Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 1633 0 пікір 9 Мамыр, 2021 сағат 20:05

Қоғамдық кеңес - қоғамдық сенім бастауы

2015 жылғы 2 қарашада  Қазақстан Республика "Қоғамдық кеңестер туралы" Заңы қабылданды. Сол уақыттан бастап қоғамды бақылаушы жаңа саяси институт пайда болды десек болады. Қоғамдық кеңестерді құру өзекті еді. Себебі қоғам мен мемлекет арасындағы реттелмеген мәселелер саны артты, ал халықтың билікке деген сенім капиталы азая түсті. Бұл әлемдік экономикалық дағдарыспен тікелей байланысты болатын. Ендігі таңда қоғамның ішінде жүріп, қарапайым халықпен тығыз қатынас орната білген қоғам қайраткерлерін билікпен диалог жүргізетін, өз идеяларын ұсынып, өздері тұратын аймақтың (қала мен ауыл, аудан) дамуына үлес қоса алатындай деңгейде болуы маңызды еді. Міне, сол мақсатты іске асыру үшін қоғамдық кеңестер құрылды. 

Әлемнің барлық елдері түрлі қоғамдық бақылау институттарын өмірге әкеліп жатады. Себебі олар бюджетті тиімді игеру, жемқорлықпен күрес, қала өмірін дамытудағы жаңа идеялардың негізі болып табылады. Мысалы Қытай мен араб елдері қоғамдық бақылауларды ауылдық аймақтан бастауды жөн көреді. Ауылдық жерлерде ауылға сыйлы әрі халық қолдайтын азаматтардан арнайы бақылаушы органдар құрған. Ал Шығыс Азия елдерінде қоғамдық бақылау институттары көбіне халықтың ойын тыңдап, сұрау салып, сол арқылы бақылау институты қызметін атқарады. Қазақстан да осы елдердің ойы мен тәжірибесін ескере отырып, қоғамдық кеңестерді құруды жөн көрді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда 234 қоғамдық кеңес бар. Оның 18-і республикалық деңгейде, 216-сы облыстық, қалалық және аудандық деңгейде. Кеңестер 2016 жылдан бастап жұмыс істейді және оларды билік қадағалаушы органға айнала алатын және мемлекеттік органдармен ашық  жұмыс істеуге мүмкіндік беретін институт ретінде ұсынды.

Алайда қоғамдық кеңесті маслихаттың көшірмесі деп санайтындар да бар. Негізінде олай емес. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму вице министр Болат Тлепов былай дейді: "Мәслихаттар - бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдары, яғни олардың шешімдері заңды күшке ие. Қоғамдық кеңестер консультативтік-кеңесші органдар болғанымен, олардың шешімдері ұсынымдық сипатта болады. Осыған байланысты функциялардың қайталануы туралы емес, бірін-бірі толықтыру туралы айту керек. Қоғамдық кеңестер бар, іс жүзінде бұл мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауының және қазіргі кезде квазимемлекеттік сектордың шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етудің қосымша құралы болып табылады.Қоғамдық кеңестің негізгі қызметі - қоғамның ең өзекті мәселелерін көтеру. Осыған байланысты қоғамдық кеңестер қоғамдық негізде жұмыс істейді және мәслихат қызметіне көмектеседі", - деді ол.

Қоғамдық Кеңестер қала өміріндегі түрлі мәселелерді шешуде басты рөлді ойнап келеді. Экологиялық мәселелер, қаладағы аулалар мен ойын алаңқайларын жөндеу, автотұрақты ақылы ету немесе тегін жасау, қала көшелерін кеңейту, қаладағы атауларды өзгерту және көшелерге жаңа атаулар тағу, ірі туристік жобаларды іске асыру және оларды жасау барысында табиғатқа нұқсан келтірмеу, түрлі мемлекеттік нысандарды тексеру (жатақхана, жоғарғы оқу орындары мен мектептер, медициналық орталықтар), жолақысын тиімді ету және тағы да басқа мәселелер бойынша дауыс беру, қоғамдық тыңдалымдар өткізуді іске асырып келеді. Қоғамдық кеңестердің тиімді жұмысының нәтижесінде халықтың билікке деген сенімі арта түсті. Ал қоғамның үні мен оның ішіндегі халық өкілдерінің тиімді ұсыныстары билікке жетуде. Екі тарапқа да тиімді жол. Қоғамдық кеңес дегеніміз қоғамның сенімі, билік пен халық арасындағы байланыстырушы диалогтық алаң, көпір.

Abai.kz

 

0 пікір