкпе-назы болса кешірісіп, түсінісіп, қайта табысады. Құрбандықтың бір бөлігін туған-туыстарға, екінші бір бөлігін тұрмысы төмен жандарға бауырмалдықпен үлестіреді. Дастархан басында алыс-жақын туыстар, көрші-қолаң мен жора-жолдастар жиналады. Жақсы тілектер айтылып, туыстық қарым-қатынастар нығая түседі. Өмірден өткен жақындарын еске алып, қабір басына зиярат жасалады, ағаштар егіп, тазалық жұмыстарын жасайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл мейрамда мұсылмандардың игі істерді барынша молынан жасауға тырысатынын көреміз.

Құрбан айт мейрамы қоғамда бейбітшілік пен ынтымақты, ауызбіршілік пен келісімді қалыптастыруға, отбасылық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысуға, дәстүр мен салтты жаңғыртып, рухани құндылықтарды насихаттауға және де көптеген басқа да игі істерге ұйытқы болуға жағдай жасайды. Осы айтылғандардың барлығы діни мерекенің мемлекеттік деңгейде ресми түрде демалыс күні етіп жариялануына негіз болды деп пайымдаймын.

Дұрыс, бұл мерекенің маңыздылығы зор. Ал, осы құрбандық шалу мәселесімен байланысты қандай да бір кемшіліктер немесе «әттеген-ай..!» дегізетіндей олқылықтар кездеседі ме?

– Құрбан айт тек қана құрбандық шалу ғана емес, сонымен қоса ол үлкен бір мәдениет, маңызды әлеуметтік шара және қоғамға үлгі болатын айтулы мереке. Оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Әрбір дінді ұстанушының әрекеті сол діннің қадір-қасиеті мен абыройын бағамдауға жағдай жасайды. Сондықтан Құрбан айтта малды шалу барысында тек бауыздауды ғана мақсат етпей, қоғамның тазалығын ойлай отырып әрекет ету жағын да жоспарлап жүзеге асыру маңызды.

Өкінішке орай, жыл сайын құрбандық аяқталғаннан кейін ел арасында теріс пікірлер де айтылып жатады және олардың арасында назар аударарлық тұстары да бар.  Мысалы, құрбандық шалу кезінде сойылған малдардың бас-сирағы, ішек-қарыны, терілері қоқысқа лақтырылып тасталу фактілері орын алуда. Бұл жайт ежелден төрт-түлік малға, ас-ауқат пен азыққа құрметпен қарап келген халықты қынжылтып қана қоймай, наразылығын тудырды.

Малды сойып, азық қылғанның өзінде халқымыз ешқандай ысырапшылыққа жол бермегенін білеміз. Қойдың басын сыйлы қонақтарына кәде ретінде тартып, ішек-қарынды дәстүрлі тағамдарға қосқан. Ал, қойдың сирағы кішкентай балалардың таласып жейтін сүйікті асы болған. Малдың терісін де көп нәрсеге пайдаланғаны белгілі. Сондықтан да құрбандық шалу барысында, оны ұйымдастыру кезінде ысырапшылдық пен келеңсіздіктердің орын алуына мүлде жол берілмеуі керек.

Бүгінде шетелдік тәжірибелерде құрбандық малының терісін, қаны мен сүйегін қайта өңдеп шығару технологиясы қолданылады. Құрбандық малының қанынан – бояу, сүйегінен – сабын, терісінен – былғары  жасалып, шикізатты жаңа бір өнім ретінде қайта өндіруге пайдаланады. Осындай технологияларды біздің елімізде де қолданысқа енгізсе, бұл құрбандық шалу жоралғысын оңтайландырып қана қоймай, ел экономикасының жақсаруына да септігін тигізер еді.  Сол себепті қоғамда құрбандық шалу рәсімін қазіргі заманның даму талаптарына сәйкестендіру, бейімдеу мен жетілдіруге қатысты айтылған ұсыныстарды ой елегінен өткізу ерекше маңызға ие. Еліміздің дін саласындағы сарапшылары, қоғам және дін қайраткерлері, азаматтық белсенділер, әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан құрбандыққа және қажылық кезінде құрбан шалуға байланысты сын-пікірлер мен ұсыныстар көптеп айтылып келеді.

Иә, рас айтасыз. Енді сол ұсыныстар туралы, олардың арасындағы маңыздыларына тоқталып өтсеңіз?

– Мысалы, айтылып жүрген ұсыныстардың бірі – қажылық сапарындағы құрбан шалу мәселесі. Жыл сайын Құрбан айт кезінің өзінде 3000 отандасымыз қажылыққа аттанады. Сапар барысында қажыларымыз құрбан шалатындығы және өздері ғана емес, басқа да азаматтардың, яғни туыстары мен достарының өтініші бойынша өзгелердің атынан да құрбандық рәсімін орындайтыны белгілі. Бұл өз кезегінде қыруар қаражаттың шетелде қалуына себеп болуда. Осы ретте қажыларымыз құрбан шалуды онлайн тапсырыс беру арқылы елімізде орындай алатындай мүмкіндіктер қарастырылса деген пікірлер айтылуда. Мұндай жағдайда, сарапшылардың пікірінше, әр жылы шамамен 200 миллионнан астам теңге еліміздің, халқымыздың әл-ауқатын көтеруге жұмыс істер еді.

Кейбір азаматтық белсенділер, егер шариғат ғылымдарының мамандары қажыларымыз құрбандықты міндетті түрде Мекке аймағында ғана шалынуы керек деп пәтуа беретін болса, онда азаматтарымыздың құрбандыққа шалған мал еттерін Қазақстан атынан гумманитарлық көмек ретінде тарату мәселесі қарастырылса деген ұсыныстар білдіруде. Олардың айтуынша, жыл сайын қажыларымыз құрбандыққа шалған 75 тоннаға жуық қойдың еті Сауд Арабиясы Корольдігінде қалады. Ал оны Қазақстан атынан ресми түрде гумманитарлық көмек ретінде мұқтаж елдерге жөнелтетін болсақ, еліміздің сыртқы имиджіне де оң әсерін тигізетін еді дейді.

Көтеріліп жүрген өзекті ұсыныстардың тағы бірі – ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Уақып» қоры жанынан арнайы мал шаруашылығымен айналысатын агроөнеркәсіп кешенін қалыптастыру мүмкіндігі бар екендігі жайлы пікірлер. Сарапшылар Мүфтияттың өз мал шаруашылығын қалыптастыруы дін саласындағы бірнеше мәселені шешер еді деп есептейді.

Біріншіден, мешіт-медреселердің қаржылық жағдайын реттеуге, яғни өз қызметін өзі қаржыландыруына, материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етіп, заманға сай жаңартуға, коммуналдық және басқа да шығындарды өтеуге, медреседегі студенттерді өз азық-түлік өнімдерімен тамақтандыруына мүмкіндіктер тудырады.

Екіншіден, жыл сайын Құрбан айт кезінде шарықтап кететін құрбандыққа шалынатын малдың бағасын реттеуге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, мешіт жамағатының арасындағы жастарға жаңа жұмыс орындары ашылатын еді. Тіпті, еңбек терапиясын қолдану арқылы кейбір азаматтарымызға қатысты жүріп жатқан оңалту, бейімдеу жұмыстарының тиімділігін арттыра түсуге болады. Мысалы, «Жусан» операциясымен елге оралған ағайындарымызды да жұмыспен қамтуға болатын еді.

Төртіншіден, азаматтардың тарапынан зекет пен садақаны тірі мал күйінде беру дәстүрі жүйелі орнығып, уақып мүлкін көбейтуге мүмкіндік жасайды.

Бесіншіден, жоғарыда айтылғандай, құрбандық шалу барысында, оны ұйымдастыру кезінде ысырапқа жол берілмей, шетелдік тәжірибені енгізу арқылы құрбандық малының терісін, қаны мен сүйегін қайта өңдеп шығару технологиясын қолдануға жағдай жасалатын болады.

Құрбандық шалу рәсімінің ерекшеліктерін бүгінгі заман талаптарына сай жетілдіру бойынша ұсынымдар ғылыми-сарапшылық қауымдастық өкілдері, қоғам қайраткерлері, дін саласының сарапшылары, шариғат мамандары, уәкілетті мемлекеттік органдар сынды басқа да мүдделі тараптардың ортақ талқылауына түсіп, жан-жақты қарастырылса, өзекті болып тұрған мәселелер бір шешімін табатына сенімдімін.

Бізге уақыт бөліп, бүгінгідей мазмұнды сұхбат бергеніңіз үшін Сізге рахмет! Біздің оқырмандарымыз бен жалпы көпшілікке айтар тілегіңіз болса, мархабат!

– Сізге де рахмет! Жалпы, Қазақстанда Құрбан айт діни мереке ғана емес, ол халқымыздың рухани өмірінің маңызды бөлігіне айналды деп айтуға болады. Осы ретте, ұлттық дәстүрлерімізбен сабақтасқан, тамыры терең осынау мерекенің маңызын ескере отырып, Құрбан айтты күнтізбеміздегі ресми демалыс күні ретінде белгілеп берген Елбасына алғысымды айтамын.

Сонымен қоса, Қазақстан халқын, еліміздің барша мұсылман қауымын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын! Елімізге тыныштық пен бейбіт даму, көпэтносты әрі көпконфессиялы халқымызға ынтымақ пен бірлік, әр шаңыраққа амандық пен бақ-береке тілеймін. Айттан айтқа аман-есен жетейік!

Abai.kz

4 пікір