Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 6078 1 пікір 19 Мамыр, 2021 сағат 12:13

Ажал айтып келмейді

Бұрынғы шұрық-тесіктен қалған дақ орындары көзге бірден шалынатын төбеге қарай жатып өткен мен кеткенге ат қосу Ботагөздің кейінгі бір-екі күндегі ермегіне айналған машық екені нағыз анықтық. Онық өзінде, жанын қинаған сырқат бір мезет құрсауын босатқанда ғана түп қазығына айналып соғуға мүмкіндік алады. Ал, былайғы тұста дем жетпей, дем жетпегеннен кейін қара терге малшынған қалпында есеңгіреуді серік ететіні шүбәсіз. Осындай сәттерде адамзат атаулының түбтің-түбінде бір барар жеріне ентелей барып қайтатынын сезсе сезер, әйткенмен көзін ашқанда жоғарыдан төніп тұратын қаудырлақ киімді дәрігерлердің сұлбасын көруі жанына дем. Бұл көрініс татар дәмнің таусылмағанын білдіретін нышан екені дәтке қуат.

Дәрігерлердің әредік болса да қара көрсетуі кім-кімге де жұбаныш. Тірі дүниенің осындай қарым-қатынастар арқылы ажар ашатынын сырқаттар әлдеқашан мойындаған. Мойындағандарынан ғой, арнаулы киім киіп, бетперде таққандарға бала көзімен қарауға әуес. Иә-иә, дәрігерлерге ана төсіне үздіккен, одан нәр күткен сәби көзімен қарау әркімнің үмітіне тамыздық. Ал, одан арғы дүние... Одан арғысына ешкім де санасын жетектетпеген.

Түйсік алдамайды, көптен күтім көрмеген, тек жөппелдемеде жүрдім-бардым әктеле салған, салдарынан қабырғалар мен төбедегі бұрынғы ойықтар орны қарақотырлығынан айнымаған мына бөлмедегі сырқаттардың қарасы әжептәуір. Сөйткенмен, олардың ыңқыл-сыңқылы құлағыңа жетпейтіні көңілге біртүрлі әсер қалдырады. Әлдеқайдан қисық-қыңыр сиқыршы келіп бәрін де сыйқырлап тастағандай ауру біткен күнұзақты тілін тістеген қалыптарынан танбайды-ау, бір танбайды. Мұнда сөз тұрмақ кереуеттің бейсауат сықырын естімейтінің шындық. Тек, мыйды шағар бір ызың ысқышын керуден жалықпайды. Кәдімгі өкпені желдетер құрылғының ұзынды-қысқалы солқылы өне-бойыңды тітіркендіріп тұрады.

«Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» демекші, жасанды тыныс алу аппаратына тәуелділердің дәл мына тірлікке көндіккендіктері соншалықты, оқыстан тырс еткен дыбысты даңғазаға шақырған дабылдай қабылдауы заңдылық. Өйткені, осынау тысырдың астарында өмір жалғастығы жатқанын ішкі түйсіктерімен ұғынады. Ұғынады да адуынды толқын ықтиярында қалған қайықтың үміт атты жалқы ескегіне жабысуға ыңғай танытады. Қарап отырып өлгісі келмегендіктерінен, өмір атты ғажайыпта аз да болса тыныс ала тұруға құштарлықтарынан.

Алайда, төреліктен қашып құтыла алмайсың, қияметті әлемдегі қияли бопсаның шыбын жанға ерулік беруден қашқақтайтыны қапысыз. Салдарынан адамзат бойынан дүниені шыр айналдырар тепсіністің мына ауру үстінде үзіліп тынатыны қиын енді. Тепсінбек тұрмақ, тырбанарлық шамаға зәрулігің аспандағы айға телміруіңмен пара-пар. Нәтижесінде кім-кімнің де кірер мен шығарға салдар ілестірмейтіні белгілі. Олай болса, қисынға жығылудан гөрі қиғаштыққа қарай ауып қалудың пәрмені басым екеніне мұндағылардың шүбә келтірмейтіні бесенеден белгілі жағдай.

Ботагөз селк етті.

Бөлме есігі тағы да серпе ашылып, ішке қарай дөңгелегі сықырын жайған сүйретпені сүйреткен екі-үш адам өте беріп еді. Мына көрініс тағы бір байғұстың ақзер әлемді талақ қылып тастап кеткенін жариялаған амал-әрекет болатын. Кім болды екен?

Сырқаттар біледі, қат-қабат қозғалыс, алып-ұшпа күйбеңнен тыс қалған бөлмеге арнаулы киімге тұмшаланған дәрігерлер қол арбамен келсе, онда әлдебіреудің дүниеге қайта оралғаны да, ал, сүйретпені жеткізсе, әлдекімнің жан тапсырғаны анықтық болатын. Ендеше, өлгеннің кім екеніне басыңды қатырмай ішіңнен «иманы серік болсын» дегенді күшің жетсе айт та, тыпыр етпей жата бер.

Қаудыр-қаудыр еткен киімділер сонадай тұстағы кереуетке жақындап барып, дөңкиіп жатқан денені төсек жаймасымен қоса сүйретпеге аударғанда «уһ» дескен күйі үлкен бір жұмысты тындырғандай керіле бел жазысты да, «енді қайсыңды әкетеміз» дегендей жан-жақтарына марғау қарасты. Сонсын, еттері өліп кеткендіктен шығар, мүрдеге назар аудармастан өзара күбір-сыбырға желі тартты:

- Мұны қайда алып барамыз? – деп сұрады, нәзіктеу дауыс иесі.

- Қайда болушы еді, мүрдеханаға да, - деді толықша келген әйел күңк ете қалып.

Нәзік дауыс иесінің мына сілтемеге көңілі толмады білем, мұрын астынан міңгірлеп қоя берді:

- Онда орын жоқ деп ескерткен.

- Кім?

- Мәйітхана меңгерушісінің әлгінде әлдекімдерге солай дегенін құлағым шалған.

- Ол әлгінде айтқаны. Ал, қазір...

- Сонда біреуді жерлеп үлгерді деп ойлайсыз ба?

Толықша әйел жаратпаған сыңай танытты.

- Сен екеуіміздің оған қатысымыз жоқ.

- Сонда да...

- Әй, оттамасаңшы! Егер көңілің ауса біздің үйге апарып, төрдегі диванға жатқыза салшы, мылжыңдамай! Орын жоқ болса қайтеміз, солай амалдаймыз да...

Ол кетуге ыңғай танытқанда екіншісі жалынышты тіл қатты:

- Әзілдемеңізші, апай! Мен шынымды айтып тұрмын. Әлде сіз меңгерушімен өзіңіз сөйлесіп, бәрін бір жақты етесіз бе? Сөйтсеңіз жақсы болар еді. Мен мәйітхана жаққа бара берейін, солай ма?

- Айналайын-ау, мүрдені сонда алып бармағанда қайда апарып, қайда жасырғандайсың? Түк көрмеген баланың сөзін сөйлемесеңші. Күндегі жасап жүрген жұмысың, басты көп қатыра бермей бар енді!

Сықырлауық арбаны итерген судырлақ киімдегілер бөлмеден шыға жөнелгенде Ботагөз ішкі құрылысынан бірдеңе үзіліп кеткендей бетін тыжырайтты. «Өле қалсам мыналар менің де мүрдемді әрі тарт та, бері тартқа сала ма?» - деп түйді сонсын шошына. Артынша селк ете: «Тіпә, тіпә! Кесірінен сақтасын! Мен өлмеймін, мен сырқатымнан айығамын!» - деді өзін-өзі қайрауға тырысып. Сөйткенмен, мыйды солқылдатқан кесір ой ықтиярына көнбеді. Сайқалдықтың сан тарау қитұрқысын шұбырта жанын жұлмалады. «Балаларымды жеткізуім керек. Мен болмасам олар кімге сенгендей, кімнен пана тапқандай?!» - деді келіншек енді оспадарлардан жеңілмеуге тырыса.

Бірақ, жеңіске де жете алмады. Дүр сілкінген сілікпеден шамырқанған кеуде еріктен тыс қысып-қысып жібергенде сырқат есінен тана берген...

***

Өзіне-өзі келгенде аузы-мұрны бос еместігіне көзін жеткізді. Тек ауыз бен мұрын ғана емес, білектегі тамырға да ине шаншылған екен.

- Маған не болды?

Маңқалана сөйледі. Сұрақтың кімге бағытталғаны да белгісіз еді.

- Сен қысылып қалдың, - деді осы кезде қайдан шыққаны белгісіз бір дауыс жауап қатып, - Ештеңені ойлама, ештеңеге алаңдама. Әйтпесе қалжырап қаласың.

Қызық. «Ештеңені ойлама, ештеңеге алаңдама», дейді. Сонда не, басынан өтіп жатқан оқиғаға көзін жұма қарауы керек пе? Әзірге тірі емес пе! Тірі болғаннан кейін әрненің байыбына баруға ниеттенсе несі айып.

Әлде...

Жүрегі шым етті.

Мүмкін кейбіреулер мұны тірілер қатарынан сызып тастауға ыңғай танытқан шығар? Мүмкін-ау. Бірақ, олары бола қоймас, оған Ботагөз көне қоймас. Қос балапанын ұшарға жеткізбей сөну, ботақандарының көз жасына малтыға көрге түсу үлкен күнә болар. Ең құрымаса аяқтандырып кетсе бір жөн. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып барып қарасын суытса арманы жоқ, әрине.

Кеуде тұсы шымыр-шымыр ете қалды.

Иіс шалудан қалған танауы оған жалғанған түтікшемен қоса қусырылып барып басылды.

«Мен өлуге тиісті емеспін!» деді шамырқана. Бірақ, бұл жолы еріні жыбыр еткенімен өз дауысын өзі естімеді.

Сырқаттың жабысқанына оншақты күннің мұғдары. Әдеттегі тымау-сымау шығар деген топшымен әуелгіде мән бермеген. Азар болса дәрі іше салармын деген үміттің жетегінде ем-дом қарекетін ұзын арқан, кең тұсауға салып жібергенін мойындайды. Алайда, уақыт озғанда ұршықша иіріп әкеліп алып ұрғаны көңіліне секем салғанын жоққа шығармақ емес. Буын-буынына мың-сан инелер қадалып, тыныс жолы бітеле, дем алысының ауырлай бастағаны жақсылықтың нышаны емес еді. Соны түсінгенде күндіз-түні теледидардан қақсап жатқан «ковид» деген пәленің мұны да айналып өтпегеніне сенуге болатын.

Тыныс алуы мүлдем ауырлап, иіс сезінуден қалған шамада «жедел жәрдем» шақыртқан. Ырғалып-жырғалып жеткен ақ халаттылар... су өткізбес сулыққа келетін судырлақ жамылғыға тұмшаланғандар, «әй-шәйға» қаратпастан ауруханаға қарай ала жөнелсін.

Ала жөнелгені бір басқа, қабылдау бөлмесінде қараусыз әрі ешкімге керексіз күйде ұзағырақ жатып қалғаны жанына қатты батқан-ды. Айналасы толған өзі сияқты сырқаттар еді. «Ой, Аллам-ай!» «Өлдім-ау!..» «Шыбын жанымды қия гөр, Жаратқан ием!» - деген жалбарыныстар құлағын сарсытып біткен. Ыңқыл-сыңқыл соңын осындай сарнаумен тұншықтырса жандары жадырап қалатындай көрініп кім болса да жалбарынудан жалықпаған. Оларға ашулана да алмайтын еді. Әркімнің өз жаны өзіне қымбат. Ал, қымбатқа қол сұғуға ешкімге өкілеттілік берілмегені бесенеден белгілі. Олай болса, неге де шыдап баққаны дұрыс.

Шыдады да. Тіпті, ауа жетпей тұншыққан шамада да қыңқ етпеді. Әйтеуір, бір мезетте, есінен танып қалса керек, шыр-шыр еткен қыз баланың дауысынан көзін ашқанда сүйретпенің үстінде ырғатылып келе жатқанын білді.

Ұзақ ырғатылмады, осынау бөлмедегі ең құрымағанда төсек жапқыштан жұрдай ескі бөстектің үстіне сылқ еткенде ұшып кетпекке оқталған жанын қайырып алғанына қуанды.

Иә, мына жерге осылай тап болған-ды.

- Тәубә, тәубә, - деді сол сәтті есіне алғанда балаларын ойлай, - Мені ажалдан алып қалған сендердің көз жастарың, айналайындарым!

Бұл жолы үні сыртқа шықпады. Тек, ыңырсыған бір дыбыс көкірегінен лықсып кетті.

Соны өзінше түсінді ме, әлгіндегі белгісіз дауыс иесі қайтадан үн қосты:

- Адамның адамзатқа жасаған ең үлкен қиянаты осы ауру шығар, шырағым. Тірі жүрсеңдер біліп жүргейсіңдер, өлсеңдер лағнеттерің соларға!

Дауыс иесі кім? Ол нені тұспалдап жатыр? Түсінер шама таппады.

Анау адам тағы сөз саптады:

- Біз жасарын жасаған, асарын асаған кәрі сүйектерміз ғой, мына дүниені қимасақ та ана дүниеге қапысыз аттанарымыз сөзсіз. Ертеңіміз жоғалмасын, бала табар сендер, ат ұстар ұрпақ аман болғайсыңдар!

«Мен енді бала тауып жарытпаспын. Әйткенмен, ниетіңізге рахмет!»

Тағы да ішінен айтты. Айқайласа да болатын еді. Алайда, ысқышын қайда қалдырғаны беймәлім сыбызғы көңілі азды қанағат тұтқан.

Бейтаныс мұнымен шектелмеді. Бөлмедегі үнсіздік әбден мезі еткендей, салдарынан сөйлеп қалғысы келгендей ойын әрі қарай жалғады:

- Сырбаз дүниеде сызылып сөйлеуге әуестенген біздің буын тоқ-тоқты қабылдамаған күйінде өтер ме еді қайтер еді, егер томыртқалап сорпа ішуді қанағат тұтудан жазбасақ? Жоқ, өйте қалсақ күнделіктімізден құр қалады екенбіз. Оны тәуелсіздік алғаннан бергі жерде әбден ұғындық. Өйткені, ертегіден жалықтық. Баяғыда, өзім де сол саланың сүйегін мүжідім ғой, бүтін бір партияның ертегісінің әуенімен лағатынбыз, енді жалғыз-жарымдының әуселесімен әрлі-берліге көсілеміз. Тоқетерінде тоқтаған тұсымызды аңғармадық. Иә-иә, біз тоқтап қалғанбыз. Оған, мына сырқат әбден көзімізді жеткізді.

Ботагөз күштене мойынын бұрып, көз қиығын тастағанда кереуетінен тұра, бірдеңелерді қобырсытып жатқан жасамыс әйелді көрді. Түріне қарасаң жетпістің маңайын айналсоқтап қалған жан да, қимыл-қозғалысына қарасаң әбжіл. Шашын бұрынғының әйелдерінің сәнімен төбесіне түйіп қойған. Киім үлгісі де қатып қалған сұрғылт юбка мен өңірі тоқылған сарғыш тартқан кеудеше.

- Шырағым, дәрігерлер әлгінде айтып кеткен – мені бүгін басқа палатаға ауыстырмақшы екен. Мүмкін, мүлдем шығарып та қалар. Ендеше, жазылғаным. Саған да соны тіледім, - деді ол осы қалпында басын кекжите, танауын көтеріңкірей, ерінін шүйіре сөйлеп.

Мұнымен де тоқтамады:

- Адам мен адам бірімен бірі адамша сөйлесе алмаса кеудесінде жаны, болмысында санасы барынан не қайыр? Міне, жатыр ғой талайы, сандырағы болғанымен сарыуайымы тілін тұсаудан босатпай. Бұларға не дей аласың? Жөн айтқаныңмен тыңдар құлақ табылса жақсы. Олар өлімнен қорқады. Уайымсыз күндерде істерлерін істеп алып, енді соның салмағынан жаншылып қалған сорлылар кілең. Солай, шырағым! Сен де осында келгелі «балам, балам» дейсің. Соған қарағанда байың жоқ-ау, тәрізі? Оны ең құрыса бір рет те есіңе алмадың. Балаларды күлге аунап тапқан жоқсың, ендеше, құдай оны көп көрген шығар. Ештеңе етпейді. Өмір бойы байсыз өткен біз де жүрміз ғой селдіресек те серейіп қалмай.

Адуынды әйелдің сөз саптасы қызық. Сұп-сұр өңінде өмірге ащынысын жасыра алмаған адамның пішіні сақталған.

Ол арбаға отырып ұзай бергенде де сөйлеп бара жатты:

- Мына аурудан өлгендер жер бетіндегі адамзат ашқарақтығының құрбандары деп біліңдер. Осыны жадыларыңнан шығармаңдар. Жасасын одыраңнан омақаспағандар!

Есуас ортада есі ауысқандар көп болатынын дәлелдегендей барқ еткенімен артына бұрылып қарамады.

Бірақ, көзден кетсе де көңілден кетпеді. «Балаларды күлге аунап тапқан жоқсың, ендеше, құдай оны көп көрген шығар». Құлақ түбінен ызың-ызың етеді. Қай сөзін алсаң да тамырынан шындық шымырлайды. Аждаһа ауруды, одан келер ажалды қаперге ілмес шымырлығы басым.

«Балаларды күлге аунап тапқан жоқсың, ендеше, құдай оны көп көрген шығар». Иә, үстінен дөп түсті, құдай оны көп көрді.

Көп көргенінен де, басқаның еншісіне бұйырта салды. Бір қызығы, дәл сол мезгілде Ботагөз қызғаныштың қызыл итін шәуілдетпеді, қимастықтың қымыранын және ірітпеді, бәрін тілсіз қабылдап, ың-шыңсыз шығарып салды. Қатты сүйгенінен шығар, қайда да бақытты болсын деген ізгі ниетінен болар. Қазір ол басқа шаңырақтың отағасысы. Бұларды бәлкім ойлар, бәлкім ойламас, әйтеуір қауқиып тірі жүрсе сол олжа. Қанша айтқанмен төсіне алғаш салмағын салған қымбаттысы, қос құлынының әкесі ғой. Алыста болса да әудемге айбар екені нақ.

Оған да онның үстінде жыл жылжыпты. Өтіп бара жатқан өмір десеңші...

Жұмбақ әйел кеткеннен кейін бөлмеге қайтадан тыныштық орнады. Тек, аппарат солығы ғана ысқышын тартады.

Әлі күнге тірі жатқаны осы аппараттың көмегінен екені шүбәсіз. Әйтпесе, өкпенің сексен алты пайызы зақымданған жанның жарық дүниені тастап кетпеуі мүлдем қисынға сыймас жағдай-ды.

Сексен алты пайызды қайдан алды?

Бөлмеге әкелгеннен кейін тыныс алу аппаратына жалғап, оның үстіне тамырдан сұйықтық жібергеннен кейін сүйретпемен арнайы орынға жеткізе тағы да тексеріске салған. Нәтижесінде, өздерінше болып, ара-арасында әлденеге күліп отырған аппараттағы екі қыз сап тыйылып, артынша сыбырласа қалды.

- Капец пе? – деді бірі еңкейген қалпы экранға үңіле бере, Ботагөзге түсініксіз тілде бірдеңелер айтып.

- Әзірге капецтен сәл де болса аулақтау. Бірақ, жағдайы ауыр, - Екіншісі басын шайқады, - Мүмкін ертең, мүмкін бүрсігүні...

Жаны түршікті. «Мүмкін ертең, мүмкін бүрсігүні...» дейді. Жағына жылан жұмыртқалағырдың өзінше ызған жорамалының түрін! «Өмір - жұмбақ, өлім – айтып ауыз жиғанша» екенін қаперге алмайды. Бұл емес, мүмкін өзі тырапай асар, анау құрылғысының түймесін басам деп отырғанында. Бәрі мүмкін ғой...

Екеудің мұнымен ісі жоқ, әңгімелерін жалғастырып әкеткен.

- Сен білесің бе, короновирусын таратып жіберген Қытайың карантиннен шығыпты ғой. Ендеше, осың олардың ойыны емес пе екен?

- Бірдеңе болса Қытайды күстәналап шыға келеміз. Негізінен, интернеттен оқығанмын, бұл Масондардың қанды жоспарының нәтижесі дейді ғой бір білгіштер. Олар жер бетіндегі адамдардың басым бөлігін өлтіріп, ақырында өздері сонсын өздеріне тәуелді құл-құтандарды ғана қалдырмақ деген сөз бар. Рас та шығар.

- Мүмкін... Әйткенмен, не істесе де біздің көзіміз кеткеннен кейін істесе екен.

- Пәлі! Мынауың «мен кеткеннен кейін дүниені жалын шарпыса да бәрібір» деген пиғылың ба? Оған балаң, немерең күйетінін ойламадың ба?

- Ештеңені көрмей, көрмегеннен кейін уайымнан жұрдай болып жаным ауырмай жатам да.

«Мынау не оттап отыр-ей?»

Бар көрсетер қайраты осыған жетті.

Орынынан атып тұрып анау екеуін жерден алып, жерге салмаққа ниеттенген. Алайда, қозғалар қуаттың кемшіндігі есіне түскенде кеудесін қыжылмен аптап шектелді. Беу-беу жалған, беу жалған десеңші...

Мынау жалған ешкімге опа бермеген. Кейбіреулер «баймын, бақыттымын» деп күпсінетін шығар. Шынтуайтында, сол байлықтан тұтам алмай кетеді ғой өле қалса. Ендеше несіне ісініп-кебеді? Кебінге оранғанда «бақыт» дегені көр суықтығынан қорғай ма? Қорғамақ тұрмақ «жатқаныңнан тұрма» деген пиғылмен топырақ тастағандардың ісін қуаттап тұратыны қызық енді. Ой-ой, саппас дүние-ай! Саппастығыңнан ғой ақылдымын деген адамның сайқалдығыңа бойламайтыны, сырыңды ала алмайтыны. Сөйтсе де сені жақсы көретіні шүбәсіз. Бәлкім, арзанға алданғанынан, бәлкім...

Ту-у, сайқал ойы тағы қайда бастады? Тіпті таусылатын түрі көрінбейді. Ана тұстан да, мына тұстан да қақшаң-қақшаң етеді.

Әне, бөлме есігі қайта ашылды. Қаудырлақ киген бір-екі дәрігер екен. Бар жақсылығы - сүйреткендері жоқ. Ендеше, шығын да жоқ деген сөз.

Дәрігерлер ешқайда бұрылмастан бері қарай тартты. Ботагөзге беттегендері анық.

- Сізге арнайы мына дәріні әкелдік, қабылдағаныңыз жөн.

Мұның ауызынан түтікшені шығарып орнына дәріні тықпалады. «Ішпеймін. Керегі жоқ» деп қарсылық танытуға мұрша бермеді.

Сонсын қалам ұсынып, алдына қағаз қойды.

- Бұл арнаулы рұқсатпен бөлінетін дәрі. Сондықтан алғаныңызды растап мына жерге қол қойып жіберсеңіз дұрыс болар еді?

Тағы да санаспады. Екеулей демеп әлдене жазылған қағаздың бір тұсына қолын қойғызды.

- Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады, - деді сонсын салмақты түрде.

Шынында дәрігерлер шығып кеткеннен кейін Ботагөз өзін жеңіл сезінгендей әсерге бөленді. Кеудесі ашылып, тыныс алуы жеңілдеп, кәдімгі сау қалпындағыдай беймарал күйге кенелгені керемет.

Тек, түн ортасында шошып оянғаны белгілі.

Түс көріпті. Түсінде анасымен қауышыпты. Алыстан бұлдырай тақалып, дәл алдына келгенде ажарын анықтатқан шешесі мейірім шуағына бөлемекке құшағын ашқан екен дейді. Бәз-баяғы қалпында, бәз-баяғы аналық махаббатымен еркелеткісі келетін сыңайы бар.

Алғашында тартыншақтағанымен артынан Ботагөздің де елігіп ала жөнелгені қызық енді. Ана құшағына құлап, содан босамауға ынтыққан балалық көңілмен арсалаң-арсалаң етеді.

Жоқ, шешесі бірден құшағына алмады, бұл жақындағанда жалт бұрылып, тып-тып басқан қалпы ұзай берді. Жай ұзамады, қызынан соңынан еруді өтінгендей артына қарай-қарай кете барды.

Ботагөз шыдамады. «Мен... мен сенен қалмаймын!» - деді аласұра. Сонсын үстіне жамылған жамылғыны сонадайға лақтырып тастап, анасының соңынан тұра жүгірді. Алқынар сыңайы байқалмайды. Кейінгі күндерде қинаған аурудың ізі білінсе-ші...

Оянғанында астан-кестең дүниеге тап болды.

Кеудесін қысқан күш еркіндік алғанға ұқсайды. Шеңгелін босатса кәні.

Оң-солын айырар емес.

Қалың тұманға малтығып қалғандай.

Одан шығуға қайран таппай және дал.

Мыйы шамырқанғанымен тәні қозғалысты жаратпайды.

Санасы солқ етті.

«Ажал айтып келмейді екен ғой, - деді таңырқаған сыңайда.

Ішінен айтты. Сыртқа шығаруға шамасы жетпеген.

Қырықтан асқанда көзі жеткен жалғыз ақиқаты осы ғана болатын.

«Өлгім келмейді, құтқарыңдаршы!» - деді еріні дір-дір ете.

Айналасынан естір құлақ табылмағаны өкінішті.

Аурулар өз ажалдарымен арпалысып жатқан еді.

Айдай әлем қарақошқылдықтың құшағына кіріге бастаған...

Төкен Әлжантегі

Abai.kz

1 пікір