Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 3139 0 пікір 29 Мамыр, 2021 сағат 20:00

Ұлттық Кеңестегі ұсыныстар іске асуда

Қазақстан Республикасы Президент жанынан құрылған консультативтік орган Ұлттық Кеңес осы уақытқа дейін талай ұсыныстың басында жүр. Ел мен жердің мәселесі, халықтың қордаланған талай сауалы осы кеңес арқылы шешіліп, тұшымды ұсыныстар айтылып келеді. Бұл кеңес билік пен халықтың арасындағы алтын көпір қызметін атқаруда. Саяси реформалардың бастауы да осы кеңес арқылы іске асуда. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізде саяси реформалар жүргізуге қатысты ұсыныстары осы Кеңестің отырыс барысында айтылды. Соның бірі һәм бірегейі ол сайлауға қатысты заң жобасын өзгертіп, жетілдіріп, сайлау процесін барынша тиімді әрі ашық ету.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер енгізуге қатысты ұсынысты президент өз жолдауында айтып, артынша 2020 жылдың 1-қыркүйегінде халыққа жолдаған жолдауында нақтылай түскен болатын. Президент сайлау туралы заңды жетілдіріп, онда халықтың өз басшыларын, яғни әкімдерді сайлау мүмкіндігі болу керектігін тілге тиек етті.

Жақында ғана, атап айтсақ 28-мамыр күні аталмыш өзгерістер заң жүзінде бекітілді. Мәжіліс бұл ұсыныстарды мақұлдады. Президент жыл басында, қаңтардың 15-інде жаңа Парламенттің алғашқы отырысында саяси реформаларға қатысты үш ұсынысты заң жүзінде бекіту керектігін айтқан еді. Ол ауыл әкімдерін тікелей халықтың сайлай алуы, дауыс беру бюллетенінде «Бәріне қарсымын» деген жауаптың болуы және сайлаудағы пайыздық көрсеткішті 7 пайыздан 5 пайызға түсіру. Міне, осы ұсыныстар мамырдың соңында мақұлданды. Бұл Қазақстан тарихындағы сайлауды түрлендіру бойынша ең маңызды заңның бірі десек те артық айтпаған болар едік.

Депутат Айдос Сарым бұл заңға қатысты кеңінен жауап берді. Айдос Сарымның ойынша бұл заң азаматтық қоғамды құруға және елдегі демократиялық институттарды жандандыруға үлкен себепкер болмақ.

«Бұл елдің саяси жүйесі мен қоғамдық өмірін одан әрі демократияландыруға бағытталған өте маңызды тарихи қадам. Айта кету керек, Орталық Азияда Қазақстан бірінші рет әкімдердің сайлауына халықтың қатысуымен тікелей көшіп жатыр. Менің ойымша, бұл қоғам мен үкіметтің, азаматтар мен мемлекеттің жақындасуына ықпал етеді, сонымен қатар азаматтарды жауапкершілікті сезінетін сайлаушыларға айналдырады. Жергілікті мәселелермен айналысып, өз өкілдері арқылы басқару сапасын жақсартуға халық мүмкіндік алады. Барлығын жүйелі түрде қарастырған дұрыс.

Жалпы, менің ойымша, бұл ұзақ мерзімді салдары бар өте маңызды қадам. Біз партияны, саяси жүйені дамыту, азаматтарды жауапкершілігі мол етуге шақыру туралы айтып отырмыз. Осы қадамдардың барлығы осыған бағытталған. Адамдар өз өкілдерін сайлауды үйреніп, жергілікті бюджет пен оны толықтырумен айналысқанда, азаматтар тұлғалық тұрғыдан өсіп, мемлекетке, бюджетке және басқа мәселелерге деген көзқарас мүлдем басқаша болады деп ойлаймын» дейді Айдос Сарым.

Депутаттың пікірі осындай. Жалпы енді сайлау туралы заң негізінде биыл ауыл әкімдерін сайлау іске асады. Алғаш рет. Тек қана 2003-2004 жылдары тәжірибе ретінде оншақты ауылда әкім сайлауы өткен еді, алайда дәл қазіргідей сайлау ешқашан болған емес. Тұтас алып қарағанда бұл тіпті Орталық Азияда алғаш рет.

Биыл елімізде 836 ауыл әкімін сайлау іске асады. Бұл дегеніміз жалпы елдіміздегі ауылдардың 35 пайызы деген сөз. Бұрынғыдай тағайындалмай, енді сайланады. Жергілікті халыққа не ұсынатынын, қандай өзгерістер әкелетінін көрсетеді. Халық өз таңдауын жасап, өз басшысын сайлап алады. Ал 2025 жылға дейін барлық ауыл әкімдері сайлау арқылы жаңаруы тиіс. Оған бюджеттен 17.6 млрд теңге көлеміндегі қаржы бөлінеді. Аз ақша емес.

Ауыл әкімдерін сайлау қалай жүреді? Алдымен ауыл әкіміне сайлауға түсікіс келетін үміткерлер тіркеледі. Егер үміткер партия мүшесі болса, онда оған 1 пайыз көлеміндегі қолдау дауысын жинаудың қажеттілігі жоқ. Ал егер партияда болмаса, онда қажет болады. Артынша сайлау науқаны өтіп, жеңімпаздар дауыс берген халықтың санына байланысты анықталады. Дауыс тең түсіп қалған уақытта қай кандидат құжатты бірінші өткізсе, сол кандидат жеңімпаз болып саналады. Яғни бұл жерде құжатты бірінші өткізу де маңызды екенін ескеруге тиіспіз. Ауыл әкімдерін сайлауға қатысты Әсет Ирғалиев келесідей ойда. «Негізгі заң жобасы «Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Бұл реформа 2345 әкімшілік-аумақтық бірлестіктің әкімдеріне әсер етеді. Оның ішінде 836 әкім осы жылдың екінші жартысында тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес біліктілік талаптарына сәйкес келетін, 25 жастан кем емес Қазақстан Республикасының азаматтары сайлана алады. Осылайша, саяси партиялар ұсынған кандидаттар мен өзін-өзі ұсынған кандидаттар сайлауға дауыс беруге құқылы сайлаушылар санының кемінде 1% қол жинау арқылы қатыса алады. Сонымен бірге, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі ұсынылған кандидаттар болмаған немесе тек бір ғана ұсыныс болған жағдайда, сәйкесінше екі немесе бір кандидат ұсынуға құқылы », - деді ол.

Заң жобасы барлық кандидаттарға ең төменгі жалақы мөлшерінде сайлау жарнасын төлеуді көздейді; сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі бітуіне 10 күн қалғанда өткізіледі. Сайлаудан кейін нәтижелер үш күн ішінде шығарылады.

Ауыл әкімдерін сайлау біздің қоғамға бір жағынан сынақ болмақ. Яғни қоғамымыз қаншалықты берік, рулық тұрғыдан қаншалықты ұстамды, ұлтты рудан жоғары қоятын дәрежеге жетті ме, ал солтүстік аймақтағы жағдай қаншалықты деген мәселелерді анықтап береді. Яғни сайлау тек қана басшыны таңдау емес, сондай-ақ бұл идеологиялық мәселе десек те болады.

Ендігі таңда ауыл әкімдерін сайлаудан бөлек сайлаудағы дауыс беру пайызы азайды. Бұл 7 пайыздан бар болғаны 5 пайызға дейін түсті. Қарапайым адамға айырмашылық бар болғаны 2 пайыз болып көрінгенімен, бұл саяси бағытта үлкен өзгеріс. Мысалы қаңтар айындағы Парламенттік сайлауда 5 пайыздан асып, алайда 7 пайызға жетпей қалған партиялар Мәжілістен орын иемдене алмай қалды. Ал жаңа заң бойынша енді олар орын алуға толық құқылы болмақ. Бес жылдан кейін болатын сайлауда партиялар тиянақты дайындалып, тек қана саяси науқанда қызмет етпей белсенді болса, онда парламенттен орын алуларына толық мүмкіндіктері бар.

Бұл өзгеріс еліміздегі саяси науқанға жан бітіреді. Өкінішке орай соңғы уақытта жастардың саясатқа қызығушылығы төмендеп кетті. Бұл азаматтық қоғам құру үшін алаңдатарлық мәселе. Ал 5 пайыз дауыс болса, онда жастардың партиялар құру, қозғалыстар жасақтауға мүмкіндіктері артады. Жас партиялар саны көбейеді. Мысалы дамыған Еуропа елдерінде жаңадан тіркелген партиялар аяғынан тік тұрып кетуі үшін тіпті 3 пайыздық межеге дейін түсіріп тастайтын сәттер де болады. Сондықтан Қазақстан дұрыс бағытта деп толық сеніммен айтуға болады.

Енді дауыс беру парақшаларында (бюллетень) арнайы «Бәріне қарсымын» атты графасы пайда болады. Бұл графаның маңызы зор. Себебі біз дауыс берушіге арнайы таңдау беруге тиіспіз, ал таңдау ішінде ол қалаған партия яки тұлға болмаса, онда ол өзінің қарсылығын көрсетуге құқылы.

Аталмыш үш өзгеріс алдағы таңда үлкен саяси науқандардың қазанын қайнататын шешім екені анық. Қазақстан саяси реформаларды қарқынды негізде жалғастыра беретін болады.

Abai.kz

0 пікір