Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2415 0 пікір 8 Мамыр, 2012 сағат 06:55

«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ»: АВТОМАТПЕН ҚАРУЛАНҒАН 50-60 ПОЛИЦЕЙ АҢШЫ МЫЛТЫҒЫМЕН ҚАРУЛАНҒАН-МЫС АТҚЫШТЫ «ҰСТАЙ АЛМАҒАН»!

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлауынша, Ақтауда жүріп жатқан сот процесінің 7-мамыр күні өткен 28-ші отырысында іс материалдарын жариялау және бейнематериалдармен танысу жалғасқан.

Отырыс адвокат Жуаспаеваның талап-тілегінен басталған: Құрметті төрағалық етуші, сотталушылар Р.Төлетаева мен М.Досмағамбетов соттың есебінде, бірақ, бізге белгілі болғаны, сот отырыстары жабылғаннан кейін бірнеше күн бойы оларға ҰҚК, ІІМ қызметкерлері келіп немесе оларды өздеріне шақыртып алып, екеуін де куә қылу мақсатында қысым көрсетіп жатыр.

Судья: Қандай іс бойынша?

Жуаспаева: ҚР ҚК-нің 164-бабына сәйкес қозғалған іс бойынша («әлеуметтік араздық қоздыру», яғни, Владимир Козлов, Серік Сапарғали, Айжангүл Әмірова және басқалардың үстінен жуық арада басталуға тиіс сот процесінде куә қылу мақсатымен. - Ж.Қ.).

Судья: Жақсы, көреміз.

Адвокаттар Батиева мен Сәрсембина өз қорғауындағылардың қосымша құжаттарын (отбасыларының құрамы туралы және жұмыс орнынан анықтамалар) іске қосу жөнінде талап-тілек жасаған.

Одан соң қылмыстық іс материалдарын жариялау жалғасып, түске дейін барлығы 93 том қаралған.

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлауынша, Ақтауда жүріп жатқан сот процесінің 7-мамыр күні өткен 28-ші отырысында іс материалдарын жариялау және бейнематериалдармен танысу жалғасқан.

Отырыс адвокат Жуаспаеваның талап-тілегінен басталған: Құрметті төрағалық етуші, сотталушылар Р.Төлетаева мен М.Досмағамбетов соттың есебінде, бірақ, бізге белгілі болғаны, сот отырыстары жабылғаннан кейін бірнеше күн бойы оларға ҰҚК, ІІМ қызметкерлері келіп немесе оларды өздеріне шақыртып алып, екеуін де куә қылу мақсатында қысым көрсетіп жатыр.

Судья: Қандай іс бойынша?

Жуаспаева: ҚР ҚК-нің 164-бабына сәйкес қозғалған іс бойынша («әлеуметтік араздық қоздыру», яғни, Владимир Козлов, Серік Сапарғали, Айжангүл Әмірова және басқалардың үстінен жуық арада басталуға тиіс сот процесінде куә қылу мақсатымен. - Ж.Қ.).

Судья: Жақсы, көреміз.

Адвокаттар Батиева мен Сәрсембина өз қорғауындағылардың қосымша құжаттарын (отбасыларының құрамы туралы және жұмыс орнынан анықтамалар) іске қосу жөнінде талап-тілек жасаған.

Одан соң қылмыстық іс материалдарын жариялау жалғасып, түске дейін барлығы 93 том қаралған.

Судья 20-23 томдарға кіретін құжаттардың атауларын жариялаған. Ол құжаттар (күдіктілер ретінде жауаптаулардың хаттамалары, айыпталушылар статусына аудару туралы қаулылар, тұтқындау туралы қаулылар, жұмыс орнынан, наркологиялық, психоневрологиялық диспансерлерден анықтамалар және тағы басқалары) сотталушылар Өткелов, Балуаниязов, Мұңайтпашев, Әділов, Әминов, Аманжолов, Шамов, Әбдірахманов және басқаларға қатысты болған.

Адвокат Әлібиев: Құрметті судья, 23-томның 65-бетіндегі Әбдірахмановтың арызын оқыңызшы.

Судья: мұнда тек Шамовтың арызы.

Әлібиев: Құжаттар тіркемесінде онда Әбдірахмановтың арызы болуға тиіс деп жазылған.

Судья: Міне, таптым. Бірақ бұл 66-беттегі арыз, рас, мерзімі қойылмаған.

Судья (құжаттарды атауды жалғастырып): 17-желтоқсанда ол күдікті ретінде көрсетулер берген.

Әлібиев: Оның күдікті ретінде қандай бап бойынша жауапталғандығын анықтай кетіңізші?

Судья: Ол жөнінде айтылмаған, бап көрсетілмеген.

Әлібиев: Әбдірахмановтың өз еркімен кінәсін мойындаған арызын оқыңызшы.

Судья Әбдірахмановтың 2012 жылдың 9-қаңтарында жазған арызын оқыған.

Әлібиев: Әбдірахмановтың 116-беттегі арызын оқыңызшы.

Судья: 28.01.2012 жылғы арызында Әбдірахманов көрсету беруден бас тартқан.

24-25-томдарда полицейлерді (Әділов, Медетбаев, Мылтықов, Өтешев, Шамсудинов, Тоқсанов, Сәрсембаев және басқалар) осы іс бойынша жәбірленушілер деп тану жөніндегі хаттамалар тігілген. Сондай-ақ, бұл томдарда - жәбірленушілердің көрсетулері, хаттамалар, сот-медициналық сараптама қорытындылары, фотокестелер, полицейлердің бүлінген қалқандары мен каскаларын сараптамаға жіберу жөніндегі қаулы болған.

Әр томды жариялаған сайын судья: «Сұрақтар, өтініштер бар ма?» - деп сұрап отырған, ал сотталушылар, адвокаттар мен прокурорлар бір ауыздан: «Жоқ», - деп жауап берген.

26-томда сарапшылардың мынадай жауабы бар екен: «Қалқандар аңшы мылтығының бытырасынан зақымдалған, олар 15-25 метрден аспайтын қашықтықтан атылған». (Полицейдердің «версиясы» бойынша, олар алаңға таңертеңгі парадтан соң, екінші рет шыққан кезде оқ атылған. Көптеген бейнежазбаларда бронежилет, каска киіп, қалқан ұстап, автоматты пистолет пен Калашников автоматтарымен қаруланған 50-60 полицейлер тобы бейнеленген. Және, тағы да дәл сол «версияға» сәйкес, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар арасынан әлдекімдер полицейлерге 15-25 метр жақындыққа жүгіріп келіп, оқ атқан. Әлбетте, осынау ержүрек атқыштардың бір де біреуін осы күнге дейін ешкім ұстай алмаған!).

Судья құжаттар тақырыптарын жариялауды жалғастырған: ...өрт сөндіру-техникалық сараптама хаттамалары; өртеніп кеткен ғимараттарды қарау хаттамалары; зардап келтірулерді растайтын құжаттар; куәлардың жауаптары; 16-17-желтоқсан оқиғалары бойынша полицейлердің көрсетулері; сотталушылардың туыстары берген көрсетулер; жарақат алған адамдардың жауаптары; оқты қарудан болған жарақаттар бойынша сот-медициналық сараптама қорытындылары; кейін оларға қатысты өндіріс тоқтатылған кейбір адамдарды күдіктілер деп мойындау жөніндегі қаулылар; тергеу шараларының хаттамалары; оқты қарудан болған жарақаттар бойынша істерді бөлек өндіріске шығару туралы тергеу тобының қаулылары; адамдар (ұялы байланыс операторларының мәліметтері бойынша), киіз үйлер, мәшиналар, басқа да объектілердің алаңда орналасу сызбалары (схемалары); фотосуреттер; қаза болғандарды, олардың киімін қарау кезінде түзілген құжаттар; телефонмен сөйлесулер жөніндегі ұялы байланыс операторларының анықтамалары; телефон нөмірлерінің тізімдері; ұялы телефон арқылы сөйлесулердің ұзақтығы туралы анықтамалар; парадқа қатысқан оқушылар, студенттер мен оқытушылардың тізімі; осы іс бойынша жәбірленушілер болып мойындалған заңды тұлғалардың құжаттары...

...92-93-томдарды түгел айыптау қорытындысы құраған.

Соңғы том жарияланып болған соң прокурорлар: Құрметті судья, Сейдахметов Закарияның арнайы қызмет жазып алған өзінің телефон арқылы сөйлесулеріне қатысты көрсетулерін оқып беруіңізді өтінеміз.

Судья: 2012 жылдың 20-ақпанында Сейдахметов Закария жауаптау үстінде оған берілген телефон арқылы сөйлесулер жазбасында өз дауысын танығандығын растаған. Сондай-ақ, Сейдахметов 10-15-желтоқсан аралығында Шабдал Өткеловтың көтеріліске шақырғанын өзінің естігендігін растаған (одан әрі судья ішінде Серік Сапарғали, жергілікті мәслихаттар сайлауы жөнінде әңгімелер бар Сейдахметовтың көрсетулерін ұзақ оқыған...).

Прокурорлар: Куә Жоламанова Мақтагүл сотқа келе алмағандықтан оның да көрсетулерін оқып беруіңізді өтінеміз.

Судья: Куә Жоламанова, куә Ерлан Нұржановтың анасы, Мэлс Сарыбаевтың анасының: «Егер Ерлан Мэлске қарсы көрсететін болса өйтем, бүйтем», - деп қорқытқандығын айтқан.

Сотталушы Сарыбаев: Құрметті судья, Ерланның анасын сотқа шақыруды өтінемін.

Судья: Жақсы.

Адвокат Әлібиев: Құрметті судья, «Гефест» ЖШС-ның («Атлант» дүкені) өкілі тапсырып, іске қосылған құжаттармен таныстыруды өтінемін.

Судья: Жақсы.

Адвокат Сансызбайұлы: Құрметті судья, сегіз куә (фамилияларын атаған) берген көрсетулерді заңсыз деп мойындап, оларды дәлелдер құрамынан шығарып тастауды өтінемін, өйткені ол куәлар менің қоғауымдағы Қосбармақов пен Непестің іс-әрекеттерін алдымен фото мен бейнежазбадан көріп алып, тек содан кейін ғана тергеушілер тарапынан сұралған.

Адвокат Әлібиев: Құрметті судья, «Оразбаев Алмаз» лақап атты куәға қатысты, қазір ашылған конверт ішіндегі материалдармен түгел бізді таныстыруды өтінемін.

Судья: «Жақсы»,  - деп, үзіліс жариялаған.

 

Түстен кейін

Судья: Қазір біз өткен жұмада қарай алмаған екі дискіні қараймыз.

К+ телеарнасының журналистері 2011 жылдың 16-желтоқсан күні алаңда түсірген бейнетаспаны және жаралыларды Жаңаөзеннен Ақтауға тасымалдау мен оларды ауруханада қабылдап алу сәттерін көрсеткен.

Көру кезінде сотталушылар: Құрметті судья, мұның бәрін біз көрдік қой.

Судья: Бұрын біз қысқаратылған түрінде көрдік, қазір толық нұсқасын көреміз.

Судья (көріп болған соң): Адвокат Әлібиев, сіз «Гефест» ЖШС-ның құжаттарымен таныстыңыз ба?

Әлібиев: Ия, бірақ бүлінген, ұрланған тауардың толық тізімін таба алмадым. Және, «Гефест» ЖШС-ның өкілі «Атлант» дүкенінің бақылау камерасы түсіргеннің бәрін құқыққорғау органдарына бердік деген, алайда бізге көрсетілген бейнетаспалар арасында олар жоқ.

Судья: Істе олар жоқ.

Одан соң судья куә Жайлыхановтың («Оразбаев Алмаз» лақап атты куә) конвертке салынған арызын оқыған. Онда ол өзінің жеке қауіпсіздігі үшін алаңдағандықтан өзіне ҚР ҚПК-нің 100-бабын қолдануды өтінген.

Судья: Жайлыхановтың қолы бар, бірақ мерзімі көрсетілмеген.

Одан әрі адвокаттар Сәрсембина, Батиева, Жуаспаева сотталушылар Жарылғасынов, Ерғазев, Әспентаев, Жұмағалиев және басқалардың қосымша құжаттарын - отбасы құрамы, дәрігерлік анықтамаларды іске қосу жөнінде талап-тілек жасаған. Оның ішінде Әспентаевтың жұбайы күйеуінің тұтқындалуынан соң бастан өткерген зобалаңдар салдарынан түсік тастағандығы туралы анықтама және 16-желтоқсанға дейін қалалық мәслихат депутаттығына тіркелген кандидат болған Жұмағалиев Мұратбайдың сенімді өкілін тіркеу жөніндегі куәлік те болған.

Процесс тараптары қарсы болмағандықтан судья ол талап-тілектерді қанағаттандырған.

Адвокат Сәрсембина жәбірленуші полицейлерді сұрау барысында тергеуші Ысмаилов жүзеге асырған тергушілік іс-әрекеттерді жарамсыз деп мойындау туралы талап-тілек жасаған. Мұны ол тергеушінің тиісті процедураларды бұзғандығымен негіздеген, атап айтқанда: жәбірленушілердің өз еркімен көрсетулер жасау ниетін нақтыламаған; оларға құқықтарын түсіндірмеген; прокуратурадағы бейнетүсірулерден соң олай істеуге құқығы болмаса да, олардан: «Сұрақтар бар ма?» - деп сұраған; жалған көрсетулер бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы жөнінде ескертпеген; бейнетүсіру жүргізген операторды таныстырмаған; бейнетүсіру кезінде дыбыстың сапасын қамтамасыз етпеген; хаттамалар мәтінін дауыстап оқымай, жәбірленушілер мен куәларға (понятойларға) бірден қол қоюға берген және т.б.

Сондай-ақ, тергеуші Бектемісовтың іс материалдарына (1-том, 1-бет) автоқаламмен түзету енгізіп, 2 цифрын 3-ке (ҚР ҚК-нің баптары) ауыстырғандығын айтып, Сәрсембина осыған байланысты өз қорғауындағыларға тағылған кінәлардың күшін жою жөнінде талап-тілек жасаған.

Судья тараптардың пікірін сұраған..

Адвокат Батиева: Мен адвокат Сәрсембинаның талап-тілегін қанағаттандыруға қарсымын, өйткені жоғарыда аталған тергеушілік шаралар барысында жазылып алынған үш жәбірленушінің көрсетулері менің қорғауымдағы Телегеновтың пайдасына берілген. Тергеуші Ысмаиловқа қатысты жеке ұйғарыммен шектелуді сұраймын.

Сотталушылар: Біз Сәрсембинаны қолдаймыз, Батиеваны қолдамаймыз.

Прокурорлар: Біз адвокат Батиеваның ұсынысын қолдаймыз. Іске енгізілген түзетуге қатысты айтарымыз - құқықтық статистика мен арнайы есеп жөніндегі комитетке бұл іс түзетулерсіз жөнелтілген болатын.

Судья: «Екі талап-тілекті де ашық қалдырамын» - деп, 10-мамыр, сағат 10:00-ге дейін үзіліс жариялаған.

Жасарал Қуанышәлин,

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің

ақпараттық топ жетекшісі.

Алматы қаласы,

2012 жылдың 07-мамыры

«Абай-ақпарат»

0 пікір