Жұма, 26 Сәуір 2024
Алашорда 12076 23 пікір 22 Маусым, 2021 сағат 12:53

Ахмет пен Міржақыптың үстінен домалақ арыз жазған кімдер? (жалғасы)

Үстіміздегі жылдың 11 маусымында осындай тақырыппен Abai.kz порталында біздің мақаламыз жарық көрген болатын. Атылмыш жариялым оқырманның үлкен қызығушылығын тудырып 10 тәуліктің ішінде (21.06.2021. сағ.16.00) 13200-ден астам қаралым болды (1 сурет):

Пікір қалдырғандардың да қатары қалың. Жасырын есіммен жазған бірнеше кісілер мұндай мақалалар тәуелсіз елдің бірлігіне зиянын тигізеді деп санайды. Біздер мұндай мазмұндағы пікірлермен келіспейміз. Ұлттың сана тұрғысынан ұйысу жолы дәмі кермек, тіпті, ащы жолдар арқылы жүреді. Өз тарихының бұралаң жолы мен бұлдыр шындығын шынайы тани алмаған халықтың ұлттық бірлігі ешқашан берік болып қалыптаспайды. Біздің ұстаным осылай. 13 мыңнан асқан қаралым ішінде осы ойды жақтайтын кісілердің қатары қалың деп есептейміз.

Әлқисса, алдыңғы мақалада арызқойлар бір мезетте төрт мемлекеттік мекемеге шағымданғанын, ол шағымдар ішінде Орынбор губернаторы мен Ішкі істер министрлігіне жазылған арыздарды архивте кездестіре алғанымызды айтқан болатынбыз. Ендігі кезекте Ішкі істер министрлігіне бағытталған шағымды талдамақпыз. Бұл Орынбор губернаторына бағытталған  шағымнан бұрын жазылған.  Шағымның жазылған уақыты – 30 тамыз 1914 жыл. Бұл түп нұсқа емес, тасқа теріліп, Орынбор губерниялық жандармия басқарма басшысының жеке қолы мен мөрі арқылы расталған көшірме.

Құжаттың  мазмұны арызқойлардың Орынбор губернаторына жазған шағымынан алшақ кетпейді. Мақсаты – «Қазақ» газетінің редакторы А.Байтұрсынұлы мен оның хатшысы М.Дулатұлының бүлікшілік әрекеттері мен сыбайластарын әшкерелеу, ал талаптары – «Қазақ» газетін жабу, «бүлікшілерді» Орынбордан қуып шығару. Жазып отырғандар – беймәлім бесеу (2 сурет):

Шағымның кіріспесі Орынбор қаласында «Қазақ» атты газет шығатынын, оларды шығарушылар әлдеқандай бір ісімен назарға ілініп, Семей губернаторының өкімімен түрмеге жабылып, полиция бақылауында болатын әкімшілік жаза  кесіліп, сыртқа қуылған «сенімсіз, таңбалы  кісілердің» (порочность) - А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының газет шығарып жатқандығын баяндауға құрылған (3 сурет):

Кіріспелік баяндау сол «сенімсіз кісілердің» газет шығару ісіне қалайша рұқсат алғанына таңданыс білдірген жолдарға ұласады және оның себебін Торғай облыстық басқармасында түрлі лауазымдық қызмет атқарып жүрген тілектес әрі  серіктес кісілердің  көмегі арқылы жүзеге асқан деп түсіндіреді. «Қазақ» газетін шығарушылардың әркеттерін бүркемелеп жүрген тілектес кісілердің қатарында мұсылмандық басылымдардың цензоры, Торғай облыстық басқармасының аудармашысы М.Тұнғаншин, Орынбор округтік сотының хатышысы С.Қадырбаевтармен бірге сол соттың аудармашысы Балғымбаев, Орал облысы Темір уезінің Шарулар жетекшілері жиынының (сьезінің) басшысы Б.Есмахановтардың (Исмаханов) аты аталады. Олар газетті ашуға және оның тұрақты оқырмандары қатарын қызметтік-лауазымдық ықпалымен қалыптастырған (4 сурет):

Облыстық басқарамада қызмет жасай жүріп «Қазақ» газетін  бүркемелеп жүрген қазақ шенуніктердің шеңберін айқындағаннан шағымданушылар А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының «бүлікшілдік» идеяларын санамалап шығады. Оны олар мазмұндық сипатына қарай төрт топқа бөледі: жерге орналастыру, сыбайластық, отаршылдық, Ресей-герман соғысы мәселелері.

Арызқойлар ең алдымен олардың жер мәселесіне қатысты көзқарастарының зиянын айтады. Жерге орналаластыру мәселесі бойынша А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының насихтап жүрген ойлары өте қауіпті. Себебі олар жерге орналастыру мәселесі азаматтық-мүліктік қатынас тұрғысынан қазақтарға қатысты болмауы керек, қоныс аударушыларға (перселендерге) жерді жалға бермей, олармен ешбір тауар айырбастамай, олармен жиі-жиі жанжалдасу қажет деп санайды. Сол жағдайда перселендер кейін қайтып, жер қазақтың өзіне қалады. Бұған қоса «жаңа мұғалімдер» (арнайы мұғалімдің оқу орнын бітірген, жоғары білімі жоқ А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлын мысқылдап отыр-автор) І Думада қабылданған отырықшы болам деген қазақтарға 15 десятина жер беру нормасы ешқандай ақыл ісіне жатпайтын алдау мен арбауға құралған шешім деп санайды. Мұндай ойлар қараңғы қазақтың қалың тобына «ұнайды», соның салдарынан қазақтар мен переселендер арасына өшпенділік сызаты түсіп, қақтығыс пен жанжалдар орын алып, кісі өліміне дейін барған (5 сурет):

Жұрт арасына түскен жанжалдан Облыстық басқармада қызмет жасап жүрген шенеуніктер де, «Қазақ» газетін шығарушылар да өз пайдасын көріп отыр. Сот істері бойынша Қадырбаев пен Балғымбаев, әкімшілік істерден Тұнғашин мен Есмаханов, жерге орналастыру жұмыстары бойынша А.Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы өз қалталарын қампайтуда. Шағымданушылар тағдырдың жазуы А.Байтұрсынұлының орайына түскенін, осылайша ол Торғай-Орал облыстарының қоныс аударушылар басқармасында қызмет жасайтынына күйінеді. Бұлардың ісіне шағымданушылардың өз бастарына зобалаі тудырады. Қысқасы, А. Байтұрсынұлы мықты ұйымдасқан топ (шайка) құрған (6 сурет):

Шағымның келесі бөлігі «сенімсіз» тұлғалардың қазақтардың отаршылдық құрығына ілігу тарихына көзқарастарын сынауды сөз еткен. Онда «Жаңа мұғалімдер» қазақтар бодандықты өз еркінен тыс қабылдағанын, хан-сұлтандар қара халықты сатқанын, сол үшін үкімет тарапынан «ақсүйектік» (дворяндық) мәртебеге ие болып, жер мәселесінде жеңілдіктер алғандығын сынайды. Шағымданушылар мұны жалған ақпарат деп санайды. Хан-сұлтандардың тұқымынан «ақсүйектік» мәртебе алғандар - патша тарапынан генералдық шен алғандардың ғана үрім-бұтағы. Мұндай арандатушылық ақпараттар қарапайым халықтың кезінде қазақтарды патша бодандығына алып келген хан-сұлтандарға деген өшпенділігін туғызады және оның арты үлкен жанжалға ұласуы мүмкін деген қауіп-қатерді алға тартады (7 сурет):

Шағым мазмұнында көтергенілген келесі бір мәселесі «Қазақ» газетін шығарушылардың соғыс мәселесіне деген көзқарасын «әшкерелеуге» бағытталған. Соғыста немістер жеңіп шығуы тиіс. Өйткені оларды жеңімпаз Түрік мемлекеті қолдап отыр. Біздер орыс әскеріне жәрдемдеспеуіміз керек. Неміс пен түріктер жеңіп шықса, жаңа үкімет переселендері қазақ жерінен қуып шығады (8 сурет):

А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының мұндай ойлары біздің ойымызға мүлдем жат. Біздер орыс ПАТШАСЫНА (бас әріптермен жазылған) адал болуға ант бергенбіз, сол анттың жолында жанымызды береміз. Бізді құрдымға тартып бара жатқан «қалаусыз келген», қауіпті  мұғалімдерден құтылу үшін шағымданып отырмыз. Ұйымдасқан топты талқандап, «Қазақ» газетін жауып, оған қатысы бар кісілерді Орынбордан, Торғай мен Орал облыстарынның шекарасынан қуып шығару қажет, себебі олардың идеялары облыс көлеміне терең тамыр жайып барады (9 сурет):

Шағымның осы бір бөлігінде арызданушылар әлдебір универсанттың А.Байтұрсынұлына қарсы шыққандықтан, ол редакторлық  қызметті  өзіне тілектес адамға өткізіп берген деп мақтанады. Сірә, үкіметке адал  сол универсантқа қолында  билігі бар кісілер назар аударса деп тілейтін секілді. Ал шағымның соңғы бөлігінде арызданушылар Торғай облысының губернаторына арыз жазбай, одан жоғары тұрған мекемеге тікелей шыққан себептерін түсіндіреді. Облыстық басқармада А.Байтұрсынұлын  ғұлама (гения) санайтындар бар, біз солардың қуғын-сүргінен қорқамыз. Ал әділдік істері мен қажыр-қайраты мол Орынбор губернаторына шықпай отырған себебіміз  ол қазақтарды толық білмейді деп қорытындылайды (10 сурет):

Бірақ олар бірнеше күннен кейін Орынбор губернаторына да шағым түсіреді. Ол шағымды біздер мақаланың бірінші бөлімінде талдаған болатынбыз. Шағымның түпнұсқадан (түпнұсқа қолмен жазылған болуы керек) баспалық нұсқаға бүкпесіз, тура  көшірілгенін растап Орынбор губерниялық Жандермия басқармасының басшысы генерал-майор Бабич жеке қолы мен мекеменің мөрін басқан. Бұдан әрі қарай оқиға қалай өрбейтіні патшалық тоталитарлық-әміршілдік кезеңнің  тарихынан хабары бар азаматтарға таныс деп ойлаймыз... Дей тұрсақ та, оны келесі талдаудың еншісіне қалдырған жөн деп санаймыз.

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінің профессоры

Мақала ҚР БҒМ Ғылым комитетінің 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми гранттық қаржыландыруға ие болған «А.Байтұрсынұлының ауылдық мектептердегі ағартушылық және қоғамдық қызметі (жаңа архивтік деректер мен өлкетанушылық мағлұматтар, тұлғаның тыңнан табылған шығармалары негізінде)» атты Жоба негізінде дайындалды.

Abai.kz

23 пікір