Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Ерлік 3955 5 пікір 17 Мамыр, 2021 сағат 10:54

Ақиқатқа үлес қостық       

2005 жылы мамыр айының 7-і күні жолдасым В.Семенихин екеуіміз Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Басқолбасшысы В.В.Путинге жеделхат жолдап, рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатовтың ерлігі жайындағы шындықтың айтылуын өтіндік. Сол жылы шілде айының 15-і күні РФ Қорғаныс министрлігінің Әскери тарих институтынан былайша жауап келді:

«Уважаемые товарищи Б.Асанов и В.Семенихин! Сотрудниками Института военной истории МО  РФ установлено, что подвиг Вашего земляка, лейтенанта Рахимжана Кошкарбаева имеет документальное подтверждение. Командиром 674-го стрелкового полка 150-й стрелковой Идрицкой ордена Кутузова 2-й степени дивизии 6 мая 1945 г. он был представлен к званию «Герой Советского Союза». Из его наградного листа : «29 .04.1945 г. взвод в числе первых форсировал реку Шпрее, ломая ожесточенное сопротивление врага, 30.04.1945г. ворвался в рейхстаг и водрузил знамя победы. Заключение командиров 150-й стрелковой дивизии и командира 79-го стрелкового корпуса: «Достоин присвоения звания «Герой Советского  Союза».

Жеңіс туы – 150-ші атқыштар дивизиясының туы. Тым қарбалас жұмыстар мүмкіндік бере қоймағандықтан мен хат жазғанымыздың себебін 2007 жылы мамыр айының 7-ісі күні Орталық мемлекеттік мұражайда (Алматы қаласы) арнайы өткізілген баспасөз конференциясында баяндап, алған жауабымды – тарихи құжатты мұражайға сақтауға табыс еттім.

Әрине, менің көңілім  қатты толқыды. Соғыс ардагерлерінің, Рахымжан Қошқарбаевтың балаларының, туған-туықандарының, мұражай ұжымының, бұқаралық ақпарат құралдарының нөпір өкілдерінің ортасында болу оңай ма?!

Енді ол оқиғаны бастауға, В.В.Путинге  хат жазуға неліктен бел буғанымды да айтайын. Мен Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовтың теңдессіз ерлік жасағандарына ешқашан шүбәланған жоқпын. 1945 жылдың көктемінде 150-нші дивизияның «Воин Родины» гәзеті ғана емес, одақтық баспасөзде рейхстагқа Жеңіс туын тіккендер Р.Қошқарбаев пен Г.Булатов екені жазылып жатқан. Алайда, кейінде мен бір нәрсені түсіне алмадым: соғыстың соңғы күндеріндегі ол ғажап оқиғаның мәні неге ресми құпталмады, бекітілмеді? Соғыстың алғашқы жылдарында небір тосын жәйттер болды. Басқыншылық жасаған жаумен қиян-кескі шайқастарда майдандарымыздың, армияларымыздың, олардың бөлімдерінің арасында, шабуыл мен шегіністерде, қоршауларда біраз уақыт өзара байланыс үзілген жағдайлар болғаны белгілі. «Безымянная высота», «Могила неизвестного солдата»... деген сөздердің пайда болғандары – сол бір сұрапыл сәттердің есімізден кетпейтін нышандары. Ол кезеңнің жөні басқа. Ал соғыстың соңғы жылдарыда майдандарымыздағы әрбір ұрыс-қимыл нақтыланып, жауынгерлік ерлік үлгісін көрсеткен солдаттар мен офицерлер туралы мағлұматтар тәптіштеп жазылатын болды. Жаралылардың саны кідіріссіз анықталып, емделуге жіберіліп жатты. Майдангерлерге қажетті азық-түлік, киім,  дәрі-дәрмек, техникаға керек жанар-жағар майлар үздіксіз жеткізіліп тұрды. Жаудың қолға түскен әскерлері мен техникаларының, қару-жарақтарының саны анықталып, тиісті шешім қабылданатын болған. Яғни біздің майдандарда саяси басқармалар, ерекше бөлімдер, барлаушылар топтары, жабдықтаушылар ұжымы қатаң тәртіпке сай жұмыс істеді. Бірақ... фашизмнің ордасына Жеңіс туын кім тіккені 60 жыл бойы ресми анықталмады. Тарихи сәтті көргендердің айтқандары, жазғандары еленбеді. Менің төзімімді сол әділетсіздік тауысуға айналды ғой!..

Болат Асанов,

тарих  ғылымының  кандидаты.

                                                          ***

Қоғамның қат-қабат тірлігінің белортасында белсене жүріп, ақиқатты серік еткен, бүркеліп қалғанын іздеп тауып, кімдердің қашан, қалай бүркеп тастағандарын  ашып айтып, сол адал жаратылысы арғы-бергі билікшілдерге  жақпай, олардың «көкелерімен» де айтысып-тартысып, соттасып, ақырында жеңіп жүрген, жұртшылығымызға белгілі Азамат, қадірлі құрдасым, досым болған  Кәрішал Асановтың (Асан Ата) ғалым ұлы Болаттың мынау игі ісін өткен желтоқсан айының соңғы күндері ғана естіп, шынайы қуандым. Дереу телефон шалып, естігенімді айтып: «Болат-ау,  үндемей жүре бергенің қалай?» деп едім: «Аға, ол... жай ғана...» деп ақырын  күлді. Уай, қарапайымдық-ай!..

Болатқа хатының мәтінін, жазу себептерін айтып мақала жазуды, маған әкеліп беруді тапсырдым. Халқымыздың  ұлы, Тарихи тұлға Рахымжан ағаға қатысты деректерді  біле жүру, айтып-жазып жүру парызымыз ғой!

Арада екі апта өткенде мақала қолыма тиді. «Тым аз ғой?» десем, Болат: «Тым көп болып кетеді ғой» деп жымияды. Түсіндім. Оқыған кісіні тырп еттірмейтің дәлелдері (естіген, оқыған) шынында аз болмаған шығар, оларды тізе беріп қайтеді, ой-мақсатының орындалғаны қаншалық?!

Рахаң  мен  Григорий Булатовтың Берлин рейхстагына Жеңіс туын бірінші болып тіккен ерекше өнегелі ерліктері туралы біраз мағлұмат жинап едім, Болат хатының себепшілігімен соларды қосымша етіп ұсынып отырмын.

1. Майдангер-журналшы, жазушы Василий СУББОТИН Рахаңдардың ерліктеріне тәнті болып, Жеңістен кейінгі жылдардағы: «Рейхстаг қабырғасында»; «Жеңіс туы»;  «Бір мың төрт жүз күн»  атты  очерктерінде қарулас екі достың рейхстагтың 1-қабатына ғана емес, төбесіне де Жеңіс туын  бірінші болып тіккенін тәптіштеп, зор құрметпен, ыстық ықыласпен жазған. «Естеліктерінде»: «Жап-жас Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ғажап ерліктері шынымен ұмытылып кете бара ма, кім жасаса да, мақтан етерлік ерлік қой?!.» депті.

2. Көпке танымал жазушы Борис ГОРБАТОВ 1948-жылы «Литературная газетада» Ұлы Отан соғысы хақындағы мақаласында: «...Пора кончать сравнивать наших воинов с орлом и беркутом. Какой орел, какой беркут может сравниться с казахом Рахымжан Кошкарбаевым, который на моих глазах водрузил Знамя Победы над рейхстагом, несмотря на сильный и ураганный огонь немцев!» деген.

3. Әйгілі кинооператор Роман КАРМЕН 1949-жылы «Казахстанская правдадағы» естелік-жазбасында Рахаңды іздеп: «...Где он сейчас? У меня сохранились кадры, отображающие доблестного воина в тот момент, когда он прикреплял Красный флаг на крыше рейхстага!» деді. Сол кинотаспасы бірнеше күннен соң үймұрағатынан ұрланып, ғайып болыпты. Меніңше, Р.Кармен оның бір көшірмесін кезінде КСРО Орталық мұрағатына ма, КСРО Қорғаныс министрлігінің мұрағатына ма, тапсырған шығар деп ойлаймын.

4. Берлинді шабуылдаушы дивизия командирі генерал В.Шатилов майдан командашысы Г.Жуковқа телефон шалып, Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігін мәлім еткенде маршал: «Олар қайдағы азиаттар?! Орыс пен грузин болсын!» деп тұлантұта бұйрық  беріпті.

Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында «Красная звезда» гәзетінің меншікті тілшісі Александр КОЧУКОВ Совет Одағының Батыры, генерал-полковник В.М.Шатиловпен  сұхбаттасқан екен (содан үзінді):

« - Василий Митрофанович, рейхстагқа ту тігу әрқилы айтылуда. Сіз кітабыңызда өжет барлаушылар Михаил Егоров пен Мелитон Кантарияны жақсы білетініңізді жазыпсыз. Ал рейхстагқа Жеңіс туы тігілгеннен, екеуі «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталғаннан, кейін түскен фотосуретте сержант Егоровтың кеудесінде бір ғана медаль бары көрініп тұр, кіші     сержант Кантарияда ештеңе жоқ. Яғни соғысқа бастан-аяқ қатысқан «өжет барлаушылар» қалайда марапатталмапты. Меніңше, ол екеуін ең соңғы сәтте Сізге «тиісті орындар» айтқызған сияқты. Бірінің орыс, бірінің грузин болғаны кездейсоқ емес-ау?

- Орыс пен грузин... ол жағын ешқашан ойламаппын. Жалпы... әлдекім Сталин жолдасқа солайша сый жасаған да  шығар...».

Рахымжан ағамен 1963 жылдың көктемінде Алматыға іссапармен келгенімде танысып, әңгімелесіп, облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») гәзетімізге «Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ» деп әдеби очерк шығардым. Кейінде, Алматыға көшіп келгенімнен соң, жақын танысып, араласып жүргенімде бір күні  Рахаңнан туды қалайша, қайтіп тіккенін айтып беруді өтіндім. Ол оң қолының саусақтарын бұйралау қалың қара шашына енгізе екі-үш рет тарады да, бет алдына қарап отырып: «Қолымыз жеткен жерге тіктік қой...» деді. Г.Жуков бекіткен ресми тұжырымның ешқашан  жаңартылмасына, түзетілмесіне, немкеттіліктің сызы кеппесіне еріксіз иланғаны-ау... Жауынгер жолдасы Григорий Булатовтың бертінде күншіл жерлестерінің: «Гришка-рейхстаг» деген  мазағына жем болып, біраз уақыт хабарласпаған   жолдасының өзіне өзі қол жұмсауға мәжбүр боларын айтқан ақырғы  хатын сол  минөтте іштей тағыда оқыды ма...

Рейхстагқа ту тігудің ақиқаты Жуковтың көзі тірісінде айтылып-жазылса  да, ол  елемеді, мән  бермеді, өле-өлгенінше Егоров  пен Кантарияға  жел тигізбеді...

Иә, қымбат ақиқатты өзіне ыңғайлы сәтте арзандатып жіберетіндер әрқашан бола береді.

Десем де, әділеттілік жеңді. Рейхстаг ғимаратының 1-қабатына да, төбесіне де Жеңіс туын кім тіккені ресми расталды! «Ештен кеш жақсы».

Ал Г.Жуков пен В.Шатиловтың сол жолғы сөздерін естіген қазақтың аты-жөні есіме түспеді. Егер жаңылыспасам, «Түркістан» гәзетінде онымен сұхбат шыққан. Майдангер жігітіміз В.Шатилов дивизиясының байланыс торабында істейді екен, командирін Жуковпен жалғастырар алдында оның    не, кім туралы айтарын аңғарып, екі жақтың сөзін тыңдауға құқы болмаса да, тәуекел еткен ғой!..

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

5 пікір