Жексенбі, 25 Шілде 2021
3531 10 пікір 18 Маусым, 2021 сағат 15:22

Қазақтың жеріне ие болайық, десек…

1921 жылы 16 ақпанда Қазақ ОАК-інің шешімімен Ақмола және Семей облыстарын Қазақстанға қосатын және олардың басқару аппаратын жасақтайтын Төтенше өкілдігі бар комиссия құрылды. Комиссияның төрағалығына С. Меңдешев, мүшелігіне С. Сейфуллин, Ә. Досов, Ғ. Әлібеков, П. Заромский кірді. Төтенше Комиссия жайында Ереже бекітілді. Бұл жөнінде С. Сейфуллинге берілген № 654 мандатта: «Қазақ ОАК-і Президиумының мүшесі С. Сейфуллин Ақмола және Семей облыстарын қабылдап алатын және оларды басқару аппаратын құратын Төтенше – Өкілетті Комиссияның мүшесі. С. Сейфуллиннің құқы мен өкілеттілігі Қазақ ОАК-нің І сессиясында қабылданған комиссия туралы Ережеге сәйкес белгіленді» – делінген. С.Сейфуллиннің мұндай аса жауапты мемлекетаралық мәселе шешетін комиссияға мүше болуы кездейсоқ емес.

Себебі, Қазақ республикасы аумағының тұтастығын қалпына келтірудегі көкейкесті мәселені шешуде С. Сейфуллин бұған дейін республикалық Әкімшілік комиссиясының құрамында істеген және Жер комиссиясын басқарып. тәжірибеден өткен, Ақмола және Семей облыстарының тарихи-этникалық және географиялық жағдайын жақсы білетін, мұның алдында осы мәселе жөнінде Орталықтағы басшылармен сөйлесіп кеңес алған, мойнына алған істі аяғына дейін жеткізе алатын табанды қайраткер болатын.

Құрылтай сьезінің шешімдеріне қарамастан, жаңадан ұйымдасып жатқан Қазақ Республикасының соллтүстік-шығыс аумақтарына қатысты түйткіл мәселелер 1921 жылдың басында да шешіле қоймады. Осыған байланысты 17 наурызда Ә. Әйтиевтің қолымен Мәскеудегі жоғары билік органдарына Сібірревкомның іс-әрекетіне наразылық хат жолданды. Сол кезде қазақтың бір сүйем жері үшін жан сала күрескен қайраткерлердің еңбегін көзге елестету үшін мына құпия құжатқа көз салайық.

Қазақстан Орталық атқару комитетінің (КазЦИК) сондай-ақ, Қазақстан шегарасын реттеу туралы төтенше комиссияның төрағасы Сейітқали Меңдешев 1921 жылы 19 наурызда Петропавлдан Мәскеуге жолдаған шұғыл жеделхатында былай делінген: «Құпия. Мәскеу.Қазақстан өкілдігіне. БОАК мүшесі Мырзағалиевке. Шегара жөніндегі пікірім мынадай: Семей губерниясы, Ертіс және Павлодар аудандарын қалдыру туралы табанды болыңыз. Ал, Омбы қаласын Қазақстанға қосу жөнінде мәселе асқынатын болса, күштемей-ақ қойыңыз. Біздің өкіліміздің Ертіске шығуы (яғни, Ертіске қол жеткізу.-З.Т.) туралы ұсынысымызды өткізу қажет. Ең болмаса, Омбы уезінің қазағы басым бөлігін алып, Ертіске қол жеткізумен шектелуге болар. Есіңізде болсын, бұл мәселені федералдық биліктің алдына қойғанда, бұл қазақтар Омбы уезінде қалса, сөзсіз қырғынға ұшырайды, біз оларды аман сақтап қалуға күш салып отырғанымызды жеткізіңіз» [1].

1921 жылдың 19 наурызында Төтенше комиссия мүшелері Петропавлға келді, одан кейін Омбыда Сибревкоммен екі жақтың 10 адамынан біріккен комиссия құрылып, 26 наурыздан 12 мамырға дейін жұмыс жасады. Комиссияның техникалық органы ретінде комиссия құрамынан бюро құрылып, оған жауапты хатшылыққа Михеев тағайындалды. Комиссияның ұйғаруымен таяу арада қосылатын екі облыста кеңестер сайлауына дайындық жұмыстарын жүргізу қаралды. С.Сейфуллинге еңбекші қазақ халқына кеңестер сайлауына байланысты үндеу құрастырып, оны газет бетіне жариялау және жемқорлық пен парақорлықты болдырмау кеңестік органдардың бақылауында екенін атап көрсету тапсырылды.

1921 жылдың 12 мамырына дейінгі аралықта комиссия 6 рет, бюро мәжілісі 15 рет жиналды. Бастапқыда ұйымдық мәселелерде келісімге келгенімен, мемлекетаралық шекараға байланысты мәселеде Сібір ревкомының өкілдері шовинистік, ұлтшылдық пиғылдарын айқын көрсетті. Өте тартысты жағдайда өткен 1921 жылғы 7 сәуірдегі біріккен комиссия мәжілісінде екі жақтың мүдделері қайшы келді. Мәжіліске Сібірревком жағынан Чуцкаев, Михеев, Дубровский, Темкин, Шиша, қазақтардан: Меңдешев, Сейфуллин, Заромский, Досов, Әлібеков, Сергеев, Әйтиев, Попов қатысты.

Совет өкіметінің алғашқы айларында Қазақстанға тиесілі жерлерді түгендегенде, Республика билігінің назарында бұрынғы Омбы облысы да болғанын осыдан көреміз.

Омбы уезінің жері ХХ ғасырдың басында басқалармен салыстырғанда шағын болды, яғни 41049 шаршы шақырым. Мұның 77 проценті қазақтардың үлесінде екені көрсетілген [2].Бұл уезінде бұрынғы Көкшетау округінің: Бағы-Бағыш, Ақты-Мөнтік, Сары-Қарауыл болыстарынан, Ақмола облысының: Төлеке-Құрсары -Керей, Малай-Бақтыбай-Құрсары-Керей, Құлатай-Қыпшақ, Қанжығалы болысының 65 шаңырағы және Баянауыл округіндегі қанжығалының 40 түтіні қосылды.

Омбы уезінің негізгі халқы Орта Жүздің арғын, қыпшақ және керей тайпаларының қазақтары еді.

Оқырмандарға түсінікті болу үшін қазақтардың қауқары кеміп, ата қонысынан ығыстырылып, өңшең шөлейт қырға қоныстана бастағаны, әсіресе, дәл осы кез екендігін атап кеткіміз келеді. Жоғарыдағы деректерде «қазақтарға тиесілі» деп тіркелген жерлер аумағы жағынан өте көп көрінгенімен, адамдардың тіршілік-шаруашылығына қолайсыз, құнарсыз жерлер болатын. Оның бір ғана айғағын Ертіс, Есіл, Нұра, Тобыл өзендерінің екі жағалауындағы топырағы құнарлы, сулы-нулы аймақтардағы жер-қоныс атауларының арасында басқа тілдегісі басым, қазақшасының осы уақытқа дейін сирек екендігінен-ақ білуге болады. Мұндай шұрайлы жерлерді басып алған «қоныстанушылар» кейін дауға қалмас үшін сол жерлерді өз қалауынша тезірек орысшалап, «шоқындырып» жіберген.

Керісінше, егін шықпайтын, тастақ, суы сораң немесе ащы, қырға қарай қазақша атаулар көбейе береді. Бұл жағдай әлі де сол күйінде, өзгерместен сақталып отыр. Себебі, бұл жерлерді «еуропалық ұлт өкілдері» мекендеп келген.

Көп ұлтты империяға айналған Ресей ХҮІІІ ғасырдың аяғында, Абылай хан дүниеден өтісімен-ақ, қазақ қоғамын, қазақ елін мемлекеттік тұтастығынан айыру, сол арқылы қазақ жеріне баса-көктеп ену саясатын жүйелі және мақсатты түрде жүргізді. Уақыты келді-ау дегенде 1822 және 1868 жылғы реформалар нәтижесінде Ресей өкіметі қазақ даласында әскери-феодалдық басқару жүйесін орнатты.

Соның салдарынан өзін-өзі қорғау қабілетінен айырылған қазақ қоғамы Ресей империясының экспансиялық саясатына жалпыұлттық деңгейде қарсылық көрсете алмады. Оның мәнісін Абай атамыз айтып кеткендей, «Бас-басына би болған өңшең қиқым...», «Арқаға ұлық қаққанға мәз болған парақор болыстар...» билікке келген болатын. Сөйтіп, қазақ халқы ғасырлар бойы қан төгіп, қорғап келген жерінің ең құнарлы, шаруашылыққа қолайлы бөлігінен бірте-бірте айырылды. Патша әкімшілігі тәуір жерлерді «артық жер», «көшпелі және отырықшы норма», «жерге орналастыру» сияқты әдістерді қолданып, тартып алды [3].

Әлбетте, бұл кездейсоқтық емес еді. Ресей патшалығының біртіндеп, мемлекеттік деңгейде жүргізген отарлық саясатының нәтижесі осындай. Тіпті, бертін келе, ХХ ғасырдың басында да Қазақстанның барлық аймақтарындағы құнарлы жерлерді түгелге дерлік қазақтардан тартып алғаннан кейін де, бұл мәселеге шектеу жасалмады. Мұның бәрі жер-су атауларының өзгеріп, ежелгі иелеріне жат болуына әкеп соқты.

1907 жылы Петербургте қазақтардың жер мәселесі бойынша наразылық арыздары қаралғанда, Ресей егіншілік департаментінің директоры Крюков өз баяндамасында мына сөздерді айтқаны тарихтан белгілі: «Америкалықтар үндістерді туған жерінен шөл және шөлейт жерлерге қуып, қандай саясат жүргізсе, бізде қазақтарға сондай саясат ұстануымыз керек» [4].

Қазақстанның солтүстік аймағының географиялық жағдайы мен мекендеген халықтың ұлттық құрамына байланысты бұл өңірде жер-су аттарының орынсыз өзгеріске түсуінің тарихы мүлде әріден басталатынын айттық. Ресей отаршылығымен бетпе-бет келген өңірдегі қазақтардың тілі мен діліне, ұлттық салт-санасына нұқсан келтіре отырып, жергілікті халықты маргиналдық санадағы тобырға айналдыру екі жарым ғасыр бойы им-периялық саясат негізінде жүйелі түрде жүргізілді.

Зерттеуші В.Н. Алексеенконың жинаған деректері бойынша 1870-1906 жылдар арасында, яғни 36 жыл бойы Қыр өлкесіне Ресейден ауып келгендер саны 521 мың адам болса, Столыпин реформасы деп аталатын 1906-1914 жылдарда ғана 714 мың адам қоныс аударған...Осылайша, 1910 жылдың өзінде Ақмола облысына Екатеринослав, Полтава, Самара, Харьков Херсон губернияларынан екі жүз мыңдай қарашекпен көшіп келді. 917 жылғы мемлеекеттік мәлімет бойынша Ақмола облысында славян нәсілді жұртшылық 882 мың 300 ге жеткен екен [5].

Қоныс аударушылар қазақ жеріне аяқ басысымен, сол жерге өз тілінде ат қоятын. Сөйтіп, ежелгі Ащыкөл, Тұщыкөлдер – Горькое, Пресное болып шыға келді.

Мысалы, қазіргі Мамлют ауданының орталығы Мамлютка қаласының атауы жөнінде мынадай мағлұматтар анықталды.

Ресей империясының 1822 жылғы «Сібір қазақтары жөніндегі» Жарғы (Сперанский жарғысы) бойынша Қазақстанның солтүстік өңіріндегі әкімшілік өзгерістердің заңды жалғасы ретінде 1824 жылы 29-сәуірде Көкшетау сыртқы округі құрылғанын айттық. Округ немесе дуан құрамына кіретін қазақтар алдымен «Ақ патшаға» адалдық антын беруге тиіс болды. Ол үшін орыс әкімшілігінің өкілдері Көкшетауға өздерімен бірге бірнеше татар молласын ала келген. Олардың ішінде бұл өңірмен Абылай заманынан бұрыннан қарым-қатынасы бар, мал саудасымен айналысатын Усман Мәулітов деген молла да болған. Ол Жылғара Байтоқиннің «тамыры», яғни жақсы сыйласқан досы екен.

Көкшетау дуанының аға сұлтаны Ғұбайдолла Уәлиханұлы Усман молланы бала оқытуға шақырып, қоныс беруге уағдаласады. Сол Усман Мәулітов 1830 жылғы наурызда Рысай-атығай болысының аумағына көшіп келеді. Оған Есіл өзенінің жағасында, Новоникольск редутынан қырық шақырым жердегі «Тасыбек тоғайы» деген жерден үй салуға, Қарағаш деген жерден (Кіндікті, Талдыкөл, Жалтыркөл маңайы) пішен дайындауға жер кесіліп беріледі [6].

Алғашқы 4 жылда Мәулітовтер үш үй салып алады. Ірі қара өсіріп, кәсіппен айналыса бастайды. Усман мектебінде қазақтың елу баласы дәріс алады. Бұл елді мекеннің салынуына байланысты архив құжаттарында ел ағасы Шана (немесе Шона), оның інілері Сүйік және Мәтен Онышевтар, Кәмәл Жұматай, Табылды Тасыбеков деген адамдардың есімдері аталады. (Қазір де ұрпақтары болуға тиіс). Тасыбек тоғайынан алты шақырым жерде Шаңырақ қарасу деген көл аты кездеседі.

Жылдар өтіп, бұл елді мекеннің аты Мәуліт, орысшасы Мамлютка болып өзгеріп кеткен.

Жер-су атын өзгерту – жай әуесқойлық емес, сол маңайда бұрын ешқандай халық мекендемеген, демек, иесіз жерге қазық қағуға болады деген жымысқы саясатпен әдейі жасалған шара екені мәлім. Және мұндай ат қою немесе байырғы қазақы атауларды өзгерту ешқашан тоқтамастан, бірте-бірте жүргізіліп келді. Бұған, сонымен қатар, қазақы атаулардың өзінің транскрипциясын өзгертіп, адам танымастай қалыпқа түсіргендікті де қосу керек (Мысалы: Шабақты – Чебашье, Тереңкөл – Торангул, Тоқыш – Токушино, Асан – Асаново т.с.с).

М. Сперанскийдің жобасы қазақтың кең даласын бір ғана Ресейдің бодандығына түбегейлі көшіру жоспары болатын. Орта Жүздің ханы Уәли Абылайұлының қазасын сәті келген жағдай деп есептеп, Ресей империясы Қазақстандағы хандық билікті мүлде жойып жіберді.

Омбы деп аталатын жаңа облыс құрылғанда, «Сібір қазақтарының Жарғысы» деген құжат өмірге келді. Отарлау саясатының білгір мамандарының бірі Корф бұл жоспар жөнінде кезінде былай деп жазған болатын:

«Қазақ даласын осы бір ғана құжат арқылы бейбіт жолмен басып алудың маңызы өз кезінде қалай бағаланса да, тарихи тұрғыда бұл өзі аса зор маңызды факт болатын» [7].

Ал, Сперанский Капцевичке жазған құпия хатында өз жоспарының ішкі сырын былайша ашқан:

«Қазақ даласына қарай басқан әрбір қадамымыз батылдық болып көрінетіні рас. Бірақ, Жарғыда бұл қадамдар – мақсат, түпкі бағыт, беталысымызды түзеп алу тұрғысында көрсетілген. Бәлкім, бұл мақсатқа жарты ғасыр өткеннен кейін жетерміз. Әзірше сенімсіздеу, баяу жылжып келе жатсақ та, айқын жоспарымыз бар, бағытымыз дұрыс. Жергілікті жағдайлардың аңысын аңдып, қолайлы сәтті қалт жіберіп алмасақ болғаны.

Осылайша, Қыр өлкесіне қарай жылжып, азаматтық өзгерістерді («жер-су атауын өзгертуді» деген сөз.-З.Т.) қазақ арасына бірте-бірте енгізіп отыру – Глазенап марқұмның үшінші шекара шебін тарту жөніндегі ұсынысына қарағанда, ең қолайлы әдіс» [8].

Қазақ жерлеріне қарай жылжудың екінші кезеңі Қыр өлкесінің генерал-губернаторы Х.Гасфорттың кезінде, 1854 жылы Омбы облысы таратылып, Ақмола және Семей облыстарының құрылуы еді. Сөйтіп, Қазақстанның ұлан-байтақ солтүстік, шығыс және орталық аймақтары немесе Орта Жүздің жері Ресей империясының қарауына сұраусыз, жоқтаусыз өтіп жатты.

«Русский инвалид» газетінің 1857 жылғы 12-қарашадағы санында «Омбыдан хат» деген тақырыппен жазған автор, қуанышын жасыра алмай былай деп жазыпты:

«Жаңадан екі облыс құрылуына байланысты «қазақ жерлері», «Орта Жүз бен Ресей шекарасы» деген түсініктер мүлде жойылды. Ешбір шығынсыз, әуре-сарсаңсыз, қауырсын қаламның ұшымен бір-ақ сызып, осынау үлкен елдің аумағын империя шегіне енгізіліп, үзілді-кесілді қосып алдық» [9].

Ал, социалистік идеяны ту еткен кеңес үкіметі тоталитарлық зорлау, қинау, жазықсыз жазалауды өмірге ендіру арқылы бір қалыпқа түсірілген «үйретінді» менталитетті қалыптастырудың нәтижесінде жаңа атаулар саясатын одан әрі жалғастырды. Осы арқылы халықтың тарихи жадының бір саласы ретінде қалыптасқан тұрақты тарихи ұлттық ұғымына айналған елді мекен, жер атауларын зорлықпен өзгертіп, одан қол үздірді [10].

Кеңестік дәуірде колхоздастыру, тың игеру науқандарына байланысты өңірдің байырғы елді мекендерінің атаулары аяусыз өзгертілгенін айтып жеткізу мүмкін емес. Оған қоса қызыл империяның саясатына сай, идеология мүддесіне орай ешқандай мәні жоқ, даңғаза қазақша атаулар енгізілді. «Жаңа тұрмыс», «Алғабас», «Жаңа талап», «Жаңалық», «Орталық», «Бірлік», «Мәдениет» т.б. атаулар бұрынғы тарихи топонимиканы ел санасынан өшірді, басқасы жаппай орысша болып кетті.

Сонымен бірге коммунистік партия мен үкіметтің басшыларының аттары мәңгі есте қалдыруға лайық деп танылғанын білеміз. Олардың арасында, тіпті ақылға сыймайтындары да бар. Бір ғана мысал, Петропавлдан 40 шақырым жерде Смирнов елді мекенінің бұрынғы аты «Дәрмен», яғни станцияның аты да солай аталмақ екен. 1921-22 жылдары Қазақстаннан тартып алынған астық пен етті Ресейдің орталық аймақтарына жедел жеткізу үшін Көкшетауға теміржол тарту жұмысын азық-түлік халық комиссарының орынбасары Смирнов деген басқарыпты. «Дәрмен» атын өзгертіп, Смирновтың атын беруді «еңбекшілер жалынып сұраған соң» оның аты қойылыпты...

Ал, екінші бір долбар, 1917 жылғы төңкеріске байланысты оқиғалардың салқынымен, Кеңес билігін орнату үшін Омбыда құрылған Сібір революциялық комитетінің төрағасы Смирнов деген болғаны да шындық. Әйтеуір халықтың жадында сақталмаған, жыл өткен сайын күңгірт тартып келе жатқан есім турал: кім, неге, қашан? деген сұрақтар көп. Осы бір ғана фактінің өзі ономастика мәселесінің жеңіл-желпі, жүре сөйлеп, бас шұлғитындай оңай еместігін көрсетеді.

Мұны Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісінің өзгеру тарихынан айқын көруге болады. Мысалы: 1928 жылғы 3 қыркүйекте Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің «Болыстық бөліністерді жойып, аудандар жүйесін енгізу туралы» қаулысына сәйкес, Қазақ автономиялы советтік социалистік республикасының Орталық атқару комитетінің 1928 жылғы 17 қаңтарда болған екінші сессиясында Қызылжар округі құрылды. Бұл туралы қаулыда жаңа округке Ақмола губерниясының Петропавл уезінің аумағы толық қамтылып, оған Атбасар мен Көкшетау уездерінің кейбір болыстарын қосылғанып, сөйтіп, округ аумағында барлығы 21 аудан болғаны айтылған.

Олардың ішінде Арықбалық ауданы (орталығы Арықбалық селосы), Бейнетқор ауданы (орталығы Шолақ Досжан ауылы), Булаев ауданы (орталығы Булаев селосы), Көкшетау ауданы (орталығы-Көкшетау қаласы), Красноармейск ауданы (орталығы –Ново-Сухотино селосы), Ленин ауданы (орталығы –Явленка селосы), Преснов ауданы (орталығы –Пресновка селосы), Рузаев ауданы (орталығы – Рузаев селосы), Төңкеріс ауданы (орталығы – Майбалық селосы), Щучинск ауданы (орталығы Щучье селосы), Еңбекшілдер ауданы (орталығы Казгородок селосы) болды.

Ескерте кететін жағдай сол, бұрын Қызылжар аталып келген әкімшілік-аумақтық бірлік дәл сол 1928 жылдың мамыр айының 10-жұлдызында Петропавл уезі деп өзгертілген. Бұл шешімді қабылдаған да Республиканың орталық атқару комитеті. Осыдан кейін екі жылға толмай, Мәскеудегі орталық билік, дәлірек айтқанда, Бүкілодақтық атқару комитеті Қазақстанның әкімшілік-аумақтық жаңа бөлінісін 1930 жылғы 23 шілдеде қайта бекітті. Бұл қаулы бойынша округтер, әлбетте, олардың ішінде Петропавл округі де бар, таратылып, ірілендіріліп,жаңадан құрылған аудандар Республика орталығына тікелей бағынатын болды.

ХІХ ғасырдағы географиялық картада «Новоявленное» деген атаумен таңбаланған қазіргі Явленка селосының тарихына түсінік бере кеткен артық болмас. ХіХ ғасырда  жаңа қоныстанушы жат жұрттық келімсектер, қазақтарды қуып шығып,  болашақ мекеніне ат қойғанда, ырым көріп христиан дінінің Библия аңыздарын басшылыққа алғаны мәлім. Сол аңыздың бірінде Ғайса пайғамбар қайта тіріліп келіп, үмметерімен қауышқан сәт қасиетті саналған. Сондықтан да қазақ даласының бір пұшпағында, ерке Есілдің жағасынан ойып алған, жұмаққа белнісіз  құтты мекенін қазақша «Ғайса пайғамбардың қайта оралуы»,немесе орысша «Новое явление Иусуса Христа» деген төрт сөзді ықшамдай қысқарта беріп, тіпті сол діни түсініктің қасиетті астарын түсінбей, әуелгі маңызын ұмытқан ұрпақтар немкеттілеу етіп, «Явленка» атай салғанын еске саламыз. Білетіндердің айтуынша бұл мекен Байтоқа, одан Жылғара болса,сол Жылғараның Мұса деген ұлының қыстауы, не күзегі  боса керек. Сондықтан кей уақытта орысша «Мусин» дегенді қазақшалап, «Мүсін» деп атапты дегенді құлақ шалды. Жері құтты, орналасу жағдайы тыныс-тіршілікке қолайлы осы бір тұста Солтүстік Қазақстан облысының Ленин атын иеленген, кейін Есіл өзенінің атымен аталған аудан құрылғалы да не заман. Бірақ, Явленка атауы сол күйі, отаршылық заманның зарлы ескерткішіндей, аудан орталығының атын иемденіп тұр. Әлдекімдердің салақтығынан,  аудан аты өзгергенде, оның орталығына да тарихи атауын қайтару ескерілмеген.

Дәл осындай,  Тәуелсіздік жылдарында  бір сауапты істің  басын бастап аяғына жеткізбей қалдырған жайды еске салайын. Мысалы, Мағжан Жұмабайдың  аты берілген ауданның орталығы Булаево, Ғабит Мүрепов болып қайта аталған ауданның орталығы Новоишим, Шал ақынның атымен аталатын ауданның орталығы Сергеев, Аққайың деп әп-әдемі ат берілген ауданның орталығы Смирново деп, басқа ірі-ірі елді мекендердің атауында бұрынғы казак-орыстардың есімдері бәрі-бір сақталып қалғаны кімді де болса, ойландырғандай. Әлде, Қазақстанның Тәуелсіздігі деген асыл ұғымды толық түсінбегендік пе екен? Осы орайда, ойға келген мына пікірімізді де ортаға салсақ қалай болады?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы жаңа Жарлық шығарып, елді бір сілкіндіріп қойды. Мұндай бастама керек-ақ еді. Хош! Енді, дәл осндай екінші  бір: «Қазақстан аумағындағы патшалық-отарлау саясатын  және насихаттайтын атауларды қайта қарау туралы»  Жарлық шығарып, Ұлы дала ешкімнің отары емес,  Қазақастан дүниеауи және  рухани бағыныштылықтан құтылғанқұтылған, мұнда  Ана тіліне, Тарихына,  салт-дәстүрлеріне, Мәдениеті мен Әдебиетіне адал ұрпақ  30 жыл бойы Тәуелсіз, Татулық пен Ынтымақ аясында  өмір сүріп жатқанын әлемге  паш етсе деген тілек бар. Рухани жаңғыруымыздың шын мағынасы мен мазмұны осы болар еді.  

1936 жылғы 23 қазанда Вагулин, Глубокое, Долматов, 1-Дубровин, Красноярск, Кустовск, Лебедков, Налобин, Сивков, Соколов, Сумский сельсоветтерін Мамлют ауданынан алынып,Соколов ауданының құрамына беру туралы. Қазақ ОАК Төралқасының қаулысы жарық көрді [1]. 1937 жылғы 25 маусымда Сталин сельсоветін тарату туралы Мамлют ауаткомының шешімі қабылданды [2].

9 маусым 1940 ж. Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы Омбы теміржолына қарасты Мамлют станциясы маңындағы елді мекендерді жұмысшы поселкелері қатарына жатқызып, Мамлют селолық советін Мамлют жұмысшы-поселкелік советі етіп қайта құру және оны Мамлют аудандықсоветіне бағындыру туралы.

1935 жылғы ақпанның 10-жұлдызында Қарағанды облыстық атқару комитетіорталығы Явленка селосы болатын Ленин ауданының жаңа әкімшілік-аумақтық бөлінісін өзінің қаулысымен мына құрамда бекіту туралы бекітті: Александров, Бірлік, Заградов, Ивано-Павлов, Ивано-Петров, Ильинский, Қарағаш, Красноармейск, Леонидов, Летовока, Малиновка, Жаңаөзен, Петров, Покров, Совет, Тарангульский, Тұңғиық, Явленка, Яснов селолық советтері.

Осы тізімдегі «Тарангул» көл атауы екен.Зер сала қарап, байыппен көңіл аударған адам, Қазақстанның теріскейінде тораңғы ағашының өспейтінен біледі-ау. Жерсінбеген, өспейтін өсімдіктің атын атам қазақ жер-суға бермейді. Демек, бұл көлдің, тиісінше елді мекеннің аты сол жердегі көлге тікелей қатысты «Тереңкөл» дегенді білдірсе керек. Келімсектердің тілі келмеген соң, шұбарланып, тіпті мүлде түсініксіз болып өзгерген гидронимнің тағдыры осындай. Айта берсе, уақыт өткен сайын шатысып-бытысып жүрген  топонимдер жалғыз бұл емес. Тәуелсіздік алып, ес жиып, осындай орынсыз бұрмалауларды дұрыстау қажеттігі туды. Халықтың қазынасы, ғасырлар бойы сақталған зердесі болып табылатын жер-су атауын құрметтеп, таза сақтай білсек, қандай жақсы. Осы облыстағы топонимдерге байланысты ағаттықтар бірнеше мәрте түзетілуде, бірақ, кімнен қорқатынымыз белгісіз, баяулық, жалтақтық басым..

Облыс орталығымен қанаттасып, сабақтасып жатқан елді мекендерді бұзып айту, қате жазуға байланыстыбайланысты әкімшілік-аумақтық өзгерістер жиі болып жататыны байқалады. Бұл турасында орталығы Мәуліт селосы болып отырған    Мәуліт   ауданынмысалға келтіруге болады. Бұл топонимнің Мамлют емес,ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген жерлесіміз, Мәуліт Усманов деген адамның атымен байланысты екені тарихи-танымдық деректүріндеосы кітапта арнайы айтылғандықтан, оған тоқталмауға болады.

Алайда, бүкіл құжаттарға жазылып, ұрпақтар санасына сіңіп кеткен орысша қалпында «Мамлютка», қазақша Мамлют атауы ресми түрде түзетілмегендіктен, орысша-қазақша   жазылуын сол күйінде қалдырудан басқа лаж жоқ. Әр нәрсе, өз кезегінде ретін таппақ.Олай болса, Мамлют ауданының сол 1935 жылғы жаңа әкімшілік-аумақтық бөлінісі мына құрамда болғанын хабарлаумен шектелу керек.

Орталығы – Мамлют селосы, немесе ауылы. Оның қарауындаБелово, Вагулинский, Воскресенов, Глубокое,1-Дубровинский, 2-Дубровинский, Долматов, Калугин, Коваль, Кустов, Красноярск, Лебедков, Мамлют, Михайлов, Налобин, Сенжар, Сивков, Сливнинский, Соколов, Становой совхоз, Сумский, Щучинский селолық советтері.

Орталығы Балкашин селосы болатын Молотов ауданының жаңа әкімшілік-аумақтық бөлінісін мына құрамда бекіту туралы. Балкашин, Балкашин совхоз, Бастремов, Богородский, Богословский, Васильев, Веселов, Владимиров, Дорогин, Каменский, Қалмақкөл, Ленин, Михайлов, Максимов, Новогородский, Ново-Романовский, Ново-Дубровинский, Ново-Никольский, Ново-Кронштадтский, Преображенский, Сандықтау, Тучнин селолық советтері. Қарағанды облыстық атқару комитетінің қаулысы1935 жылы 10 ақпанда жарық көрді.

Сол күніПетропавл ауданы да құрылып,жаңа әкімшілік-аумақтық бөлінісін мына құрамда бекітілді: ОрталығыПетропал қаласы, оған қарайтындар Архангельск, Бескөл,Кривозёрный, Ново-Каменский, Ново-Павловский, Петерфельд, Плоский селолық советтері. Қарағанды облыстық атқару комитетінің қаулысы [3].

Орталығы Полудин селосы болатын Полудин ауданының жаңа әкімшілік-аумақтық бөлінісін мына құрамда 1935 жылғы 10 ақпанда бекітілген: Бугров, Ганькин, 1-Камышлов, Ленин, Метлишин, Николаев, Ново-Бытовский, Ново-Георгиевский, Ново-Никольский, Полудин, Раевский, Рявкинский, Скворцов, Совет, Тоқушы, Тоқушы  совхоз, Еңбекшілдер селолық советтері. Қарағанды облыстық атқару комитетінің қаулысы.

Облыстың өзінің, оның аудандары мен салолық, ауылдық советтерінің әкімшілік-аумақтық бөлінісінің тарихына қарап, отырсақ, олардың әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде1935 жыл бойы тоқтамай, бірінен кейін бірі қалыптасқанын байқауға болады.

Айталық, 10 ақпанда Айымжан, Баян, Жарқын, Қарақамыс,Майбалық, Николаев, Орман, Спас сельсоветтерін  Төңкеріс ауданынан алып, Преснов ауданына беру туралы Қарағанды облыстық атқару комитетінің қаулысы шықты.

Сол жылдың басында орталығынаПреснов селосы белгіленіп құрылғанПреснов ауданынакөрші Төңкеріс ауданынан сегізселолық және ауылдық совет қосылып, жаңа әкімшілік-аумақтық бөлінісі былайша бекітілді: Айымжан, Архангельск, Баян, Благовещенка, Екатериновка, Жарқын, Железин, Казанск, Қарақамыс, Кладбинск, Лапушин, Майбалық, Николаев, Новорыбинск, Ольга, Орман, Островский, Петровка, Преснов, Рождественский, Святодуховка, Спас, Троицк сельсоветтері.Тиісіншежер жағдайына, халықтың әлеуметтік тұрмысы мен халық шаруашылығының мүддесіне қарай, Преснов ауданынан 11 селолық советті бөліпалып, Пресногорьков ауданына беру туралы Қарағанды облыстық атқару комитетінің қаулысы шықты. Сондай-ақ, Төңкеріс ауданының бес сельауылсоветі Пресногорьков ауданына қосылды. 1940 жылғы 30 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы Советі ПрезидиумыныңСолтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданындағы Буденый ет-сүт совхозын Островский сельсоветінің әкімшілік қамтуына беру туралы жарлығы шықты.

Нәтижесінде орталығы Пресногорьков селосы болатын Пресногорьков ауданының жаңа әкімшілік-аумақтық бөлінісін мына тәртіптебекітілгені байқалады:Евгеньев, Елтай, Исаев, Кабан, Казанск, Камышловский, Ксеньевский, Крутояр, Макарьев, Марков, Песчан, Петропавлов совхоз, Починов, Пресногорьков, Пресноредут, Рясский, Сибирь, Сретен, Фёдоров сельсоветтері.

Қарап отырсаңыз, бұл жерде «саясатшыл, тіпті сталиншіл, хрущевшіл, брежневшіл», Ахмет Байтұрсынов айтатын «шала піскен» атқамінер коммунист аталарымыздың жеңіл-желтең, салдыр-салақ, қазақ мінезді  ұраншыл, айғайшыл «ұлттық басшыларымыздың» іс-әрекетінің нәтижесі осындай болған. Әйтпесе, «Әй, қарағым-ау, былай атасақ қайтеді» деуге жарамағандығын көзіміз көрді, әлі көріп келеміз. Өзгені былай қойғанда, дәл ХХІ ғасырда,  Тәуелсіздік жағдайында Қарағандыда «Древний Рим», тағы бір жерде «Арам» ресторандарының бар екенін қылмыс болған соң ғана, баспасөзден  біліп қалдық.

Үлкен сауда орнының, ойын-сауық ошақтарының аты жөнінде мәселе қозғалғанда, неше түрлі керауыз «бизнесменнің» айтқанына көніп, «қазақшасы қайда», деп, бір ауыз сөз айта алмайтын шенеуніктер бар. Еппен түсіндіріп, «Сіз Қазақсанда тұрасыз  ғой,  сол қазақ жерінен нәпақа тауып отырсыз. Қазақша бір дұрыс ат қояйық» деп айтсақ, уялғаннан тыңдар еді.  Соны айту үшін шетелден оқып келудің қажеті жоқ шығар, аз ғана ар-намысы болса, жеткілікті деп ойлаймын. Осыны ескермегендіктен, бұрын екендердің атауы десек, қазір қаладағы шимай-шатпақ, қазақша емес атаулар бүкіл Қазақстанның бейнесін бұзып, өзіңіздің қай елде тұратыныңыздан жаңылтады. Осы мәселені де, аузының дуасы бар біреу, тапсырып қойса екен. Себебі, бізде бәрі нұсқаумен, тапсырмамен, бағдарламамен атқарылады. Өз бетінше ынта көрсетіп, дербес қимыл-әрекет жасау деген жоқ.

Қазақтың жеріне ие болайық. Ие болу деген қару кезеніп, шегара күзетейік деген ғана емес. Жаңа туған нәресте көзімен  сәнін көріп, құлағымен атын естіп, қазақша болса, «е, мынау әкеснің, шешемнің жері, сол жерде тұрған жанды-жансыз мүкаммал  ата-бабаларымызданқалған мұра екендігін ұғып өссін. Қазақи тәрбие алған бала ғана қазақ жеріне мұрагер болуға лайық. Ал, күндіз-түні көргені мен естігені «скии» болған балаға сенбеймін.

Зарқын Тайшыбай, Қазақстанның еңбек сіңіргенн қайраткері,

Жоғары мектеп Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. СҚОММ, 43-қор,1-тізбе,7-іс,1-парақ.
2. Россия. Полное географическое описание нашего Отечества. Т. 18. Киргизский край. СПб. 1903, С.381.)
3. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. А., 1995, 65-75-беттер.
4. Ваганов А. Земельная политика царского правительства в Казахстане (1907-1914)// Исторические записки, М., 1950, №31, С.66.
5. Алексеенко В.Н. Население дореволюционного Казахстана (численность, размащение, состав 1870-1614 гг.). Алматы, 1981, С.55).
6. Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты – СҚО ММ. 158-қор, 1-тізбе, 69-іс, 9-бет.
7. Граф Сперанскийдің өмірі. СПб., 1861, Т.ІІ., 142-бет.
8. Граф Сперанскийдің өмірі. СПб., 1861, Т.ІІ., 247-бет.
9. Бүрбаев Т. Ұлт менталитеті. Астана, 2001, 26-бет.
10. Мырзахметұлы М. Қазақ топонимдері мен антропонимдері.// Ономастика: бүгіні мен болашағы. Астана, 2002, 20-бет.

Abai.kz

10 пікір