Жұма, 26 Сәуір 2024
Білгенге маржан 5019 4 пікір 13 Шілде, 2021 сағат 20:03

Ататүріктің «түтінсіз фабрикасы»

Өткенде Түркияның Туризм министрлігі мен Туризмді дамыту агенттігі ұйымдастырып, Қазақстан мен Қырғызстанның бір топ журналистері туризмі қыз-қыз қайнап жатқан Анталия қаласына сапарлап қайтқан едік.

Тауы мен теңізі тілдесіп жатқан тамаша табиғатты, мыңжылдықтардың куәсі іспетті кәрі тарих пен алуан түрлі археологиялық мұраны туризмнің табыс көзіне айналдырған туысқан елдің тыныс-тіршілігін көріп қайттық. Сол туралы аз-кем айтайық...

Түркия туризм саласына әбден машықтанған ел. Құрғақ сөз, көпірме әңгіме емес, нақтылы цифрлар, міне:

Түркия – әлемнің жер-жерінен ағылған мыңдаған, миллиондаған туристер жиі барып, қыдыратын елдер ішінде 6-орында тұрған ел. Соның ішінде, Қазақстан азаматтары демалу мақсатында жиі баратын үздік 5 елдің қатарында көш бастап тұрған ел. Ал 2021 жылғы сауалнама бойынша, әлемдік туристер таңдауы түскен елдердің ішінде алғашқы ондықта.

Бізге жол бастап жүрген қыз-жігіттердің (гид-ред.) айтуынша, Түркия жыл сайын тек қана туризмнен 60 млрд долларға жуық пайда көріп келіпті. Ақырғы екі жылда бүкіл әлемге тараған пандемия Түркия турзимінің де тынысын тарылтып, аяғына тұсау салғаны жасырын емес.

«Қазір індетті жеңу үшін жаппай екпе салу жүргізіліп жатыр. Біздегі 85 млн-ға жуық адамның 47 миллионына екпе салынды. Бұл туризмді барынша қауіпсіз ету үшін өте маңызды. Екпеге дейін елде індет жұқтырушылар саны 50 мыңнан көп еді. Қазір 2-3 мыңның айналасында. Биыл туризм саласынан кемі 20 млрд доллар табыс табамыз деп отырмыз», - дейді Түркияның Туризм министрлігінің өкілдері.

Түркия туризмінің жылдық табысы – 60 млрд долларға жуықтайды екен. Бұл түрік экономикасының 40 пайызынан көп бөлігін құрайтын сома.

Биыл маусым аяқталар уақытта түрік президенті Режеп Тайып Ердоған: «Жыл сайын Түркияда демалатын туристер бұл жерден бас тартпайды. Біз Covid-19 індеті кезеңінде туризмді мықтап ұстап тұру үшін көп жұмыс жасадық. Енді мемлекетіміз бірте-бірте саяхат шектемелерін алып, карантин тізімінен шыға бастады», - деп сөйлеген еді.

Індетке дейін Түркияға 40-45 миллион турист келіп демалса, пандемия мен экономикалық дағдарыс қос бүйірден қысқан алағай да бұлағай кезеңде шетелдік туристер саны 70 пайызға азайған екен.

Екі жылға жуық тұралап тұрған Түркия туризмі 1-шілдеден бастап әлемдік туристерге есігін айқара ашты. «Қауіпсіз туризм» (save tourism) концепциясын ұсынды. Алғашқы бір аптаның өзінде әлемнің әр түкпірінен 300 мыңға жуық адам ағылып келіпті.

«Біздің президентіміз 1-шілдеден бастап елдегі бірқатар карантиндік шеуктеулерді алып тастау туралы шешім шығарды. Пандемияға байланысты жарияланған коменданттық сағатты алды. Елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Алғашқы аптаның өзінде Анталияға 300 мыңнан көп турист келді», - дейді Туризм министрлігінің өкілі.

Біз барған Анталияға туризм саласы қыз-қыз қайнаған жаз айларында миллиондаған адам жиналады. Себебі – мұнда туристерге қолайлы жағдай жасалған. Жолы теп-тегіс, қала Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан. Теңіз суына шомылып, күнге қыздырыну, сауда-саттық жасап, тарихи орындарды аралау үшін барлық инфрақұрылым іске қосылған. Қызмет көрсету сапасы жоғары.

Екінші жағынан далаға шықсаңыз, тамылжып тұрған табиғатқа кез боласыз. Қысқасын айтқанда, мұнда адам жанына қажеттінің бәрі бар. Сауда-саттық жасағыңыз келсе, қаптаған базарлар мен шайханалар, ондағы адамның асты-үстіне түсіп тұратын түрік саудагерлері сізді ескі танысындай қарсы алады. Түркия туризмінің тартымдылығының өзі осындай бірнеше факторды қамтитын болса керек.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, Түркия туризмін дамытуды түрік көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік  бастаған екен. Ол өз отандастарына: «Мен сендерге түтінсіз фабрика салып беремін», - деп уәде еткен көрінеді. Сол айтқан «түтінсіз фабрика» - бүгінгі Түркия туризмі.

Түркияның тамаша табиғаты мен тамыры тереңге жайылған бай тарихын, бірнеше империяның көзін көрген көне археологиялық жәдігерлерін кәдеге жаратуды алғаш болып Ататүрік қолға алыпты. Ол қалай болды десеңіз, туризмді қалыптастыру һәм дамыту үшін Ататүрк әуелі бұрынғы патша әулетінің меншігіндегі жағалауларды мемлекет иелігіне қайтарып, оларды іскер азаматтарға (кәсіпкерлерге) береді. Бастапқыда мемлекет үш мәселеге көңіл бөлген екен. Олар: туристік қызметтің сапасы мен бағасы, әлем туристерін қызықтыратын инфрақұрылым және шетелден инвестор тарту. Бұл аталған үш мәселегі жолға қойғаннан соң, туризм саласының мамандарын даярлай бастайды.

Ал бүгінгі Түркияның 2023 жылға дейін жоспарланған арнайы мемлекеттік бағдарламасы бар екен. Ол бойынша, Түрік Республикасының құрылғанына 100 жыл толатын 2023 жылы Түркия ұзын-саны 100 миллион туристі қабылдауға әзір болуы керек.

Айналасы 4-5 күндік сапарымызда Ақ теңіздің (Жерорта теңізі) жағасындағы Анталия мен оған жақын орналасқан ілірі-ұсақты антикалық қалаларды араладық. Сөз басында айтқанымыздай, Түркия мыңдаған жылдық қат-қат тарихтың куәсіндей алуан түрлі археологиялық жәдігерлерді аман сақтап қана қоймай, оны әлем туристерінің наразына ұсынып отыр. Қараңыз:

Анталиядан 70 шақырым жерде орналасқан көне Сиде – ежелгі Грек қаласы. Біздің заманымызға дейінгі VII-ғасыр жәдігері. Әйгілі Александр Македонский дәуірінен бастап, Рим империясының көзін көрген қала. Мұндағы Аполлон мен Афина ғибадатханаларынан қалған археологиялық ескерткіштер миллиондаған туристің көз жауын алатыны сөзсіз.

Онан соң, Анталиядан 35 шақырым жерде орналасқан тағы бір көне шаһар – Аспендос қаласы һәм Аспендос колизейі. Атақты Троя шайқасының куәгері. Біздің дәуірімізге дейінгі 333 ж. парсылардан Македонскийге өткен. Рим империясының құрамына кірген. Әйгілі Памфилияның үш ірі қаласының бірі болған.

Немесе Анталиядан 12 шақырым жерге орналасқан ежелгі Перге қаласы. Бұл қала да Троя шайқасын көрген. Б.з.д. 333 ж. Александр Македонскийге соғыссыз берілген. Византия дәуірін, арап шапқыншылығы мен селжүктердің шапқыншылығын көрген. Бұл шаһарда біздің дәуірімізге дейінгі 262 жылы әйгілі математик Аполлоний дүниеге келген. 1946 жылдан басталған археологиялық қазба жұмыстары күні бүгінге дейін жүргізіліп келеді. Перге қаласы өркендеп тұрған уақытта мұнда 20 мыңнан астам адам тұрыпты. Осындай көне жәдігерлер мен ескерткіштер, тарихи орындар мен туристік нысандар әлемнің алуан түрлі елінен ағылып жатқан миллиондаған адамды еріксіз өзіне тартып, Ататүрк негізін қалаған «түтінсіз фабриканың» негізіне айналып отыр.

Түйін. Жоғарыда, Түркия билігінің 1-шілдеден бастап туристерді шақыра бастағанын жаздық. Пандемиялық шектеулерді алып тастаған аз ғана уақыттың ішінде әлемнің әр түкіпірінен 1,5 миллионға жуық турист Түркияға келіп үлгеріпті. Биылғы жылдың алғашқы жартысында Қазақстаннан Түркияға барғандары саны 45 мыңға жуықтайды екен. Енді бұл сандар еселеп өсетіні және анық...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

4 пікір