Сенбі, 27 Сәуір 2024
Ұшақ дауы: 6645 21 пікір 25 Мамыр, 2021 сағат 13:00

Беларусь-Ресей тандемі. ЕАЭО елдері үнсіз қала ма?

ЕО елдерінің лидерлері кешегі (дүйсенбі) күнгі саммитте Еуропада орналасқан барлық әуе тасымалымен айналысатын компанияларды Беларусь территориясымен ұшпауға шақырды. Онымен қоса, ЕО Беларусь ұшақтарына еуропалық әуе кеңістігін һәм одақтас елдердің әуежайларын пайдалануға тыйым салатын нақты шаралар қабылдауға мақұлдасқан.

«Ryanair» ұшағын мәжбүрлі түрде Мискіге қондырған Беларусь билігінің әрекетіне жауап ретінде дүйсенбіден бастап бірқатар еуропалық әуе компаниялары Беларусь әуе кеңістігімен ұшатын жоспарлы рейстерді ерікті түрде тоқтататынын мәлімдеді.

ЛУКАШЕНКОНЫҢ БАС ДҰШПАНЫ

Сонымен, қазірге дейін қай мемлекеттер, қандай компаниялар Беларусь әуе кеңістігіне кіруден бас тартты? Қараңыз:

Немістің Lufthansa әуе компаниясы Беларусь әуе кеңістігімен ұшуды тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы AFP агенттігі Twitter-де жазды. Айтпақшы, 24 мамыр күні Lufthansa-ның Минск-Франкурт бағыты бойынша ұшатын рейсі де Минскі әуежайында кідіріс жасаған. Аталған «рейс бортына бомба қойылған» деген хабарлама түскен. Қосымша тексеруден кейін, ешқандай бомба анықталмаған.

Нидерландының KLM әуе компаниясы да Беларуське ұшуды уақытша тоқтатқан. Компания мұндай шешімді ел премьері Марк Рюттенің арнайы мәлімдемесінен соң қабылдаған.

Швецияның SAS әуе компаниясы Беларусь әуе кеңістігімен ұшудың қажеті жоқ деп мәлімдеген.

Швецияның транспорт агенттігінің басшысы Саймон Послук: «Біз швед әуе компанияларына Беларусь аспанымен ұшудың қаншалықты қажет екенін тағы бір мәрте саралап көргуді ұсынамыз», - деген. Осыдан соң, SAS компаниясы аталған ведомствоның бұйрығын орындайтынын, себебі «жолаушылардың қауіпсіздігі – компанияның басты мақсаты» екенін хабарлаған.

Austrian Airlines әуекомпаниясы Беларусьті айналып ұша бастады. Мәскеу-Вена рейсі Украина арқылы ұшқан.

Мажарстанның Wizz Air лоукостері Беларусь аспанымен ұшуды тоқтатқан.

Латвияның Air Baltic компаниясы дүйсенбіден бастап Беларусь аспанын айналып ұша бастаған.

Польшаның LOT әуе компаниясы да Беларусь әуе кеңістігімен ұшуды тоқтату жағын қарастырып жатқанын мәлімдеген.

Ұлыбританияның Транспорт министрі Грант Шапс кеше Беларусьтің «Белавиа» ұшақтарының Ұлбританияға ұшып кіруіне тыйым салды. Сондай-ақ, британ ұшақтары да ендігіде Беларусь әуе кеңістігін айналып ұшады.

Ал Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Доминик Рааб Беларусь елшісін шақыртып, «Халықаралық құқық талаптарының өрескел бұзылуына» қатысты наразылық білдірген. Ол сондай-ақ, Александр Лукашенко мен оның айналасындағы лауазымды тұлғаларға қатысты санкция салу жайын ақылдасып жатқанын мәлімдеген.

Литваның Транспорт министрі Мариус Скуодис: «Беларусь аспанымен ұшу үшін елдегі әуежайларды пайдалануға тыйым салу туралы жарлық сейсенбі 03:00-ден бастап күшіне енеді», - депті.

Латвияның Сыртқы істер министрі Эдгар Ринкович барлық Беларусь ұшақтарына Латвия әуе кеңістігімен ұшуға тыйым салынатынын мәлімдеді.

Украина Беларусьпен әуе қатынасын үзді. Ол Беларусь аспанын айналып өтеді.

Bloomberg: «Литва премьері Беларусь әуе кеңістігімен ұшқан немесе шекарасынан өткен рейстерді қабылдамайтынын мәлімдеді», - деп жазады.

Financial Times: «ЕО Беларусь әуе кеңістігін қауіпсіз емес деп тануы мүмкін», - деп жазды.

ҚАЗАҚСТАН ДА МИНСКІ АСПАНЫН ҚАУІПСІЗ ЕМЕС ДЕП САНАЙДЫ

Ал «Air Astana» 31 мамырда ашылуы тиіс Алматы-Минскі бағытындағы тікелей рейсін тоқтатады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Air Astana»  2021 жылы 31 мамырда ашылуы тиіс Алматы - Минск бағыты бойынша рейстерді тоқтатты. Рейстерді тоқтату туралы шешім 20 мамырда қабылданды және бұл коммерциялық жағынан тиімсіз болумен байланысты.Жолаушыларға рейстің тоқтатылғаны туралы хабарлама 20 мамырда жіберілді»,- делінген компания мәліметінде.

Ал, Алматы-Минск бағытындағы рейстердің тоқтатылғаны туралы 24 мамырда белгілі болды.

Бұлардан бөлек, Еуропалық Одақ Беларуссияға бөлінген 3 миллиард еуро инвестицияны елде демократиялық бағыт қалыптасқанға дейін тоқтатады.  Еуропалық Комиссияның төрағасы Урсула фон дер Лайен ЕО басшыларының Белорусияға қарсы санкция салуды қарастыратын жиыны алдында: «Біз режимге БАҚ, баспасөз бостандығы мен пікір бостандығын құрметтемейінше қысым жасаймыз», - деп мәлімдеді. Онымен қоса, «Белнефтхим» және «Беларускальияға» қарсы санкциялар дайындалып жатқаны белгілі болды.

ЕО бүгін Беларусьтің авиациялық секторына, бизнес және экономикасына санкция салу мәселесін талқылайтынын БАҚ жазды.

МИНСКІНІҢ ӨТІРІГІН ХАМАС ӘШКЕРЕЛЕДІ

Беларусь билігі оппозициялық журналист Роман Протасевич отырған «Ryanair» ұшағын мәжбүрлі түрде Мискіге қондырудың басты себебін – «ұшаққа бомба қойылғаны туралы хабарлама» түсуімен байланыстырған еді. Аталған хабарламадан кейін Беларусь президенті Александр Лукашенко тікелей пәрмен беріп, арнайы Миг-29 жойғыш ұшағын жіберіп, «Ryanair» ұшағын Минскі әуежайына қондырған еді.

Тіпті, Беларусьтің транспорт министрлігі «Ryanair» ұшағына бомба қойылғаны туралы хабарламаны ХАМАС жіберді деп мәлімдеп, хабарлама мәтінін жариялады. Онда: «Біз ХАМАС сарбаздары Израильдің Газа секторын бомбалауды тоқтатуын талап етеміз. Ал Еуропалық одақ бұл соғыста Израильді қолдауды доғарсын. Біз «Delfi Economic Forum» қатысушылары 4978 рейсімен ұшып келе жатқанын білеміз. Бұл ұшаққа бомба қойылған. Біздің талаптарымызды орындамасаңыздар, 23 мамыр күні Вильнюс аспанында ұшақты жарып жібереміз», - деп жазылыпты.

Ал Палестинаның ХАМАС қозғалысы бұл ақпаратты жоққа шығарып: «Біздің бұл хабарламаға еш қатысымыз жоқ. Біз мұндай тәсілмен жұмыс жасамаймыз. Бұл ХАМАСТЫ жағымсыз етіп көрсетудің амалы», - деп мәлімдеген.

ЕАЭО ЕЛДЕРІ ҮНСІЗ

Ал ЕАЭО елдерінің басшылары әзірге үнсіз. Құзырлы ведомстволар тарапынан қандай да бір ресми мәлімдемелерді естіген жоқпыз.

БЕЛАРУСЬТІҢ ЖАЛҒЫЗ «ДОСЫ» - РЕСЕЙ

Тек Ресейдің Сыртқы істер министрі Лавров қана: «Ресей Беларусьті қиындықта тастап кетпейді», - деп мәлімдепті.

Росавиация Беларуське һәм Беларусь арқылы ұшатын барлық рейстердің штаттық режимде жүргізілетінін хабарлаған.

Abai.kz

21 пікір