Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 2414 0 пікір 7 Мамыр, 2021 сағат 18:33

Қауқарың мен қалың қалай қазақ әскері?

Бүгін 7 мамыр. Қтан қорғаушылар күні. Әрине отанды біреу ғылыммен, біреу алқапта егін егіп, маңдай терімен, біреу жол салып, қажырлы еңбегімен, енді біреу қару алып, шекарада қорғайды. Дей-тұра Отан қорғаушылар күні десе, есімізге ең бірінші әскер түсетіні жасырын емес. Осы ретте "қалың қалай қазақ әскері" деген сұрақты қойғың келеді. 

Қазіргі уақытта Қазақстанда Қарулы Күштердің құрлық, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері мен әскери-теңіз күштерінен тұратын оңтайлы үш қызметтік құрылымы құрылған. Қорғаныс құрылысының халықаралық тәжірибесін ескере отырып, Қарулы Күштер мен арнайы мақсаттағы бөлімдердің құрамына кіретін әскерлердің құрамы анықталып, аумақтық әскерлердің орны осы уақытта нақты негізделген. Армияның құрылымы мен құрамы «саннан сапаға» ауысумен үнемі жетілдіріліп келеді. Ал Қазақстан армиясының жоғарғы бас қолбасшысы - ел Президенті болып заң жүзінде бекітілген. Президент соғыс жағдайында әскери іс-қимылдарды тікелей басқарады, ал бейбітшілік уақытында жаттығулардың пысықтап, әскер қауқарының үнемі жетілдірілуіне үлесін қосады.

Әскерді заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру - ұзақ әрі қымбат процесс. Бөлінген бюджеттік қаражатты ескере отырып, Қорғаныс министрлігі заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы кезең-кезеңімен алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Қару-жарақ пен әскери техниканы жабдықтау шараларын жоспарлау кезінде, ең алдымен өндірістік-техникалық қамтамасыз ету әскери-өндірістік кешеннің отандық кәсіпорындарында игерілген үлгілерге басымдық беріледі. Бұл отандық қарудың дамуы мен жаңа деңгейге көтерілуіне себепкер болуда.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техникамен едәуір мөлшерде қаруландыру іске асты. Ұрыс қабілеттілігі жағынан әлемдік техникалық деңгейге сәйкес қарулар мен техникалар әскерімізде бар. Атап айтқанда зымырандық және артиллериялық кемелер , пилотсыз барлау аппараттары және оларға қарсы тұру құралдары, радиолокациялық станциялар, байланыс құралдары, оптикалық қарау құрылғылары, автомобиль жабдықтары және басқа да бірқатар қару-жарақ пен жабдықтар әскерімізде бар.

Отандық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарында күрделі жөндеу және модернизация кеңінен игерілді. Бұл көптеген техника түрлеріне сапалы жаңа сипаттамалар алуға мүмкіндік береді.

«Әлемдік тенденцияларды ескере отырып, қазіргі заманғы қақтығыстарда өзін жақсы жағынан дәлелдеген үлгілерді шетелден сатып алудамыз. Олардың ішінде СУ-30СM 4 ++ буынды көпфункционалды истребительдері, С-295M әскери-көлік ұшақтары, Ми-171Ш және Ми-35М жауынгерлік тікұшақтары, Бук-М2Е зениттік-ракеталық жүйесі, Роза-В радиолокациялық станциялары, БТР- 82A бронетранспортерлері, әр түрлі сыныптағы және мақсаттағы дрондар кешендері (соққы жасау, барлау), электронды соғыс жабдықтары және т.б», - бар деп жауап берді қорғаныс министрлігі. 

Әскери ведомствода хабарланғандай, 2021 жылға арналған ҚР Қарулы Күштерінің бюджеті 315,4 млрд теңгені құрайды. Оған әскерді тамақтандыру, қару-жарақты жабдықтау және басқа да шығындар төленбек.

Қазақстан әскерін цифрландыру да аса маңызды. Цифрландыру үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: «Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын іске асыруға қатысу; «Электрондық үкімет» порталы арқылы халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету; басқару жүйесін автоматтандыру және әскери ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша іске асуда.

Сондай-ақ, ұрыс қимылдары кезінде бөлімшелердің маневрін қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған басқару жүйесінің мобильді кешендері енгізілуде. Сонымен қатар, жоғарғы эшелон мен Құрлық әскерлерін басқарудың автоматтандырылған жүйесі жасалды. Бұл Қарулы Күштерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің негізі болып табылады және әскерді басқарудың тиімділігі мен сапасын арттыруға, шешім қабылдау уақытын қысқартуға және адам мен ресурстардың минималды шығыны арқылы жеңіске жетуге мүмкіндік береді.

Қарулы Күштер үшін ресурстарды басқарудың автоматтандырылған жүйесі жасалуда. Жүйені құру аяқталғаннан кейін бухгалтерлік есептің барлық түрлері онлайн режиміне көшеді. Бұл қаржының тиімді жұмсалуын қадағалауға және бақылауды ашық жүргізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, «Сандық жергілікті әскери басқару» пилоттық жобасы Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысының жергілікті әскери басқару органдарында жүзеге асырылуда. Мақсат - әскери комиссариаттардың қызметін цифрлық негізде трансформациялау. Бүгінгі күні 11 ақпараттық жүйе коммерциялық пайдалануға енгізілген.

Қорғаныс министрлігі, Бас штаб, Қарулы Күштер филиалдары, аймақтық қолбасшылықтар, әскери бөлімдер мен мекемелер арасында ақпарат алмасу үшін деректерді берудің ведомстволық желісінің құрылысы да жалғасуда. Бұл әскери бөлімдер мен мекемелерді бірыңғай цифрлық ақпараттық кеңістікке біріктіруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта мекемелердің 41% -ы ведомстволық деректерді беру желісімен жабдықталған.
Халықаралық ынтымақтастық екіжақты деңгейде де, Қазақстан Республикасының халықаралық және аймақтық ұйымдарға (БҰҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ТМД және т.б.) қатысу шеңберінде де жүзеге асырылады.

Шетелдік серіктестердің қорғаныс ведомстволарымен екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары әскери білім және ғылым, жауынгерлік дайындық, әскери-техникалық ынтымақтастық және бітімгершілік қызмет болып табылады.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) форматында ұйымдардың қорғаныс ведомстволары басшыларының кездесулері, түрлі салалардағы мамандардың жиындары, семинарлар мен сараптамалық деңгейде консультациялар жыл сайын өткізіледі.

Әскери қызметшілерді өзара оқыту ұйымдарға қатысушы елдердің әскери оқу орындарында жеңілдікпен және өтеусіз негізде ұйымдастырылған. Ұйымға мүше елдердің қарулы күштері арасында бірлескен жаттығулар мен жарыстар жыл сайын өтіп келеді. Тіпті пандемия кезеңінде де тәжірибе алмасу тоқтаған емес. Онлайн форматта білім алмасу да жүріп тұрды.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) саяси-әскери өлшемдерінде де ынтымақтастық дамуда. Әскери ведомстволар басшылығының өмірбаяндық ақпараты және қаруды бақылау мен қарусыздану жөніндегі көпжақты құжаттардың қатысуы немесе ратификациялануы, АӨСШК Арнайы жұмыс тобы мен аға комитетінің отырыстары туралы жыл сайынғы ақпарат алмасу жүзеге асырылады.

Біріккен Ұлттар Ұйымымен (БҰҰ) бірлескен бітімгерлік миссияларына қатысу жұмыстары да жыл сайын өтуде. Ел басшылығының тапсырмасына сәйкес қазақстандық бітімгершілік контингентінің қатысу географиясын кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда. Шетелдік серіктестермен БҰҰ миссияларының біріне сұранысқа ие мамандандырылған бөлімшелерді (дала госпиталы, инженерлік бөлім, барлау бөлімі, әскери полиция отряды) бірлесіп орналастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Халықаралық әскери ынтымақтастық екіжақты негізде Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, АҚШ, Түркия, Орталық Азия аймағының елдері, Үндістан, Пәкістан және т.б. елдермен даму үстінде.

Әскери қуатты мемлекет ешкімге тәуелді болмайды. Оның сөзі өтімді, ал мысы басым. Өйткені қарулы адам мен жалаң қол жауынгерді салыстыруға келмейді. Қазақ тарихында қарудың сапасына байланысты опық жеп, ах ұрған сәттеріміз аз емес. Батыр бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен мына алып атырапты қорғап өтті. Алайда жаңа қару түрлері көшпенді дәуірдің қаруы мен соғыс тактикасын кейінге ысырып тастады. Салдарынан біз зеңбірекке қылышпен шаптық, білте мылтыққа қарсы садақты қойдық. Тарих оны кешірмеді. Ұзақ жылдарға созылған қарсыласу мен азаттық үшін күрестер жеңіліске ұшырап, соңында бодан болдық. Бұл біз ешқашан ұмытпайтындай сабақ болды.

Қазір тәуелсіздікті қалпына келтіріп, тәуелсіз елдің тәуелсіз әскерін құрдық. Қазақ баласы 15 мемлекеттен құралған КСРО атты бодан елді емес, өз елінің шекарасын күзетіп, тау мен тасының тыныштығын сақтап жүр. Әуе кеңістігін тіліп ұшқан ұшақтар, көк айдынды толқындата жүзген әскери кемелер мен сайын даланы шаңдата жүйткіген танктер тәуелсіз қазақ әскерінің қарулары. Қазақстан жаңа қару түрлерін сатып алуды, оны сынақтан өткізуді маңызды санайды. Себебі жоғарыда айтқан тарихи сабақтар бізді солай етуге мәжбүрлеуде. Біз ең озық технологияларды иемденуге ұмтылып жатырмыз. Себебі әскери сала артта қалған елдің қателігін кешірмейді. Әскери сала үнемі ізденіс пен жаңашылдықты қажет етеді. Ол қару-жарақ, әскери стратегия, тактика, оқу-жаттығуға да тікелей қатысты. Сол мақсатта ел үкіметі қаржыны да қысып қалмай, жеткілікті етіп бөлуде. Орталық Азия мемлекеттерінің барлық әскери салаға бөлінген қаржысын қосқанда Қазақстанның қорғаныс саласына бөлетін бюджетіне жетпейтіні сондықтан. Соңғы жылдары Қазақстан қорғаныс саласындағы әуе күштерін дамытуға ден қоюда. Оның ішінде ұшқышсыз аппараттар мен барлау құрылғыларын сатып алу, үйрену және өзіміз шығаруды қолға алудамыз.

Қазақ әскерінің қауқары осындай көп деңгейді әріптестік арқылы қалыптасып келеді. Жасай бер айбынды Алаш әскері!

Abai.kz

0 пікір