Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Елім-ай 3498 5 пікір 14 Мамыр, 2021 сағат 14:01

Президент тапсырмасы: Тарихқа үкім жүрмейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қазақ халқының 70 пайызын жалмаған ашаршылыққа қатысты мемлекет тарапынан баға берілетін уақыт жеткенін қадап айтты.

Қазақ халқының миллиондаған адамын қырып, қалған бөлігін бас сауғалап, босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылық тақырыбы әлі күнге жан-жақты зерттелмей келе жатқанын, тіпті осы тақырыпты зерттеуші ғалымдар арасында пікір әралуандылығы мен ашаршылық құрбандарының санына қатысты нақтылы пайым жоқтығын айтқан Мемлекет басшысы тарихи құжатар мен мәліметтер аса мұқият зерттелуі керектігін тапсырған еді.

«Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет», - деген болатын Президент Тоқаев.

ХХ ғасыр басындағы екі бірдей алапат аштық – халқымыздың ұлттық қасіреті. Биыл 1921-22 жылдары болған зұлматқа 100 жыл, 1931-33 жылдардағы нәубетке 90 жыл толып отыр. Ашаршылықтың ұрпақтар санасындағы терең салдарынан әлі айыға алмай келеміз. Ұлт санасын ашаршылық зардабынан сауықтыру уақыттың еншісінде десек те, Тәуелсіздікпен бірге ашаршылық тақырыбын да ашық айтып, талқылауға, зерттеуге жол ашылды.

Аға буын ұрпақ білетіндей, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ ашаршылық қоғамдық-саяси мәселелердің бірі ретінде күн тәртібіне шықты. 1991 жылы Жоғарғы Кеңес ашаршылыққа қатысты арнайы комиссия құрып, ол 1992 жылға дейін жұмыс істеді. Бұл – ашаршылық тақырыбының ашылу, зерттелу ісінің мемлекет үшін қандай маңызға ие екенінің бір дәлелі. Яғни Тәуелсіздікпен бірге ашаршылықты тану ісі де қатар жүріп келеді.

Мемлекет Тәуелсіздігінің 30 жылында ұлттық қасірет ұмыт қалған жоқ. Осы уақыт ішінде бірқатар тарихи зерттеулер, көркем шығармалар жарық көріп, фильмдер түсірілді. Ашаршылық АҚШ, Еуропа ғалымдарының зерттеу нысанасына айналды. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш қойылды. Сондай-ақ 31-мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алатын күн ретінде ресми белгіленді. Үш ауыз сөзге сыйып тұрғанмен ұлттық тамырымызға балта шауып, ұлт санасын ойрандап кеткен орны толмас апатты толық тануға, тарихи шындықты түгел ашып, зерттеп, зерделеуде аталған істер аздық ететіні айтпаса да түсінікті. Ұлт қасіретін тану – үзілмейтін іс. Сондықтан да ашаршылық зардабын ашуда әр буын ұрпақ өз қадари халінше қызмет ету тиіс.

Қанша ауыр әрі қасіретті болса да ашаршылық – тарих. Ал тарихқа сәуегейлік болжам, тұспал долбар жүрмейтіні белгілі. Тарихи – дерекке қана табан тірейді. Деректану – тарихтың тұтқасы. Ашаршылықты зерттеу ісі де осы бұлжымас қағидатқа арқа сүйейді. Әрине, осыған дейін жүргізілген зерттеулер ашаршылық шындығын толықтай ашқан жоқ. Зұлматтың терең зынданы жасырған құпия әлі де көп. Зерттелмеген дүние, зерделенбеген құжат, ашылмаған дерек жетерлік. Ал нәубеттің талай сырын бүгіп, құпиясын қойнына алып жатқан дерек, құжат ашылып, зерттеліп, бағасы беріліп, тарихи айналымға түспейінше қасіреттің ақиқатына көз жеткізе алмасымыз анық. Ашаршылықтың 90 және 100 жылдығы орайын құрылған мемлекеттік комиссиясының алдына қойған ең басты тапсырмасы – ашаршылықты зерттеу ісіне айырықша көңіл бөлу және зерттеуге құрамдас істерге ауқым беру. Сол арқылы ашаршылықты тануда тағы бір үлкен қадам жасау. Комиссия құрамы – қоғамға жария. Комиссияға мүше тарихшы ғалымдарымыз зерттеу ісін жаңаша қарқынмен жүргізіп жатыр. Бұл іске мемлекеттік органдар да тартылып, жұмыс жүйеленді. Комиссия ісі ашаршылықты зерттеп, қоғамға тың дерек ұсынып, ол ашаршылықты тануымызға өз септігін тигізері сөзсіз.

Комиссия жұмысы қоғамның назарын аударып отырғаны мәлім. Өйткені тарихтың ақтаңдақ беттерінің ақиқатын әрбір азамат білгісі келеді. Дейтұрғанмен, осындай сәтте асыра сілтеушілікке бой ұрып, арандатуға апаратын әрекеттер бой көрсетуде. Мәселен, кейбір жас буынның өкілдері комиссияның жұмысына қоғамдық қысым келтіргелі отыр. Олардың мақсаты - 30-40 жылдары большевиктер билігіне қызмет етіп, Алаш қайраткерлерінің саяси репрессияға ұшырауына себептес болған азаматтардың тізімін архивтен шығарып, жария етіп, люстрация актін шығару. Әрине, олардың әрекетін ақтаудан аулақпыз, бірақ, бұның арты қазақ қоғамың екіге бөліп, ұлт ішінде араздық тудырады. Мұндай ультра-ұлтшылдардың артында бір саяси күштер тұруы әбден ықтимал. Ондай саяси күштердің мақсаты – қоғамды бөлшектеу. Оны тарихты сотқа тартып, үкім шығаруға құлшынып жүрген ультра-ұлтшыл кейбір жастардың қолымен жасамақ жымысқы ниеті болуы да мүмкін. Ел ішінің бөлінуі, бөлшектенуі, азаматтардың бір-бірімен жауластығына алып келетін мұндай жолдың қасіретке апаратынына тарихымызда сабақ өте көп.

Мұны – білместік деуге болмайды. «Сексеуілді сексеуілге ұрып сындыру» саясатынан қазақ халқының көп азап шеккені тарихтан белгілі. Кейбір жас буын өкілдерінің тарихтың қаралы беттерін қайта ашу азаматтарды бір-біріне айдап салып, жоқ жерден жауласуға ұластыратын улы зардаптарға әкелерін бек білуі тиіс. Қазақта «Үй өзімдікі демеңіз, үй сыртында кісі бар» деген аталы сөз бар. Сыртқы күштер де бұл жағдайды пайдаланып, өздерінің деструктивті жоспарларын іске асыра бастаса қайтеміз? Бұндайға жол бермеуіміз қажет. Тарихты желеу етіп ағайын араздығын қоздыру – қоғам тыныштығын бұзады. Оның ауыр салдарға соғарын саналы жастар терең түсінуі тиіс.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, ашаршылық тақыбыры баспасөзде үздіксіз жазылып келеді. Бұл – қуанарлық әрі құпталық іс. Және ашаршылық тақырыбына қызығушылардың да қарасы көбейді. Осы тұста ашаршылық төңірегіндегі даулы кейбір мәселелерге де тоқтала кетсем.

Біріншіден, ашаршылықтан қырылған адам саны. Жоғарыда айтылған, Жоғарғы Кеңес комиссиясының 1992 жылғы ресми шығарған шешімінде ашаршылықтан қазақ халқының 49% қырылды делінген. Ал қазақ және шетел ғалымдарының зерттеулерінде аштықтан опат болғандар, босып, жан сауғалап алыс-жақын шет мемлекеттерге шекара асып кеткендер туралы дерек әлі алуан түрлі. Демек ашаршылықтан қырылған адам саны әлі терең әрі іргелі зерттеулерді қажет етеді. Қазіргі мемлекеттік комиссия жұмысының да басты назарындағы мәселенің бірі де – осы.

Екіншіден, қос бірдей ашаршылық болған жылдары Сталиндік жүйеде әртүрлі қызмет істеген тарихи тұлғаларымызды, жергілікті атқарушы орындар да жұмыс істеген адамдарды зұлматқа кінәлілер қатарына қосып, тарихқа үкім шығару әрекеттері байқалатыны бар. Тарихқа – үкім жүрмейді. Сталинизм дәуірінің зор қылмысын тарихи тұлғаларға таңуға және ұлттық қасіретті қаралаудың құралына айналдыруға әсте болмайды. Өткір тарихи мәселеге келгенде, мемлекет пен қоғам тұтастығы әр азаматты ойландыруы тиіс. Ұлттық қасіретті өш алудың, кек қайтарудың және қалай да кінәлілерді тауып әшкерелеуге айналдырудың соңы орны толмас өкінішке алып келеді. Ашаршылықты тану, зерттеу, зерделеу ісінде осындай ағаттық жібермеу – баршамызға ортақ міндет.

Үшіншіден, ашаршылыққа саяси баға беру мен оны саяси құралға айналдырып, саясиландыру екі түрлі нәрсе. Ашаршылыққа қатысты мемлекет тарапынан қолға алынып, жасалған және жасалып жатқан істер – ашаршылықтың қоғамдық-саяси маңызы бар екенін көрсетеді. Ал ұлттық қасіретті саясиландыру қоғамды біріктіру мен ұйыстыруға емес, жіктеу мен бөлшектеуге алып келеді.

Төртіншіден, ашаршылықты індете зерттеу арқылы шындығын ашу асығыстықты көтермейтін іс. Биылғы 90 және 100 жылдық шеңберінде ашаршылықтың бар ақиқатын ашып, зұлматқа титтей де қатысы болды-ау дегеннің бәрінің атын атап, түсін түстеп тарих сотына салуға ұмтылыс та ұлт басынан өткен ұлы нәубетті толық тануға апаратын жол емес! Айсберг секілді алып құпияны жасырып жатқан ашаршылықты танудың, түсінудің жалғыз жолы – дерекке негізделген шынайы тарихи іргелі зерттеулер. Ал бұл тараптағы жұмыс мемлекеттік комиссия жұмысының аясында жаңа кезеңге аяқ басты.

Ашаршылық – қоғам өсіп, дамыған сайын жаңаша сипатта танылып, тың деректермен толығатыны сөзсіз. Әр буын жас ұрпақ ұлттық қасіретті өз сана биігінен сараптап, өз бағасын береді. Және де ұлы нәубетті зерттеу мен зерделеу ісін ілгерлетіп, ұрпақ санасында ұлттық қасіреттің танымын күшейту жолындағы жұмыстар мемлекеттік тарихи-идеологияның басым бағытының бірі болып қала бермек.

Нұра Матай

Abai.kz

5 пікір