Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Алаң 3548 1 пікір 24 Маусым, 2021 сағат 17:40

Ерікті вакцина алу "мәжбүрлі науқанға" ұласпасын

Қазақстанда вакцина егу шаралары көңіл көншітерлік деңгейде емес. Билік халықты вакцина алуға жаппай шақырса да, ниеттілер саны аз. Вакцина алу науқанының бес айына қарамастан елімізде вирусқа қарсы егілгендер саны бар-жоғы 2.9 млн адамды құрайды. Бұл өте аз. ДДСҰ нұсқаулығына сай мемлекет карантиндік шектеулерді азайтып, ашық формада жұмыс істеуге мүмкіндік алу үшін кемі ел халқының 65% вакцина алуы міндетті. Алайда Қазақстанда ол көрсеткіш 10%-дан сәл ғана жоғары. Жалпы ТМД елдері вакцина алу жағынан артта келеді. ТМД аймағында халықтың 13% ғана вакцина алған. Демек вирустың әр кезең сайын өршіп тұруы заңды құбылыс. 

Күні кеше  Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифинг барысында Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова жұмыс орнындағы ұжымда 20 адамнан артық болса, міндетті түрде вакцина алу керектігін ескертті. Өз сөзінде ол: "Бүгін біз ұжымға қатысты сөз қозғағанымызда, 20 адамнан асатын кез келген ұжымды айтып отырмыз.  Яғни ұжымында 20 адамнан асатын әр жерде міндетті түрде вакцина алу немесе әр 7 күн сайын ПТР тест тапсырылуы тиіс" деді. Яғни елімізде вакцинаны қабылдау мәжбүрлі түрде іске аспайды десе де, сіздің ұжымыңызда 20 адамнан көп халық жұмыс істесе, онда вакцина алуға міндеттісіз. Әр 7 күн сайын ПТР тест тапсырудың мүмкін еместігіе қаржылық тұрғыдан есептесек, түбі вакцина алуға шешім қабылдайтыныңыз анық.

Вакцина алуға мәжбүрлеу Конституциялық тұрғыдан қате екені айтпаса да түсінікті. Бұл туралы белгілі заңгер Жангелді Сүлейменов былай дейді. "Егер жұмыс беруші талап етіп, вакцина алуға мәжбүрлесе онда сіз Еңбек инспекциясы басқармасына шағымдануыңыз керек. Бізде әр аймақта  еңбек құқықтарының сақталуын бақылайтын инспекциялар бар. Кемшілігі бұл жағдайда жанжал туындайды, жұмыс берушінің тарапынан қудалануыңыз мүмкін. Және өте маңызды мәселе - бұл жағдайда сізден мәжбүрлегенін дәлелдеуіңізді талап етеді. Ауызша дәлелдемелер қабылданбауы мүмкін, сондықтан олармен байланысқа шықпас бұрын қызметкер жұмыс берушіден вакцинацияның міндетті екендігі туралы хат немесе бұйрық сұрауы керек", - дейді заңгер.  Әрине, ондай хат пен құжаттың жазылмайтындығын біліп отырмыз. Жұмыс берушінің басы екеу емес, алайда түрлі сылтау тауып вакцина алмағандарға қысым жасап, жұмыстан қысқартуға дейін әрекет жасалуы мүмкін екен деген күдік те жоқ емес. 

Министрдің күзге дейін 10 млн вакцина алады деген сөзі бар. Алайда әзірге сол уәденің тек қана 29% орындалды. Ал күзге бар-жоғы екі жарым ай қалды. Сондықтан уәдені орындау науқаншылдыққа айналып кетпесіне кім кепіл?! Вакцина алу яки одан бас тарту әр азаматтың Конституциялық құқығы. Бұл саналы тұрғыдан жасалатын шешім. Сондықтан бұл мәселеде мәжбүрлеу болмауы тиіс. Оның үстіне халық қандай вакцина алатынына таңдау жасай алуы да маңызды. ДДСҰ тарапынан мақұлданбаған, клиникалық сынақтан әлі толық өтпеген вакцинаны алу-алмау мәселесін де халық шешуі қажет.

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1523
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1379
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1129
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1151