Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 5751 4 пікір 17 Мамыр, 2021 сағат 13:08

Путинге неге Нобель сыйлығы берілмейді?

Осыған дейін Ресей президенті Владимир Путин 2021 жылғы Нобель сыйлығына ұсынылғаны БАҚ-та жария болған. Жуырда сол Путин Нобель сыйлығына үміткерлер тізіміне енгізіліпті. Бұл туралы Ресей президентін Нобель сыйлығына ұсынған жазушы Сергей Комков мәлімдеген.

«Ұсыныс 2020 жылдың 9 қыркүйегінде жіберілген. Ал 10 қыркүйекте өтінімді Ослодағы Нобель комитетінің штабы қабылдаған», - дейді Комков.

Әдетте, Нобель комитетінің бейбітшілік сыйлығына үміткерлеріне қойылатын талаптар бар. Жеке адамдар мен азаматтық қоғам ұйымдары әлемдегі бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі сараланады. Жаңағы жазушы һәм академик Комковтың пікірінше, Путин бұл өлшемдерге сай-мыс. Жуырда ол өзі ұсынған кандидаттың (Путиннің) үміткерлер тізіміне енгені туралы ресми түрде жауап алған.

Комковтың айтуынша, биылғы сыйлықа 286 адам үміткер. «Өкінішке орай, Путиннің нақты кімдермен бәсекелес болатыны белгісіз. Себебі, Нобель комитетінің құпиялылық ережелері бар.

Әрине, белгілі ғалымдардың немесе саясаткерлердің өздері өз номинациялары туралы жариялап жататын кездер аз емес. Десе де, барлығы жариялылыққа ұмтылмайды. Сондықтан көбінесе өздерінің сіңірген еңбектерін құпия ұстауды жөн көреді», - дейді Комков.

Бұған дейін Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың да Нобель сыйлығына ұсынылғаны БАҚ-та жария болған. Қадыровты қолдаушылар: «Комитет Рамзан Қадыровтың Шешен Республикасында бейбітшілікті сақтау жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады», - деп санайды.

Тақырыпқа тұздық:

2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін, Украинаның шығысында қарулы басқыншылық жасады. Шайқас бір жағынан Украина Қарулы Күштері, екінші жағынан Донецк пен Луганск облыстарының бір бөлігін бақылайтын Ресей әскері мен Ресей қолдаған «содырлар» арасында жүріп жатыр. Көрсетілген фактілер мен дәлелдерге қарамастан, Ресей билігі өзінің Украинаға басып кіруін мойындамайды. Бұл ресми позиция.

Путиндік Ресейдің сыртқы саясаттағы «маңызды жеңіс» деп атайтыны – бұл 2014 жылы Қырымның «оралуы» және Украинаның Донецк және Луганск облыстарының шамамен үштен бір бөлігін Украинадан тартып алуы. Қазір, өздеріңіз білесіздер, ол жерлерді «ДНР» және «ЛНР» деп атайды. Бұл территориялар Украинаның бүкіл аумағының шамамен 10%-ын құрайды, ал 2014 жылдың басында Украина халқының 10%-ы осы территорияларда тұрды.

Ендігі Ресей Украинаны біржола жоғалтқаны анық. Бұл территорияның 90%-ы және қазіргі Украинаның халқының 90%-ын құрайды (шамамен 40 миллион адам). Бүгінгі Украина 2008 жылдан кейінгі Грузия сияқты, және бірнеше мәрте НАТО әскери күштерімен бірлескен әскери жаттығулар өткізді. Бірнеше рет Еуропалық одақ пен НАТО-ға кіруге ниет білдірді. Жақын арада елде Солтүстік Атлантикалық Альянстың базасы пайда болуы мүмкін. Қалай болғанда да, бұл тақырып қазір Украинада өте жоғары деңгейде, ашық талқыланып жатыр.

Ресейдің Украинадан айырылуы – бұл өзара сауданың күрт төмендеуінен болатын үлкен экономикалық шығындар туралы айтпағанда, Ресей үшін нағыз өркениеттік апат. Ал Қырымның және шын мәнінде Донбастың шығыс бөлігінің Ресейге қосылуы – Украинаның қалған бөлігінің шығынын өтемейді. Бұл бүкіл әлемге түсінікті нәрсе.

Украина мәселесі одан ары Батыс пен Ресей қарым-қатынасын жақсартудағы басты кедергі болып қала береді. Украина мәселесі: Қырым және Украина шығысы – қолдан жасалған Ресей мен Батыс елдерінің қайшылығы. Әсіресе, Қырым мәселесі шешім табу жолы тұйыққа тірелген мәселе. Ұзақ уақыт өңірлік тірес алаңы болып сақталмақ.

Нобель сыйлығы әлемдегі ең беделді сыйлық. Бұл әлемдік маңызы бар марапат, ең жоғарғы атақ, сондай-ақ, басқа жетістіктерді ресми мойындау. Әлем елдері тұрғысынан АҚШ өкілдері 1901 жылдан бастап ең көп марапатқа ие болыпты. Осы уақыт ішінде американдықтар кемі 380-ге жуық марапат алған.

Тізімнің екінші сатысында – Ұлыбритания. Британдықтар 133 жүлдені жеңіп алыпты. Олардың артынан Германия, Франция, Швеция және т.б. мемлекеттер тұр. Аталған қор құрылғаннан бері барлығы 908 адам, сонымен қатар 27 ұйым Нобель сыйлығының лауреаты атанған екен.

Нобель өзінің бүкіл байлығын қор құруға мұра етіп қалдырды, оның қаражаты адамзат тарихына ерекше үлес қосқандарға берілуі керек. Сонымен бірге, Нобель бұл сыйлықты шыққан еліне қарамастан көрнекті ғалымдарға, жазушылар мен қоғам қайраткерлеріне табыстауды талап еткен.

Нобель сыйлығына үміткерлерді бірнеше ғылыми мекемелер таңдап, қарастырады. Швеция Корольдігінің Ғылым Академиясы физика және химия салалары бойынша Нобель сыйлығын беруге құқылы. Экономика бойынша Нобель мемориалдық сыйлығы да сол жерде таңдалады. Ғылым академиясы 1739 жылы ғылымды дамытуға және ашылған жаңалықтарды іс жүзінде қолдануға ықпал ететін тәуелсіз ұйым ретінде құрылған. Қазіргі кезде Ғылым академиясында 450 швед және 175 шетелдік мүше бар.

Швед академиясы – әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына үміткерлерді іріктеуге жауапты жеке ұйым. 1786 жылы құрылған, оның өмір бойына сайланған 18 мүшесі бар.

Каролин институтындағы Нобель комитеті жыл сайын медицина мен физиология саласында елеулі жаңалық ашқандарға Нобель сыйлығын береді. Каролин институты Швециядағы ең беделді ғылыми медициналық мекеме және шетелдегі ғылыми қоғамдастық та онымен санасады. Медицина саласындағы Нобель сыйлығына үміткерлердің өтініштерін Каролин институтының 50 профессоры таңдайды.

Норвегиялық Нобель комитеті Бейбітшілік сыйлығының тапсырылуына жауапты – «халықтар арасындағы бауырластықты нығайтуға, армияларды қарусыздандыруға және бейбітшілік идеясын насихаттауға» зор үлес қосқандарға беріледі. Норвегиялық комитет 1897 жылы құрылған және Норвегия парламенті тағайындаған бес мүшеден тұрады.

Ресейде жыл сайын Жеңіс күніне орай ресейлік таңдаулы әскери бөлімдер мен ең заманауи әскери техникаларды қаз-қатар сапқа тұрғызып, ауқымды әскери парад өткізіледі. Жыл сайын Ресейде соғыс ардагерлері азайып келеді. Жасыратыны жоқ, олардың көпшілігі 90-нан асқандар. Олардың дені адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқаны да шындық.

20 жылдан астам уақыт ішінде «Спасибо деду за Победу! – Жеңіс үшін атама рақмет!» ұраны Ресейде кеңінен танымал болғаны белгілі. Осы уақытқа дейін көптеген ресейліктер 9 мамырда шетелдік көліктерге, «Берлинге!», «Біз қайталай аламыз!» деп алашапқын болатынын көзіміз көріп жүр. Бүкіл өркениетті әлем Путиннің басқаруындағы Ресейдің агрессивті, реваншистік әскери және халықаралық саясатын көріп отыр.

Одан бөлек, Ресей билігі Донбасстағы соғысқа және 2014 жылы Украинадан аннексияланған Қырымда супербекініс құруға, гиперқару жасауға және т.б. қыруар ақша жұмсап келеді. Осы айтылған фактілердің барлығы дерлік Ресей президенті В.Путиннің Нобель сыйлығына лайық еместігінің айқын дәлелі...

Керімсал Жұбатқанов,

тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақ-Орыс халықаралық университетінің доценті

Abai.kz

4 пікір